СПОРТТЫҚ ГИМНАСТИКАДАН – ТАРИХИ ЖҮЛДЕ Избранное

Среда, 07 Август 2024 06:12 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 832 раз

Парижде өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындары соңына таяп келеді. Ел қоржынында әзірге 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде. Бұған дейін дзюдошылардың тарихи жеңісін жазған едік. 3 тамыз күні ел қоржынына тағы бір тарихи жүлде түсті. Спорттық гимнастикадағы тұтқалы ат жаттығуы бойынша Нариман Курбанов 15.433 ұпайымен күміс жүлдеге иелік етті. Бұл сында алтын медальді ирландиялық Риз Макленаген, қола медальді америкалық Штефан Недорочек еншіледі. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет біздің еліміз спорттық гимнастикадан Олимпиада жүлдесіне қол жеткізді.

SporTY

 

Париж шаршы алаңында бокстан іріктеу бәсекелері аяқталды. Ұлттық құрама сапынан екі отандасымыз ғана жүлдеге жетті. Әлем чемпионы Нұрбек Оралбай 80 келіде Париж Олимпиадасының финалында бақ сынайды. Ол жартылай финалда Панамерика чемпионатының жүлдегері, доминикандық Кристиан Пиналесті жеңген еді. Нұрбек Оралбай өзінің тұңғыш Олимпиадасында алтын медальға таласады. Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов финалдық жекпе-жекте Нұрбек командадағы барлық жігіттер үшін айқасатынын айтты.
Ал әйелдер құрамасынан
Назым Қызайбай Париж Олимпиадасындағы ширек финалдық жекпе-жегінде жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты. 50 келі салмақта сынға түсіп жатқан Қызайбай ширек финалда колумбиялық Валенсия Ингриттен 3:2 есебімен басым түсті. Алдағы уақытта финал жолдамасы үшін таласта Қызайбай қытайлық Ву Юмен жұдырықтасады.
Өкінішке орай, қалған боксшылар жартылай финалға шыға алмады. Ширек финалда Айбек Оралбай Әзербайжан атынан сынға түсетін кубалық боксшы Лорен Альфонсо Домингеске, Мұхамедсабыр Базарбайұлы грузиялық Лаша Гурулиге, Сәкен Бибосынов өзбекстандық Хасанбай Досматовқа жол берді.
Әлем чемпионы Махмұд
Сабырхан Олимпиаданың бірінші айналымында испаниялық Хосе Кильеске есе жіберсе, 75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Валентина Хальзова панамалық Атейла Байлоннан жеңілді.
57 келіде Карина Ибрагимова да пуэрто-риколық қарсыласынан айласын асыра алмады.
5 тамыз күні Париж ойындарында күрес бәсекелері басталды. Алдымен бозкілемге грек-рим күресі балуандары шықты. Жарыстың бірінші күні Әлімхан Сыздықов пен Айдос Сұлтанғали жүлдеге жете алмады. 60 келі салмақта Айдос Сұлтанғали бірінші белдесуде қырғызстандық әлем чемпионы Жоламан Шаршенбековке есе жіберді. Ширек финалда
Сыздықов әзербайжандық Сабах Шариатиден жеңілді.
Айта кетсек, Нұрбек Оралбай бүгін финалдық жекпе-жегін өткізеді. Оның қарсыласы – әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Александр Хижняк (Украина). Біз отандасымызға сәттілік тілейміз.
Шымкент қаласы спортшылары әзірге жүлделі орындардан көріне алған жоқ. Алда таэквондо және көркем гимнастика сайыстары өтеді. Айта кетсек, таэквондо бәсекелері бүгін басталады. Көркем гимнастикадан Эльжана Таниева ертең жарыс жолына шығады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.