Жеті үміткер, бір сайлау
Среда, 15 Май 2019 04:49Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенті сайлауына жеті кандидатты тіркеді
Алғашқы кандидат – «Nur Otan» партиясының атынан ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаев 3 мамыр күні Президент сайлауына кандидат ретінде тіркелді.
Екінші болып «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы атынан Түгел Сәдібекті ҚР Орталық сайлау комиссиясы 3 мамыр күні тіркеді.
Амангелді Таспихов «ҚР кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі атынан сайлауға түскелі отыр. Кандидат ретінде 4 мамыр күні тіркелді.
Биылғы үміткерлер арасындағы жалғыз әйел – Дания Еспаеваны «Ақ жол» демократиялық партиясы ұсынды. Орталық сайлау комиссиясында тіркелу күні – 4 мамыр.
ҚР Президенті сайлауына түскелі отырған келесі үміткер - Төлеутай Рахымбеков. «Ауыл халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған кандитат 6 мамыр күні ресми тіркелді.
«Қазақстан коммунистік халық партиясы» қоғамдық бірлестігі атынан биылғы сайлауға Жамбыл Ахметбеков қатысады. 6 мамыр күні ОСК-да тіркелді.
Соңғы, жетінші үміткер – Әміржан Қосанов ҚР Президенті сайлауына «Ұлт тағдыры» ұлттық патриоттық қозғалысы» қоғамдық бірлестігі атынан қатысады. Кандидат ретінде 6 мамыр күні тіркелді.
Айта кетейік, биылғы ерекшелік, кандидаттарды тіркеу шаралары мерзімінен бұрын аяқталды. Оған Орталық сайлау комиссиясының кандидаттардың заң талабына сай келуін анықтау мен жиналған қолдарды ұсыну және тексеру мерзімін жеделдету жөніндегі шешімдері себеп болып отыр.
Ал 11 мамыр күні кешкі сағат 18:00-де сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары басталды. Үміткерлер сайлауалды бағдарламаларын жариялап, қалалар мен елдімекендердің көшелерінде Президенттікке үміткерлердің ұрандары жазылған плакаттар іліне бастады.
– Заң бойынша үміткерлер өздерінің бағдарламаларын БАҚ арқылы насихаттай алады. Кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстармен айналысуына, ҚР Президентінің жарлығына сәйкес, бюджеттен 7 331 200 теңге қарастырылған.
Сондай-ақ үміткерді ұсынған республикалық қоғамдық ұйым үгіт-насихат жұмыстарына өз қаржыларын жұмсай алады. Бірақ оның сомасы 12 мың айлық есептік көрсеткіштен, яғни, 510 000 000 теңгеден аспауы тиіс, - деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила Мұстафина.
Айта кетейік, ҚР Президентін мерзімінен бұрын сайлау 2019 жылдың 9 маусымы күні өтеді.
Зауыттың өнім түрі 30-ға жетіп отыр
Среда, 10 Апрель 2019 04:35Шымкент қаласындағы «Зерде Керамика» зауытындағы өнім түрі көбейді. Қазақстан бойынша керамогранит өндіретін бірден-бір зауыттағы өнім түрі 6-дан 30-ға дейін жетіп отыр.
Жуырда қала әкімінің орынбасарлары Д.Жумин мен Б.Мамыталиев кәсіпорынның жұмысымен танысуға арнайы барды. Өнімдері барлық европалық стандарттарға сәйкес келетін зауыт басшылығы жергілікті құрылыс компанияларының өкілдеріне өз өнімдерін таныстырды.
Қала әкімінің орынбасарлары зауыт мемлекеттің жалпы сұранысының 40 пайыздан астамын қамтамасыз етіп отырғанын айтып, салынып жатқан құрылысқа отандық өнімді қолдануға шақырды. Сонымен қатар қаладағы тұрғын үй құрылысында отандық құрылыс материалдарын пайдалану назарда екенін жеткізді.
Айта кетейік, «Зерде Керамика» зауыты жылына 2 млн шаршы метр керамогранит тақтайшасын шығарады.
Қазақстанда баламасы жоқ кәсіпорында 140 адам жұмыспен қамтылған. Құрылымдарды араластырудан бастап дайын өнімді қаптауға дейінгі желі толық автоматтандырылған.
Әкенің жақындығы... жездедей емес!
Среда, 03 Апрель 2019 04:20Алматы қаласында жуырда «Гендерлік теңдік пен зорлық-зомбылықтың алдын алудағы ерлердің рөлі» семинар-тренингі өтті.
«Шығармашыл бастамашы әйелдер лигасы» қоғамдық бірлестігі (әрі қарай – Бірлестік) ұйымдастырған тренингке Қазақстанның әкелер одағының өкілдері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, ШҚО облыстарының белсенді әкелері (арасында осы жолдардың авторы да бар) және жергілікті әкімдіктер жанындағы отбасы және гендерлік саясат комиссияларының хатшылары қатысты.
Гендерлік теңдік
Алдымен бірлестік төрайымы, ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Әсия Хайруллина семинардың маңызына тоқталды. Одан кейін гендерлік экономика жөніндегі тәуелсіз сарапшы, экономика ғылымдарының кандидаты Әлия Илясова алып, еліміздегі гендердік саясаттың жүзеге асырылуы жайлы сөз қозғады.
Әлия Қадырқызының айтуынша, бұл тұрғыда біраз ілгерілеу бар. Бұрынғымен салыстырғанда көрсеткіш жақсарған. Дегенмен, әлі де болса атқарылар жұмыс жетерлік. Соның бірі – ерлер мен әйелдердің қызмет бабындағы теңдігі, жалақыларының тең болуы. Себебі, елімізде еңбек ететін әйелдер ерлерге қарағанда еңбекақыны 20% аз алады.
Спикер бұған қоса әйелдер мен ерлердің отбасындағы жағдайына тоқталды. Үйдің жұмысын былай қойғанда бала тәрбиесі әлі де болса толықтай дерлік әйелдің мойнында, дейді Әлия Қадырқызы. Бұл тренинг те осы тақырыпқа, әкенің рөлін көтеруге арналып отыр.
Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі
Семинар-тренинг дегенде көз алдыңызға іш пыстырарлық, ұзын-сонар жиналыс елестеді ме? Жоқ, бірден айтайық, бұл тренинг ерекше әрі қызықты өтті. Оның негізгі себебі қатысушылардың барлығы әкелер болатын.
Осынау өзекті мәселеге ешкім бей-жай қарай алмайды. Ұрпақ тәрбиелеудегі әкенің маңызын барлығы да жақсы түсінеді. Осы мақсатта әркім өзінің шама-шарқынша үлес қосуда.
Мысалы, елордалық Қуаныш Жұматаев – «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Осыдан бірнеше жыл бұрын әкелер одағын құрып, алдымен өз қаласында қоғамдық іс-шараларға қатысқан ол кейінірек еліміздің әр өңірінен әкелер одағының құрылуына атсалысып, өңірлік әріптестерімен байланыста.
Қуаныш Жетпісбайұлының айтуынша, қазіргі таңда «Әке» ұғымының аясы әлдеқайда кеңейген. Бұрынғы отбасын асыраушы, қорғаушы болумен қатар заман ағымы енді әкелерден бала тәрбиесіне де белсене араласуды талап етеді.
Қуаныш Жұматаевтың сөзінің жаны бар. Бірқатар зерттеулер көрсеткендей, өз балаларымен жақын қарым-қатынаста болып, күнделікті тәрбиесіне араласатын әкелер өз перзентімен салқын байланыстағы әкелерге қарағанда ұзақ өмір сүреді, психо-физиологиялық тұрғыдан денсаулығы жақсы болып, зиянды әрекеттерге азырақ бой алдырады.
Жұмысында өзін жақсы сезінеді. Тиісінше, әкесі – балаларына, ал балалары әкеге жағымды әсер етеді. Мұндайға қай ана қуанбасын? Осылайша отбасылық күйбеңнен бір сәт босаған әйелдердің де өзін-өзі дамытуына мүмкіндік туады.
Ал бұл тұста аналарымыз айтып жүрген гендерлік теңдіктің де ауылы алыс емес болса керек.
Әкелердің әкесі қандай болған?
Әрине, осы тұста бұрынғы әкелер өз жауапкершілігіне салғырт қараған деген ой мүлде болмауы тиіс. Қазақ халқында әкенің алар өз орны болған. Аға буын әкелер ұрпақ тәрбиесіне баса мән берген.
Қыз баласына қырық үйден тыйым салып, ұлына көп нәрсені қас-қабағымен ұқтырған. Тәрбиені негізінен сөзбен емес, өзінің үлгісімен көрсеткен.
Өзіміз туралы айта келе семинарға қатысып отырған әкелердің барлығы дерлік осы тәрбиемен өскенімізді білдік. Ендеше, бүгінде өзіміз бала тәрбиесі туралы ой бөлісіп, жанашырлық танытып отырсақ, қоғамдық жұмысқа белсене қатысып отырсақ, әкеміздің бізге дұрыс өнеге бергені емес пе?
Осы күнгі болмысымыз ата-ана еңбегінің жемісі деуге әбден лайық. Енді біз алған тәрбиені дамытып, заман ағымынан кеш қалмауымыз керек.
Ұлттық тәрбие, этнопедагогика
Қазақ қоғамындағы әке тәрбиесінің ең маңызды тұсы – ұрпақ тектілігі, ұрпақ сабақтастығы. Бұл мәселеге Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да баса назар аударылған.
– Мысалы, Елбасы айтқан қазақтың ұлттық кодының негізгі құрамдас бөлігінің бірі – қан тазалығы. Ал қан тазалығы жеті атадан асырып барып отбасын құрудан басталады, - дейді Түркістан облыстық делегациясының мүшесі Қыстау Илесов ағамыз.
– Ал ол жеті атаны ұрпаққа кім үйретеді? Әрине – әкесі, атасы. Міне, ұрпақ тәрбиесіндегі әке рөлінің ең маңызды тұсы осы. Әке деген перзентіне, әсіресе, ұлдарына осы мәселені жете үйретуі тиіс.
Қыстау ақсақалдың айтуынша, әкелер әрдайым қоғамдық өмірде белсенді болуы керек. Ағамыз мысал ретінде өзі туып-өскен Шардара ауданындағы қоғамдық кеңесінің жұмысын келтірді.
Әріптесінің сөзіне Жолдасбек Тұрманбетов ақсақал да қосылады. Арыс аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі ұрпақ тәрбиесінде ұлттық маңыз болып, этнопедагогика негізге алынуы тиіс дейді.
– Мен жастайымнан атам мен әжемнің қолында өстім, - деді Жолдасбек ақсақал семинарда жасаған баяндамасында. – Атам «Балам, аталарыңның жанынан ұзама, солардың қасында жүрсең, құйма-құлақ боласың» деп, ауыл ақсақалдарының қасына жіберетін.
Ал қазақта «Он шалдың ортасында жүрген бала дана болады, он баланың ортасында жүрген шал бала болады» деген сөз бар. Әжем де жанынан тастамай, жиын-тойға алып баратын. Сол жерде отырып, аталарымның жыр-дастандарын, аңыз-әңгімелерін тыңдап өстім.
Үйге қонаққа келген аталардың қолдарына су құйып, олар ішке кіргенде кебіс-мәсісін сүртіп, жинап қояр едім. Сыртқа шыққанда әрқайсысына өз кебісін ұсынып, аталарымның баталарын алып өстім.
Мұны айтып отырған себебім, бала тәрбиесіне ата-әжесі де атсалысуы тиіс. Немересін ұлттық тәрбие құндылықтарымен өсіруі керек, - деді ардагер.
Мен не түйдім?
Осылайша әрқайсымыз өз тәжірибемізбен бөлісіп, семинар ортақ ойлы азаматтардың тәжірибе алмасу алаңына айналды. Шынын айтқанда, қалам тербеуге жақсы тақырып табылды деп барған осы жолдардың авторы да қалған әкелерді тыңдап отырып, қызығушылығым артып, реті келгенде өз білгеніммен бөлістім. «Ерекше» қыздың әкесі ретінде түйгенімді айттым.
Қазіргі заманның байланыс құралы ретіндегі WhatsApp желісіндегі «ерекше» балалардың ата-аналарының ортақ тобында бармын.
Сонда байқағаным, бүгінде аналар түрлі дертке шалдыққан балаларға әкелерінің де қамқорлық жасауына таң қалатындай жағдайға жеткен.
Әрине, мұндай жағдай күнделікті байқала бермес, бірақ, өкінішке қарай, баласы сал дертіне шалдыққан әкелердің отбасын тастап кетіп жатқаны, тұрмыстың қиындығына шыдамай, жанұясынан безінген әкелер туралы жиі естіп жүрміз.
Осындай сәтте сал дертіне шалдыққан ұлын емдеудің бар қиындығын бірге көтерісіп, жұбайына қолдау көрсетіп жүрген елордалық Вячеслав Попов есімді әкенің азаматтағы үлгі аларлықтай.
Үйінде қалғанда ұл-қызымен белгілі бір уақытта бірге планшетпен ойнап, арасында ойынға айналдырып, емдік жаттығу жасап отыратын Вячеславпен бұл тұрғыда екеуіміздің принципіміз ұқсас болып шыққаны маған жігер берді.
Көрген-білгенімді баяндап болған соң қасыма келіп, «Одно дело делаем, молодец!» деп, қолымды қысқаны шабытыма шабыт қосты. Бір таңырқарлығы, біз жалғыз болмай шықтық.
Астаналық тағы бір әріптесіміздің қызына да осы диагноз қойылып, емделіп шыққан екен. Үшеуміз лезде бас қосып, ортақ мәселе жөнінде білгенімізбен бөлісе кеттік.
... Осылайша бір күндік семинар-тренингтің қалай өткенін байқамай да қалдық. Бір анығы – бір ортаға бас қосқан барлығымыздың мақсатымыз бір – перзентіміздің бақытты болашағы. Ал сол жолда әкесі мен анасының еңбегі тең болуы тиіс!
Шымкент-Ташкент: велосипедпен 130 шақырым
Среда, 03 Апрель 2019 04:17Кешегі демалыс күні Қазақстанның Өзбекстандағы жылына орайластырылған халықаралық велошеру өтті. 200-ден астам адам Шымкент пен Ташкент қалаларының арасындағы 130 шақырым жолды жүріп өтті.
Шерудің ашылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин және велоспорт федерациясының вице-президенті Райымбек Баталов құттықтау сөз сөйлеп, велошеруге қатысушыларға сәттілік тіледі.
Шеруге Алматыдан келген спортшылар мен «Шекарасыз спорт» инклюзивті спортшылар командасы да қатысты. Оларды Ташкенттегі ҚР Елшілігінің алдынан еліміздің Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Сатыбалды қарсы алды.
Айта кетейік, биыл екінші рет өткізіліп, дәстүрге айналған халықаралық велошеру Қазақстан мен Өзбекстан елдері арасындағы мәңгі достықты нығайтуға арналып отыр. 2018 жылы велошеруге қатысушылар Ташкенттен Шымкентке дейін жүріп келген болатын.
«Ақылды» автотұрақтар ашылады
Пятница, 29 Март 2019 04:27«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласы бойынша жол картасы әзірленген. Аталған жол картасына сәйкес 2 жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі – қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу болса, екіншісі – Шымкентте Smart-тұрақтар жүйесін енгізу.
Үшінші мегаполистегі көлік тұрақтарын дамыту мәселесі бақылауға алынып, таяуда «ақылды» тұрақтар пайда болады. Интеллектуалды жүйе әзірге қаладағы 20 орында орнатылмақ. Бұл мақсатта қала бойынша «Smart-тұрақтар» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда.
Мұндағы мақсат – шаһардағы экологиялық ахуалды жақсарту, көлік тұрақтарының санын көбейтіп, жол қозғалысына қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасау.
Жобаны іске асыру үшін «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан «Шымкент паркинг» ЖШС құрылды. Бүгінгі таңда нысандарды паспорттау талаптары белгіленіп, тұрақтар орналасатын орындар бойынша келіссөздер жүруде.
Жоба авторларының айтуынша, көлік тұрақтарында инспекторлар жұмыс істейді. Әр көліктің тиісті орынға қойылуын бақылау дәл осы мамандарға жүктелмек.
Ал көлік иесі тұрақтың ақысын төлем терминалы, ұялы қосымша, смс-хабарлама немесе жүйенің сайты секілді бірнеше әдіспен төлей алады.
– Жоба беларустық үлгі негізінде жүзеге асырылады. Бұл жүйеде паркоматтар болмайды, олардың орнына қолданылатын арнайы интеллектуалды жүйе тұрақтардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді.
Полиция департаменті, коммуналды қызмет, төлем жүйелері, жүргізушілерді құлақтандыру жүйесі мен эвакуация қызметі арасындағы байланыс та осы арнайы жүйе арқылы іске асады.
Құны 109 млн теңгелік бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асады. Ондағы «Shymkent» ӘКК үлесі - 49%, ал 51% «Ақ жол» ЖШС-на тиесілі, – деп мәлімдеді «Shymkent» ӘКК» АҚ баспасөз хатшысы Сайра Амантаева.
«Shymkent» ӘКК» АҚ өкілдерінің айтуынша, көлік тұрақтарына арнайы 20 учаске бөлінген. Олардың барлығы ретсіз тұрақтар көлік кептелісін туындататын ірі базарлар мен басқа да нысандардың маңында орналасқан.
Жобаның басты мақсаты – қала көшелеріндегі кептелісті азайтып, қозғалысты жылдамдату, жол апатының алдын алу, қалада қозғалыстың қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыру.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкентте 350 мыңнан астам көлік құралы ресми тіркелген. Оның ішінде 275 000 жеңіл автокөлік бар. Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда қаладағы әр 1000 тұрғынға орта есеппен 300-ден аса көліктен келеді.
Ал көлік тұрақтарымен қамтамасыз ету көрсеткіші 10%-дан төмен. Бұл – он көлік иесінің тоғызы көлікті қою мәселесімен үнемі бетпе-бет келеді деген сөз.
– Жобаны жүзеге асырудан түскен қаржыны «Shymkent» ӘКК толығымен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға, нақты айтқанда, қаладағы үйлердің аулаларындағы көлік тұрағын шешуге жұмсайды. Бұл – өзекті мәселе.
Пәтер иелері өз аулаларына бөтен көліктер кірмес үшін бөгеттер қойып, жолдарды жабуға мәжбүр. Қазіргі таңда корпорация осы мәселемен де айналысуда, – деді Сайра Амантаева.
Қазақтың әйгілі аналары
Среда, 06 Март 2019 04:12Дина Нұрпейісова: Күмбірлеген күй анасы
Қазақтың әйгілі күйшісі, сазгері, халық әртісі Дина Нұрпейісова 1861 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданында дүниеге келген. Домбыраны әкесі үйретіп, бала кезінен ойнап өседі.
Бір жиында 9 жасар Динаның тартқан күйін әйгілі композитор Құрманғазы Сағырбаев естіп қалады. Содан өзі ұстаздық етіп, тәлім-тәрбие берген.
– Ауылда өткен мерекеде үлкендер домбыра тартып сайысты. Мен қатысуға жүрексініп тұр едім, үлкендер қоймай қатыстырды. Құрманғазының күйін орындадым. Өзі маған мұқият қарап отырды. Кейін үлкендер мақтау сөзін жеткізді. Осылайша өзінің қол астына алып, 11 жыл бойы дос болдық. Мені ең үздік шәкіртім деп үнемі мақтайтын. Әр айтқаны мен үшін заң еді, - деп еске алады ұстазын Дина Кенжеқызы.
Дина домбыра үйреніп жүріп, тұрмысқа 19 жасында шыққан. Бір қызығы – жұбайының аты Нұрпейіс. Құжат жазуға барғанда атасының атын айта алмай, күйеуінің атын өзіне фамилия ретінде алады. Қазақтың дәстүрімен атасының атын атай алмаған жас келін өз тегі ретінде күйеуінің атын жаздырған екен.
Күйеуі жастайынан қайтыс болған Дина әмеңгерлікпен қайнағасына тұрмысқа шығады. Өзі он бала дүниеге әкелгенімен, біразы шетінеп кеткен екен. Бала бағып жүргенімен домбырада ойнап, күй тартуынан қол үзіп қалмаған.
Ал 1937 жылы Ахмет Жұбановтың тапсырмасымен Дина Нұрпейісова халық таланттарының республикалық слетіне қатысып, топ жарды. Ал екі жылдан кейін 78 жастағы күйші Мәскеу көрермендерінің қошеметіне бөленді.
Дина Кенжеқызы соңғы концертін 91 жасында, 1952 жылы берген. «Бұлбұл», «Әсем қоңыр», «Байжұма», «Жігер», «Ана бұйрығы», «Той бастар», «1916 жыл» секілді күйлерімен танымал болған әйгілі күйші 1955 жылы, 94 жасында дүние салды. Өмірінің соңына дейін орамалын өзі тартып, сырт көздің алдында шешпеген дейді көзін көргендер.
Хиуаз Доспанова: Көкті бағындырған қаһарман
Хиуаз Доспанова 1922 жылы Атырау өңірінде дүниеге келген. Оқуда озат болып, мектепті алтын медальмен бітірген. Сол кездегі ұшқыш-батырлардың ерлігіне тәнті болып, жастайынан ұшқыш болуды армандайды. Мектеп қабырғасынан жергілікті аэроклубта оқи жүріп, аттестатпен бірге запастағы пилот куәлігін қоса алады.
Бір өкініштісі, Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясы тек ерлер оқиды деп, талабы таудай қызды қабылдамаған. Хиуаз елге оралып, медицина институтына оқуға түседі. Бірінші курсты аяқтағанда Ұлы Отан соғысы басталып кетті.
Көп өтпей Хиуаз Марина Раскованың басқаруымен жаңа әйелдер авиациялық полкі құрылып жатқанын естиді. Қабылдауға жазылып, басқа қыздармен бірге Саратов түбіндегі училищеге оқуға аттанады. Ал 1942 жылдың мамырында КСРО тарихындағы жалғыз әйелдер авиациялық полкі ұрысқа аттанады.
Бұл полктің жаудың зәре-құтын алғаны соншалықты, басқыншылар оларды «Nachthexen» («Түнгі жалмауыздар») атап кеткен. Ұшқыштардың ерекше ұрыс тәсілі болған. Олар жеңіл ұшақтарымен жауға таяп келіп, қозғалтқыштарын сөндіреді. Ешкім байқамай тұрғанда жаудың үстіне төніп, бомбаларын тастап кетіп отырған.
Штурман-мерген болған Хиуаз Доспанова ұшағымен әуеге 300-ден астам рет ұшқан. Бір айта кетерлігі, қазақтың қаһарман қызы полктегі ұшақ кабинасында белдік тақпайтын жалғыз ұшқыш болған. Мүмкін, осы әдісі де өмірін сақтап қалған болар: 1943 жылдың түнінде Пашкова – Доспанова экипажы әуежайға қонар сәтте Макогон – Свистунова ұшағымен соғысады. Доспанова мен Пашкова ес-түссіз халде дала госпиталіне жеткізілген.
Юля Пашкова операция үстелінде көз жұмады. Хиуаздың бойынан да ешқандай тіршілік белгісі білінбегендіктен, оны да мәйіттің жанына жатқызып қояды. Дегенмен, санитарлар біраз уақыттан соң қазақ қызының денесі қуармағанын байқап, ем-дом жасай бастайды. Осылайша Хиуаз көзін ашып, беті бері қараған.
Аяғы қатты жарақаттанғанымен, дәрігері қыздың аман қаларына сеніп, кесуден бас тартады. Шынында да, кейіннен Хиуаз толық жазылып шыққанымен қоймай, қайтадан майданға аттанған.
Осынау ерлігі үшін Хиуаз Доспанова «Қызыл Жұлдыз», «ҰОС ІІ дәрежелі, «Қызыл Ту» ордендерімен, «Кавказды азат еткені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Ал 2004 жылы Мемлекет басшысының жарлығымен Хиуаз Доспанова еліміздегі ең жоғарғы марапат – «Халық Қаһарманы» Алтын Жұлдызымен марапатталды.
Батыр ұшқыш соңында өшпес ерлігін қалдырып , өмірден 2008 жылы өтті...
Шымкенттік полицей парадан бас тартты
Среда, 27 Февраль 2019 04:41Тәртіп сақшысы осылай қызметтік және азаматтық борышына адалдық танытты.
Еңбекші аудандық полиция басқармасының полиция майоры Жандос Сұлтановқа лауазымды тұлға алаяқтық істі қысқартуды сұрап, полиция ғимаратында 400 мың теңге пара ұсынған.
Дегенмен, тәртіп сақшысы оңай олжадан бас тартады. «Менің ата-анам мен ұстаздарым адалдыққа тәрбиеледі. Пара алу ғана емес, ол туралы ойлауға арым жібермейді», дейді полиция майоры.
«Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу қағидаларына» сәйкес 2019 жылдың 25 ақпаны күні Шымкент қаласы полиция департаментінің басшылығы Ж.Сұлтановқа қолдау көрсетіліп, ақшалай сыйақымен марапаттады.
Ал пара беру жайты бойынша ҚР ҚК 367-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тексеру амалдары басталды.
Жанашырлыққа – жан риза: Полицейлер көп балалы отбасыларға көмектесті
Среда, 27 Февраль 2019 04:39Адам өміріндегі ең игі істердің бірі - мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Осы қағиданы негізге алған Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов қалада тұратын, анасынан жетім қалған балалардың үйлеріне арнайы барып, жағдайымен танысты.
Сондай отбасының бірі – марқұм Анар Тлемисованың соңынан төрт баласы қалған. Әкелері 2016 жылы қаза болған. Төрт бала қазір нағашы әжелерінің қамқорлығында, жалдамалы пәтерде тұрады. Үлкен екі бойжеткен қыздары студент, кәмелет жасқа толмаған екі бала бар.
Екінші отбасы да Шымкент қаласының маңындағы елдімекен тұрғыны, Жансая Ақтанбердиева дүние салған соң кәмелет жасына толмаған 4 баласы қалған. Оларды әкесі жалғыз бағып отыр. Басында баспанасы, өзінде жұмысы жоқ. «Балалардың болашағы үшін қалаға келіп орналассам ба деген ойым бар.
Маған көрсеткен көмектеріңіз болсын, нақты мекенжайға тіркеу жағынан қол ұшын берсеңіздер» деген әкенің уәжіне полиция полковнигі Ералы Мұсаәліұлы көші-қон басқармасының қызметкерлеріне тапсырып, тіркеуге алатынын, сондай-ақ, басқа да мәселелер бойынша кез келген уақытта хабарласа алатынын және полиция тарапынан көмек көрсетілетінін атап өтті.
Үшінші отбасында Бағила Балданбаеваның да артынан 4 баласы қалған. Бала-шағасы үлкен қызының қамқорлығында. Өзі студент. Бұлар да жалдамалы пәтерде тұрады екен. Ең кішкентай бауыры 3 жасар.
Сауабы бар іске атсалысу әрбір жанның азаматтық парызы деп шешкен қалалық полиция департаментінің жеке құрамы бірігіп, мұқтаж үш отбасыға ақшалай көмек көрсетті. Ата-анасынан айрылған жандарға қайырымдылық көмек көрсетуді полиция департаментінің бастығы өз бақылауына алды.