АРХИВ – ТАРИХ САҚТАУШЫСЫ Избранное

Пятница, 11 Ноябрь 2022 05:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 901 раз

Өткенімізді бағалап, бүгінгімізді саралап, келешек ұрпаққа ой тастайтын тарихи деректердің қазынасы саналатын Шымкент қалалық мемлекеттік
архивтің құрылғанына 30 жыл толып отыр.

712

 

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін ел дамуының жаңа парақтары ашылды. Осыған сәйкес, мемлекеттік саяси және экономикалық басқаруда өзгерістер болды, кәсіпорындар таратылып, орта және шағын кәсіпкерлік дамыды. Шымкент қаласында да ірі кәсіпорындар, фабрикалар, мекемелер меншік түрін ауыстырып, жаңа заман ағымына сай қайта құрылды. Осы кезеңде оларға тиесілі құжаттардың жоғалып кетпей, мемлекеттік сақтауға қабылдануына ерекше маңыз берілді. Тарихи маңызы зор мекемелердің, кәсіпорындардың құжаттарын көздің қарашығындай сақтау, азаматтардың әлеуметтік құқығын қорғау мақсатында 1992 жылы Шымкент қаласының архиві құрылып, іске кірісті. Мекеме экономикамыздың дамуына үлес қосқан Шымкент қорғасын зауыты, республикадағы ең ірі май комбинаты, «Эластик» және «Восход» тігін фабрикалары, қаракөл зауыты, шина және цемент зауыттары, асбоцемент конструкциялары комбинаты, пресс-автомат, «Электроаппарат» сияқты кәсіпорындардың өткен уақыт тынысындай құжаттарын ұқыпты сақтап келеді.
Архив мекемесі уақытпен бірге кеңейіп, өсе түсті. Іргетасы қаланған 1992 жылы мұнда небәрі 4 қызметкер жұмыс істесе, бүгінде олардың саны елуге жуық. Мекемеге қарасты толықтыру көздерінің, сақтау бірлігінің және сұраныстың күрт артуына байланысты 2010 жылы «Ұлттық мұрағат» қоры құжаттарын жинақтау және есебін жүргізу, ұйымдастыру, құжаттардың пайдалануын қамтамасыз ету, сондай-ақ, шаруашылық бөлімдері құрылды.
Мекемеге 2015 жылы Нұрсәт шағынауданынан 7 қабатты заманауи ғимарат берілді. Мұнда сапалы қызмет етуге толық жағдай жасалған және архив қызметіне қажет компьютерлер мен фотолабораториялық қондырғылар, құжаттарды бүлдірмей, ұзақ сақтайтын құрал-жабдықтар, желдеткіштер, қоймалардың температурасын бірқалыпты ұстап тұратын қуатты құрылғылар орнатылған. Мемлекеттік архив мекемесінің өңірдегі архив ісін дамытуда, оны жетілдіруде атқарып отырған қызметі елеусіз емес. Мекемеміздің басшысы
А.Амангелдиева 2010 жылы облыс әкімінің «Үздік мұрағатшысы» номинациясының иегері атанса, содан бері де ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», Президенттің Алғыс хатымен, «Архив саласының үздік төсбелгісімен» марапатталған. Архив басшысының орынбасары Алтынкүл Сейтаева, бас қор сақтаушы Қарашаш Елекеева, бас есепші Камила Байтөлешова, бөлім басшылары Мира Мырзабаева, Баян Шыңғысбекова, Гүлжайна Тұрысбек, Анаркүл Есенова, архивистер Гауһар Шахантаева, Айнұр Әбдірәсілова, Халима Көмекбаева осында көп жылдан бері жемісті қызмет етіп, абыройға бөленіп жүр.
Бүгінгі таңда Шымкент қалалық мемлекеттік архивінде «Е-архив» жүйесі орнатылды. Мемлекеттік сақтаудағы архивтік құжаттар негізінде алыс, жақын шетелдерден, Қазақстан аумағынан заңды және жеке тұлғалардан электронды түрде, «Е-архив», Е-Өтініш» ақпараттық жүйелері, пошта, халыққа қызмет көрсету орталығынан келген жылына 8000-ға жуық сұраным орындалып, мемлекеттік қызмет сапалы көрсетілуде.

711


ҚР «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес мемлекеттік архивте сақтауда тұрған құжаттарды цифрлық таңбаға көшіру жұмыстары планетарлық сканерлермен іске асырылуда.
Архив құжаттарын жарыққа шығару, жариялау бойынша әлеуметтік желілерде (Facebook, Instagram) «Архивтің тынысы», «Дара тұлғалар», «Архив құжаттары сөйлейді», «Шымкент қаласының Құрметті азаматтары» атты айдарлар жариялануда. Болашақ ұрпақтың санасына өз тарихын білуге, қастерлеуге деген рухын ояту, тарихтың ашылмаған сырларын шетел архивтерінен әкелінген құжаттар арқылы да зерттеу мақсатында жас тарихшылар, студенттер арасында «Архив – тарих қазынасы», мектеп оқушылары арасында «Архив және қоғам», «Құнды құжаттар» атты байқаулар ұйымдастыру нәтижесінде көрмелер, іс жүргізу бойынша семинарлар, өндірістік оқулар, конкурстар өткізілді.
2019 жылы бекітілген «Архив–2025» кешенді жоспарын іске асыру бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Шымкент қаласында орналасқан республикадағы 1126 ұйым, мекеме, кәсіпорындарының 1920-2019 жылдарды қамтитын жеке құрам жөніндегі құжаттардың орналасқан жері туралы 2 томдық анықтамалық жарық көрді. Шымкент қалалық мемлекеттік архивіндегі мемлекеттік сақтаудағы 1917-2019 жылдарды қамтитын қорлары бойынша жөнсілтерлер, Шымкент қаласының дамуына, өркендеуіне ерекше маңызды үлестерін қосқан, ел игілігі үшін жасаған еңбектерімен үлкен жетістіктерге жеткен, халықтың құрметіне бөленген әр саладағы үздіктердің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, дара тұлғалардың «Шымкент
қаласының Құрметті азаматы» атағына ие болғаны туралы 1967 жылдан 2021 жылға дейінгі 145 азаматтың мәліметтерін мемлекеттік сақтауда тұрған архивтік деректер негізінде Шымкент қаласының «Құрметті азаматтары» жинақтары, Чимкент уезінің саяси-экономикалық жағдайы, аумақтық-әкімшілік бөліністері жайлы құнды құжаттардың көшірмелері жинақталып, аталған архивтік деректер негізінде 1864-1916 жылдар аралығын қамтитын «Сырдария облысы, Чимкент уезі» құжаттар мен материалдар жинақтары жасалды. Ұлы Отан соғысы жылдарының ақтаңдақтарын айшықтау, майдангерлер ерлігін дәріптеу, соғыс кезіндегі тыл ардагерлерінің қажымас еңбектері туралы деректі оқиғаларды өз көзімен көрген, бастан кешкен куәгерлердің сұхбатын өз аузынан естіп, жинақтап, бейнетаспаға түсіріп, сол жайттарды кейінгі ұрпаққа жеткізу, насихаттау мақсатында «Тарихымыз – ел аузында» жобасы жүзеге асырылды.
Өңіріміздің архивтеріндегі қаламызға қатысты фотоқұжаттар зерттеліп, көне Шымкент шаһары тарихынан сыр шертетін, жаңарған қаланың гүлденген, шырайлы келбетін бейнелейтін фотоальбом жасалды.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қоғамды ретроспективтік ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында
Қазақстанның оңтүстік аймағына қатысты Ресей Федерациясы мемлекеттік архивтерінен, Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінен тарихи құнды құжаттар, кітаптар мен ғылыми басылымдардың көшірмелері әкелінді.
Шымкент қалалық мемлекеттік архиві 30 жылдық тарихында бірлігі мен тірлігі жарасқан, кадр тұрақтылығы сақталған, психологиялық ахуалы жоғары деңгейдегі ұжым болып қалыптасып, архив саласының өркендеуіне өз үлестерін қосуда.

Гүлжайна ТҰРЫСБЕК,
«Шымкент қалалық мемлекеттік архиві» архив құжаттарын пайдалану және
жариялау бөлімінің басшысы 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.