«Бал Текстиль» ЖШС-і директоры Талғат ЫСҚАҚОВ: РЕСПУБЛИКА КҮНІ – ҰЛТТЫҢ ҰЛЫҚ ӘРІ МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕСІ Избранное

Пятница, 20 Октябрь 2023 04:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 628 раз

Қазақстанда теңдесі жоқ «Бал Текстиль» кілем фабрикасының директоры Талғат Жүнісбекұлы Ысқақовты елімізде ғана емес алыс-жақын шет елдің осы саладағы әріптестері жақсы біледі десе де болады.

731

 

Тек, Қазақстанның өзінде ғана 400-ден астам серіктестігі бар компания өз өнімдерін көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан бөлек Ресей нарығына шығарады.
2013 жылы ашылғанда өндіріс ошағында бар болғаны төрт кілем тоқу станогі болған еді. Бүгінде станоктардың саны 16-ға жетті. 2015 жылы қосымша полипропилен жіп өндіру цехын іске қосты. Бүгінде өндіріс қуаты 6 млн.шаршы метр кілем, 7500 тонна полипропилен жібін шығаруға еркін жетіп отыр. Жыл сайын қанатын кеңге жайып келе жатқан компания 2020 жылы «Бал Декор» атты жаңа принт-кілемдер желісін іске қосты.

729


Әдетте, үлкен нарыққа шыққан мұндай азаматтардың кісілігін атты кісі тарта алмастай еді. Алайда, жақсы әке-шешенің тәрбиесін көрген, өзі де «ұлық болсаң кішік бол» қасиетін бойына мол сіңірген азамат өте қарапайым, қоғамдық шаралардың ешқайсынан қалмайды. Өндірісті жолға қою үлкен шығынды талап етеді. Атадан қалған ат басындай алтын жоқ. Үкіметтің қолдауымен алынған млрд.-таған несиенің қайтарылу заңдылығы бар. Оған компанияда жұмыс істейтін мыңдаған адамдардың жалақысын қосыңыз.
Осының бәрін оябына келтіре отырып, қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмайды.
Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен «Таза қала» сенбілігі басталған. Алғашқы этаптағы жұмыс қаланың көркін ашып тұрған Бадам өзенінің жағалауын ретке келтіру болатын.
Заты адам десең өзімізге тиеді. Өзеннің қос жағалауындағы тұрғындар құдды ертең көшіп кететін секілді, үйлерінен шыққан қоқыстарды өзен жағалауына лақтыра берген ғой.
Ішінде не жоқ, айтуға ұяласың. Алды иістеніп, таттанып кеткен сол қоқыстарды бес жүзге жуық адам жинады. Ондаған қоқыс артқан машиналар толып кетіп жатты. Тәкең, Талғат Жүнісбекұлы екеуіміз бір қатарға түсіппіз.
– Шет елде көп болдым. Мынадай сұмдықтарды көрмейсің. Ондағы адамдардың құқықтық мәдениеттілігі де жоғары. Көшеде бейсауат кетіп бара жатқан жүргінші жел ұшырған қағаз, өзге бұйым болса, жерден іліп алып таяу маңдағы қоқыс жәшігіне салып кетеді.Бізге мемлекет барша игіліктерді жасап жатса да халқымыз аула, қала тазалығына әлі үйрене алмай жатыр. Апыр-ау, өзге біреудің жері емес өз жері, өз қаласы ғой. Сапаны қайтсе көтеруге болады?!
Қалалық мәслихаттың депутаты таусыла сөйлеген.

Қап-қап қоқыстарды машиналарға артып жүріп «орнында бар оңалар» деген, бәрі жақсы болар, жұрт өз қаласын таза ұстап, мәдениет дәргейін көтерер деп бір-бірімізді жұбаттық. Аллаға шүкіршілік айттық.
- Алда Республика күні келе жатыр,-деді Тәкең, - Егемендік декларациясы қабылданған күн. Яғни, біздің мемлекетіміздің бар не жоқ болуын айтқындаған, ертеңінің кемел болмағанына қадам жасалған айтулы мереке ғой. Осының өзің көп көріп, Кеңес империясының ықпалынан шықпаған кезде қабылданған мереке еді, өзгертейік деп жүргендер бар. Ұлыстың басын біріктірген Ұлытаудағы кеңесте Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнінің маңызы жөнінде келелі ой айтты. Біз сол тоқтамға тұруымыз керек.
Одан әрі қарай әңгіме компания жөнінде өрбіген.

730


Мегаполисте алғаш рет ашылған жаңа инновациялық өндіріс бірден тақтайдай тегіс жолға түсіп кетпейді. Халықаралық бәсекеге қабілетті болу үшін жаңаша жолдарға ізденістер тоқтамайды.
Фабрика биыл он жылдығын лайықты атап өтті. Талғат Жүнісбекұлы тоқыма өндірістегі өзекті мәселелер мен олардың шешу жолдарында үлкен кеңес болғандығын айтты.
- Биылғы жылдың мамыр айында Шымкентте тұңғыш рет республикалық деңгейде «Бал Текстиль» фабрикамыздың құрылғанына 10 жыл толуына, сондай-ақ, Шымкенттің республикалық көлемдегі қала ретінде ресми қабылданғанына 5 жыл толуына орай ауқымды «Otandyq Kilem Forumy» іскерлік іс-шараны ұйымдастырып, абыроймен өткізіп алдық,-дейді ол.
- Форумға «Бал Текстиль» фабрикасының Қазақстан бойынша 400-ден астам серіктестері – ірі кәсіпкерлер қатысты. Оларға фабрика жұмысын, жаңа кілем топтамаларын таныстырып, жиналған қонақтармен 10 жыл ішінде жеткен жетістіктерімізді, жаңалықтарымыз бен өзекті мәселелерді талқыладық.
Іс-шараның негізгі мақсаттарының бірі – «Made in KZ» брендімен отандық өндіріске қолайлы жағдай жасау және дамыту, қазақстандық тауарлардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілік әлеуетін арттыру мәселелері болғандықтан, спикер ретінде сөйлеген сөзімде келесі мәселелер мен оларды шешу жолдарына тоқталдым.
Ең бірінші, ол – отандық кілем нарығының шетелден келген импорттық тауарлардан қорғалмағандығы. Мысалға: кейбір шет елдердің отандық нарығын түрлі акциз, кеден салықтарымен және басқа да бұғаттау әдістерін қолдану арқылы қорғайтыны белгілі. Елімізге де өз отандық нарығымызды қорғау мәселесін мықтап қолға алу қажет. Қазіргі таңда, еліміздің кілем фабрикалары отандық нарықтың сұранысының 1/3 бөлігін, яғни кем дегенде 35% қамтамасыз етіп отыр. Бұл мәселе тек қана кілем өндіру саласы үшін ғана емес, жалпы жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндіретін басқа да кәсіпорындар үшін өзекті болып келеді. Біз егер жеңіл өнеркәсіп саласы дамысын, елімізге осы салаға инвесторлар көптеп келсін десек, ең бірінші өзіміздің нарығымызды қорғаудың түрлі тетіктерін қолдануымыз керек.
Екінші мәселе ол – кілем саласындағы мамандардың аздығы, өздеріңіз білетіндей біздің елімізде бұрын заманауи технологиялармен кілем өндірісі саласы болмаған. Сол себепті нарықта кілемді білетін, өндірісті жақсы түсінетін мамандар өте аз. Біз фабрикамыз ашылғанда бұл мәселені өзіміз шешуге тырыстық. Фабриканың есебінен көптеген жастарымызды Түркияның фабрикаларына тәжірибе алмасуға жіберген болатынбыз. Алайда, әлі де нарығымызда кілем өндірісін білетін мамандар өте тапшы.
Үшінші мәселе, ол – кілем өндірісінде қолданылатын шикізаттар елімізде өндірілмейді. Мемлекетімізде Президенттің тапсырмасы бойынша мұнай-газ, химия саласында тереңдетіп өндіруді ендіріп, соның арқасында кілем және жалпы текстиль салаларында қолданатын шикізаттарды көбейту қажет. Осы тапсырма іске асқан жағдайда күнделікті тұтынуға қажетті заттарды өндіретін шағын және орта бизнестегі кәсіпорындар дамитын болады.
Төртінші мәселе, ол логистикалық проблемалар. Жалпы, біз шикізат сатып алғанда ғана емес, кілем сатуда да логистикалық қиыншылықтармен тап боламыз. Ең басты себеп, еліміздің теңіз жолдарынан алыстығы, жалпы көптеген елдерден алыстығы болып табылады. Өздеріңізге белгілі Қазақстанның территориясы өте үлкен және дамыған елдерден шалғайда орналасқан. Сол себепті кілем сатқан кездегі логистикалық шығындар біздің өнімдеріміздің құнын өсіреді.
Бесінші мәселе, ол – қазіргі жастар арасындағы өндірісте жұмыс істеу қызығушылығының төмендігі. Жалпы, қазіргі жастар өндіріс мамандықтарын менсіне бермейді. Көбісі, юрист, экономист болғысы келеді. Алайда өз мамандығын жақсы білетін электрик, механик, дизайнер, технолог, инженер сынды мамандар өте аз.
Алтыншы мәселе, ол – қазіргі ЖОО-ындағы материалдық-техникалық база ескірген. Текстиль саласында соңғы жылдарда технологиялар өте жылдам темппен дамып келеді. Алайда, өкінішке орай, текстиль мамандарын дайындайтын оқу орындары бұл технологияларға ілесе алмай келеді.
«Otandyq Kilem Forumy» республикалық іс-шарасында спикер ретінде аталған мәселерге қатысты келесі шешу жолдарын да ұсындым:
Бірінші, ол отандық кілем нарығын сырттан келетін импорттық тауарлардан қорғау мәселесін күшейту керек. Мысалға сырттан келетін жеңіл өнеркәсіп саласының импорттық тауарларына қатысты кедендік салықтарды немесе тауардың кедендік шартты бағасын өсіру қажет. Оның ішінде нақты мысал ретінде айтар болсақ, елімізге шетелден келетін кілем өнімдеріне шартты бағаны қазіргі төмен деңгейден 1 килограмына 10 АҚШ доллары деңгейіне көтеру қажет. Сол арқылы біз отандық кілем нарығын қорғаймыз. Бұл шара тек қана кілемдерге қатысты емес, жалпы сырттан келетін тауарларға қатысты болып келеді.
Екінші мәселе, ол көршілес елдермен әділ сауда принципін ұстану болып табылады. Егер қандай да ел, біздің тауарларға қатысты шектеу шараларын қолданып жатқанын байқасақ, онда біз де сол елдің тауарларына шектеулер енгізуіміз қажет. Мысалға, бауырлас Түркия елінен көптеген импорттық өнімдер келеді, алайда ол елге қарай экспортталатын біздің отандық дайын өнімдерімізге үлкен кедендік салықтар салынады. Яғни, халықаралық саудада әділдік әрі теңдік болуы керек.
Үшінші шешім жолы, жалпы отандық өнімді дамытамыз десек, онда сол отандық тауарларды жарнамалау мәселесіне кеңінен көңіл бөлуіміз қажет. Мысалға: Coca-Cola сынды шетелдік алпауыт компанияларда, жарнамалау арқылы өз брендін дамыту мәселесіне көп көңіл бөлінеді. Бұл компаниялар жылына миллиардтаған қаржыны тек қана жарнамалауға жұмсайды. Әрине отандық өндірушілер үшін жарнама жасауға көбісінің қалтасы көтере бермейді. Сол себепті, мемлекет тарапынан бұл мәселеге көбірек көңіл бөлінгені дұрыс. Отандық өндірушілерге жарнама ақылары халықаралық алпауыт компанияларынан жарнамаға алынатын төлемнен бөлек, әлдеқайда төменгі бағада болғанда, өзіміздің отандық брендтерді халыққа жеткізу, танымалдылығын арттыру оңайға түсер еді. Мемлекетіміздің экономикасының дамуына үлкен үлес әрі көмек болады. Біз жалпы отандық өнім ұғымын ұлттық идеология деңгейіне көтеруіміз қажет. Сол кезде ғана халқымыз импорттық тауарлар ғана сапалы, отандық тауардың сапасы нашар деген ұғымнан арылады.
Төртінші шешім жолы, ол мемлекет тарапынан кілем өндірісіне қажет мамандарды даярлауға көбірек көңіл бөлу. Бұл мәселе жалпы текстиль мамандығы саласында да жолға қоюға болады. Егер мемлекет тарапынан текстиль мамандықтарына грант көптеп бөлінер болса, жастардың да осы мамандықтың иесі болуға қызығушылығы артады.
Бесінші шешім жолы, бұл жалпы еліміздің экономикасын шикізатқа тәуелділіктен арылтып, терең өңдеу арқылы дайын тауарларды өндіруді дамыту керек. Әрине, соңғы жылдарда мемлекет тарапынан бұл мәселеге көптеп көңіл бөлініп жатыр. Алайда, бұл мәселе әлі де шешімі табылмай келе жатыр. Мысалы: жақында Атырау өңірінде KPI атты отандық полипропилен гранулын өндіретін тұңғыш завод іске қосылды. Біз ол заводпен тығыз қатынас орнаттық. Жақын арада, атыраулық завод біздің кілемдерде қолданылатын полипропилен гранулы маркасын өндірмекші. Біз бұл күнді асыға күтудеміз. Себебі осы күнге дейін полипропилен гранулдарын Ресейден немесе Қытайдан алып келеміз. Жалпы нефтехимия саласының келешегі өте зор. Полипропилен гранулдарынан тек қана кілемге қажет жіп қана емес, күнделікті күнде қолданылатын тауарлардың сан-алуан түрін шығаруға болады.
Алтыншы шешім жолы ол – жалпы жастарды дұрыс тәрбиелеу, яғни кішкентай жасынан бастап жастарды еңбекке баулуымыз қажет. Біздің жас кезімізде біз еңбек етіп өстік. Әрқайсымыз еңбек мамандықтарын игеруді аңсайтынбыз. Ал қазіргі жастар болса еңбек еткісі келмейді. Бұл негізінен ұлттық деңгейде, яғни ұлттық идеологияның деңгейінде шешілуі қажет мәселе. Біз жастарды жастайынан еңбекке баулуымыз қажет. Мектеп қабырғасынан бастап «өндірістік туризмді» дамытуымыз қажет. Мектеп оқушыларына көптеп өндіріс орындарына экскурсиялар ұйымдастыруымыз қажет. Сол кезде ғана жастар еңбек мамандықтарын таңдайтын болады. Мемлекет басшымыз Қасым-жомарт Кемелұлы қазір еңбек адамы деген ұғымды көптеп айтып жүр. Неге? Себебі біз еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеруіміз қажет.
Жетінші мәселе, ол – университеттердегі материалдық-техникалық базаларды жаңарту. Бұл мәселе әрине ЖОО және біз секілді фабрикалар арасында тығыз қарым-қатынас орнату арқылы шешіледі. Біз оқу орындарымен, оның ішінде М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетімен көптеген меморандумдар және келісім-шарттар аясында тығыз жұмыс жасаудамыз. Келешекте бұл бағытта біз дуальды оқу жүйесін мықтап қолға алуымыз қажет екендігін жеткіздім. Сол кезде біз текстиль саласының нағыз мамандарын тәрбиелей аламыз.
Қалалық мәслихаттың депутаты Талғат Ысқақов тек кілем фабрикасына қатысты өзекті мәселелерді ғана көтеріп қоймай, қаладағы шетін мәселердің түйінін тарқатуға бар күшін жұмсап келелі. «Мемлекет бізге Отандық өндірісті өркендету үшін қолайлы жағдайлар жасап жатыр. «Көз қорқақ, қол батыр» деген бар, егер әрбір азамат кәсіпкерлікпен айналысамын десе мүмкіндіктер жетеді. Тәуекел етсең, бәрі ойыңдағыдай болады».
Қазақстандағы ең ірі тоқыма фабрикасын жолға қойған кәсіпкердің өз бизнесін бастауға сенімсіздеу болып жүрген жастарға айтары осы.

Бақтияр БАЙДУЛЛАҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.