АЭС ҚҰРЫЛЫСЫ: бұл – бәсекелестік емес, қажеттілік Избранное

Пятница, 13 Сентябрь 2024 05:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 391 раз

Электр энергиясы сияқты қат дүниені сырттан тасымалдайтын Қазақстанға АЭС-ы керектігі жиырма жылдың бедерінде айтылып жүрген пікір. Осы өзекті мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында нақтыланды.

AESE

 

Президент атом электр станциясы бойынша референдум 2024 жылдың 6 қазанында өтетінін айтты.
«Жаһандық энергия тапшылығының өсуін ескере отырып, біз сенімді және экологиялық таза энергия көздеріне аса мұқтажбыз. Сондықтан, менің ойымша, атом энергетикасының дамуына барынша назар аудару қажет. Генерацияның бұл түрі біздің экономикамыздың қарқынды дамып келе жатқан қажеттіліктерін едәуір қанағаттандыра алады. Қазіргі уақытта дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық АЭС жұмыс істейді. Біз еліміздің ұзақ мерзімді ұлттық мүдделері мен ерекшеліктерін ескере отырып, болашақ туралы ойлауымыз керек. Сондықтан Мен әрқашан атом электр станциясын салу мәселесі бойынша ойластырылған шешім қабылдау, қоғамда стратегиялық сипаттағы жоспарларды кеңінен талқылау қажеттілігін талап етемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Президент атап өткендей, ел өмірі үшін маңызды әрбір қадамды халықтың қолдауымен жасау қажет. Бұл АЭС референдумында да болуы керек.
«Мен оны өткізу туралы өткен жылы айттым, яғни бұл тақырып бір жылдан бері қоғамдық күн тәртібінде тұр. Бұл азаматтардың саналы шешім қабылдауы үшін жеткілікті мерзім деп санаймын. Осыған байланысты мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын. Атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум ағымдағы жылдың 6 қазанында өтеді, бүгін мен тиісті Жарлыққа қол қоямын», - деді Президент.
Расы керек, атом электр станциясын салып жатқан елдердің көпшілігінде халықтың пікірімен санаспай-ақ мемлекет қажеттілігі деген ұйғарым бар. Басқадай жол жоқ екендігін түсінеді деп ойлайды. Алайда, Қазақстан Президенті халыққа таңдау салып отыр. Өйткені, қазақ халқының басқа түскен басқа қиындықтарынан бөлек, атомға байланысты тартқан зардабы көп. Қолынан келіп, қонышынан басқан қанқұйлы кеңес үкіметі қазақ даласын түрлі қаруларды сынайтын полигонға айналдырып жібергені мәлем. Ең ауыры Семей өңіріндегі атам бомбаларының сынақтан өткізілуі. Зардабы әлі бар. Сондықтан да халық әлі үрейлі.
Референдум осы түйінді шешуді көздейді. Осыған орай республиканың барлық аймақтарында саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер бірігіп, АЭС-ын қолдауға жұмылдыру мақсатында Халықтық штабтар құрды. Осындай штаб Шымкент қаласында да жұмысын бастады.
Штабтың құрамына саяси партиялардың аймақтағы белсенділері, ардагерлер, әртүрлі саланың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, соның ішінде мәслихат депутаттары, мәдениет және спорт қайраткерлері, «Жастар Рухы» және басқа да жастар ұйымдарының белсенділері кірді.
Жақында қалаға Қазақстан Парламенті Мәжілісінің спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов бастаған, құрамында Парламент депутаттары бар топ келіп халықпен кездесу өткізді.
- Мемлекет болашағына қатысты кез келген маңызды шешім халықтың қатысуымен қоғамның пікірін ескере отырып қабылданады. Бұл – Президентіміздің бұлжымас ұстанымы. Бұл – қоғамда жаңа саяси мәдениеттің қалыптасқанының көрінісі. Күнделікті өмірде, тіршілікте осының бәрін байқай бермейтін шығармыз. Бірақ әр қадамымызды анық басып, жоспарларымызды кезең-кезеңмен іске асырып келе жатырмыз. Түпкі мақсат, осы реформаларды әр отбасы, әр азамат сезінуі керек,-деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы облыс ардагерлерімен кездесуде.
Жүздесу барысында Шымкенттің аздаған жылдар ішінде жақсы мағынасында жақсы өзгерістерге толыққандығы айтылды. Спикер қала әкімі Ғабит Сыздықбековпен кездескендігін, қала тынысына байланысты жасалып жатқан жұмыстарға қаныққандығын айтты. Шымкент – инвестиция салуға тартымды қала. Табиғаты жайлы, халқы еңбекқор. Инвесторлар көп келгенімен электр тапшылығы көп жағдайға тосқауыл болады. Электр сырттан тасымалданатындықтан экономикада іркіліс бар. Егерде Атом электр станциясы салынса сыртқа кетіп жатқан миллиардтаған қала экономикасына қызмет етер еді. Инвесторлардың да көптеп келіп, жаңа өндірістік нысандарды іске қосуына мүмкіндік туады. Қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы осы жағдайларды айтқан.
Кездесуде де осы мәселе тағы да егжей-тегжей таратылды.
Спикер қазір әлемде ресурстар үшін толассыз күрес жүріп жатқандығын айтты. Қазақстан негізінен жылу, жарық көздерін табиғи шикізат көмірден алады. Әлемде экологиялық жағдай әбден ширыққандықтан көміртекті, табиғаттың тепе-теңдігін бұзып, ауаны ластайтын өнімге ауыр санкиялар салынуы мүмкін. Оның үстіне облыс, қалаларды жылумен қамтамасыз етіп отырған қазандықтардың 60-70 пайызының әбден тозығы жеткен. ТЭЦ-дің көбі апат жағдайында. Соның бірі Кентаудағы жылу орталығын модернизациядан өткізуге миллиардтаған қаржы бөлінгенімен бұл уақытша ғана жағдайды ұстап тұра алады. Республикада электр тапшылығы қатты сезіледі. Жыл сайын Ресейден тасымалдау үшін ғана 100 млрд-таған қаржы бөлінеді. Ал, дамыған мемлекеттер бұл мәселені АЭС-ын салу арқылы әлдеқашан шешіп алған. Мәжіліс төрағасы бүгінде әлемде әлденеше жүздеген ядролық реактор жұмыс істеп тұрғандығын, болашақта олардың қатары тағы да 60 реакторға көбейетіндігін айтты. Бүгінде ең көбі Америка Құрама Штаттарында екен. Біз электр энергиясын қыруар қаржыға сатып алып отырған Ресей де 36, ал Францияда 56 реактор бар. Қытай да жаңа станциялар салуға кірісіп кетті. Моңғолия мен Өзбекстан шешім қабылдады.
Бір қызығы, атом электр станциясын салып жатқан мемлекеттердің, басы Франция, Канада болып уранды Қазақстаннан тасымалдайды. Уран өндіруден әлемде бірінші орында тұрған Қазақстанда олардың бірлескен кәсіпорындары табысты жұмыс істеп тұр. Ерлан Қошанов жұрт үрейленіп отырған ядролық қарумен атомды салыстыруға болмайтындығын айтты. Қауіпсіздік мәселесі жоғары деңгейде шешілген. «Өзім көзім толық толық жеткен соң осы мәселені қолдап отырмын» деді ол. Мұның сыртында сегіз мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады екен.
Жоғары технологиялық мамандар өзімізде дайындалып жатқанымен, шет елдің озық жоғары оқу орындарында тағы да даярлықтан өтеді. Бұл ретте «Болашақ» бағдарламасы пайдаланылады.
Жиында Қазақстан Ғылым Академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев сөз алып, ұлан байтақ Қазақстанның әлеуеті зор болғанымен АЭС-ын салмаса болашақта экономикасы қайраңға ұшырайтындығын айтты. Әрине, электр реакторын салуға қарсы топ бар. Олар жасыл табиғат көздерін, яғни, жел, күннен энергия өндіру жағын айтады. Бірақ, ол бүгінгі күннің сұранысын көтере алмайды әрі тәуекелі көп. Көгілдір отын жетіспейді. Көмір мәселесінде түйткіл көп екендігі айтылды. Ауаға 300 мың тоннаға дейін күл шығады. Сондықтан, әлем экологтары басқа баламалы отынмен алмастыруды ұсынып, болмаса қатаң шара, айыппұл салу мәселесін көтеріп отыр. Осының бәрі сайып келгенде Қазақстанның АЭС-сыз жағдай мүшкіл болатындығын аңғартады.
Академиктің сөзін жалғаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса ойын «электр жарығы керек пе, әлде майшаммен отыра береміз бе?» деген сөзімен түйіндеді. Оның ойынша Қазақстан дүние жүзіндегі мықты мемлекеттерінің реакторына қажетті шикізат тауып беріп отырып, өзі уран үстінде тезек жағып отыр. Әзіл сияқты болғанымен, расы сол.
Парламент Мәжілісінің депутаты жыл сайын электр тапшылығы қатты сезіліп жатқан Қазақстанды экономикалық қиындықтан құтқарып қалатын АЭС-ы екендігін айтты. Көршіміз Өзбекстан Қазақстан территориясынан 50 шақырым жерде АЭС-ын салып жатыр.
Халық қана сұрау салған жоқ, өйткені бұл-халықтың болашағына жасалынып жатқан мемлекеттік іс.
Кездесуді жүргізіп отырған қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев осы мәселеде хабары бар, ел ішінде беделді біраз ардагерлерге сөз берді.
Соның бірі - Қазақстандағы уран өндірісінің ең ірі кеніштері шоғырланған Созақ ауданын ондаған жыл басқарған Созақбай Әбдіқұлов көп жайтты әңгімеледі. 1975 жылы алғаш рет уран өндірісі жұмыс істей бастағанда халық қатты үрейленген екен. Мұнда да түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Жер астында сілтімен өңделетін уран кеніштерінде шетелдік азаматтармен бірге қазақстандықтар да көптеп жұмыс істейді. Қауіпсіздік мәселесі бірінші орында болғандықтан экологиялық зардабы жоқ. Әуелде үрейленген халық балаларын уран кеніштеріне жұмысқа орналастыруға жиі өтінер екен.
Сол кездегі облыс әкімі, болашақты бағдарлай алатын іскер басшы Бердібек Сапарбаев «ҚазАтомӨнеркәсіп» басшылығымен келісе отырып, Созақтан жылына 90 жас білім алатын училище ашқан. Олардың дені қазір уран өндіру ісінде. Қазақстанда маман жоқ емес бар.
Созақбай Әбдіқұлов өз немересінің ҚазМУ-дегі ядролық атом бағыты физика факультетін таңдағанын айтқан.
Бүгінде «ҚазАтомӨнеркәсіпте» білікті маман. Яғни, дүние жүзіндегі уранның 40-45 пайызын өндіретін Қазақстанның атом саласында өзінің кадрлары жұмыс істеуі керек. Ол үшін талапты жастарды Жапон, Франция, Германия және Канада сияқты іргелі елдерде оқыту мемлекеттік іс.
Жиында заң ғылымының докторы, үлкен істерді кәтепті қара нардай атқарып жүретін Бекет Тұрғараев «бұл – бәсекелестік емес, мемлекеттік қажеттілік» деді. Негізі, түйіні осы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.