Салауаттылыққа бет түзеген қала

Среда, 17 Февраль 2016 05:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4752 раз

Шымкентте бұқаралық спорт дамып келеді

Халықтың 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту мәселесі басты назарда тұр. Қазір ұлттың рухы, күш-қуаты салауаттылықпен өлшенеді. Таяуда ғана ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі бірлесіп, бұқаралық спортты дамыту жоспарын жасауы тиіс екенін мәлімдеді.

DSC00752– Кешке мектеп оқушылары сабақтарын аяқтағаннан кейін, залдарды спортпен шұғылданғысы келетін ауыл азаматтарына тегін ашылатындай жасаса. Әрбір әкіммен келісу қиын болмайтын шығар, себебі залға спорттық жарақтар сатып алуға көп қаражат талап етілмейді, – деп атап өтті вице-премьер.
Халқы миллионға жетеқабыл Шымкентте бұқаралық спорттың дамуы қалай? Жастар бос уақытын қалай өткізіп жүр? Бұл мәселе көпшілікті ойлантады. Мәселелер уақыт сәтімен шешімін де тауып жатыр: қаланың демалыс орындарында спорттық алаңдар орнатылып, фитнес орталықтар көбейді.
Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің мәліметі бойынша, бүгінде қаламызда 193 870 адам бұқаралық спортпен шұғылданады. Қалада жалпы 871 спорт нысаны тіркелген. 314 спорт алаңы, саябақта 15 спорттық тренажер, 11 спорт кешені, 8 бассейн, 124 мектептің спорт залдары жұмыс істейді.

«Денiмiз сау болсын десек... »

Тұрғындардың межелі пайызын спортқа тартуға мүмкіндік бар ма? Тұрғындардың уәжі қандай? Осы сауалдарға жауап іздеу үшін қаладағы бұқаралық спорттың тыныс-тіршілігімен танысып шықтық. Кей тұрғындар әлі де болса қолжетімді жаттығу алаңдарына зәру екенін білдік.
Бүгінде халықтың фитнес орталықтарға деген қызығушылығы артқан. Қалтасы көтерсе жас та, кәрі де жайлы жаттығу залдарына барғанды қош көретіні рас. Қазір қаламыздағы бірегей фитнес орталығы – «Royal Club Fitness & SPA» спорт-сауықтыру кешені. Аумағы 9 мың шаршы метрді құрайтын кешенде тренажер залы, балалар фитнес клубы, топтық бағдарламалармен шұғылдануға арналған 8 зал, 4 SPA-кешені, 2 жүзу бассейні, футбол алаңы, салауатты тағам ұсынатын мейрамхана және т.б. бөлімдер жұмыс істейді.
Клуб өткен жылдың 10 сәуір күні ашылған. Бір жылға жуық уақыт ішінде клуб өзінің көздеген межесіне жетіп отыр. Тұрақты клиенттері бар. Салауатты өмір салтын ұстану қазір әлемде бәсекелестікке айналғаны тағы рас.
Клубтың әкімшісі Екатерина Ястребова бізге тұтынушылардың контингенті және қызмет ақылары жөнінде біраз мәліметті баяндады.
– Мұнда келушілерге алдымен клуб картасы беріледі. Яғни, күні бойы, барлық спорт түрлеріне қатысуыңызға мүмкіндік бар. Бұл – фитнес клубтарының әлемдік қауымдастығы ұсынған бірыңғай жоба. Орталыққа күніне шамамен екі жүзге жуық адам келеді. Әсіресе, ең көбі дүйсенбі күні бас сұғады. Әдетте көп адам осы күні бір істі жаңадан бастап жатады. Ал сенбі, жексенбі күні керісінше аз келеді. Бұл күндер негізінен отбасылық күн саналады ғой, – дейді ол.
Фитнес орталық өкілінің айтуынша, мұнда келушілерге 25 абонемент түрі ұсынылады. Бір айлық, бір тоқсан, жарты жылға арналған абонементтер де бар.
Осында бір айдан бері шұғылданып жүрген Қамқа Жалмұқамбетованы әңгімеге тарттық. Жасы елу алтыға келген ол күніне 5-6 сағат жаттығады. Үйі жақын болғандықтан күнде келетінін айтады өзі.
– Мұнда келушілердің көбісі жастар. Жетпістен асқан қариялар да бар. Осы қарқыннан тоқтамасақ, отыз пайызға жетуге болады. Бастысы, денсаулық керек қой. Ауырсақ соғұрлым дәріханаға жүгіреміз. Одан да деніміз сау болсын десек фитнеспен шұғылданайық, – дейді салауаттылықты серік еткен кәсіпкер.

Қолжетiмдi жаттығу залдары көбейсе...

DSC007532

Шымкенттегі «Тәуелсіздік», «Абай» және «Орталық» саябақтары бүгінде қала тұрғындарының сүйікті орнына айналған. Мұнда таңертең, түсте және кешқұрым ашық алаңқайда, таза ауада спортпен шұғылданатындар көп.
Гүлжанат Әсенқызы әр сенбі, жексенбі күні үш ұлын ертіп, «Абай» саябағына қарай аяңдайды. Ақсукент көпсалалы колледжінде тарих пәнінен сабақ беретін мұғалім бір сәт салауатты өмір салтын насихаттап жүр.
– Күнде келуге мүмкіндік жоқ. Қолым қалт етсе болды, үш баламмен серуендеп, шынығып қайтамыз. Қалада ең арзан жүзудің өзі айына – төрт мың теңге. Фитнес орталыққа баруға әзірге мүмкіндік жоқ. Оған қалта көтермейді. Халықтың өмір жасы ұзақ болсын десек, қолжетімді жаттығу залдарын көбейткен дұрыс, – дейді қала тұрғыны.
Алпыс бес жастағы Гүлшар Ерғараеваның әрекеті де көпке үлгі. Бұл кісі күнде таңертең күн шықпай тұрып, осы маңнан табылады. Күндіз де кездестіресіз. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ол ОҚМУ-дың кітапханасында қызмет еткен.
– Жақын жер болғандықтан тек осы жерге келемін. Фитнес орталықтарға да барғым келеді әрине. Жағдай көтеріп жатса. Үйден қызым ғана барады. Негізінен, біз секілді қарт кісілерге таза ауада жүргенге не жетсін, – дейді ол.
Жасы егде тартса да дене шынықтыруды ұмытпаған Гүлшар апа осы қолдауға да рақметін айтты.

Үлгiлi әкенiң ұлағаты

«Орталық» саябақта қаланың шахматшылары күн ұзақ шаршы тақтаға үңіліп отыратыны талай мәрте айтылды, жазылды. Нағыз бұқаралық спортты насихаттаушылар осы кісілер емес пе?! Таңнан кешке дейін ойынның қызығына елітетіндеріне сүйсінесіз. Қыстың ызғарлы күні де, жаздың аптап ыстығына да қарамайды бұл кісілер.
Саябаққа жаттығу алаңшасы қойылғалы жастар бір мезет осында жиналатынына куә болдық. Кешқұрым саябақтағы тіршілікті бақылау үшін келгенімде мына бір жағдайдың үстінен түстім. «Чернобыль ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сайфуллин Нақбаев шахмат ойынының қызығына кірген. Қаламыздың мақтанышы, гроссмейстер Гүлісхан Нақбаеваның әкесі бұл кісі. Қызы ғана емес өзі де салауаттылықты насихаттап жүргені қуантады.
Үлгілі әкенің мына бір айтқан пікіріне ішіміз жылып сала берді. «Келешек жастардың қолында. Қалада бұқаралық спорт дамып жатыр. Қаржы жағынан қиындық жоқ. Отыз пайызға тезірек жетеміз-ау деймін. Өйткені, ынта жақсы. Бір немерем шорт-трекке, бірі шахматқа барады. Кішкентайларды баулу керек қой».
Осы сәтте саябақта екі жас жігіт жаттығуға кірісті. Олармен де жақын таныстық. Олар – Шыңғыс Қыдырбаев пен Ерғали Аманов. Екеуі де ілім қуып жүрген жас. Күнде кешқұрым «Орталық» саябақты бетке алады екен. Шыңғыс ОҚМФА-ның төртінші курсында, Ерғали
М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың үшінші курсында оқиды.

Бассейнде
шомылушылардың саны артқан

Суы мөлдір, кең бассейнде шомылуды кім хош көрмейді дейсіз. Бүгінде ең қолжетімдісі де осы спорт түрі. Қаламызда 8 спорт бассейнінің ішіндегі ең әлеуеттісі – «Орталық су-спорт кешені» МКҚК. Бізді қуантатыны, орталыққа келушілердің саны жыл сайын арта түскен. Былтыр «Орталық су-спорт кешеніне» 82 630 адам шомылған: ересектер – 31 559, балалар – 51 071.
2016 жылдың қаңтар айында бассейнге 4572 адам келіпті: ересектер – 1582, балалардың саны – 2990.
Фитнес саласы мамандарының айтуынша, әлемде мұндай орталықтарға ең көп баратын ел – АҚШ. Онда семіздік ауруы белең алғаны баршаға мәлім. Одан бөлек, фитнес спорты Солтүстік Еуропада дамыған. Берлин, Лондон, Стокгольмде тұрғындардың қырық пайыздан астамы бұқаралық спортпен шұғылданады.
Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Мақсат Орынбаевтың айтуынша, алдағы уақытта қала мектептерінің спорт залдарын кешкі 6-дан кейін тұрғындарға жеңілдікпен спортпен айналысуға жағдай жасау мәселесі қозғалмақ.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.