Шымкент – қойнауы қазыналы, шежірелі шаһар
Пятница, 04 Август 2017 05:14Cәуір айында Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялаған болатын. Сол кезде «Бұл саяси маңызы зор құжат дер кезінде жарияланды», – десті зиялы қауым өкілдері. Мақалада көптеген ауқымды мәселелер мен оларды шешу жолдары да көрсетілді. Онда Президент «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді, халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруді, ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керектігін алға тартты.
Бұл саяси құжаттың соңын ала Президент өңірімізге арнайы іссапармен келді. Сол жолы Елбасы:
– Оңтүстік – еліміз үшін ерекше маңызы бар аймақ. Мұнда 800-ге жуық тарихи ескерткіш бар. Өңірдің туризмнің ордасы болуға да мүмкіндігі мол, – деп оңтүстіктің тарихқа тұнып тұрған өңір екенін айтқан болатын.
Рас, Оңтүстікте киелі жерлер көп. «Сайрамда бар – сансыз баб, Отырарда – отыз баб, Түркістанда – түмен баб. Бабтардың бабы – Арыстан баб» делінетін ел аузындағы сөз тектен-тек айтылмаған.
Ішкі туризмді дамыту туралы көп айтылып, жазылып жүр. «Оңтүстік туризм» орталығының кеңесші маманы Ариза Рысқұлбекова өңірімізге әлемнің түкпір-түкпірінен туристер көп келетінін айтады.
– Барлық туристер ең алдымен Түркістанды көргісі келеді. Бұдан басқа, облыс орталығы мен оның маңында тарихи және сәулеттік көз тартарлық мекендер, қажылық орындар, қорықтар баршылық. Қожа Ахмет Ясауи мен Отырар қаласының жанындағы Арыстан-баб кесенелері, Отырар, Сауран қалашықтары, сол сияқты Қаратаудың етегінде жатқан Үкаша ата құдығының сыры да тым тереңде жатыр, – дейді орталық кеңесшісі.
Өлкенің тағы да бір қызықты ауданы – сан ғасырлық тарихы бар Сайрам. Шымкенттің төңірегінде Азиядағы ең ескі Ақсу-Жабағылы қорығы, қаладан 50 шақырымда Біргөлік тоғайлы сай-саласы орналасқан. Мөлдір өзендер ағатын, тау текелер, аюлар, тіпті қар қабыланы да кездесетін көркем Сайрам-Су шатқалы өзінің екі түсті көлімен әйгілі.
ТОҒЫЗ ЖОЛДЫҢ ТОРАБЫ
«Оңтүстік туризм» орталығының кеңесшісі Ариза Жеңіскелдіқызының мәлімдеуінше, Қазақстанға келетін туристердің басым бөлігі алдымен Шымкентке тоқтайды. Себебі Шымкент – тоғыз жолдың торабы.
– Соңғы бір жарым жылда өңіріміздегі ішкі туризм көрсеткіші 90 пайызға жоғарылап, 3300 шетелдік турист келген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда анағұрлым жоғары, – дейді Ариза. Әсіресе жергілікті тұрғындар шетелден гөрі өзімізде демалғанды жөн санайтын болған. «Соған сәйкес біздегі демалыс орындарының саны да жыл санап көбеюде. Шымкент қаласының өзінде 300-дей, ал ОҚО бойынша 600-ге жуық мейрамхана бар. Демалыс аймақтары да көп. Жылына кемі 15-20 демалыс орны ашылуда», – деді Ариза Рысқұлбекова.
Мәселен ЭКСПО қарсаңында Отырар ауданында «Алаш» атты этноауыл ашылды. Мұнда ат пен түйеге мініп, ауылды айналып қана қоймай, дәстүрлі қазақ асханасынан дәм татуға болады. Қолөнер шеберлері ұлттық бұйымдарды қалай жасау керектігін үйретеді. Туристер бейне бір «уақыт зымыранына» мініп алып, терең де бай тарихымызға қайта енгендей әсер алары сөзсіз. Бүгінге дейін «Алаш» этноауылына әлемнің 20 елінен туристер келіп үлгерген. Олардың арасында АҚШ, Германия, Франция, Польша, Сингапур елдері де бар.
Ал ОҚМПИ профессоры Сағынғали Әбубәкіров әлі де туристерге қолайлы жағдай жасалынуы тиіс екенін айтады. «Біздегі туризм саласында экскурсовод-гидтерді дайындайтын мамандық жоқ. Тарихшы – экскурсовод емес қой. Шетелдерде таксистердің өзі экскурсия жүргізе береді. Ал бізде кәсіби экскурсоводтар санаулы ғана. Осы мәселені де ескеру қажет!» – дейді тарихшы.
ШЫМКЕНТТІҢ БАСТАПҚЫ ПІШІНІ ҚАНДАЙ ЕДІ?!
Қазақтың ҰҒА академигі, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев «Шымкент – Қазақстандағы ең көне қала» деп мәлімдегені белгілі. Шымкент – тарихқа тұнған өлке. Есімі жалпақ жұртқа танымал археолог: «Қаладағы Фосфор зауыты, «Қайнарбұлақ» саяжайының төңірегінің бәрі археологиялық нысандар. Бұл жерде ешқандай қазба жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ», – дейді бір сұхбатында. Шаһардағы археологиялық нысандардың, мәдени ескерткіштердің, жәдігерлердің сақталуына байланысты өлкетанушы Өмірбек Шыныбекұлы өз ойын ортаға салды:
– Өкінішке қарай, құрылыс жұмыстарын бей-берекет жүргізіп, қаламыздың тарихи орындарының үлкен бөлігін жоғалтып алдық. Қайта қалпына келтіреміз деп, Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармония орналасқан ғимараттың бастапқы пішінін мүлдем өзгертіп жібердік. Соның қарсы бетіндегі тағы бір тарихи нысан – «Адвокаттар коллегиясы» орналасқан ғимаратты өрт шалды. Сол маңдағы «Қазпочтаның» Бас ғимаратын сақтауымыз керек. Ю.Гагарин, Ш.Қалдаяқов көшелерінің бойында, бұрынғы Қорғасын зауыты ауданында орналасқан 1930-60 жылдары салынған ғимараттар баршылық. Осы ғимараттардың бәріне инвентаризация (мүлікті түгендеу) жүргізу керек, – дейді зерттеуші. Оның айтуынша, ол маңды туристерге көрсетіп қана қоймай, тарихи фильмдер түсіретін алаң ретінде пайдалануға болады.
Шымкент тек қазақстандықтардың ғана емес, таяу және алыс шетел тұрғындарының назарын өзіне аударып, туристік орталыққа айналуды жоспарлайды. Қала әкімі Ғ.Әбдірахымов бұрнағы жылы Шымкенттің – Жібек жолы бойында орналасқан ежелгі қала екенін айтып еді.
– Ертеде мұнда түрлі мәдениеттер тоғысқан. Бүгінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі өтуде. Азия мен Еуропаны жалғап жатқан бұл құрлықтық көлік дәлізінің Шымқаламыз үшін экономикалық пайдасы мол. Сондықтан, қаламыздың туристік әлеуетін арттыру үшін туристік кәсіпорындарымыз бәсекеге қабілетті болуы қажет, – деген болатын шаһар басшысы.
Расында Шымқаланың туристік әлеуеті жыл санап артып келеді. Қалада туристерді тартатын орындар баршылық. Мәселен мұражайларды алып қарайықшы. 95 жылдық шежіресі бар облыстық тарихи-өлкетану мұражайында келушілердің назарына төрт экспозиция залы қойылған. Мұражайдағы бағалы жәдігерлердің бірі – «Қазақ хандығы және қазіргі заман» залындағы Кенесары ханның қылышы. Бұл тарихи құнды жәдігерді 1931 жылы ханның немересі Әзімхан мұражайға арнайы тапсырған.
Одан кейін облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы да қала қонақтарына зұлмат жылдар тарихынан мол мағлұмат береді. «Жеңіс» саябағындағы «Ерлік» мұражайында Ұлы Отан соғысы жылдарының құнды жәдігерлері сақтаулы.
ЕЛДІГІМІЗДІ ӘЙГІЛЕГЕН
Шымкент қаласының солтүстік беткейінде «Қазына» этно-тарихи кешені орналасқан. Екі бөліктен тұратын кешеннің алғашқы бөлігінде «Этносаябақ», «Бәйдібек би» ескерткіші, «Қазақ хандығына 550 жыл» монументі, «Ұлы Жібек жолы» сәулеттік композициясы, даналар сөзі орын тепкен. Ал мәдени-сауықтыру бөлігінде «Жайлаукөл» саябағы, «Наурыз» алаңы, «Қазақ ауылы», ипподром, тарихи-өлкетану мұражайы, әдет-ғұрып пен салт-дәстүр орталығы бар. Әрқайсысы қазақ халқы мен көне шаһардың терең тарихынан сыр шертеді.
«Этносаябақтың» жоғарғы жағында орналасқан 20-дан астам тарихи-сәулет ескерткіштің макеті арқылы сол қасиетті орындармен танысуға мүмкіндігіңіз бар. Біле білсек, мұндай шаһар тарихы мен келбетін айшықтайтын бірегей нысан біздің Шымкентте ғана бой көтерді.
– Шымкент қаласын Халықаралық туризм орталығына айналдыруға толық мүмкіндік бар. Асанбай Асқаровтың бастамасымен салынған Дендросаябақ, Зообақ, Балалар темір жолымен біз мақтана аламыз. Тек, Балалар темір жолын қайта жөндеуден өткізу керек. Соңғы жылдары ғана салынған Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 140 000-нан астам оңтүстікқазақстандық майдангердің есімі жазылған ТМД елдерінде теңдесі жоқ «Даңқ» мемориалы, «Тәуелсіздік» саябағы, Жаңа Әкімдік-Іскерлік орталығын кім-кімге де мақтанышпен көрсете аламыз. Бұрынғы «Тұлпар» көлі қайта жөндеуден өткен соң тіпті құлпырып кетті, – дейді Өмір Шыныбекұлы.
ШЫҒЫС СТИЛІНДЕ ҚАҚПАЛАР САЛЫНСА...
Шымкент – көне қала деп жиі айтамыз. Бірақ, Еуропаның көне қалаларымен салыстыра қарасақ, бізде ескіліктің ешқандай да иісі сезілмейтіндей... Еуропа демекші, Чех астанасы Прагада болғанымызда, ондағы мыңжылдық тарихи нысандардың қалаға ерекше көрік қосып тұрғанын көзіміз көрді. Еуропаның ең көне қаласы болып саналатын Прагада осыдан нешеме ғасыр бұрын салынған құдықтар, мазарлар, т.б. бәрі қаз-қалпында сақталған. Тұрғындарымыз ең алдымен шетелдегідей тазалық пен тарихи нысандарға құрметпен қарауды үйренуі қажет. Сондықтан осы бағытта ағартушылық жұмыстары қарқынды жүргізілуі тиіс.
ОҚМПИ профессоры Сағынғали Сандыбайұлы Шымкент туризм мекеніне айналуы үшін қаланың сыртқы қақпаларын салуымыз керек деген ұтымды ұсынысын жеткізді.
– Мәселен, осыдан 15 жыл бұрын 2000 жылдығын тойлаған Тараз қаласының кіреберісінде үлкен тарихи қақпа тұр. Ұлы Жібек жолының бойындағы көне шаһарға табаның тигені сол шығыс стиліндегі қақпадан-ақ сезіледі. Шымкенттің Алматыға шығатын жолында түйелердің ескерткіштері жақсы салынған. Алайда, қақпа жоқ. Түркістан мен Ташкент жақтан кірген кезде де биік, алыстан көз тартатын қақпа салынса... – дейді тарихшы.
Шаһарымызда мыңжылдықтар тоғысынан келе жатқан тарихы терең орындардың бірі – Қошқар ата өзені. Қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың мұрындық болуымен екі жылдан бері Наурыз мерекесінің қарсаңында «Қошқар ата сейілі» мерекесі ұйымдастырылып келеді. Тек қана Оңтүстік жұртшылығына ғана тән бұл мереке соңғы рет жүз жыл бұрын тойланған екен. Сейілге жиналғандар қазақтың ұлттық бұйымдар көрмесі мен мерекелік бағдарламаны тамашалап, қазақ күресі, кір тасын көтеру, асық ойыны, қол күресі сынды спорттық шараларға куә болады. Бұл да бір біздің қаламыздың тарихы мен мәдениетінің рухани жаңғыруының көрінісі болса керек.
«ЕСКІ ШАҺАРДЫ» ЕСКЕРУ КЕРЕК!
Облыс әкімі Ж.Түймебаев өзінің өткен жылғы халық алдындағы есеп беруі кездерінде қала бойынша «Ескі шаһардағы» ескі үйлер бұзылып, орнына көпқабатты тұрғын үйлер салынып, тарихи цитадель салынатынын жеткізген еді. Елімізге белгілі қоғам қайраткері Оразалы Сәбден бір кездері «Түркістанда жаңа үйлер салмайық! Бәрі қаз қалпында қалсын» дегендей ұсыныс айтқаны есімізде. Тарихшы Сағынғали Сандыбайұлы «Ескі шаһардағы кейбір үйлерді, мешіттің айналасын сақтап қалу керек» деп есептейді. Ал өлкетанушы Өмір Шыныбекұлы «Ескі шаһарды» толықтай сақтауға үлкен қаржы керек» дейді.
– Қаптаған сауда орындары мен кеңес заманында салынған ығы-жығы үйлерді бұзып, иелеріне өтемақы төлеуді қала бюджеті қазір көтере алмайды. Тек бекіністің орнындағы төбені сақтай алсақ та жарар еді. Қазба жұмыстарын жүргізіп, аспан астындағы музей етуге болады. Қазір қала аумағына енген Сайрам қыстағындағы ескерткіштерді де назардан тыс қалдыруға болмайды. Одан өзге, қаламызға тиіп тұрған Ханқорған ауылындағы Абылай ханның ордасын да музейге айналдыруға болады, –дейді өлкетанушы.
Тобықтай түйін. 2200 жылдық тарихы бар Шымшаһардың келешегі кемел деп білеміз. Қаланың ХХ ғасырдан астам тарихи жасын рәсімдейтін уақыт та жақын қалды. Бұл туралы белгілі археолог Б.Байтанаев мәлім етті.
Енді туризмді дамыту тетіктері дұрыс іске қосылса, тарихи-мәдени нысандарға, қасиетті жерлерге арнайы маршруттар ұйымдастырылса, Шымкенттей көне қаланың қайта жаңғыруына және шаһардың шырайын арттырып, беделін биіктетуге үлкен мүмкіндік берер еді.
«Серпін» – серпінді күш
Среда, 02 Август 2017 05:43«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы бойынша «Серпін-2050» бағдарламасы биыл да талапкерлерге даңғыл жол ашпақ. Үш жылдан бері қаншама жасты тегін оқумен һәм жатақхана, жол, шәкірт ақысымен, медициналық қызмет көрсетумен қамтитын бағдарламаның артықшылығы көп. Жылына екі рет демалыс кезінде пойыздың бару, қайту билетінің ақысы, яғни жол ақысы төленеді. «Серпіндіктердің» арасында озат студенттерге арнайы шәкіртақы және сыртқы киімдер тағайындалады.
Ата-ана, ағайын-туыссыз басқа алыс облысқа баласын жіберу әрбір ата-анаға әсіресе алғашқы жылы жеңіл тимесі анық. Осыны ескерген қабылдаушы жақ арнайы бір өкілін жіберіп, студенттерді Темір жол вокзалынан алып кетеді. Бұл да серпіндік студенттерге жасалған қамқорлық.
Биыл құжаттар 23-31 шілде аралығында қабылданды. 8-тамызға қарай конкурстың жалпы қорытындысы газетке және сайтта жарияланады. Біз «Серпін» бойынша тың ақпараттар мен биылғы өзгешеліктерді білмек болып, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне ат басын бұрдық. Аталған бағдарламамен оқуға қабылдаушы жақ та, яғни аймақтардағы ЖОО-ның өкілдері мен талапкер, ата-ана түгел осы жерде. Көбіне аудандардан келген мектеп бітірушілері өкілдерге көкейіндегі сауалдарын қойып, жауап алуда. 2016 жылдан бастап Шымкент қаласының мектеп бітірушілері «Серпінге» қатыса алмайды екен. Бұл туралы облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бас маманы Раушан Аманова айтып берді.
– Биыл министрліктен «моноқалалар қатыссын» деген бұйрық келді. Мысалы, Кентау қаласы қатысып жатыр. Арыс қаласы қатыспағанымен, оның Ақдала сияқты шалғай ауылы қатысуға мүмкіндігі бар. Түркістан да солай. Бағдарламаның биылғы өзгешеліктерінің бірі осы, – дейді Р. Аманова.
ҰБТ-ның жаңа форматта өткені және түлектер үшін бірқатар қиындықтардың кездескені белгілі. Оқушы өзі таңдайтын бейіндік пәндерді қосарлап таңдады. Мысалы тарих+география болса, таңдаған мамандығына бейіндік пәннің біреуі сәйкес келсе, екіншісі сай келмей жатыр.
Бас маманның айтуынша, егер шекті 50 балдан асып, қолында «ҰБТ-ға қатысты» деген сертификаты болса, кез келген түлектің (қала мектептерінен басқа) «Серпінге» құжат тапсыруға мүмкіндігі бар. «Серпіндіктер» өзара конкурсқа түседі. Егер сіз жалпы конкурсқа тапсырсаңыз, бүкіл Қазақстанмен конкурска түсесіз. Ал «Серпінде» осы бағдарламаға қатысуға құқығы бар облыстармен ғана конкурсқа түседі. Яғни Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Алматы облыстарымен ғана. Жалпы конкурстан «Серпіннің» ерекшелігі осы.
– «Серпін» бойынша 2017 жылға – 4513 грант бөлінген. Оның 3793 – ЖОО-на, 720-сы – колледждерге. 24 ЖОО құжат қабылдады. Өткен жылғымен салыстырғанда 2 ЖОО қосылды. Биыл күніне мәлімет алушылар 300-400-ге жетті. Ал 120-150 оқушы құжат тапсырып отырды, – дейді «Серпін» халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамының Ұлттық жобалар басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жауапты жетекшісі Ақжан Ғұмар.
Ал колледждер құжатты 1 тамыздан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» ғимаратында қабылдап бастады. Құжат қабылдау 20 тамызға дейін созылмақ. Биыл 50 шақты колледжге 720 грант бөлініп отыр. Колледжге түсудің өзіндік ерекшеліктері бар екенін айта кеткен ләзім. Олар өздерінің емтиханын өткізеді. Соның қорытындысы бойынша конкурсқа қабылдайды. 1 тамыздан қабылдау себебі, 31 шілдеден кейін ЖОО оқуға түсе алмай қалғандар колледжге тапсырады. Колледжде де ЖОО-дағыдай барлық жағдай қарастырылған, бітіргесін жұмысқа қамту міндеттелген. Колледж студенттеріне қарастырылған жеңілдік көп. Жатақхана тегін, әрбір курстың қыркүйек айында шәкіртақыдан бөлек, 69 мың теңге ақша беріледі.
Жұмыспен қамтуға келсек, бағдарламаның түбегейлі міндеті – студенттерге білім берумен қатар, қызмет орнымен кепілді түрде қамсыздандыру, өңірде қалып қызмет атқаруға ниет білдіргендерге қолдау көрсету. Егер бітіруші түлек «ел жақтан мамандық бойынша жұмыс таптым» десе, онда оған ешқандай шектеу жоқ. Өйткені, мамандықпен істеу міндеттелген. Себебі мемлекеттің грантымен жоғары білім алды. Жұмысқа орналасқан соң оқу орнына жұмыс орнынан анықтама қағазын ұсынуы қажет. Егер де жұмыс табылмай, анықтама қағазы оқу орнына жетпесе, оқу орны түлегіне қайтадан хабарласып: «Сенің мамандығың бойынша жұмыс бар. Келесің бе?» – деп ұсыныс жасайды. Түлек келіссе, оқу орны оған жаңа жұмыс тауып береді.
«Серпін» бағдарламасының аясында қабылдаушы жақтарда индустриалды аймақтар ашылып, өнеркәсіп орындары көптеп салынуда. Олардың барлығына «Серпіннің» жас түлектерін қабылдау міндеттелген. Шығыс Қазақстан облысы түлектерді жұмыспен қамту бойынша әзірге бірінші орында тұр. Одан кейін Солтүстіктегі көші-қон мәселесіне де «Серпіннің» қосар үлесі зор. Ақжан Жамбылұлының айтуынша, егер де баласы сол жақтан тұрақты жұмыс тауып, түбегейлі орналасып жатса, ата-ана өз еркімен баласының жанына көшіп баруға ұсыныс жасайды. Тіпті теңін тауып отау құрып жатқан жастар да баршылық. Бүгінде кейбір мектеп оқушылары сол алдыңғы жылы түскен аға-әпкелерін іздеп, «Серпінге» құжат тапсырған.
– ҚР Білім және ғылым министрлігі «Серпін» грантын бөлген ЖОО-ның әрқайсысынан тоқсан сайын есеп алып отырады. Қабылдаушы тарап әрбір студентке жеке-жеке мінездеме береді. «2014 жылы бағдарлама іске қосылғанда, бірінші семестрден кейін елге қайтқан студенттер де болды. Себебі отбасында жалғыз бала. Кейбір қыз балаларымыз солтүстіктің, әсіресе сары аязына шыдай алмай келіп қойды. Одан кейінгі жылдарда елге қайтқан студенттер болған жоқ. 2014 жылдан бері «Серпінге» 12 мың жас тапсырса, соның 50 пайызы – Оңтүстіктен. Өңір бұл бағдарламаға атсалысу жағынан бірінші орында тұр. Сондықтан бізге артылар сенім мен жауапкершілік мол, – дейді облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бас маманы Раушан Аманова.
Биылғы білім гранты бәйгесінде 50 балмен де, 100 балмен де тапсырғандар бар. Жаңадан қосылған мамандықтар да жеткілікті. Биыл өрт сөндіруші, орман шаруашылығы және ресурстары мамандықтары жаңадан қосылды. Бұл жылғы өзгешеліктің бірі, медициналық мамандықтарға грант жоқ. 2016 жылы бір-ақ жыл бөлінген болатын. Оның орнына биологияны таңдап жатыр. Шет тілі мамандығы сұранысқа ие. Ер балалардың автоматтандыру және басқару мамандығына қызығушылығы жоғары.
Құжат қабылдаушы ЖОО-ның әрбір өкілінің қасында серпіндік студенттер де отыр. Солардың бірі Ордабасы ауданы, Шұбарсу елдімекенінің қызы Сандуғаш Өмірзақова былтыр Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық Заң университетінің биотехнология мамандығына 79 балмен түскен. «Біздің университетке грант саны биыл 2 есеге өскен. «Серпінмен» оқуға түскеніме ешқашан өкінбеймін. Өйткені, өткен семестрде Польшаның Белосток қаласында 4 ай бойы білім алып, тәжірибе алмасып қайттым. Демалыс күндері Еуропаның басқа мемлекеттерін де араладық», – дейді Сандуғаш.
Арайлым Пернебаева 2015 жылы «Серпінмен» Рудный индустриалдық университетіне түскен. Мамандығы – электр энергетикасы. Айта кету керек, Рудный индустриалдық университеті – қазіргі таңда техникалық мамандар даярлайтын жоғарғы оқу орындарының бірегейі. Оқу орнының материалдық-техникалық базасы өте жоғары. Сонымен қатар Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты жылына 10-30 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіп отырады. «Біздің университет бітірушілерді жұмысқа орналастыру жағынан алғашқы ондыққа кіреді. Биыл бізге 130 грант бөлінді. Жаңадан «Пайдалы қазбаларды байыту» атты мамандық қосылды», – дейді Арайлым.
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің өкілі Құсни Таймуллина болса, биыл педагогикалық және техникалық мамандықтарға 280 орын бөлінгенін алға тартады.
Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің оқытушысы Нұрлан Сүлейменов: «Техникалық бағытта 38 мамандық бар. Биыл 200 орын берілді. Әскери кафедраға «Серпін» бағдарламасы арқылы түскендер бірінші өтеді», – дейді.
Тобықтай түйін: «Серпінмен» құжат қабылданды. Талапкерлердің жүрек лүпілін мына жақтан-ақ сезіп отырмыз. Олардың бағы да, бабы да қатар келісіп, серпіндік атануға жазсын. Ал сынақтан сүрініп кеткендерге мұңаюдың қажеті жоқ! «Колледж» деген тағы бір есік ашық! Онда 20-тамызға дейін құжат тапсыруға болады.
Отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорғау – ортақ мәселе
Среда, 02 Август 2017 05:21Еліміздің Бас прокуратурасының ұйымдастыруымен «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты пилоттық жобаны жүзеге асыру аясында 19-31 шілде күндері ашық есік күндері өткізілуде.
ОҚО прокуратурасының прокуроры Марлен Сариев «біздің өңірімізде зорлық-зомбылық фактілерінің жиі тіркелетінін» айтады. Осыған орай аталған жоба шеңберінде жәбірленушілерге медициналық, әдістемелік-консультативтік көмектер көрсетіліп келеді.
– Атап айтар болсақ, психологиялық, наркологиялық және жұмыспен қамту бойынша көмек берілуде. Егер әйел жәбірленіп, жедел жәрдемге қоңырау шалса, ауруханаға түскен соң «Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша тізім» журналына тіркеледі. Полиция инспекторы сол әйелдің ісін ашып, нормативтік-құқықтық акт түзеді. Айлық есептік көрсеткіш ретінде айыппұл жазасы және әкімшілік қамау жазалары тағайындалады. Егер еркек қол жұмсауын доғармай, қайталаса, онда оны 3-6 ай отбасынан бөлек ұстайды. «Өзінің үйіне мүлде жақындатылмайды» деген шектеу қойылады, – дейді Марлен Абайділләұлы.
Үйде жанжал болса, 102-ге қоңырау шалады. ҚР Президентінің 2009 жылғы Тоғыз жылдан бері осы салада әйелдердің құқығын қорғаумен айналысып келе жатқан полиция майоры Гульчехра Момынова «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» Заңының 20-бабы қорғау нұсқамасында барлығы анық көрсетілгенін алға тартады.
– Осы нұсқамада көрсетілгендей, үйінде жанжал болған отбасы 30 тәулік учаскелік инспектордың қадағалауында болады. Егер ұрыс-керіс қайталанса, 461-баппен мамандандырылған сотқа жіберіледі. 3-6 ай көлемінде тағы да құқық қорғау қызметкерлерінің жіті бақылауында болады. Бірақ біздің тәжірибемізде көбінесе тоқтау салынған қаулылар кездеседі. Оның себебі отбасы мүшелері айыппұл мөлшерін төлеуді, балаларды ойлап, өзара ымыраға келіп жатады. Ал айыппұл мөлшері 52 мың теңге шамасында, – дейді Әл-Фараби ауданы бойынша әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы Гульчехра Момынова.
Айта кету керек, біздің облыста әр аудандағы полиция бөлімшелерінде әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімдері жұмыс істейді. Басқа еш облыста полицияның мұндай қызметі қарастырылмаған. Қыз-келіншектер отбасындағы ұрыс-керісті ешкімге айтқысы келмейді, ұялады. Бұл акцияның мақсаты да – осындай қыз-келіншектерге қол ұшын созу.
Тағы бір жаңалық, өңірімізде зорлық-зомбылық көрген қыз-келіншектерге 6 айға дейін уақытша паналайтын орталық ашылмақ. Ал «Сана-Сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығындағы заңгер, психолог мамандар зорлық-зомбылыққа душар болғандарға жәрдем беруден жалыққан емес. Шымкент қаласындағы «Аналар үйінің» ұйымдастырушысы Жазира Сартаева қиын жағдайға тап болған қыздардың тағдыры туралы сыр шертті.
– Біздің ұйым – қиын жағдайда қалған жас аналарға қолдау көрсететін республика бойынша жалғыз ұйым. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп, алданып қалып, ата-анасы есігін тарс жапқан жас қыздар бізге келеді. Осындай жас қыздарға баласын дүниеге әкелуге, сәбиін далаға тастамауға үгіттейміз. Бұл бағыттағы ауқымды жұмыстардың арқасында еліміз бойынша Балалар үйіне өткізілетін жетім сәбилердің саны кеміген. Тіпті, жоқ десе де болады, – дейді ол.
Жиын соңында қатысушыларға зорлық-зомбылықтың салдары, шығу жолдары көрсетілген арнайы ақпараттық парақшалар таратылды.
Аулалар жарықпен толық қамтылды
Среда, 26 Июль 2017 08:19Бүгінгі таңда Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үй аулалары толықтай жарықтандырылған. Бұл туралы тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің көріктендіру секторының бас маманы Шайхислам Кемелхан айтты.
– 2013-15 жылдар аралығында 334, 2016 жылы 686 аула жарықтандырылды. Қалаға жаңадан қосылған бірқатар елдімекендердегі екіқабатты үйлердің аулалары ғана қалды. Биыл сметалық құжаттарын әзірлеп, келесі жылы жарықтандыру жоспарда тұр, – дейді бас маман.
Ал көшелерге келсек, осы күнге дейін 139 көше жарықтандырылыпты.
– Биыл 23 көшені қосымша жарықтандырып жатырмыз. Қыркүйек айында аяқталуы тиіс. Төрт көшенің жарықтандыру жүйесін қайта жөндеуден өткізудеміз. Тағы да қосымша 43 көшенің жарықтандыру жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үстіндеміз. Ал құрылыс-монтаждау жұмыстарына келесі жылы қаржы бөлу жөнінде ұсыныс хат жолдаймыз, – дейді Шайхислам Кемелхан.
Осы орайда қаладағы орталық маңызға ие, жолаушылар ағыны көп көшелерді жарықтандыру жоспарланғанын да айта кету керек.
Қазағымның шұбаты мен қымызы-ай!..
Среда, 19 Июль 2017 05:10дертке – дауа, көңілге – жай
Қаланың іргесіндегі «Бозарық» шағынауданында жағымды жаңалық көп. Асфальт жол жөнделіп, күзде көгілдір отын тартылмақ. Ал ең бастысы мұнда тұрғындарға бие және түйе сүтінің дәмін татқызған екі бірдей жеке кәсіпкерлік ашылды. Ашылғанына енді екі ай болса да, түйе мен биенің саумал сүтіне сұраныстың көптігінен келушілер саны күн санап артуда.
Алдымен түйенің сүті мен зәрін қосып сататын ағалы-інілі Жүнісбековтер жайлы сөз етсек. Қазіргі таңда түйенің сүтіне ғана емес, зәріне де зәрулік зор екен. Мың бір дертке ем деседі. «Ежелде, медициналық залалсыздандырушы заттар пайда болмай тұрып, арабтар өз жараларын жас түйе (тайлақ) зәрімен тазалап залалсыздандыратын болған. Оған қосымша, денесінің әлсіреуін немесе ішектегі ауырсынуды сезгенде олар түйе зәрі мен сүтін ішіп дерттерінің жазылуын байқаған», – дейді осы шаруашылықтың басшысы Бекжан Жүнісбек.
Қаржы полициясынан зейнетке шығып, жеке кәсіпке мойын бұрған ағамыз – Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылының тумасы. Оның түйе шаруашылығына келуі кездейсоқтық емес. Өз денсаулығы қатты сыр беріп, бауыр циррозына шалдыққан. «2015 жылы Үндістанда, одан бірер уақыттан кейін Кореяда емделдім. Шетел емінің шипасы болмады демеймін, бірақ, елге келгеннен екі жылдан кейін ауруларым қайтадан қозып, жағдайым күрт нашарлады. Аурухана жағалап, тіпті, сол жақтан шықпайтын болдым. Ағзада холестерин көбейіп кеткендігі сараптамадан белгілі болды», – дейді кәсіпкер. Ақыры ешнәрсе ауруын емдеп жаза алмаған соң, сол Сарыағаштағы Еламан деген кісінің түйесінің сүтін зәрімен қосып 20 күндей ішеді. Бауырындағы 12 млн зиянды бактерияның саны 4 млн-ға бір-ақ түседі. Содан қаланың шетіндегі «Бозарық» елдімекенінен 2007 жылы алған осы жер теліміне «Шымкент тұрғындарының сауабын алайын» деп Шардарадан түйелер әкелген. Қазір мұнда 5 боталы інген бар. Осы айдың аяғында 2-3 түйе әкелу жоспарда тұр. «Біздің қорамыз 30 түйеге дейін ұстауға лайықталған. Қазіргі уақытта 15-20 адам жатып емделетін үстіңгі қабаты тұрғынүй, астыңғы қабаты стационар болатын ғимарат салудамыз», – дейді Б.Жүнісбек.
Қолда бардың қадірін білсек...
Жүнісбековтердің түйелерінің барлығы да сауынға байланған. Таңғы 5-те, түскі 2-де, кешкі 8-де сауылады.
– Аурудың түріне қарай әркім әр түрлі мөлшерде ішеді. Біреулер 40 күн ішеді. Енді бірі сырқатынан 20 күнде айығып кетеді. Жарты литр саумалы зәрімен бірге 500 теңгеден сатылады, – дейді атакәсіпті жанына серік еткен Бақтыбек Жүнісбеков.
Біз барған таң алакеуімде қора басына әжептәуір көп адам жиналып қалған екен. Жасы да, қарты да, күбірлесіп, бір-бірінің жағдайын сұрасып жатыр.
Мақтарал ауданынан келген орта жастағы Феруза Ахипованың түйе сүті мен зәрін қосып ішкеніне 40 күннен асқан. Көкірек безі қатерлі ісігінің қауіпті түріне шалдыққан ол ем іздеп Ташкентке, Алматыға да барып қайтыпты. Бірақ, ол жақтағылар «жүрегіңде ақау бар» деп ота жасамапты. Өмірден үмітін үзуге айналған келіншектің қазіргі халі көңіл қуантады.
– Алдыңғыдан тәуірмін. Ісіктің көлемі жұмыртқадай болып тұратын еді, қазір кішірейді. Басында 20 күндей 3 мезгіл іштім, қазір 2 мезгіл ішіп жүрмін. Өзімді әлдеқайда сау әрі жеңіл сезінемін, – дейді ол. Феруза секілді жер бауырлап келіп, бірер күннің ішінде еңсесін көтергендер бұл жерде баршылық. Солардың бірі 25 жастағы Қанат дейтін жігіт бауыр циррозына шалдығып, емін осы жерден тапқанына балаша қуанады.
Осыдан жеті жыл бұрын шымкенттік ғалым Мұсатілла Тоханов түйе сүтінен лактоферрин затын алу әдісін ойлап тапты. Сол кезде дәрігерлер оны қатерлі ісікке қарсы қосалқы ем ретінде пайдалануға болатынын айтқан еді. Одан кейін ғалым қазақтың ұлттық тағамдарының бірі – шұбатты құрғақ күйінде сақтаудың жаңа әдістері бойынша инновациялық патентке ие болды.
Маманның айтуынша, қазақ арасында ұлттық сусын ретінде ықылым заманнан үзбей пайдаланылып келе жатқан шұбаттың емдік қасиетін қазір әлем мойындап отыр. Шұбатты көптеген ауруларды, атап айтқанда рак, Альцгеймер дерті, сары ауру, өкпе ауруларына шалдыққандарды емдеуге пайдалануға болатындығы, қан айналу жүйесіндегі қан тамырларының жұмсақтығы мен беріктігін қамтамасыз ететіні, ағзада жүретін зат алмасу процестерін жақсартып, жалпы иммунитетті күшейтетіні анықталған.
Түйе сүтінің көкөніс пен жемістердің орын алмастырушы тағам екені ғылыми дәлелденген. Онда витамин және тұздардың мөлшері сиыр сүтімен салыстырғанда 3 есе, әйел сүтімен салыстырғанда – 1,5 есе жоғары.
Саумал мен қымызғасұраныс көп
«Бозарықтың» екінші тұсында бие сүтімен айналысатын шаруашылық Бақытжан Жантеліге тиесілі. Былтыр күзде «бала-шаға саумал ішсін» деп алған бір бие бұл отбасына құт боп дарыған.
– Саумалы мен қымызынан артылғанын саттық. Қарасақ, әжептәуір пайда бар екен. Сөйтіп биенің санын көбейте бастадық. Ораза кезінде 10 бие сауғанда күніне 70 литрдей сүт шықты. Қазір сұраныс азайып қалды, жеті бие сауылуда. Жіп көрмеген тоғыз асау биені бір үйірден алған едім. Өзім үйреттім. Соның төртеуі жуас, сүтті болып шықты. Тағы үш биені Тараздан әкеліп, оны да үйретіп алдым, – дейді жеке кәсіпкер.
Жантелілердің кәсібі – отбасылық. Әйелі Нәйлә жеті биені әр екі сағат сайын күніне жеті рет сауады. Әр сауғанда бие басынан бір литрдей сүт шығады. Саумалы сүтін сұрағандар таңертең келіп, сол жерден сіміріп алады. Ал қымызға қызығушылар арнайы тапсырыс береді. Нәйлә бие сауу мен үй тірлігінен қолы қалт ете қалғанда күбіні киікоттап ыстап, қымыз піседі.
Жеке кәсіпкер Бақытжан бұл кәсіпке бірден келмеген. Мемлекеттік басқару және инженер-механик мамандықтарын алған соң алғашқы қызметтік жолын Шымкент қалалық әкімдігінің Кәсіпкерлік бөлімінде бастайды. Онда қызмет еткен жеті жылда инструктор, жетекші маман, бас маманға дейін сатылап өседі. Жас отбасы ол уақытта пәтер жалдап тұратын. Еңбектен бақыт іздеген отағасы жеке кәсіппен айналысуға бел буады. Темір-терсек алып-сатады, саудамен де айналысады. Ақыры пайдасы көп әрі сауабы мол осы кәсіпке тұрақтайды.
– Алдағы уақытта жайылымы кеңірек ауылды жерден де осындай қора-жай салып, шаруашашылықты көбейту жоспарда тұр, – дейді Бақытжан Асқарбекұлы.
Мұнда да таңертең келушілердің қарасы көп. Саумалы қымызға құмартқандардың бір парасы денсаулығын қалыпқа келтіру үшін, енді бірі ауру-сырқаудың алдын алу мақсатында келген.
– Қымыздың құрамында жыныс гармондарына жақсы әсер ететін ферменттер бар. Бұл әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғайды. Қуаттандырады. Құрт ауруларының алдын алады, ауырған адамның қайта қалпына келуіне жақсы ықпал етеді. Саумал қымызды ем ретінде буын ауруларына ішсе тіпті пайдалы. Салданудың алдын алады. Жаңа босанған келіншектің сүтін молайтып, нәрлі етеді. Демек, емізулі балаға да пайдасы мол. Ашыған қымыз шөлді басып, қантамырды қордаланған зиянды қалдықтардан тазартады. Іш қатудың алдын алады. Ашығудан кейін қымыз ішу буын ауруларына өте пайдалы, – дейді Нәйлә Сейтбекова.
Ал ауыл ақсақалы Жұмахан Мұқымбеков жас болса да, бие сауып, қаншама адамды саумалы мен қымызбен қамтамасыз етіп отырған еңбекқор отбасының бұл тіршілігіне сүйіспеншілікпен һәм ризалық пейілмен қарайды. «Бұл – кез келген адамның қолынан келе бермейтін жұмыс. Өз үйінен осындай кәсіп ашып, дүйім жұрттың алғысына бөленіп жүргеніне Алла разы болсын!» – дейді Жұмахан ата.
Ғылыми әдебиетке көз жүгіртсек, қымыз 40 түрлі ауруға ем. Адам денесінің күш-қуатын арттырады, бүйрек пен бауырды қанықтырады, қан тамырларын тазалайды. Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру (гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара (гастрит) сияқты аурулардың алдын алады немесе жеңілдетеді. Қымыз адамның физикалық жағдайын жақсартады, тәбетін ашады, ас қорытуды жақсартады. Қымыз құрамында 28 түрлі микроэлементтер, көптеген дәрумендер бар.
«Тіпті аяғы ауыр келіншектер де биенің саумалы қымызын 10-15 күндей тоқтатпай ішсе, жүрек айнуын басып, жағдайы дұрысталады. «Жүкті әйелдерге саумал ішуге болмайды» деген бос сөз», – дейді Ш.Әбішұлы атындағы халықтық және аштықпен емдеу орталығының Бас дәрігері Шолпан Әбсаматова.
Тобықтай түйін
«Бозарықтағы» ұлттық сусынның қадірін арттыра түскен қос шаруашылықтың берекелі көрінісі расында көз сүйсінтеді. Бір уақытта ашылғанымен, екеуі шағынауданның екі бұрышында. Кәсіпкерлер жеке кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, қаншама адамның сауабын алуда. Қала іргесіндегі бір ғана «Бозарықтың» өзінде осындай бәсекелі орта қалыптасып жатса, тұтас ұлтымыздың толағай табыстарға жете берері даусыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, «болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады».
Барды бүлдірмей пайдалана білсек...
Пятница, 14 Июль 2017 05:47Қалдықты тастау мәдениетін қалай қалыптастырамыз?!
Қаланың қақ ортасындағы Ю.Гагарин көшесінің бойымен жүріп барамын. Тұрмыстық қалдықтарды тастайтын қоқыс жәшіктерінің айналасында қоқыс шашылып жатыр. «Бұл неге шашылып жатыр екен» деп контейнерлердің ішін бажайласам, қоқыс сыймайтындай дәнеңе де жоқ. Демек, тұрғындардың өздері салақтық танытып отыр. Екі аттам жердегі жәшікке тастаудың орнына, жүргінші жолдың бойына қалдыра салған. Адамдар тек өзіне ғана емес, қоршаған ортаға да зиянын тигізіп жүргенін сезінер ме екен осы?!
Қоқыс қалдықтары біздің қаламызда, қала берді елімізде күйіп тұрған мәселе. Шымкентте тұрмыстық қалдықтарды жинау бойынша жақын арада жаңа жоба іске қосылмақ. Яғни енді қоқыс сұрыпталады. Содан соң қайта өнделеді. Қағаз, пластик және аралас қалдықтар бөлек жиналады. Бұрын пилоттық жоба негізінде «Самал» шағынауданындағы 20 жеке үйге арнайы қоқыс жәшігі қойылған-ды. Нәтижесі жаман емес. Шаһардың басқа аудандарына да осы жобаны жылдам енгізу жоспарда бар.
Әл-Фараби ауданында 2015 жылы 177 қоқыс алаңшасы, 602 еуроконтейнер орнатылған. «Аудан бойынша контейнер мәселесі толық шешілген», – дейді инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің басшысы Бақыт Мелдебеков. Ал Әл-Фараби ауданы бойынша келісімшартқа отырған «Орион Новтех» қоқыс жинау компаниясының басшысы Нұралы Төребаевтың айтуынша, тұрғындардың не тастайтыны белгісіз, контейнерлер жиі өртенетін көрінеді. Өртенгеннен кейін қаңылтыр өзінің қасиетін жоғалтады. Көтеріп, қайтадан орнына қойған кезде майысады. Әйтпесе, Ресейден әкелінген, еуростандартқа сай делініп жүрген контейнерлер.
– Екінші үлкен мәселе, тұрғындар контейнерге өте ауыр құрылыс материалдарын тастайды. Төрт дөңгелекке есептелген салмақтан екі дөңгелегі шыдас бермей, морт сынады. Сөйтіп, оны қайтадан ауыстыруға тура келеді. Қазіргі таңда келісімшартқа сәйкес 70 пайызын қайта ауыстырдық, – дейді Нұралы Төребаев.
«Ал қоқыс үшін айлық төлемақыға келсек, көпқабатты үйге – 102 теңге, жеке секторға – 120 теңге. Әл-Фараби ауданы орталықта болғандықтан, тәуліктік, айлық пәтер жалдаушылар көп. Ескі шаһарда «сүрлеуге кетеді» деген сыбыстың шыққан күнінен бастап тұрғындар қоқысқа ақша төлеуді қойды. Төлемақыны бермегеніне қарамастан, қоқысын есігінің алдына шығарып қояды. Біздің тариф 2012 жылы бекітілген. Сол күйі тариф бағасын өсіре алмай келеміз. Бұл мәселе әкімдіктің күн тәртібіне қойылды. Егер тариф көтерілер болса, көпқабатты үйге – 167 теңге, жеке секторға – 200 теңге болмақ. Адам бір күнде бір қорап темекі шексе, шамамен 400 теңге қаржы жұмсайды. Ал бір айға үйінің алдындағы қоқысқа 200 теңге төлесе, несі айып?!».
Иә, қоқыс компаниясының уәжі де орынды. Қоқыс артатын жүк көлігінің жекелеген құралдарын сатып алуға да қаржы қажет. Жанармай бағасы тағы шарықтап тұр. Мысалы Алматыда қоқысқа адам басына 350 теңге төленеді. Астанада – 420 теңге. Шымкент үшінші мегаполиске айналғалы отырған тұста, тариф бағасының мәселесін тезірек шешкен абзал.
Еңбекші ауданында 2015 жылы – 98 қоқыс алаңшасы, 2016 жылы – қосымша 11-і салынған. «Ауданның ескі аумағында толықтай орнатылған. «Жұлдыз», «Базарқақпа», «Тоғыс» тұрғын алабтарына 2018-19 жылдары құрылыс жұмыстары толық біткен соң контейнер орнату жоспарда тұр», – дейді инфрақұрылым және көріктендіру бөлімінің бас маманы Арман Мұталиев.
Аудан әкімдігімен келісімшартқа отырған «Нұржан-2000» ЖШС 680 контейнерді мемлекеттік сатып алу бойынша ұтып алыпты. Бүгінгі күні Мәскеуден әкелінген контейнерлердің дөңгелектері сынып, қоқыс жәшіктері өртенуде. Байқасақ, бұл аудандағы контейнерлердің де жағдайы мәз емес.
Абай ауданында 2014-15 жылдары 112 еуроконтейнер орнатылды. ТҮКШ (Тұрғынүй және коммуналдық шаруашылық бөлімі) қарамағында – 220 контейнер. «Аудан бойынша жалпы саны 555 контейнер орнату қажеттігі туындауда», – дейді халықты жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы Бауыржан Қалмұратов. Бұл дегеніміз 2014-15 жылдары Ресейден, оның ішінде Мәскеуден әкелінген контейнерлер жарамдылық мерзімінен бұрын бұзылып, енді бірі өртеніп, майысып, сынып, қайта ауыстыруды қажет етіп отыр деген сөз.
Жағдай қалаға жаңадан қосылған Қаратау ауданында бірқалыпты көрінді. Ауданның қоқысына жауапты «Экоспецтранс» компаниясының директоры Жанар Нұрдынова «Нұрсәттегі» контейнерлердің 2014 жылы Сербиядан әкелінгенін айтады. «Содан бері бір жері майысқан жоқ. «Ескі Нұрсәтте» 22 қоқыс алаңшасы, 67 қоқыс жәшігі бар. Бұларды ТҮКШ 2014 жылы сатып алған. «Көк үйлерде» – 8 алаңша, «сары үйлерде» – 6 алаңша, жалпы саны 14 алаңшада 35 контейнер тұр. Қазіргі таңда әкіммен бірлесіп қоқыстарды сұрыптау жобасы дайындалуда. Егер осы жоба іске асса, халықты қоқысты бөлек жинауға үйретпекпіз», – дейді Жанар Мұратқызы.
Жанар Нұрдынованың айтуынша, ол контейнерлерге дейін «Нұрсәтте» Ресейден 25 млн теңгеге жерасты қоқыс контейнерлері орнатылған болатын. Талапқа сәйкес ол контейнерлер жергілікті тұрғындарға 10 жыл көлемінде қызмет көрсетуі тиіс еді. Әрқайсысының бағасы 500 мың тұратын қоқыс контейнерлері «Нұрсәт» шағынауданының 19 жеріне орнатылған еді. Полипропиленнен жасалған контейнерлердің бірі қоқысқа толы болса, енді бірі өртеніп, іске аспай қалған. Осылайша, бюджеттің қыруар қаражаты желге ұшқан. Сол бір тәжірибеден кейін «Нұрсәттегі» қоқыс алаңшалары жаңа кейіпке еніп, мүлде басқа еуроконтейнерлер орнатылды.
• Шетелде – швейцариялық дәлдікпен
Еуропада қоқыс қалай жиналады? Контейнерлері қандай?
Швецияда тұрмыстық қалдықтардың 7 % қоқыс тастайтын жерге жіберіледі. Ал қалғанының барлығы қайта өңделеді. Қоқысты дұрыс сұрыптау мен жергілікті биліктің ел экологиясына ерекше көзқарасы осындай жайлы жағдайға әкелген. Шведтер қоқысты сұрыптауды бірнеше онжылдықтың ішінде меңгеріп алыпты. Олардың үйлерінің айналасында қағаз, шыны, металл, пластик, тамақ қалдықтары мен қайта өңдеуге келмейтін қалдықтарға арналған жеке контейнерлер орнатылған. Тіпті, кішкентай баланың өзі қоқыс тастарда контейнерді шатастырып алмайтынына таңғаласыз. Біріншіден, қоқысты дұрыс емес сұрыптасаңыз, әжептәуір көлемде айыппұл төлейсіз, екіншіден, шведтер жастайынан қоқысты дұрыс тастауға үйретеді.
Швецарияда да солай. Әр қоқысты әр жәшікке салу ол жақта да заңдылық. Ескі жиһаз немесе құрылыс заттарын тікелей контейнерге тастауға қатаң тыйым салынған. Арнайы қабылдау бөлімдеріне апарып, өткізу міндеттелген.
Еуропада апартамент жалдаған көптеген туристер ол жақтың қағаз-пластик-шыны-тағы басқалар сияқты қоқысты сұрыптап тастау қағидаларына жақсы қанық. Ал егер де Еуропа елдерінде тұрақтап қалсаңыз, онда сізге қоқыс тастау мәдениеті швецариялық дәлдікпен нақты түсіндіріледі. Жаңа пәтерге кіргеннен сізге қоқыс тастау туралы кітапша беріледі. Онда 50-ге жуық категория қарастырылады.
Ал Германияда талап одан да қатаң. Әрбір немістің үйінде бірнеше арнайы қоқыс жәшіктері бар. Қоқыс компаниясының талаптарына қарай олардың саны 3 пен 8-дің аралығында. Жәшіктердің түсі де белгіленген.
Біздің қаламыздағы контейнерлердің басым көпшілігі Ресейден, оның ішінде Мәскеуден әкелінген. Онда қоқыс сұрыптау, оны өңдеу жағы жоғары талапқа сай емес. Ендеше бізге Ресейден гөрі қымбатқа түссе де, Еуропа елдерінің қоқыс жәшіктерін алдырту қажет.
• Тобықтай түйін
Біздер қоқыс тастауға баланы жұмсай саламыз. Баланың аты бала ғой, жәшікке 5-6 метр жетпей-ақ қолындағысын тез тастап, ойынға асығады. Ал Еуропада титімтей баладан бастап қай жәшікке нені тастау керек екенін жақсы біледі. Қадамын қалт басса, айыппұл төлеуі мүмкін. Бізге де осындай Заң керек. Адамдар қоқысты сұрыптап, тиісті орынға тастаса, қайта өңдеу мәселесі оң шешімін табар еді. Шикізат ретінде қаншама зат қайта өңделер еді. Ал контейнерлер жарамдылық мерзімі бітер-бітпес сынып, жарамай қалуда. Оған қоқыс тастайтын адамдар да, жергілікті әкімдіктегілер де жауапты. Бірнеше жылда бір-ақ рет алынатын болған соң, біраз уақытқа қызмет ететін контейнерлер алса, бюджетке салмақ түсе қоймас. Әйтпесе, «арзанның сорпасы татымайды».
Қысқасы, әр шымкенттік қоқыс тастау мәдениетін, оны сұрыптап тастау этикасын үйренсе, өзіне де, қоғамға да зор пайда келтірер еді...
Ертай Бекқұл: «Қаламы ұшқыр журналисті біліксіз редактордан биік қоямын»
Пятница, 30 Июнь 2017 10:43Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары қызметін атқарып зейнеткерлік жасқа жеткен кәнігі журналист, ҚР «Ақпарат саласының үздігі», «Мәдениет қайраткері» төсбелгілерінің иегері Ертай Бижігітұлына өзі 40 жылдан бері «нанын жеп» келе жатқан мамандығына байланысты үш сауал қойған едік.
– Ертай аға, қазіргі қазақ журналистикасына не жетіспейді?
– Мен секілді журналистикада самайы ағарған адамдарға өте қиындау сұрақ екен. Жетіспейтін нәрселер өте көп. Дәл қазір журналистика өз бағытынан жаңылғандай көрінеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздегі барлық салалар дағдарысты күйге түсті. Сол дағдарыстан шығудың жолын іздеп, әркім әртүрлі соқпақ іздеп, жанталасты. Ақпарат тарату саласында да сондай жағдай туындап, үлкен бәсекелестік қалыптасты. Бұрын радио жедел ақпарат таратушы күш еді, ал теледидар кейіннен шықты. Одан кейін баспасөз нөпірі қосылды. Қазір интернет-журналистиканың жұлдызы жанған шақ. Елбасының «Кітапты қолға алып оқығанға жетпейді» деген жақсы бір сөзі бар ғой. Сол сияқты газетті де қолмен ұстап оқығанға не жетсін?! Газетте редакцияға келген бір ғана хаттың өзі тілші, бөлім меңгерушісі, кезекші журналист, корректор, редактордың орынбасары, бас редактор іспетті он шақты адамның сүзгісінен өтеді. Нәтижесінде негізгі ойы сақталып, олпы-солпы жазбаның өзі жұп-жұмыр дүниеге айналып шыға келеді. Ал әлеуметтік желі деген бүгінде кез келген адамның қолжетімді меншігіне айналды. Оған кім болса, сол ойына келгенін жаза салады. Жақсы ниетпен жазылған, көкейге қонымды немесе санаңа сәуле түсіретін жазбаларды әрине құптаймыз. Бірақ кейбір қараниеттілер біреудің аяғынан шалу, дөкейдің тапсырысын орындау, бәле жабу мақсатында оңды-солды сілтей беретіні бар емес пе? Арасында бейәдеп сөздер де өріп жүреді. Оны ересектер, сіз бен біздер түсінгенімізбен, мектеп жасындағы оқушылар ұқпайды ғой. Олар мұны «дұрыс екен», «осылай жазсақ бола береді екен» деп ойлап қалуы әбден мүмкін. Бұл тұрғыда келтіретін мысал жетіп артылады. Мәселен, атышулы Баян Есентаеваның күйеуімен «күресін» әлеуметтік желіде жарыса жазып жатты. Сондағы мәтіндерді оқуға адам ұялады. Ішінде «сайқал» деген сөз де жүр. Болмаса «күйеуінен ажырасты», «төбелесіп қалды» деген нәрселер жас буынға кері әсер етпей ме?! Қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенованың Димаш Құдайберген мен Қайрат Нұртасқа қатысты салыстыруын интернет сайттары іліп әкетіп, сенсация жасағысы келді. Алып қашпа сөздердің шектен шыққаны сондай, ел алақанында ұстап жүрген апамызды «алжыған қақпас» деп жазды. Осының бәріне кім кінәлі?! Интернет журналистерінің түймедейді түйедей етіп көрсеткісі келетіні кінәлі. Өздерінше уақытша жалған абырой жинайды. Бұл – үлкен идеологиялық қатер. Тіл тазалығы сақталмайды. Біз әлеуметтік желі арқылы өз тілімізді өзіміз кескілеп жатырмыз. Басқасы мейлі, қаламға иек артқан кейбір жастардың өзі сөздің қадірі мен ойдың тұнығын тұшына алмайтынына күйінесің. Мұның бәрі қазіргі біздің сала кадрларының көпшілігінің шала сауаттылығынан орын алуда. Оқуды жеңіл-желпі бітіре салады. Газетке келген соң да он жылға дейін «жас журналист» болып жүретіндер де бар. Сонда ол қашан өз кәсібіне біліктілік танытпақ? Қазір бас редактордың немесе одан төменгілердің тапсырмасын ғана орындап, робот сияқты жұмыс істейтіндер көбейген. Ал журналист өзі ізденімпаз, түнде ұйқысынан ұшып тұрып жаза беретін, өзіндік идеясы, ойы, «осы тақырыпты қозғаймын» деген ұсынысы болуы керек. Дәл қазіргі жағдайда ондай жастарды көре алмай келеміз. Олар өзін шығармашылық ұжымда емес, «бүгін – 1000, ертең – 2000 кірпіш қалайсың» дейтін жоспармен жұмыс істейтін құрылыста жүргендей сезінеді.
Өз басым қаламы ұшқыр журналисті біліксіз бас редактордан жоғары қоямын. Себебі ол – өз мамандығына берілген, ізденімпаз адам. Ол сонысымен қоғамға пайдалы. Ал таңертең жұмысқа келіп, кешкі 6.00-ге дейін уақытты құр өткізетін журналист-сымақтан пайда жоқ. Қысқасы, жас журналистерге ізденіс жетіспейді.
Сосын қазір журналистер жанр бойынша ізденбейді. Мақала мен очерк, болмаса суреттеме, фельетон қалай жазылатынын бізге талдап оқытқан. Қазір қалай көрді немесе диктофонға қалай сөйледі, сол қалпында қағазға түсіре салады. Кейіпкердің ойын жүйелеу, сөзін өңдеу дегенді білмейді. Мақаланың дені біріне-бірі ұқсас есеп. Оқырманды газетке қызықтыру үшін бізге жаңа жүйе, тың тақырыптар керек.
Бүгінгі буын ренжімесін, бірақ әділін айтсам, қазіргі газеттерді 1970-90-жылдардағы газеттермен салыстырсаңыз, оқылымдық деңгейі әлдеқайда төмен. Газетте оқитын дүние тапшы. Сала-құлаш, цифры самсаған көлдей мақаланы ешкім оқымайды. Қазіргі баспасөзге мораль тақырыбындағы мақалалар жетіспейді. Бұл өлмейтін, мәңгілік тақырып. «Қазір бізде мораль қалды ма?» деп те кейде ойланып қаламын.
Қазір газеттерді ашып қарасаң, күнделікті сөзуар жиналыстардың есебінен көз сүрінеді. Оны көкжәшік жаңалықтарынан онсыз да көрсетеді. Сондықтан баспасөзде маңызы бар мазмұнды материалдарды көбейту қажет.
– Аға, журналистикаға адалдық пен тазалық туралы сөз қозғап қалдыңыз, ал бүгінгі журналистикадағы жолбикелер жайлы не айтар едіңіз?
– Қазір мемлекеттік және тәуелсіз БАҚ деп бөлуден қалдық. Мемлекетке екеуі де бірдей, өйткені тең дәрежеде мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істей алады. Ал жолбике деген сол тәуелсіз газеттерді басқарып отырған кейбір директорлар мен бас редакторларға және соның қарамағындағыларға қатысты айтылуы керек шығар. Әсіресе, біздің Шымкентте ондай газеттер жетіп артылады. Газет ашып алу оп-оңай болып қалды. Астанаға бармай, үйде отырып-ақ интернет арқылы қажеті құжатын рәсімдеп, газет ашуға болады. Жолбике деп отырғанымыз – жеке мақсатқа пайдалану үшін, оны күнкөріс көзіне айналдыру үшін түрлі жолдармен БАҚ ашқандар. Газетке жазылуға байланысты 5 ауданды араладым. Барлық жерде аудан әкімдерінен: «Қазір не көп, газет көп. Оның ішінде «анандай газеттер» бізге адым аштырмайды, жұмыс істетпейді», – деген шағымын естідім. Аудандағы титімтей кемшілікті шырт етіп суретке түсіріп «Ауданда осындай кемшілік орын алуда, әкім қайда қарап отыр?!» деп айқайлатып тақырып қойып, газетке басады. Сөйтіп, оны аудан әкімінің қабылдау бөлмесіне тастап кетеді. Жолбикелердің осылайша шенеуніктер мен кәсіпкерлерді бопсалау арқылы журналистиканы абырой-беделден жұрдай еткеніне жаның ауырады. Олардың ең қауіпті тұсы, өздерін жолбикеміз деп ойламайды. Журналистерден өздерін жоғары қойғысы келеді. Атақ, марапатты солар иемденеді. Жоғарғы жақтың жиналыстарынан, әкім-қаралардың қасынан да солардың төбесін көресіз.
Бұл құбылысты тоқтату оңай нәрсе емес. Негізі мұнымен тиісті орындардың айналысуы керек қой. Осы уақытқа дейін Шымкенттегі жезөкшелер ордасын жаба алмай отырған заң орындары оларға да тыйым сала алмайды. Шынымды айтсам, қазір менің іссапармен ешқайда барғым келмейтін болды. Өйткені, бізді бұрынғыдай құрметпен емес, бейне бір әзірейіл не тілемсек келе жатқандай қабылдайды, «бірнәрсе сұрап келді» деген көзқараспен қарайды және тезірек құтылғанша асығады. «Журналиспін» десең, сені де барған жерде солай қабылдайтындай қысыласың. Бұл дегеніміз – жолда қосылған «жазғыштардың» журналистиканың қадір-қасиетін төмендетуі, тіпті қасиетті қаламның киесін кетіруі деп түсінемін.
Мысалы, бейнелеп айтар болсақ, журналистиканы – үлкен бір бақша делік. Біз, журналистер – бақшаның ішіндегі бағбанбыз. Қазір бұл бақшаның ішінде арам шөптер қаптап кетті, түрліше сайрайтын құстар пайда болды. «Әр заманның құрқылтайы да, сұрқылтайы да болады» демекші, бәлкім, сондайлардың күні туды ма? Бал болған жерде у да болады. Балдың тәттілігін у ішпесең, білмейсің. Бүгінгі журналистиканың балдан гөрі уы басымдау болып тұрған тәрізді...
– Журналистің өмірі тосын оқиғаларға толы болады ғой, аға. Осы саладағы қызықты естелігіңізбен бөліссеңіз.
– КазГУ-дың журналистика факультетінің үшінші курсында оқып жүрген кезде бізді түрлі редакциялардағы тәжірибелі журналистерге бөлді. Мен «Мәдениет және тұрмыс» журналында жұмыс істейтін белгілі очеркші, майдангер жазушы Жекен Жұмахановқа тап болдым. «Сен қара мақаламен көгермейсің, очерк жаз. Өзім бағыт беремін», – деді Жекең. Содан очерк жазу үшін кейіпкер іздей бастадым. Студенттерге іссапарға жолдама берілмейді. Оның үстіне ауылға барып қайту үшін қаржы керек. Мектепте интернатта бірге оқыған Жұмабай Әбілов деген сыныптасымның Өскенбай деген шопан ағасы бар еді. «Еңбек Қызыл ту» ордендерін алған. Ол маған ағасы жайлы біраз мәліметті айтып берді. Ол кезде кемі 300 жолдан тұратын очерк жазу керек. Ол дегеніміз – алты парақ. Мен түнімен очерктің сюжетін ойша құрастырып шықтым. Сюжет желісі бойынша Өскенбай Әбілов ауданға шопандар тойына баратын болады. Кетерде көрші отардағы Мәнтай атты шопанға: «Екі отар қосылып кетпесін, арасын бір шақырым алшақ ұста» деп тапсырып кетеді. Кешке келсе, екі отар бір-біріне қосылып кеткен. Азан-қазан, у-шу. Сөйтсе, әлгі Мәнтайымыз арақ ішіп, ұйықтап қалған да, отарлар жайына қалған. Сол кезде аттың үстіндегі Өскенбай Мәнтайды сабайды.
– Қоғамның мүлкін көздің қарашығындай сақтаудың орнына сен қалай салғырт қарағансың?!– деп сыбайды-ай келіп. Ол кезде Коммунистік партияның ұстанымы сондай еді ғой. Сөйтіп, Өскенбай шопанды қоғамға жанашыр адам ретінде штрих арқылы көрсеттім.
Содан ол очерк «Лениншіл жас» газетінің бірінші бетіне «Өскен өңір» деген тақырыппен шықты. Очерк дегенді кейбір кәнігі журналистердің өзі жаза алмайтын. «Үшінші курстың студенті осындай кең көлемді, терең очерк жазды» деп жұлдыз болып шыға келдім. Сөйтіп, демалыста ауылға келдім. Жолда Жұмабайдың ауылы, Мәнтай да сол жерде. Ары қарай біздің ауылға бір автобуспен барамыз. Пойыздан түсіп, автобусқа мінсем, адам толы. Қарсы алдымда очеркте «сабалған Мәнтайдың» өзі тұр. Әдеттегідей аузынан арақ мүңкиді. Мені көрді де, әзірейіл көргендей бас салды.
– Сен қашан көрдің менің арақ ішкенімді?! Оны неге газетке жазасың сен?! – деп менің жағама жармасып, көпшіліктің алдында «масқарамды» шығарды. Бұл оқиға – маған өмірлік сабақ болды. Әлде бір дүние жазғанда кейіпкерлердің ар-намысына тимей, сақ болуды Мәнтай көкемнің сол жазасынан кейін үйрендім. Сондықтан жас журналистерге айтарым, кейіпкерді бейнелегенде, оқиғаны суреттегенде сақ болу керек.
Журналисті біліктілікке алған білімімен қатар өмірдің өзі де осылай тәрбиелейді.
Алғыс арқалаған халық қалаулысы
Среда, 28 Июнь 2017 12:19ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттары мен зиялы қауым өкілдеріне депутаттық өкілетті мерзімі аяқталуына орай есеп берді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев пен барлық аудан-қалалардағы мәслихат хатшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Биыл 70 жасқа толғалы отырған қоғам қайраткері ғұмыр жолында облысымыздағы экономиканың түрлі салаларында басшы лауазымдарда еңбек етті. Арыс қаласының, Созақ, Сайрам, Отырар аудандарының әкімі қызметін абыроймен атқарды.
– ҚР Парламентінің Сенатының екі шақырылымына депутат болып сайланды. Өңірде жинақтаған мол тәжірибесінің арқасында ел заңдарының жобаларына құнды ұсыныстар енгізе білді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы таңынан бастап, қазақ елінің қалыптасуына бағытталған саяси реформаларды жүргізуге, еліміздің құқықтық негізін қалауға және мемлекетті нығайтуға Қуаныш Айтаханұлының сіңірген еңбегі зор», – деді жиынды жүргізіп отырған Қайрат Рахымұлы.
Өз кезегінде сөз алған Қуаныш Айтаханұлы жиналғандарға алғысын білдіріп, 12 жылдық депутаттық мансабында атқарған жұмыстарын баяндап берді. Халық қалаулысы осы жылдар аралығында аудан, қала активімен 350 рет кездесу өткізіп, 705 рет еңбек ұжымдарын аралап, жиын өткізіпті. Соның нәтижесінде Қуаныш Айтаханұлы 190 депутаттық сауал жолдап, 201 мақала жазыпты.
– Жоғары оқу орнын бітіріп, қызметке араласқаныма 52 жыл болыпты. Соның 45 жылы комсомол, Кеңес, партия, әкімдік қызметтеріне арналса, соңғы 12 жылда ҚР Парламенті Сенатының екі шақырылымда депутаттыққа сайландым. 17 жыл көлемінде аудандық, қалалық, облыстық кеңестің депутаты, 4 жыл ҚР Жоғары Кеңесінің депутаты атандым. Жалпы алғанда аудандық, қалалық, облыстық, республикадағы заң шығарушы өкілеттілігінде 33 жыл депутат болып еңбек етіппін. Осы қызметтерде маған сенім артқан елге, Елбасына, облыс басшылығына алғыс айтамын, – деді Қуаныш Айтаханов.
Қ. Айтаханов жиын соңында қатысушыларға «Елге қызмет – басты міндет» атты кітабын сыйлады.