«ТЕМІР ТҰЛПАР» – ТҮРКІСТАНҒА!
Среда, 27 Сентябрь 2017 05:47«Алпамыс десек – Жиделі-Байсынды, Қызжібек десек – Ақжайықты, Қозы Көрпеш пен Баян десек – Аякөз маңын, Қобыланды дегенде Қараспан тауы мен Жем бойын көзге елестеткендей, «Қамбар батыр» жырын оқығанда, менің де көз алдыма Қаратау аңғарындағы киелі Үсіктас келе береді».
Жазушы, ұлағатты сөз зергері, «құмға ғашық қария» Әдіһам Шілтерханов өзінің екінші томдығында көркемдік деңгейі мейлінше жоғары «Қамбар батыр» жырына қатысты ғасырлар бойы келе жатқан жұмбақтың түйінін осылай шешіп еді.
«Жақсылар, дастан айтайын» І-облыстық жыршылар байқауының биылғы тақырыбы – «Қамбар батыр» жыры болды. Жас жыршылар жарысының ашылу салтанатында Әдіһам ақсақал сөз сөйлеп, ақ батасын берді. Ұрпақтан ұрпаққа кететін ұлағатты сөз айтып, әдебиет тарихында «Қамбар батыр» жырының 20 нұсқасы бар екендігін жеткізді.
Сонымен үш кезеңге созылған дүбірлі додаға аудан, қаладан келген барлығы 48 қатысушы қатысса, қазылар алқасының қатаң іріктеуінен 12 оқушы үшінші ақтық кезеңге жолдама алды. Бірінші кезеңде үміткерлер жеребе бойынша жұптасып, жырдың қазылар алқасы нұсқаған белгілі бір оқиғасын баяндады. Бірі екіншісінің тоқтаған жерінен жыр жолдарын іліп әкетіп, жиналған көрерменді таңдай қақтырды. Байқаудың екінші бөлігінде үміткерлер арнайы билеттердегі әдебиет теориясына қатысты сұрақтарға жауап берді. Үшінші кезеңінде әділқазы алқасы мүшелері жырдағы көнерген сөздердің мағынасына байланысты сұрақтар қойды. Қатысушылар тек екінші кезеңде, әдебиет теориясына қатысты сауалдарға келгенде сәл мүдірді. Бұл болашақта мұғалімдерге үлкен сабақ болуы тиіс!
Ұлы бастамалар, ұлағатты істер, тың, тосын тыныстар біздің Оңтүстіктен басталады. Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков байқаудың қорытынды сәтінде сөйлеген сөзінде «бұл доданың маңызы терең, мазмұны ерекше» екендігін атап өтті.
Жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт болса, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газеті мұрындық болған байқаудың бүкіл әлемге белгілі болуына сенім артты.
– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген бағдарламасына байланысты бүкіл байтағымызда үлкен тірліктер қолға алынуда. Небір жобалар жасалып, жүзеге асып жатыр. Біздің өңірімізде де насихаттау, ұғындыру, сезіндіру жұмыстары жақсы жүргізілуде. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газеті батырлар жырына, әдебиетке, кітап оқуға үлкен бетбұрыс жасады. Бұл газеттің мұрындық болуымен 50-60 жылдан бері қазақ күресінен де жыл сайын жарыс өткізіледі. Бұл еліміздің шеңберінен шығып әлемге әйгілі болған спорт жарысы. Батырлар жыры жарысы да солай белгілі болады деп қабылдайық, күтейік! – деді М. Байғұт.
Несін айтасыз, «Жақсылар, дастан айтайын» жас жыршылар бәйгесі жоғарғы деңгейде өткізілді. Оның жоғары дәрежеде өтуіне Оңтүстіктің аға газетінің бас редакторы Абай Балажаннан бастап бүкіл ұжым белсене атсалысты десек, еш қателеспейміз. Қатысушылардың ешбірі де сыйлықтан құр алақан қайтқан жоқ. Жүлделі үш орын және бас жүлдеден бөлек, үміткерлерге ынталантыру сыйлықтары (20 мың теңге) мен «Алғыс хаттары» табысталды. 3-орын алған оқушыға да, мұғалімге де – кілем, 2-орын алған оқушыға – 75 мың теңге, мұғаліміне – ноутбук, 1-орын алған Олжас Бакиров (Отырар ауданы, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектеп оқушысы) – 100 мың теңге, мұғалімі Айнұр Әлішерге үлкен экранды теледидар берілді. Ал бас жүлдеге Түркістан қаласы, №19 жалпы орта мектептің оқушысы Гүлжайна Елмұратованың жетекшісі Майра Назарбековаға «темір тұлпар» табыс етілді. Ал бәйгеде топ жарған Гүлжайна 200 мың теңге ақшалай сыйлықты иеленді.
Осындай игі шараның біздің облысымызда бастау алғаны, оны «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы мен ұжымы ұйымдастырғаны көңілге қуанышпен қатар мақтаныш сезімін де ұялатады. «Біз бұл шараны тоқтатпаймыз! Тағы да өткіземіз!» – деді рухани жаңғырудың бірегей үлгісін нақты іспен көрсеткен Абай Бекназарұлы. Иә, келер жылы жас жыршылардың осынау додасы республика көлеміне, одан кейінгі жылдары халықаралық деңгейге шығатынына біз кәміл сенеміз.
Мұрат БАЗАРҚҰЛОВ: «ЖАҢАРҒАН КӨШЕ АТАУЛАРЫ елдігімізді нығайтады»
Среда, 20 Сентябрь 2017 05:53Редакциямызға ономастика мәселесіне байланысты қалаға жаңадан қосылған елдімекендерден тұрғындар жиі хабарласып жатады. Олар көше атауларының қойылмауы немесе қайталануы, т.б. мәселелерге қынжылыс білдіреді. Осы орайда Шымкент қаласы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Базарқұловтан елдімекендердегі ономастика мәселесінің егжей-тегжейін сұрап білген едік.
– Мұрат Серікбайұлы, қалаға қосылған елдімекендердегі атауы жоқ көшелердің мәселесі қалай шешілуде?
– Атауы болуы үшін ол көшеге тұрғын үйлер толық түсуі керек. Егер жер учаскелері тұрғын үй есебінде берілген болса, толықтай үйлер түсуі тиіс. Одан кейін жергілікті аудан әкімдігінің өкілдері сол көшенің тұрғындарымен жиналыс өткізеді. Оған қалалық мәслихаттың депутаты қатысады. Сол жиналыста 60 пайыздан астамы қай ұсынысты қолдаса, сол ұсыныс хаттамасы түзіліп, енгізіледі. Осы орайда тұрғындардың ортақ пікірі ескеріледі. Олай болмаған жағдайда тұрғындар тарапынан наразылық туындауы мүмкін. Қала бойынша төрт ауданды үйлестіру біздің бөлімнің міндеті. Ұсыныс енгізілгеннен кейін депутаттардың қатысуымен көпшілік тыңдау өткізіледі. Оның қорытындысымен тағы да хаттама түзіледі. Қорытындысы бір ай бұрын жергілікті газет беттеріне, интернет-ресурстарына жарияланып, тиісті құжаттар республикалық ономастикалық комиссияның қарауына енгізіледі. Комиссия өзінің қорытындысын шығарады. Одан кейін облыс әкімдігі мен қалалық мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданады. Шешім қабылданып біткеннен кейін Әділет органында тіркеліп, газет бетіне шығады да, заңды күшіне енеді.
Яғни ҚР Үкіметінің «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елдімекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидасы» туралы 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысына сәйкес көшеге атау беру жұмысы төрт сатыдан тұрады. Олар –жергілікті аудан әкімдігі, қалалық мәслихат, республикалық комиссия, Әділет органы. Осы төрт инстанциядан өтеді.
– Ал егер көшеге тұрғын үйлер толық түсіп қойған болса, әлі де атауы берілмеген көшелердің болашағы қандай болмақ?
– Сәулет және қала құрылысы бөлімі елдімекендердің егжей-тегжейлі жоспарын дайындайды. Атауы жоқ көше тұрғындарының өкпесі де орынды. Такси, жедел жәрдем шақырту керек. Келім-кетім адамдары тағы бар. Тұрғындарға күнделікті қиындық туғызғаннан кейін олар «жергілікті әкімдік жұмыс істемейді» деп ренжиді. Дегенмен біз тұрғындармен тұрақты түрде жиналыс өткізіп тұрамыз. Сонда жергілікті аудан әкімдігіне «осы көшеге уақытша реттік нөмір беруіңізді сұраймын» деп өтініш жазу керек. Сәулет және қала құрылысы бөлімі уақытша реттік нөмір бере алады. Ол үшін сол көшенің 4-5 тұрғыны қол қойса да жеткілікті. Сол сияқты көпшілік тыңдау өткізілетін болса, біз міндетті түрде жергілікті газетке хабарлама береміз.
Қарағанды қаласына іссапар кезінде ары қарай Қарқаралы ауданына, Қазыбек бидің 300 жылдығына арналған мерейтойға делегацияның құрамында барып келдім. Онда Шахтинское, Полярное, т.б. көше атауларының бәрі орысша жазылған. Сол іспетті Шымкентте де ондай атаулар әлі де кездеседі. Бірақ біз басым бөлігін қазақыландырдық деп сеніммен айта аламын. Мысалы, «Чапаевка» – «Оңтүстік» шағынауданы, «Қайтпас-2» – «Ақжайық» болып өзгергелі біршама уақыт болды. Мұның бәрі қалалық әкімдіктің сайтындағы мекенжай анықтамалығына да енгізілген. Тек тұрғындардың құлағы бұрынғы жаттанды атауларға үйреніп қалған.
– Сонда бір көшеге атау беру қанша уақытқа созылуы мүмкін?
– Бұлай «қиындап» кетуінің себебі – ашықтықты қамтамасыз ету. Бұған дейін қалалық әкімдіктің жанында қалалық ономастика комиссиясы болған. Ономастикаға қатысты мәселенің барлығы бір қаланың төңірегінде, яғни өзімізде шешілетін. Бірақ сол кезеңде «жергілікті жерлерде кісі есімдерінің атаулары көбейді» деген уәж, шағым көбейіп кетті. Осындай олқылықты болдырмас үшін әрі ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында бұл процесс осылай күрделенді. Төрт бірдей инстанцияның қай-қайсысы да шешіммен келіспеуі мүмкін. Мысалы, біз республикалық ономастикалық комиссияның алдына барып, «мына көшеге пәленшенің атын бересіздер ме?» деп өтініш жасамаймыз. Оларға біздің пікіріміз қажет емес. Өйткені кісі есімдеріне қатысты дау-дамай көп. Қазір көшеге атау қою мәселесіне келгенде пәленшенің бабасының немесе түгеншенің атасының есімі берілмес үшін осындай қадамдарға барып отырмыз.
Көше тұрғындарына жиналыс өткізілетін болса, 15 күн бұрын хабарланады. Егер тұрғын белгілі бір себептермен жиналысқа қатыса алмаса, онда аудан әкімдігінің өкілдері әр үйге кіріп, ұсыныс хаттамасымен таныстырсын, қол қойдырсын деген талап қойылған. Бұл бағыттағы жұмыс тәжірибесінде «біздің пікірімізді ескермеген» деген сияқты үш-төрт тұрғын арыз жазған жағдайлар кездескен. Ал үш-төрт адамның арызы да ұжымдық арыз болып саналады. Оны біз міндетті түрде қарауға тиістіміз.
Заң талаптарында көрсетілгендей, бір ұсынысты енгізу үшін кемінде 10 ай уақыт кетеді. Республикалық ономастика комиссиясының жиналысы бір тоқсанда (үш ай сайын) бір рет, жылына төрт-ақ рет өтеді. Ал сіз оған үлгеріп немесе үлгермей қалуыңыз да мүмкін.
– Биыл республикалық ономастикалық комиссияға қанша көшенің атауына ұсыныс бердіңіздер?
– Үкіметтің қаулысына сәйкес «қандай кісі есімдерін беру керек» деген талабы бар. Соған сәйкес қаулының күші уақытша тоқтатылып, мораторий жариялаған. 2014 жылы аталған Қаулы қабылданған кезде Шымкент қаласы бойынша 170 ұсыныс енгізгенбіз. Жыл бойына республикалық ономастика комиссиясының қараған ұсынысы 455 болса, оның ішінде 170-і Шымкенттен беріліпті. Негізі басында 196 еді. Соның 170-і өтіп, оң қолдауын тапқан. 2015 жылы бұл қаулы тоқтатылды да, Жеңістің 70 жылдығының қарсаңында ҰОС ардагерлерінің есімін беруге рұқсат берілді. 2013 жылы қаланың Бас жоспары өзгерді де, қалаға Сайрам, Төлеби, Ордабасы ауданынан елдімекендер қосылды. Сол кезде бір атау 33 рет қайталанатын жағдай кездесті. Мәселен орталықтағы Б.Момышұлы көшесі Қайтпас-1 елдімекенінде бар. А.Құнанбаев, Ш. Уәлиханов, А.Байтұрсынов, Хамза сияқты көше атаулары барынша көбейіп кетті. Қаланың Бас жоспары өзгермей жатып қаладағы көшелердің жалпы саны 1300-ге жетпейтін. Жаңа елдімекендер қосылғаннан кейін 2560 болды, яғни екі есеге көбейді. Содан соң автоматты түрде көптеген көше атаулары қайталанды. Жергілікті ауылдық типтегі елдімекеннің көшелерінде ақсақалдардың өзара кеңесуімен көшеге заңсыз ат қойыла берген. Біз соның бәрін зерделедік. Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде жаңадан қосылған елдімекендердегі көше атауларының барлығы дерлік заңды деп айта алмаймыз. Негізі көшеге шартты атау беру – заңсыз. Сол кезде атауы жоқ көшелердің саны 500-ге жуықтады. Атауы қайталанатын көшелердің саны 170-ке өсті. Бірінші орындағы маңызды мәселе – атауы жоқ көшелерге атау беру, екіншісі атауы қайталанатын көшелер. «Әкімшілік-аумақтық бірлік» туралы Заңда да, Үкіметтің қаулысында да көрсетілген. Мысалы, Шымкент қаласы – бір әкімшілік-аумақтық бірлік. Онда көше атауы бір реттен артық қайталанбауы тиіс. Қайталанған жағдайда сот, пошта, коммуналдық қызмет саласында түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Олар бізге қайта-қайта ұсыныспен шығады. Мәселен, сот отырысы аудандық, облыстық, республикалық сотта қаралып, қорытындысын тиісті мекенжайға жолдауы тиіс. Сол кезде қайталанатын көше атауларынан азаматтар зардап шегеді. Момышұлы көшесі, 21 үй орталықта да, Қайтпаста да бар. Ертеңгі күні құжат тиісті мерзімде жетпесе, сәйкесінше заң талаптарын бұзған болып есептеледі. Жедел жәрдем қызметі де дәл солай шатасуы мүмкін. Алда әлде де атқаратын жұмыстарымыз көп.
– Қаланың орталығындағы «Тауке хан» немесе «Іляева» деген көше атаулары тайға таңба басқандай қате жазылып тұр. Орталықта тіпті Циолковский деген сияқты орысша атауларды да кездестіресіз. Қала көшелері қашан толық қазақыланбақ?
– Көше атауын жазған немесе өзгерткен кездегі тақтайшалар қою немесе жаңарту сияқты шығындар толықтай мемлекеттің есебінен төленеді. Біз көше атауына қатысты өзгерістің барлығын тиісті мекемелерге жолдаймыз. Әр тұрғын көшесінің атауын өзі жаздыртуы керек. Заң тұрғысында тұрғынға ешқандай шектеу жоқ, себебі өз қаржысына істетеді. Біркелкі стилистиканың қалыптаспайтыны содан. Ал бірақ көшеге атау берілген кезде аудан әкімдігі дұрыс нұсқасын барлық тұрғынға ұсынады. Егер дұрыс жазылмаса, тағы да жиналыс өткізіп түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
Қала көшелерін толықтай қазақыландыру бағытында республикалық ономастикалық комиссияға мынадай көше атауларын ұсындық: Мерген, Жетіотау, Тәңірқұт, Аруана, Айбалта, Құнарлы, Мұзбел, Көркемай, Құттыбілік, Айдаркөл, Жезқанат, Сұлукөл, Торғауыт, Қоңыраулы, Сарбаз, Жаңадария, т.с.с. Бұл – комиссия оң қорытынды берген көшелердің бірсыпырасы ғана.
– Әңгімеңізге рахмет!
Зейін сал, Зейнеп апаға...
Пятница, 15 Сентябрь 2017 09:10Шымкентке қазақ халқының қаһарман ұлы, даңқты қолбасшы Б.Момышұлының келіні, этнограф, жазушы Зейнеп Ахметова келді. Сәрсенбінің сәтті күнінде түске дейін Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында, түстен кейін облыстық Жастар ресурстық орталығында Оңтүстік жұртшылығының қабырғалы қаламгермен «Ел боламын десең...» атты жүздесу кеші өтті.
Қос кездесуде де қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі салт-дәстүр, әдет-ғұрпына қатысты құнды әңгіме айтылды. «Кімге кім келін болмай жатыр?!» деп бастады әңгімесін Зейнеп Ахметова.
Апамыз өзін Момышұлының келіні деп таныстырғанымен, шынтуайтында қара сөздің қайнарынан қанып ішкен мықты жазушы. Қазақтың салт-дәстүрін жоқтап жүрген белгілі жазушы. Ендеше, сөз тізгінін Зейнеп апамыздың өзіне берсек.
«Үлкеннің алдында үндемегеннен ұтылған жерім жоқ»
Мені қанша мақтаса да, оған үйренген адаммын. Өйткені, оның бәрі атаға арналған. Егер мен атаның келіні болмасам, соншалықты мақтау естімес пе едім?! Менікі «күріштің арқасында күрмек су ішіпті» дегеннің кері. Әйтпесе менен де басқа небір атақты адамдардың келіні бар. Соларды кім біліп жатыр? Бүкіл Алты алашқа ортақ азамат болғандықтан, Қазақстанның қай түкпіріне барсаң да, «біздің Баукең!» деп атаны ардақтаған исі қазақтың жүрегінен, көңілінен таралып жатқан мейірім, шапағаттың ұшқындары да маған тиген. Әйтпесе кімге кім келін болмай жатыр? Бірақ елдің бәрінің келінін бүкіл халық біле бермейді. Осы орайда бір әңгіме есіме түсіп отыр. Бір үлкен кісі орысшалау, тікбақайлау келініне «Шуақты күндерді» апарып беріпті де: – Мә, мынаны оқы! Баукеңнің келініндей келін бол! – депті. Сөйтсе, жаңағы келіні: – Баукеңнің келініндей келін болу үшін, Баукеңдей қайыната керек! – деп айтатын көрінеді. Ата секілді қалыпқа сыймайтын, ноқтаға басы түспеген адамның қолына су құйып, шай қайнатып беру де оңай емес. Ата екі жағы бірдей қайралған қанжар секілді, былай тайсаң, кесіп түседі, былай тайсаң, осып түседі. Бел ортадан тең жүріп, таразының басына салуға ол кезде менің өмірлік тәжірибем, көрген-білгенім онша жете бермейтін. Өйткені, екі мүшелге де толмаған кезім еді. Ең жақсы әдісім, әйтеуір, үндемей құтылатынмын. Кейде өтің жарылып кете жаздайтын кездер де болады. Бірақ үндемей қоясың. Сондықтан да көндіккен шығармын. Әсілі мен үлкеннің алдында үндемегеннен ұтылған жерім жоқ. Жастардың құлағына алтын сырға. Мен құймақұлақ болдым. Әрбір сөзін қағып алатынмын. Асүйге кіре салып, атаның айтқандарын ұмытып қалмайын деп, дәптерді суыра сап, жазып-жазып тартпаға қайта салып қоямын. Сол дәптерлердің сырты қазір май-май. «Ұрпағына керек, немерелеріне керек!» деп түрте бердім. Өйткені атаны баласына әке, немерелеріне ата, қарапайым адам ретінде ешкім жазбаған болатын. Атаны бір көруді армандаған адам қаншама?! Бір көргенін ұлықтай, баласының баласына айтып жүрген адамдар қаншама?! Оған қарағанда мен ертелі-кеш қасында болдым. Күнде айқайын, оқта-текте мақтауын естіп, маңдайлы келін болдым ғой, Құдайға шүкір! Біреуге «Зәке», біреуге жеңеше, енді біреуге апа, әже болып, сый-құрметке ие болып жүрсем, осының барлығы тек қана атаның қасиетті әруағының арқасы. Атаны ардақтаған осы отырған халықтың арқасы.
«Келін ененің мектебінен өтуі керек!»
Бір әулеттің бірлігі, ынтымағы, бақытты өмір сүруі, ұрпағының әдемі өсуі тек осы ене мен келінге байланысты. Мен ылғи да айтамын: «Кез келген әйел ене бола алады, бірақ ана болу екінің бірінің қолынан келмейді». Келінді келген адам ретінде емес, ендігі жерде сол әулеттің ұрпағын өсіретін тұлға, өзінің өкшебасары ретінде қараса, бәрі дұрыс болады. Келінін жамандайтын енелерге: «Сенің не еңбегің сіңді? Оны туған жоқсың, түн ұйқыңды төрт бөлмедің, ақ сүтіңді бермедің, оқытпадың, тәрбиелемедің, дап-дайын күйінде қолыңа ұстата салды. Бір адамды – бір әлем дейтін болсақ, дайын бір әлемге еге бола алмасаң, кімсің?!» – деймін. Ал шынында ол келін анасынан тәрбие алмаған, уызына жарымаған бала болса, онда ол ененің соры. Тәрбиелеп болам дегенше, шашы ағарады. Келіндерге: «Сүйіп қосылсаң, жастыққа басың бірге түскен жігітті өмірге келтіріп, азамат етіп, асырап, баққан әйелді осы үшін қадірлеуің керек!» – деймін. Бұл – менің қарапайым ғана ережелерім. Ененің мектебінен өтпеген келін – келін емес. Қазіргі еншісін алғысы келіп, бөлек тұрғысы келетін келіндер ертеңгі күні өзінің бала-шағасы үй болғанда көресіні көреді. Сондықтан айналып кетейін келіндерге айтарым, қиын болсын, жеңіл болсын, қалай болғанда да, енелердің мектебінен өту керек!
«Қыздарда жігіт қызығатын ешнәрсе қалмады»
Соңғы уақыттары көп қолданылатын заманауи деген сөзді мүлде ұнатпаймын. Заманауи боламыз деп қыздарымыз көйлекті тастап, шалбар киіп кетті. Көрінген жерге еркекшора болып киінеді. Тіпті, қазір қыздарда жігіт қызығатын ешнәрсе қалған жоқ. Бәрі ашық-шашық. Бұрын ұзың жең, бүрмелі етек көйлек киетін қыздарға жігіттер қызығатын: «Шіркін-ай, білегін ұстар ма еді?» – деп. Бәрі құпиялы болып тұратын. Қазір буылтық-суылтығымен бәрі көрініп тұрады. Арығы да, семізі де тылтитып шалбарын киіп алады. Мен ондай қыздың қасында келе жатқан жігіттерге таңғаламын. «Өзі сияқты еркекшорадан қалай намыстанбайды екен?!» деп қаламын. Сол құрғыр шалбар дегеннің де өзінің киілетін жері бар. Ал қыздардың талғамсыздығы соншалық, тойға да, театрға да, мешітке де, өлім-жітімге де киеді. Әр нәрсенің өзінің орны бар ғой. Бұрын біздің қазақтығымыздың исін сақтап отыратын ауыл дейтінбіз. Құдай-ау, қазір сол ауылымыз да көйлекті жақтырмайтын болды. Өткенде ауылға барсам, алды кебежедей, арты тегенедей болып, үп-үлкен апалар шалбар киіп жүр. Иә, бұл да – заманның киімі. Дегенмен өзіміздің ұлттық қасиетімізді сақтауымыз керек.
«Баланың тұсауын ала жіп және пышақпен кескен»
Рухани жаңғыру, өркендеу, дәстүрдің жаңғыруы деп жиі айтып жүрміз. Дәстүр десе, тек беташар, тұсау кесу, бесікке саларды ғана айтамыз. Ал халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан этикасы, үлгі-өнегесі қайда қалды? Осы бірді-екілі дәстүрді спектакль қылып көрсетеді. Онда да ата-баба дәстүрімен жымдастырып, әдемілеп көрсетсе мақұл ғой. Өткенде бір үлкен кісі немересінің тұсаукесеріне шақырды. Сонда бір баланың тұсауын үш адам кесті. Біреуі ала жіппен, біреуі тоқ ішекпен, біреуі шөппен. Сонда ана баласын кімге тартсын деп тұр? Түсінбейсің. Қазір көпшілік ала жіптің мән-мағынасын ұғына бермейді. «Кісінің ала жібін аттамасын» деп кесіп жатырмыз деп ойлайды. Ұрлық жасамасын деп қана тұсау кесу деген ойға сыймайды. Ала жіп – тіршіліктің нышаны деуге болады. Өйткені бір Құдай ғана жалғыз, қалғанының бәрі екіден, ер мен әйел, ыстық пен суық, қара мен жарық, қыс пен жаз, ары қарай кете береді. Ақ жібін әдейі көбірек қылады. «Жақсылық болғанда, асып-тасып кетпесін, қиындықтар болғанда, басылмасын, екеуіне де тең өссін» деп пышақпен кеседі. Қазір кейбіреулер қайшымен кесіп жүр. Одан баланың өмірі қайшыланып қалады. Қит етсе, әжелерге кестіреді. Қазақ әже түгіл, жайбасар, сылбыр жүретін адамға тұсау кескізбеген. Әжелер баланы бесікке салады. Қырқынан шығартады. Бірақ тұсауды әжелерге кескізбейді. Әжелер ала жіпті баланың аяғына орап байлап береді. Қыз баланыкін аяқ-қолы балғадай, істеп жүрген тірлігін тыңғылықты бітіретін, өзі жүргек, пысық, ел аузында әдемі аты бар, сондай келіншектерге кескізеді. Ұл баланың тұсауын ел алдында жүрген, қолынан іс келетін көрнекті жігіттерге кескізеді. Ал тоқ ішекпен кесу қосымша ғана. Өйтетіні «іші-сырты майлы, бай, берекелі болсын» деген мағына. Ал шөппен кесетін себебі, туған жерінде көк шөптей тамыр тартып, желкілдеп өссін, өнсін деген мағына. Ал негізі ала жіппен кесу керек. Осындай нәрселерді білмей тұрып, әркім жамбасынан бір ұрып, салт-дәстүрімізді бұрмалай берсе, онда не қалады?!
«Нәрестенің кіндігі мен жолдасын жерге көму керек»
Қазақта «Тасын ала берсе, тау да таусылады» дейтін сөз бар. Біз бір күнде құрығамыз жоқ. Ақырын, көзге көрінбестен, ұлттық қадір-қасиетімізден аулақтап қалдық. Оған бірлі-жарым мысал келтірейін. Қазақ «бала кіндік шешеге тартады» дейді. Бала туылғаннан соң қолымен ұстап, кіндігін кескен адамның саусақтары арқылы белгілі бір қасиеттері балаға берілетін болған. Ол рас. Әке-шешесіне тартпаса да, кіндік шешесіне тартатыны сондықтан. 70 жыл бодандықта болған кезде бұл қазақтың кіндігін кеспеді? Ойлап қараңызшы. Кеңес өкіметінің кезінде қазақ дәрігерлері, акушерлері өте аз болды. Қазақ шыр етіп дүниеге келгенде еститін сөзі орыстың сөзі болды. Кіндігін кесетін, тағы да солар болды. Содан кейін кіндік қайда кетті? Кеңес өкіметінің кезінде баланың кіндігі түспей перзентханадан шықпайтынбыз. Сонда ана кіндікті ит жеді ме, мысық жеді ме? Қазақтың кіндігі жерге көмілмей қалды ғой. Халқымызда «Ит – тойған жеріне, ер – туған жеріне» дейтін мақал бар. Бұл кіндігі жерге көмілгендіктен, қайтып айналып өзінің туған жерін тауып отырған. Ал иттің кіндігі жерге көмілмейді, сол үшін де тойған жерінде жүре береді. Біз қазір итке ұқсап бара жатырмыз. Қай жерде қарнымыз тояды, сол жерге кете береміз. Ал қазақ кіндікті жерге көмді ғой. Көмгенде де, ер баланың кіндігін табалдырықтың астына (босағасына ие болсын деп) көмді. «Табалдырықты баспа» дейтін ырым осыдан шыққан. Қыз баланың кіндігін оттың басына (от басының алтын қазық, берекесі, ағайын-туыстың ұйытқысы болсын деп) көмген. Сондықтан әжелеріміз «Оттың басын баспа, түкірме, таза ұста!» дейтін сөздер осыдан шыққан.
Жетпіс жыл Кеңес өкіметінің кезінде, 25 жыл Тәуелсіздік жылдарында бір қазақ баласының жолдасын сұрап көрді ме? Ол қайда кетті? Қоқысқа тасталды ма? Ол шетелге алтынға сатылды. Одан боянатын әсемдік заттары шығарылды. Осыны бірде-бір адам сұрамады. Ойлап қарасақ, дәрігерлердің не әкесінің құны бар?! Тоғыз ай, тоғыз күн көтерген ана баласының жолдасын да жерге көмуі керек. Қазақтар баласының жолдасын жуып, аққа орап, алты қырды асырып барып, елін-жерін қорғайтын азамат болсын деп таза жерге апарып көмген. Ал біз күні бүгінге дейін осыны жоқтай алмай отырмыз. Бұның барлығы біздің ұлттық кодымызбен байланысты. Білесіздер ме, ата-бабаларымыздың қолында керемет қару-жарағы да болған жоқ. Найза, шоқпар, қылыш, семсермен мына ұлан-ғайыр жерді бізге қалай жеткізді? Өйткені, кіндігі жерге жабысқан болатын. Құдайға шүкір, қазір босанған келіншектерді перзентханадан баланың кіндігі түспей-ақ, бір-екі күнде шығаратын болды. Қазақ кейінгі ұрпағы осы елге, жерге ие болсын десе, осы кіндіктен бастауы керек!
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН. Зейнеп апамен өткен екі сағаттық кездесуде жиналған көпшілік барынша рухани байып қайтты. Әр айтқан әңгімесі әсерлі, астары терең, мазмұнға бай, қазақ үшін құнды. Әттең, газет беті оның әрқайсысын теріп жазуға аздық етеді.
Жиын соңында көзі қарақты оқырман қаламгердің «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты» кітаптарына қол жеткізіп, автордың өзінен қолтаңба алу бақытына ие болды. Айтқандай, З.Ахметова өзінің ойлы оқырмандарына осы күздің соңына дейін нәрестенің дүние есігін ашқан сәтінен ер жеткенге дейінгі кезеңіне қатысты салт-дәстүрді толғайтын «Күретамыр» атты кітабын тарту етпек. Тағылымды салт-дәстүрімізге қатыстының барлығын автордың аталған кітаптарынан оқып-білуге болады.
ЗЕЙНЕТІҢ – БЕЙНЕТІҢ
Пятница, 08 Сентябрь 2017 08:31Жаңа зейнетақы жүйесі туралы нені білу керек?
Соңғы уақыттары еліміздің зейнетақы жүйесінде көптеген өзгерістер орын алуда. Қазақстандықтардың ынтымақты зейнетақы төлемдері жыл басында 9%-ға арттырылғанын ескере отырып, шілде айында 11%-ға көбейді. Базалық зейнетақы жыл басында 7%- ға арттырылғанын ескере отырып, 13%-ға өсті. Мемлекет басшысы бұл тапсырманы 2017 жылғы қаңтар айында Қазақстан халқына Жолдауында берген болатын.
– 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы мөлшері 20%-ға дейін көтерілді. Мәселен, ең төменгі зейнетақы мөлшері (базалық зейнетақыны ескере отырып) 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 40 950 теңге болса, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 45 711 теңгеге дейін көтерілді. Салыстырмалы түрде 2016 жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері 37789 теңгені құрады. Базалық зейнетақы төлемдері биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап 14 466 теңгені құрайды, ал зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны ескере отырып) 66 676 теңгеге дейін артты, – дейді Үрида Қырықбайқызы.
Облыстық «Әлеуметтік төлемдерді ведомство аралық есептеу орталығы» басқармасы басшысының орынбасары Үрида Абдрасилова Жолдауға сәйкес 2017-2018 жылдары зейнетақы мөлшері кезең-кезеңмен өсетінін айтады.
Оның айтуынша, ана мен баланы қолдау бойынша мемлекеттік саясат аясында 1 шілдеден бастап бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы мөлшері 20%-ға ұлғайған. Бірінші, екінші және үшінші балаға бір реттік жәрдемақы сомасы 38 АЕК немесе 86 222 теңгені, төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 142 947 теңгені құрайды.
2014 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы еңбек өтілі және зейнет-ақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан кем адамдар үшін ең төменгі күнкөріс шамасының 50%-ы мөлшерінде әлеуметтік зейнетақы белгілеу туралы нақты айтылған.
Егер зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл болса, базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-ы мөлшерінде белгілеу ұсынылады, ал 10 жылдан асқаннан кейін әрбір жылға оның мөлшері 2%-ға ұлғайтылады және қатысу өтілі 35 жыл және одан көп болса, ол ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең болады.
Мамандардың айтуынша, зейнетақы жүйесін жаңғыртудағы өзгерістер зейнетақы жүйесіне қатысушы барлық үш буынның мәселесін шешуге үлкен мүмкіндік бермек. Атап айтқанда, біріншісі – еңбек өтілі жоғары, алайда заңмен белгіленген шектеулерге байланысты зейнеткерлікке шығар сәтте табысы туралы мәлімет ұсынбаған, ең төмен зейнетақы алатын азаматтар. Бұл санаттағылар үшін зейнетақы жинақтаушы жүйелеріне қатысу өтілі ескеріле отырып, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны біржолғы қайта есептеу жүргізілді. Ал екінші буын – 2043 жылға дейін зейнеткерлік жасқа жететін және жинақтаушы зейнетақы жүйелеріне қатысу өтілі толық емес адамдар тобы. Мұндай жағдайда базалық зейнетақы аталған санаттағы адамдар жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде тағайындалады. Яғни, олардың 1998 жылғы 1 қаңтарға жинақтаған еңбек өтіліне және зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 1998 жылдан кейін төлеген кезеңге байланысты тағайындалатын болады. Ал зейнеткерлікке 2043 жылдан кейін шығатын адамдар базалық зейнетақыны жинақтарының көлеміне қарай алады. Бұл санаттағы адамдарға зейнетақы мөлшері белгіленген әлеуметтік қолжетімді деңгейден төмен болған жағдайда тағайындалатын болады.
Келесі – қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінен берілетін зейнетақы. Ол қызметкерлердің өздерінің 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарналарының есебінен қалыптасады. Бұл ретте, алатын зейнетақы төлемдерінің көлемі азаматтардың жүйеге қатысуына және зейнетақы жинақтарының кіріс деңгейіне байланысты. Инфляция жағдайы ескеріле отырып жарналардың сақталуы бойынша мемлекеттік кепілдік жойылмайды.
«Жинақтаушы есебінен зейнетақы алуға кімдер құқылы?» деген сауалға келсек, оған зейнет жасына жеткендер, күш құрылымдарының қызметкерлері, 5 және одан да көп бала тапқан аналар (53 жастан), 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектер, Қазақстан Республикасынан тысқары көшіп кеткендер және марқұм болғандардың мұрагерлері жатады. Бұл ретте зейнетақы төлемдері жинақтау қорындағы қаржы таусылғанға дейін төленетін болады. Төлемнің мерзімділігі алушының өз еркімен таңдауына байланысты жүзеге асырылады. Яғни ай сайын, тоқсан сайын немесе жылына бір рет 30 есені құрайтын ең төменгі зейнетақы мөлшерінде төленеді. Ескерте кету керек, қазіргі сәтте бұл 625 мың теңге көлеміндегі қаржы.
Зейнетақы жүйесіндегі соңғы өзгерістерді шолып шықтық. Енді аталған өзгерістерді халық қалай қабылдады?
Облыста 232 136 зейнеткер бар болса, соның 73 087-сі – Шымкент қаласының тұрғыны. Бәйдібек ауданы, О.Тайманов ауылынан Сәуле Маханова қалаға зейнетақысын алуға келіпті. 2008 жылы 58 жасында еңбек өтілі жетіп, 24 мың теңгемен зейнетке шыққан Сәуле Маханова қазірде 96 146 теңге зейнетақы алады екен. Ауыл мектебінде 40 жыл бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен ардагер ұстаз алатын зейнетақысына, бүгінгі берекелі тіршілігіне мың да бір шүкірлік етеді. Шілде айынан 20 пайызға көтерілген зейнетақы мөлшеріне дән риза. Елбасына, билік басында жүрген ел ағаларына алғысы шексіз.
– 40 жыл аянбай төккен маңдай терімнің қызығын көріп отырмын. «Жас кезінде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген осы екен, – дейді С.Маханова.
Баян Сопиева Сайрам ауданы, Таскешу ауылының тұрғыны. Мектепте еден жуушы, совхозда жиын-терім бригадасында жұмыс істеген. 29 жылдық еңбек өтілімен зейнетке шығып, бүгінде 42 мың теңге зейнетақы алады. Баян апаның үйіндегі Құдайберген атамыз да жас кезінен қара жұмыста, Цемент зауытында істеген. 31 жылдық еңбек өтілімен 42 мың теңге зейнетақы алады екен.
– Жылына 3 рет емделеміз. Ол үшін порталға қабылданып, УДЗ-ға тексерілеміз. Ал оның барлығы – ақша. Шынын айтқанда, 42 мың жол-пұл мен дәрі-дәрмектен аспайды, – дейді Баян апа.
Біз біраз зейнеткермен сөйлестік. Шілдеден бастап көтерілген зейнетақы мөлшеріне бірі разы болса, енді бірінің «жұмырымызға жұқ болмайды» деп көңілі толмайды. Жазда еккен егіннің дәнін күзде орғандай, жас кезінде еткен бейнетіне қарай зейнетін көруде.
Зейнетақы мөлшеріне қосылған 20 пайыз – аз мөлшер емес. Егер шет елдердің зейнетақы жүйесіне назар аударатын болсақ, олардың көпшілігінің зейнетақы жүйесі елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына тікелей тәуелді екенін байқаймыз. Мәселен, Венгриядағы зейнетақы мөлшері айлық еңбекақының 40 пайызы шамасында болса, бұл көрсеткіш Ресейде небәрі 27 пайыз деңгейінде ғана. Шындығына келгенде, әлемнің барлық елдеріндегі Мемлекеттік зейнетақы жүйесі зейнет жасына жеткен азаматтардың қарапайым болса да, жап-жақсы өмір сүруіне мүмкіндік береді екен. Дамыған елдердегі мемлекеттік емес зейнетақы қорлары зейнетақы төлемдерінің орташа алғанда, 20 пайызын қамтамасыз ететін болса, Чехия, Польша, Венгрия, Словакия сияқты елдерде бұл көрсеткіш небәрі 5 пайыздың төңірегінде ғана.
Бес күндік оқуға көшеді
Среда, 06 Сентябрь 2017 05:30
Білім және ғылым министрлігі Қазақстанда жаңа оқу жылында қандай жаңалықтар болатынын мәлімдеді. Енді еліміздің мектептері оқу жылын ұзартпай және қалыпты оқу режимін бұзбай, бес күндік оқуға өтеді.
«2017−2018 оқу жылы қыркүйек айында басталып, 25 мамырда аяқталады. Оқу жылының ұзақтығы бұрынғыдай мектепалды даярлық сыныптарында 32 апта, – деді министрлік өкілдері.
Ал демалыс күндеріне келсек, ешқандай өзгеріс жоқ. 1-11 сынып оқушылары күзде 7 күн, қыста 10 күн және көктемде 13 күн, ал мектепалды даярлық сыныптарында: күзгі демалыс – 7 күн, қысқы – 14 күн, көктемгі – 15 күнді құрайды. Одан бөлек, мектепалды даярлық сыныптары мен 1-сыныптарға ақпан айында бұрынғыдай қосымша 7 күн демалыс берілетін болады.
Білім және ғылым министрлігі шенеуніктерінің шешімі бойынша, балалардың оқу жүктемесін азайту жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Бұл дегеніміз, үй тапсырмасының көлемі айтарлықтай қысқарады деген сөз.
– Біз үй тапсырмасын орындауға байланысты әдістемелік кеңестерге құлақ астық. Осылайша оны орындауға кеткен уақыт мөлшері бұрынғыдан үш есе қысқаруы тиіс, – деді Е.Сағадиев. – Үй тапсырмасын орындау уақыты: 2-сыныпта – 50 минут, 3-4-сыныптарда – 70 минут, ал 5-6-сыныптарда – 90 минут, 7-9-сыныптарда – 110 минут, 10-11-сыныптарда – 130 минуттан аспауы керек.
Сонымен қатар, мерекелер мен демалыс күндері де үй тапсырмасы берілмейді. Тек көркем әдебиет оқу, жеке ғылыми жобаларды орындау, бірінші сыныптарға математиканы тереңдетіп оқыту бойынша тапсырмаларды меңгеруге екінші жартыжылдықтан бастап рұқсат етіледі.
Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап жалпы орта мектептерде де, Назарбаев Зияткерлік мектептерінде де сабақтың ұзақтығы 40 минут болмақ. Министрлік өкілдерінің айтуынша, сабақты 5 минутқа қысқарту қосымша сабақтардың қосылып, жүктеменің азаюына мүмкіндік береді.
– Әрбір пәнді оқуға бөлінген бағдарламалар мен сағаттардың саны өзгермейді, алайда 40 минуттық сабақтардан бұрынғы 5 минутты қосқанда тағы да 30 минут артылады. Яғни қосымша сабақ қойылған кезде бұл уақыт ескеріледі, – деді министр.
Жалпы жаңа санитарлық ережелер бойынша барлық жалпы орта мектептер мен дарынды балаларға арналған арнайы мектептерде де 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін бес күндік оқу енгізілмек.
Алайда министрдің тұжырымдауынша, «бес күндікті» гимназиялар мен лицейлерге енгізу қиынырақ, себебі онда негізгі сағаттардан гөрі гимназиялық және лицейлік сабақтар бар. Осыған байланысты сабақтарды сенбіге қалдырып, оқушылардың басын қатырмай, денешынықтыру, алғашқы әскери дайындық, үйірмелер, секциялар, байқаулаф мен экскурсиялар қоюға кеңес береді.
Сонымен бірге, министрлік күнделікті оқу жүктемесін анықтауда, «яғни күніне қанша сабақ, аптасына неше күн оқуы керек» деген мәселелерді, сабақ кестесін әр мектеп қамқоршылық кеңес пен ата-аналар комитетімен бірлесе отырып өзінің шарттары мен мүмкіндіктеріне қарай өз бетінше айқындайды.
Сонымен бұл оқу жылында көптеген мектептер бес күндік оқу жүйесіне өте алады. Тек үш ауысымда оқитын мектептер қана олай ете алмайды.
«T-hunter.kz», «i-mektep.kz»: Шымкенттен шыққан тың жобалар
Среда, 06 Сентябрь 2017 04:47Шымкентте дәстүрлі қалалық Тамыз кеңесі өтті. Маңызды шараға қала әкімі Ғ.Әбдірахымов, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ө.Мелдеханов, қалалық мәслихат хатшысы Н.Бекназаров және облыстық білім басқармасының басшысы И.Сағындықов, қалалық білім бөлімінің басшысы Ж.Тәжиева, сондай-ақ қала мектептерінің мұғалімдері қатысты.
Көрмеге үздік жұмыстар қойылды
Жиын басталмас бұрын қала әкімі бастаған топ қала мектептері оқушыларының көрмесіне қойылған үздік жұмыстармен танысты. Балалар көркемсурет мектебі оқушыларының қолөнер және бейнелеу өнерінің туындылары алыстан көз тартады. Ал №34 «Балбұлақ» балабақшасы ұжымының көрмеге қойған заттары, тіпті ерекше. Аталған балабақшаның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Құралай Курбенова өз қолымен мультфильм кейіпкерлерінің қуыршақ-мүсіндерін жасап шығарған. Ол кішкентай бөбектерге тек ағылшын тілін үйретіп қана қоймай, қолөнер бұйымдарын, қуыршақтар жасауды үйретумен келеді. Өнерлі мұғалім бұл қуыршақтарды қалай жасағанына тоқталды. «Қазақ мультипликация кейіпкерлерін баклашкадан, сентифоннан және түрлі маталардан жасаймын. Сабақтан тыс уақытта ермек етемін. Бір қуыршақты жасауға бір аптадай уақыт кетеді», – дейді қолөнер шебері. Бұдандан бөлек, кеңес жанындағы көрмеге №14, №17, №20, №30, №89 мектеп оқушыларының «Робототехника» үйірмесінде жасаған роботтары қойылған.
– Былтыр қалалық білім бөлімі тарапынан «Робототехника» үйірмесі ашылған бірнеше мектепке бес-бестен робот бөлшектерін берген болатынбыз. Енді оқушылар сабақтың барысында, яғни 45 минуттың ішінде бір робот жасай алады, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева.
«Мектеп директоры бас психолог болуы керек!»
Тамыз кеңесі ашық деп жарияланғаннан кейін білім бөлімінің басшысы Ж.Тәжиева сөз алды.
– Бала тәрбиесі сіз бен бізді қатты ойландыруы керек. Мектепте психолог пен социологтың жұмысына мықтап көңіл бөлетін кез жетті. Олардың тәжірибесі мен біліктілігіне қарап жұмысқа алатын заман келген сияқты. Әр мектептің директоры шарасыздық танытып отырмай, өзі де бас психолог болуы керек, – деп атап өтті.
Жанат Арысбекқызы «бала тәрбиесі – баршамызға ортақ» екенін айта отырып, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бала тәрбиесінде ата-аналарды да белсенді болуға шақырды. «Қаладағы №65, №9, №47, №23 мектептердің ата-аналарына ерекше алғысымды білдіргім келеді», – деді ол өз сөзінде.
Бүгінгі күні, өкінішке қарай, арамызда ұстаз абыройына кір келтіріп, сын садағына іліккен жағдайлар да орын алуда. Оған дәлел осы жылдың басынан мектеп директорлары мен мұғалімдерінің үстінен 46 арыз-шағым тіркелген. Мекеме басшыларының кадр қабылдауда заңсыздыққа жол беруі, кейбір мектептердегі мұғалімдердің білім сапасының, педагогикалық этикасының төмендігі, түрлі сылтаумен қаржы жинау фактілерінің орын алуы, ал ең сорақысы, оқушыларды алалау сияқты іс-әрекеттер әшкере болуда.
Тамыз кеңесінде белгілі болған жағымды жаңалықтың бірі, қыркүйектің соңында қаладағы 5 мектеп директоры мен 3 мұғалім Финляндияға 2 айға іс-тәжірибе алмасуға жіберілмек.
Электронды жүйенің Шымкенттен шыққанына таңғалады
Жарыссөзге қала мектептерінің мұғалімдерімен қатар Астанадан арнайы келген маман Евгений Щербатов та шықты. Білім саласындағы ашықтықты, айқындылықты, жариялылықты қамтамасыз ете отырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында «Балаларды 1-сыныпқа электронды түрде қабылдау», «Балабақшаларға электронды жолдама беру», «T-hunter.kz» мұғалімдерді жұмысқа қабылдау», «I-mektep.kz» мектепішілік электронды бақылау» автоматтандырылған бағдарламаларының авторы аталған жобалардың тиімділігіне тоқталды.
– Мен осы жобаларды басқа өңірлерге таныстыруға барғанда, бәрі бұл идеяның Шымкенттен шыққанына таңғалады. Осы орайда қала әкімі мен білім бөлімінің басшысына алғыс айтамын, – деді Е.Щербатов. Айта кету керек, аталған жүйе қала әкімінің тапсырмасына сәйкес республикада алғашқы болып біздің өңірімізде енгізілді.
Жиында сөз алған қала әкімі Ғ.Әбдірахымов бірнеше ұсыныс айтты.
– Барлық ұстаздарды толықтай тестілеуден өткізіп тұру керек. Себебі дәл қазіргідей жаһандану заманында мұғалім деңгейі оқушыдан бір саты да төмен болмауы керек. Одан кейін ҰБТ-дан ең төменгі көрсеткіш көрсеткен мектептерде тексеру-зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет, – деп білім бөлімінің басшысына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Математика деңгейі неге төмен?
Ал облыстық білім басқармасының басшысы И. Сағындықов мектеп директорлары мен мұғалімдерді алдағы оқу жылында білім сапасын жоғарылату жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Саладағы бірқатар кемшіліктерге де тоқталды.
– Мені өткен оқу жылында ҰБТ-да математика пәнінен облыс мектептерінің оқушылары төмен көрсеткіш көрсеткені қынжылтты. Олай дейтінім, елімізде «Робототехниканың» негізін қалаған ғалым Өмірбек Жолдасбеков осы оңтүстіктен шыққан. Басқа да небір математиканың жілігін шағып, майын ішкендер өзіміздің өңірдің түлектері. Атап өтсек, олар – Лесбек Тәшім, Рысбек Қабден, Есентай Рахимовтар. Осындай ғалымдар шыққан өлкеде неге математиканың деңгейі төмен?! – деді Исатай Өмірзақұлы.
Сала басшысы ұстаздардың біліктілігін көтеру мақсатында мұғалімдердің де арасында пәндік олимпиадалар ұйымдастыру керектігін алға тартты. Білім басқармасының басшысы жаңа оқу жылының қарсаңында мектеп басшылары мен мұғалімдерді сыбайлас жемқорлықтан сақ болуға шақырды.
Шара соңында облыстың бас ұстазы И.Сағындықов мұғалімдерге Білім және ғылым министрлігінен берілген бірқатар марапаттарды тапсырды. Оның ішінде Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісімен Қ.Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицейінің директоры О.Алшынбекова, №31 жалпы орта мектебінің директоры Н.Ширтаева, №25 мектеп-гимназиясының орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі М.Асанбекқызы марапатталды.
Сонымен қатар, еңбегі еленген ұстаздардың дені ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Өнер саласындағы еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Құрмет» грамотасымен, министрліктің және қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
«Білімсіз ұстазды мектепке жіберу – қылмыс»
Вторник, 29 Август 2017 04:21
Биылғы оқу жылында өзгерістер аз емес. Әсіресе кадр тапшылығын шешу, қыркүйек айынан бастап T-hunter жүйесі бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін арнайы тест алу жоспарлануда. Себебі «Білімсіз ұстазды мектепке жіберу – қылмыс!». Жаңа оқу жылының қарсаңында Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева БАҚ өкілдерімен өткен брифингте осылай мәлімдеді.
Білім бөлімі басшысының айтуынша, Шымкент қаласында өткен жылы 129 мектеп болса, биыл 3 мектеппен толықтырылып, 132 жаңа мектеп пен 88 балабақша (оның 278-і – жеке меншік балабақша) жаңа оқу жылын бастағалы отыр. Жалпы алғанда биылғы құрылыс жұмыстары талапқа сай жүргізілді.
Биылдыққа білім саласына 44 млрд 3 млн теңге қаржы бөлінген. Бүгінгі таңда қалада 168 мыңға жуық оқушы болса, оның 30 мыңға жуығы жағдайы төмен, көпбалалы отбасының балалары. Қала сыртындағы жазғы сауықтырумен жалпы – 12083 бала қамтылған, ол 7,5 %-ды құрайды.
Бөлімге қарасты білім беру ұйымдарындағы педагог қызметкерлердің саны – 17 070. Оның ішінде жоғары және І санатты педагогтардың үлесі 51,3 %-ды құрайды. Осы орайда Жанат Тәжиева ұстаздардың біліктілік деңгейіне қатысты пікірін жеткізді.
Қатаң қарайтын мәселе – ұстаздардың біліктілігі
– T-hunter жүйесімен жұмысқа қабылдағанда, оқу орнын бітіріп келген жас мамандардың ішінде 25 сұрақтың 5-не ғана жауап бергендері бар. Барлық сұраққа толықтай дұрыс жауап беретін республика көлемінде үлгі болатын мықты педагогтарымыз да жоқ емес. Біз сапаны қалай көтереміз? Бүгінгі күні қатаң қарайтын мәселе – ұстаздардың мәселесі болуы керек деп есептеймін. Тесттен жиі өткізіп, олардың білім сапасын көтеруді жоспарлап отырмыз. Себебі «білімсіз ұстазды мектепке жіберу – қылмыс», – деді білім бөлімінің басшысы. Бүгінгі күнге дейін конкурстық жүйе бойынша 324 комиссия отырысы өткізіліп, 176 педагог қызметкер жұмысқа қабылданған.
Оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес, 2017 жылы 2, 5, 7 сыныптардың оқушылары оқулықтармен және 1-сыныптар үшін қосымша дәптермен 100 % қамтылған.
Электронды жүйе қағазбастылықтан құтқарды
Білім бөліміне енгізілген жаңалықтардың бастысы – балаларды балабақшаға, мұғалімдерді жұмысқа электронды түрде қабылдау жүйесі.
– Өз кезегінде бұл өзгерістер – бізді қағазбастылықтан құтқарды. Ең бастысы адами фактор араласпайтын болды, – деді Жанат Тәжиева.
Ал бүгінгі күнге дейін 19 930 ата-ана баласын балабақшаға электронды түрде тіркеген.
– Бүгінгі таңда «i-mektep.kz» мектепішілік электронды бақылау жүйесі 29 мектепке орнатылып, талдау жұмыстарының қорытындысына сәйкес, 2016-2017 оқу жылының IV-тоқсанында I тоқсанмен салыстырғанда сабақтан себепсіз қалу деңгейі 75 %-ға төмендеген. Құқықбұзушылық бойынша өткен жылы 6 қылмыс тіркелсе, биылғы жылы мүлдем орын алмаған. Оқушылардың үлгерімі 15 %-ға жоғарылап отыр, – дейді Жанат Арысбекқызы.
Сала басшысының айтуынша, биыл мектеп формасы ата-аналармен кеңесе отырып шешіледі. Өңірлік мектеп формасын жасақтау мәселесі алдағы уақытта талқыланбақ.
Жиын соңында журналистердің қойған сауалдарына жауап берген білім бөлімінің басшысы биыл ҰБТ-дан кейінгі нәтижеге наразылық танытқан 23 шымкенттік оқушының 9-ы мемлекеттік грант иеленгенін мәлімдеді.
Азаматтарды қабылдау орталығы ашылды
Пятница, 25 Август 2017 06:24
Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының ғимаратында Азаматтарды қабылдау орталығы ашылды.
Орталық азаматтарды қабылдауға арналған күту орындары мен басқа да қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етілген.
Бұл жерде сотқа дейінгі қылмыстық процестің, атқарушылық өндірістің заңдылығын, қылмыстық және азаматтық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау салалары бойынша кезекші прокурорлар қабылдауды жүргізеді.
Олар азаматтарды қабылдап, өтініштерді дұрыс жазуға кеңес берсе, орталық мамандары прокуратура басшыларының жеке қабылдауына жазуды жүргізеді. Сондай-ақ, азаматтар өздерінің алдын жазылған өтініштерді қарау барысы туралы ақпарат пен жауап көшірмелерін алуға мүмкіндіктері бар.
Орталықтың мақсаты – тұрғындарға прокуратура құзырына кіретін сұрақтар бойынша кәсіби заң көмегін көрсету.