Қос қаламгерге – қос мүйіс
Пятница, 23 Июнь 2017 05:58Журналистердің төл мерекесіне орай облыстық ғылыми-әмбебап «Отырар» кітапханасында айтулы шара өтті. Кітапхананың екінші қабатында журналистерге арналған «Мерзімді баспасөз» бөлімі ашылды. Онда белгілі қаламгер, Оңтүстік журналистикасының корифейі саналған Әмірсейіт Әлиев пен Жұмамұрат Тұяқбаевқа арналған қос бұрыштың салтанатты таныстырылымы болды.
Маңызды жиынға елімізге белгілі ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері, қос қаламгердің ұрпақтары қатысты. «Мерзімді баспасөз» бөлімінің ашылу салтанатының лентасын ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты, қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов пен Оңтүстік журналистикасының абыз ақсақалы Байдулла Қонысбек қиды.
Журналистер күнінің қарсаңында ашылған «Мерзімді баспасөз» бөлімі жалпы оқырманға, әсіресе қолына қалам ұстаған қауымға қымбат тосын сый болғаны рас. Залдағы қос мүйістің оң жағы – «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерін ұзақ жыл басқарған Жұмамұрат Тұяқбаевқа арналса, сол жағы – облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде ширек ғасырға жуық бас редактор қызметін атқарған Әмірсейіт Әлиевке бағышталған. Қос қаламгердің үлкен портреті мен кітап сөрелері, жазу үстелі мен орындығы залға кіргеннен-ақ көз тартады. Бұл екі тұлғаның да өткен өмір жолы, қаламгерлік ізі оңтүстік журналистикасының қазыналы тарихы.
Қос редакторға арналған мүйіске қарымды қаламгерлердің авторлық кітаптары мен алған марапаттары, тұтынған заттары қойылған. Кітапхана басшысы Күлия Айдарбекованың айтуынша, қос қаламгердің жазу үстелі мен орындығы үйлерінен арнайы алдыртылған.
«Мерзімді баспасөз» залында өңір журналистикасының қара шаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газетін басқарған басқа да бас редакторларға арналған мүйістер бар.
Жиында Әмірсейіт Әлиев пен Жұмамұрат Тұяқбаев жайлы баяндамалар оқылып, сағынышқа толы естеліктер айтылды. Солардың ішінде 90 жылдан астам тарихы бар «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бүгінгі бас редакторы Абай Балажанның сөзі жиналған қауымды бей-жай қалдырмады. Абай Бекназарұлы қос қаламгердің табиғаты ұқсас болмағанымен, ұлттық мүдде, ел намысы тұрғысында сіңірген еңбек жолы ұқсас екенін айтты. Өзінің журналистикаға енді қадам басқан кезіндегі редакторы Жұмамұрат Тұяқбаевпен кезекті лездемеден кейінгі 7-8 минуттық әңгіме қағаз бен қаламның қадірін ұқтырғанын тебірене жеткізді. Ал газетті 22 жыл үзіліссіз басқарған редактор Әмірсейіт Әлиев хақында да қандай биік баға, құрметке лайық тұлға екенін ерекше атап өтті.
Оңтүстік журналистикасының айтөбелі Байдулла Қонысбек қос тұлғамен ұзақ жылдар бірге қызметтес болғанын, олармен қоян-қолтық араласқанын мақтанышпен жеткізді.
– Ол кезде таңертең сағат 9.00-де жұмысқа келсек, түнгі 4-5-тер шамасында үйге әрең жететінбіз. Екі-үш сағат көз шырымын алар-алмас қайта жұмысқа келеміз.
Жұмамұрат ағамыз да, Әмірсейіт ағамыз да газеттің қара жұмысына күн-түн демей төзді. Басылымға реформа жасады, оқырман санын арттырды. Ол кезде «Оңтүстік Қазақстанның» тиражы – 90 мыңнан асты, – деді белгілі журналист.
Шара соңында қос әулеттің ұрпақтары сөз алды. Әмірсейіт Әлиевтің кенже ұлы Дәулетияр Әлиев әкесі хақындағы естеліктерімен бөлісіп, Шалатай Мырзахметов, Еркінбек Тұрысов, Байдулла Қонысбек, Абай Балажан ағаларының иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Ал Әмірсейіт атамыздың шөбересі Айлун Әмірсейіт «Менің атам неге жақсы?» атты эссені оқып берді.
Береке ДҮЙСЕБЕКОВ: «Еркін форматта жұмыс істегенді құп көремін»
Пятница, 23 Июнь 2017 05:52
Береке ДҮЙСЕБЕКОВ,
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы:
– Береке, сіз «Жастар ресурстық орталығына» келгенге дейін де жастармен жұмыс істедіңіз, Кәсіпкерлік мектебінен «Жастар ресурстық орталығына» ауысқанда аса бір қиындық туа қоймаған шығар...
– Бұл қызметке дейін Кәсіпкерлік мектебінде басшылық қызмет атқардым. Бұл саланың тірлігі жақсы таныс. Жастар саясаты мәселелері басқармасы – өзімнің түлеп ұшқан ұям. Студент кезімнен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да белсенді студенттердің бірі болдым. Кейіннен кәсіпкерлік саласына кетіп, енді қайтадан жастар ісіне оралып отырмын. Идеология жауапкершілігі мол сала. Бизнесте нақтылық керек. Екеуін ұштастыра отырып, жастар арасында жаңа тандем жасамақ ниеттемін. Әрбір жас жеке кәсіп ашып, өз шаруасын дөңгелетіп жүрсе, өзіне де, мемлекетке де пайда емес пе?!Бизнес ашудың жұмыссыздық мәселесіне, жаңа технология, өнімділік, мемлекетке салық төлеу іспетті бірнеше факторға әсері бар. Қол қусырып, мемлекетке алақан жайып отырмай, әр адам күш-жігерін, уақытын дұрыс пайдалануы керек.
«Тренинг Hall», «ІТ-hub» және «Робототехника» ашылмақ
– Жаңа қызметте қандай бастамаларыңыз, жаңалықтарыңыз бар?
– Үнемі жастардың арасында жүреміз. «Жастың тілін жас түсінеді» түсінеді емес пе?!. Өзім осы қалада туғандықтан, оқушы мен студенттің өмірін шынайы көріп өскенмін. Көкжиегіміз кеңейген сайын жаңа идеялар мен мүмкіндіктер пайда болды. Біздің негізгі миссиямыз – жастардың арасында дұрыс бағыт беру. Мысалы студент кезімізде «кәсіпкерлік» деген біздің ойымызға кіріп шықпайтын. Ал қазір жастардың арасында кәсіпкер болу – сән. Кәсіпкерге ұқсап киініп, сол сияқты сөйлеп, сол оқыған кітаптарды оқиды. Есесіне дұрыс сән қалыптасып келе жатыр. Егер бұл жалпылама сипат алып кетсе, жаңа экономикалық драйвер келе жатыр деген сөз.
Әрине, әрбір азамат жаңа қызметке келген кезде өз көзқарасымен, ұстанымымен келеді. Маған дейінгі басшылар да бұл орталықта жұмысты жақсы жүйеге қойып кеткен. Дегенмен де қызмет көрсету саласынан ауысқаннан кейін жастарды оқыту, тренинг курстарын дамыту сияқты жаңа құрылымдарды ойластырып жатырмыз. Біз көбінесе университет пен мектеп бермейтін білімді қайдан аларымызды білмейміз. Сол себепті осы «Жастар ресурстық орталығынан» жастарға қажетті білім берсек деп тас-түйін бекініп отырмыз. «Тренинг Hall» деген жобаны іске асырудамыз. Кестеге сәйкес әр түрлі бағыттағы тренингтер, сабақтар өткізілетін болады. Оған 14 пен 29 жас аралығындағы кез келген қыз-жігіттер тегін қатыса алады. «Тұлға боп қалыптасу жолында адам не істеу керек?», «Қалай киініп, жүріп-тұру керек?», «Уақытты қалай үнемдеу керек?», «Өзін-өзі қалай дамыту керек?». Міне, осы сауалдарға аталған тренингтерде жастармен бірге жауап іздейміз.
Қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы – 2020», «Дипломмен ауылға!», «Жас отбасы», «Серпін», т.б.бағдарламалар көп. Бірақ, жастардың көбісісоның аражігін ажырата алмайды. Жалпы кез келген адамды көшеде тоқтатып: «Мына бағдарламаны білесіз бе?» – деп сұрасаң, жауап беруі қиын. Біз бұл ретте «Жастар ресурстық орталығының» ішінде «Қызмет көрсету, ақпараттандыру» бөлімін ашсақ деп отырмыз.
Одан кейін медиамектеп ашу мәселесі күн тәртібінде тұр. Журналистика мен жаңа медиада өзін көргісі келетін жастар жеткілікті. Жастарды медиа саласына баулып, жергілікті БАҚ-мен әріптестік байланыс орнатып, кейіннен жұмысқа орналастыру жайын да қарастырсақ дейміз.
Жастардың арасында субмәдинет қалыптастырсақ деймін. Мәселен қаланың орталығында субұрқақтың жанында балалар тастан тасқа секіріп жатады. Осыны зерттеп көріп едім. Бір топ орыс жігіттерінен: «Неге қызығасыңдар?» – деп сұрадым. «Бізге экстрим керек», – дейді. Демек, жастарға спортпен айналысатын арнайы алаңшалар керек.
Одан кейін дарынды балаларды қолдау мақсатында «ІТ-hub»ашайын деп жатырмыз. Дизайнерлер, бағдарламалаушыларды шетелден мамандар шақыртып оқытып, осы бағытты да дамытсақ деген ой ғой.
«Робототехника» үйірмесі де назардан тыс қалған жоқ. Осындай жақсы жаңалықтарды да тез таратудың әдіс-тәсілдерін ойластыруымыз керек.
«Жас отбасы» мектебінің де қаңқасын құрып жатырмыз. Алғаш отбасы құрған жылдары екі жасқа отбасы құндылықтарын түсіну оңай болмайды. Кез келген мемлекет шағын отбасынан басталады. Сол шағын отбасы мемлекет деңгейінде ойласа, көршілермен тату тұрса...
Жалпы жастарға қатысты барлық ресурсты қамтитындай орталыққа айналдырсақ деген жоспарымыз бар. Бұл идеямыз облыс әкімінен де қолдау тауып жатыр. Қажетті қаражатты да, күрделі жөндеуден өткен ғимаратты да берді. Соның бәрін дұрыс пайдаланып, игілігімізге жаратпасақ, бізге сын болмақ.
– Бүгінде еліміздегі жастар 5 млн шамасында, халқымыздың 30-ға жуық пайызын құрайды. Жастардың артында тірек бар ма? Егер бар болса, жастар оны біле ме?
– Облыстағы әрбір үшінші азамат – жас. 3 млн-ға жуық халқымыз бар болса, соның 800 мыңдайы – жастар. Өңіріміздегі жастардың саны кейбір Атырау, Маңғыстау облыстарының жалпы халық санынан да асып түседі. Бізде мектеп бітірген оқушыларда «ауылдан – қалаға» деген тенденция бар. Ауыл, қала деп бөлетін уақыт бітті. Зерттеп қарайтын болсақ, қаймағы бұзылмаған көптеген салт-дәстүрдің, қазақи қасиеттердің бәрі сол ауылда сақталған. Керісінше қаланың балаларын ауылда оқыту керек. Көпқабатты үйдің балконынан қарап отырып олар «ауылды» басқаша түсінеді. Ал бәріміз,түптеп келгенде, сол ауылдан шықтық қой. Сол тепе-теңдікті орнатуымыз керек.
Елбасы Н.Назарбаев тарапынан жасалып жатқан осыншама қамқорлықтың барлығы жастардың тірегі деп есептеймін. «Өсемін, өнемін» деген жасқа ешқандай кедергі жоқ. Шетелде оқығың келе ме, «Болашақпен» тапсыр да, бағыңды сына. Жеңілдетілген несиеңді ал да, кәсіп аш. Өнеріңді шыңдағың келе ме, оқы. Біздің елімізде жастарға барлық мүмкіндік жасалған. Тек қана соған күш-жігер керек.
Оңтүстік жастары өте белсенді
– Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар біршама деп жатырмыз ғой. Сол бағдарламалар өз миссиясын орындай алып жүр ме?
– «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын көп жастар біле бермейді. Егер «істеймін» деген көзін тапқан адам міндетті түрде бәріне қол жеткізеді. Мысалы мен студент кезден мемлекеттік бағдарламаның барлық игілігін сезіндім. Үйді де алдық. Өндірістік тәжірибеден шетелде өтіп келдім. Жастарға берілер көмек көп. Ең бастысы, ақпаратты қайдан алу керек екенін біліп, үдесінен шықса болды. Сол ақпарттың негізгі қайнар бұлағы – біз, яғни «Жастар ресурстық орталығы» болуы керек. Мәселен бір бағдарламаның талабы өзгерсе, соны дереу халыққа жеткізіп отыру – міндетіміз.
– Облыс жастарының белсенділігі қандай?
– Оңтүстіктің жастары барлық жағынан белсенді. Талантты жастар аз емес. Өкінішке қарай, қылмысқа барып жүрген жастар да кездеседі. Өзім еркін форматта жұмыс істегенді жақсы көремін. Лажы болса, көшеде, саябақта кездесу, ауылға барып, доп теуіп жүріп, өзеннің жағасында пікірлескенді құп көремін. Жастардың өзінің терминімен сөйлесең, оларға тез жақындайсың. Ал саяси терминдермен сөйлесең, тұйықталып, жабылып қалады.
Қазіргі таңда демалыс күндері аудандарға шығып кетеміз. Ол жақтағы жастардың уәжін тыңдаймыз. Жастарға қатысты жаңалықтың барлығымен бөлісеміз, түсіндіреміз. Сол кезде ғана белгілі бір жетістікке жете аламыз деп ойлаймын.
– Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында: «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді», – деді . Президент мақаласынан кейін қандай ой түйдіңіз?
– Бүгінгі таңда жастарға ақпарат өте көп. Осыдан бес-алты жыл бұрынғы жастар саясатында жүрген кездегі ойым мен қазіргі жастардың ойын мүлде салыстыруға келмейді. Себебі, бүгінгі жастар ұшқыр, креативті ойлайды. Ол кезде қазіргідей әлеуметтік желілер болған жоқ. Бір ғана www. mail.ru желісі ғана байланысу құралы болып саналды. Ал қазір қаншама мобильдік қосымшалар бар. Мұның барлығы қоғамдағы жаңарудың, рухани жаңғырудың белгісі. Президенттің мақаласындағы бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы, бәрі де дер кезінде айтылды деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ
Жөндеу күзде аяқталады
Пятница, 16 Июнь 2017 06:09Байтұрсынов көшесіндегі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың қазанына дейін аяқталады. Бұл көшеде ұзындығы 5,2 шақырым болатын жылу құбыры желісін толығымен ауыстыру көзделген.
Шіріген құбырлардың орнына жаңа, тот басуға қарсы май жағылғандары орнатылады. Олардың шығыны аз және ең бастысы – тесілген кезде хабар беретін болады. Осылайша алда-жалда құбыр жарыла қалса, бүкіл жолды қопарудың қажеті болмайды. Бұл жұмыстар «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында атқарылуда. Мердігер – «Сити-строй» ЖШС.
Қатты жел ағаштарды құлатты
Пятница, 16 Июнь 2017 06:06Шымкентте аптаның сәрсенбісінде соққан желдің екпіні секундына 18 метрге жетті. Синоптиктер осылай деп хабарлайды. Алдын ала ақпарат бойынша, жел Ғани Іляев көшесінің бойындағы бір ағашты құлатқан. Абырой болғанда құлаған тал ешкімге залал келтірмеген. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары тұрғындардан қоңырау қабылдауда. Халық негізінен жел құлатқан бұталарды тазартуды сұрауда.
Жоғарғы білім қолжетімді ме?
Среда, 14 Июнь 2017 07:19Мамандық таңдау. Әр адамның өмірінде ең маңызды шешімнің бірі. Дәл қазір түлектер мамандыққа байланысты бас қатыруда. «Кім болам?», «Қай ЖОО-на тапсырамын?» дегендей сауалдар әр талапкер үшін көкейтесті. Осы орайда елімізге қандай мамандар қажет? Өзіміздің өңір орталығында қай ЖОО сұранысқа ие һәм жоғарғы білімнің ақысы қандай? Қолжетімді ме? Біз бүгін осы сауалдарға жауап іздемекпіз.
Нарық заманында кім-кім де табысты мамандыққа қол жеткізгісі келеді. Қазақстанда табиғи газдан шикі мұнай өндіретін компания жетекшілерінің табысы жоғары екен. Олардың орташа айлық жалақысы 1 миллион 197 мың теңгені құраған. Бірақ, екінің бірі бастық бола алмайды. Психолог Герман Владимировтың айтуынша, қазақ халқында қатып қалған қағида бар. «Менің балам бастық болады» деген. Сөйтіп екінің бірі есепші мен заңгерлікке оқытып жатқаны.
– Талапкерлердің көбісі 11-ші сыныпты бітіріп, ҰБТ тапсырғаннан кейін ғана болашақ мамандығы жайлы ойлана бастайды. Қабылдау комиссиясына құжат тапсыруға барғанда барып желкесін қаситындар бар. Әсілі олай болмау керек. Ең бірінші ата-ана баласымен кішкентай кезінен болашақ мамандығы туралы сөйлесіп, мақсаты анықталуы керек. Мұрынға тақалғанда шешім қабылдау ешкімге абырой әпермейді, – дейді психолог.
Иә, осынау өмірлік маңызды шешімді ата-анамен ойласып қабылдаған жөн. Бірақ бітіруші өз жүрегінің қалауын да назардан тыс қалдырмауы қажет. Бұл тұрғыда да психолог мамандар ата-ана қалауынан жүрек қалауы маңызды екенін алға тартады.
Қазір әлемде 4 мыңға жуық мамандық бар болса, біз соның 1000-ға жуығын ғана біледі екенбіз. Заман ағымына қарай мамандықтар да жаңарып отыр. Технология мен инновацияның қарыштап дамуымен елімізде жас буынға ЖОО-нан кейін табысы жақсы жұмысқа орналасуға мүмкіндік артуда.
Қазақстанға қандай мамандар қажет?
Еңбек нарығындағы жағдай жыл сайын өзгеруде, сондықтан өзгерістер мен жаңалықтарды қалт жібермеу керек. 2016 жылғы еңбек нарығын сараптай келе, Қазақстандағы сұранысқа ие 10 мамандық тобын ұсынамыз:
1. Инженерлер
Қазіргі таңда Қазақстанда кәсіби инженерлер мен техникалық мамандардың тапшылығы байқалады. Инженерия – бұл өнеркәсіп пен мұнай өңдеу өндірісі, сәулет және т.с.с қамтитын техникалық қызмет. Жоғары білікті мамандардың жетіспеушілігінен отандық компаниялар шетелден инженерлер алдыртуға мәжбүр.
2. IT-мамандар
Ақпараттық технологиялар – ақпаратты іздеу, жинау және сақтау, т.б. үдерістерінің жиынтығы. Ақпараттық технологиялармен байланысты негізгі және қажетті мамандықтың бірі – бағдарламашы. Оның негізгі міндеттерінің бірі – бағдарламалық қамсыздандыруды қамтамасыз ету мен жұмыс қабілеттілігін қолдау. Жыл өткен сайын ІТ саласында айтарлықтай елеулі, тың жаңалықтар орын алуда. Бұл әр түрлі салада ІТ-мамандарына сұранысты арттыруда. Бүгінде кез келген отандық компания web-дизайнер, SEO-маманы немесе бағдарламашы іспетті ІТ-мамамына зәру деп толық сенімділікпен айтуға болады.
3. Дәрігерлер
Иә, дәрігерлер қай заманда да, қайсыбір елде де сұранысқа ие. Дәрігер мамандығы қиын әрі жауапкершілігі орасан мамандықтың бірі, себебі науқастың ауруын дәл анықтау үшін білімділік, нақтылық пен зеректік қажет.
4. Мұғалімдер
Мұғалім де солай. Дәл қазіргі кезеңде Қазақстанда жоғары білікті, тәжірибелі мұғалімдер жетіспейді. Технологиялық төңкеріс ғасырында ақпарат өте жылдам таралады, сондықтан 21 ғасыр мұғалімдеріне өте жоғарғы талаптар қойылуда. Сондықтан да болар, қазір бұл қасиетті мамандыққа сұраныс өте жоғары болып тұр.
5. Маркетологтар
Шағын және орта бизнестің дамуы маркетолог мамандарға сұранысты арттырды. Дәл қазір сауда көрсеткішін көтеруге көмектесіп, кәсіпті жаңа деңгейге көтеретін маркетингтің түрі көп. Көптеген қазақстандық компаниялар ресейлік маркетингтік компаниялардың жоғары білікті мамандарының көмегіне жүгінеді.
6. Менеджерлер
Менеджер – өндірісті басқарумен айналысатын маман. Менеджерлердің негізгі жұмысы компанияда немесе өндіріс орнында жұмыс барысын ұйымдастыру. Қазақстанда «менеджер» ұғымы сәл бұрмаланғаны бар, көбісі бұл сөзді қатардағы қызметкер немесе жаңашылдыққа ұмтылмайтын, сіресіп қалған қызмет деп түсінеді. Алайда менеджер – тұтас компания немесе бөлімге, жобаға жауап беретін, қадағалайтын адам.
7. Қонақүй ісі мен туризм саласындағы мамандар
Тұрғындардың жалпы табысы жыл санап көбеюде. Біз 17 млн 994 мың адамнан тұратын жас мемлекетте өмір сүреміз. Біздің негізгі проблемаларымыздың бірі – сапалы қызмет көрсету. Еуропа мен АҚШ елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, сапалы қызмет көрсетуге сұраныс жыл сайын көбейе бермек және оның басты себептерінің бірі Қазақстан тұрғындарының қажеттілік деңгейі өсуде. Сондықтан да қызмет көрсетуге байланысты мамандықтар елімізде және елімізден тыс жерлерде де ұдайы сұранысқа ие бола бермек. Туризм саласындағы жалғыз және ең маңызды өзгерістердің бірі, уақыт өте келе мамандар оффлайннан онлайн түрдегі жұмысқа өте бастайды.
8. Есепші-кассирлер
Бұл мамандық аса жауапты мамандықтың бірі. Сондықтан оны таңдарда міндеттері мен құқықтарын жақсы оқып, білу керек. Көптеген компаниялар бухгалтерия мен аудит жөнінде аутсорсингтік компаниялардың көмегіне жүгінетініне қарамастан, есепші мамандығы дамыған және дамушы елдерде сұранысқа ие мамандықтың бірі болып қала бермек.
9. Логистер
Ірі және шағын бизнестің дамуы елімізде және елімізден тыс жерлерде тауар тасымалдаумен тікелей байланысты. Осылайша материалдар мен ақпараттар тасқынын басқара алатын мамандар тапшылығы сезілуде.
10. Биотехнологтар
Биотехнология – биологиялық жүйе мен оның элементтерін пайдалану үдерісі. Қазақстандықтар биотехнологияны ауыл шаруашылығында, молекулярлық медицинада және биофармацевтикада қолданып жүр. Бұл салада да еліміз бойынша кадр тапшылығы қатты байқалуда.
Аталған мамандықтар қажеттілігінің негізгі себебі Қазақстан нарығындағы экономика өсуіндегі өзгеріс болып отыр.
Шымкентте оқу ақысы қандай?
Оңтүстік Қазақстан облысында 12 ЖОО, 93 колледж бар. Біз облыс орталығы Шымкент қаласындағы бірнеше университет пен колледжді аралап, ондағы оқу ақысын сұрастырып көрдік. Жоғарғы жаңа технологиялар колледжінде студенттерді 12 мамандық бойынша оқытады. Солардың ішінде ақпараттық жүйелер, ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану, гидротехникалық құрылыс мамандықтары аса сұранысқа ие көрінеді.
Аталған колледждің Студенттер контингентін қалыптастыру бөлімінің басшысы Айсұлу Дәуренбаева өңір бойынша «жоғары» деген дәрежені бірінші болып алғанын айтады.
– Жоғарғы жаңа технологиялар колледжінің бір ерекшелігі, тоғызыншы сыныпты бітірген оқушылар бірден бакалавр деңгейіндегі жоғарғы білім ала алады. Басқа колледжді бітіріп келгендер де 1 жыл 10 ай оқып, жоғарғы білім алуына болады. Олар кешенді тестілеуден өтпей-ақ әңгімелесу түрінде қабылданады. Соны ескерген жөн. Қазіргі таңда техникалық мамандықтарға сұраныс көп. Сонымен қатар құқықтану, есеп және аудит мамандықтары да олардан кем түспейді. Оларға арнайы грант берілмесе де, келісімшарт негізінде қабылданады. Оқу ақысы биыл 180 мың теңгеге көтерілді. Ал екінші жоғарғы білім алу үшін колледж бітіргендер сыртқы бөлімге – 156 мың теңге, күндізгі бөлімге – 228 мың теңге төлейді, – дейді Айсұлу Әліпқызы.
Ал Шымкент экономикалық колледжінде үш-ақ мамандыққа, яғни, қаржы, есеп және аудит, бағдарламалаушы мамандығына оқытады.
– Оқу ақысы күндізгі бөлімге – 110 мың теңге, сыртқы бөлімге – 85 мың теңге, – дейді колледж директоры Асылбек Құтжанұлы.
Таяуда ғана университет дәрежесін алған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде 30-дан аса мамандық бар.
– «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі», «физика», «биология», «дизайн» және «аударма ісі» мамандықтарына сұраныс көп. Әсіресе биологияны таңдайтындар көп, – дейді ОҚМПУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Халима Сартаева. Оның айтуынша, оқу ақысы күндізгі бөлімге – 285 мың теңге, сыртқы бөлімге – 140 мың теңге. Барлық мамандықтарға оқу ақысы бірдей.
Биыл М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 85 мамандық бойынша құжат қабылдайды. Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Құрманғали Сарықұлов (суретте) ауыл шаруашылығы, заңтану, биотехнология және ақпараттық технологиялар, сондай-ақ кітапхана ісі мамандықтарына сұраныс көп екеніне тоқталды. Басқасы басқа, кітапхана ісіне келуші жастардың көбейгені таңданыс туғызды. Сөйтсек, қазір кітапхана ісі жанданып, бұл салаға қажеттілік артқан. Бұл мамандық Қазақстан бойынша 4-ақ университетте оқытылады екен. Құрылыс мамандығын алуға ниет білдірушілер де көбейген.
– ОҚМУ-да оқу ақысы педагогикалық мамандықтарға – 280 мың теңге, гуманитарлық ғылымдар және әлеуметтік ғылымдар және бизнес мамандықтарына, сондай-ақ жаратылыстану ғылымдарына, қызмет көрсету мамандықтарына – 342,900 теңге, өнер мамандықтары – 371 мың теңге, техникалық ғылымдар және технологиялар – 346 600 теңге, ветеринария – 349 400 теңге.
Сонымен қатар биыл ҰБТ-ның жаңа форматта өтуіне байланысты өтетін уақыты да өзгерді. Жалпы бітірушілерді көптеген жаңа өзгерістер тосып тұр. Кешенді тестілеуден құлап қалғандардың құжаты былтыр 20-маусымнан бастап қабылданған. Ал биыл 1-20 маусым аралығында қабылдануда. Құрманғали Рахымберді-ұлы «талапкерлер құжат тапсыру уақытынан кешігіп қалмаса екен» дейді.
Ашығудың ағзаға әсері қандай?
Пятница, 09 Июнь 2017 05:39Қазір сауабы мол Рамазан айы кезінде қаншама мүмін аузын бекітіп, ішіп-жеуден тыйылып, мұсылмандық парызын орындап жатыр. Әрине, оразаның мұсылман қауымына парыз болуының мәні тек ішіп-жеуден тыйылу ғана емес. Тәніміз бен рухымыздың толық үйлесім тапқан оразасы ғана кәміл ораза қатарына жататынын жете ұғынған ләзім. Жалпы, ашығудың адам ағзасына әсері қандай? Бүгін осы сауалға жауап іздеп көрмекпіз.
Шолпан ӘБСАМАТОВА
Дәрісіз емделгіңіз келсе...
Шымкентте Ш.Әбішұлы атындағы «Халықтық және аштықпен емдеу орталығы» бар. Бұл – еліміздегі аштықпен емдейтін жалғыз мекеме. Ашылғанына жиырма жылға жуық уақыт болған емхана жылына – 1400-1500, айына – 110-120 адамды емдеп, дертіне шипа беріп жатады. Еліміздің түкпір-түкпірінен һәм Ресей, Қырғызстан, Өзбектан, тіпті, Қытай мен Түркиядан да адамдар осы орталыққа емделуге келеді екен. Сондай емделушілердің бірі – Петропавлдан келген М. есімді науқас. Емхананың Бас дәрігері, осы орталықтың ең білікті дәрігері Шолпан Әбсаматованың айтуынша, бұл науқастың әу бастағы салмағы 190 кг. Гипертониямен және тізе буындарының артрозымен бірнеше жыл бойы ауырған. Халықтық және аштықпен емдеу орталығының стационарында 25 күн жатып, 25 кг салмақ тастаған. Қан қысымының деңгейі бір қалыпқа түсіп, тізе буындарының ауыруы басылып, қимыл-қозғалысында белсенділік арта бастайды. Екінші рет төрт айдан кейін орталыққа тағы 15 күн жатып, 17 кг салмақ тастайды. Соның нәтижесінде науқастың тыныс алуы реттеліп, қан қысымы 130/80-ге түскен. Оның өмірге құлшынысы артып, жеке көлік жүргізе бастағанын әрі жаяу көп жүруге тырысатынын, дене жаттығуларымен көп айналысатынын айта кеткен жөн.
Емделудің ең аз уақыты – 10 күн
Мұндағы науқастардың дені ашығу арқылы денсаулығын қалпына келтіргісі келеді. Тіпті, дені сау адамдарды да көзіміз шалды. Қандай да бір аурудың алдын алу үшін осы емханаға ат басын бұрған. Аяғы ауыр әйелдер де 7-10 күндік аштық ұстаса, өзіне де, ішіндегі балаға да пайдалы болады екен. «Жерігі қатты келіншектер осы жерге арнайы келіп, 7-10 күн емделіп, жерігі басылып шығып жатыр», – дейді бас дәрігер.
Шолпан Медетқызының сөзінен ұққанымыз, ашығудың адам ағзасына пайдасы болмаса, зияны жоқ. Ал әлемде ашығудың түрі өте көп. Қазақстанда ашығуды ғылыми зерттеген ғалымдар жоқтың қасы. Көрші Ресейде 1932 жылдан бастап ашығуды ем ретінде енгізген. Ол жақтың барлық ауруханалары мен институттарында арнайы ашығу бөлімдері жұмыс істейді. Бір ғана Санкт-Петербургтың өзінде 5 мемлекеттік емхана аштықпен емдейді. Ресейдің көптеген ауруханалары ғылыми негізде аштықпен емдеуге маманданған. «Қаламыздағы бірегей емхана ашығудың қандай әдістемесіне сүйенеді?» деп сұрағанымызда, Ресейдің белгілі профессоры Надежда Семенованың әдісімен емдейтінін білдік. Емделудің ең аз уақыты – 10 күн. 20 күннен 30 күнге дейін емделіп жатқан адамдар да бар екен. 10 күннің ішінде 2 рет бауыр мен өтті жуады. Алғашқы күндері май мен лимон шырыны, екінші жартысында магнезия беріледі.
Емделу ақысына келсек, күндігі – 5000 теңге. Қазіргі нарыққа оңтайлы баға. Себебі, оның ішіне клизма, массаж, емдік сауна кіреді, қосымша шөп дәрілер беріледі.
– Адам бір күн ашықса да, ағза өз-өзін емдейді. Әсіресе, асқазан-ішек жолдарына өте пайдалы. Тазаланып, өз қызметін жақсарта алады. Жалпы ашығу дегеннің өзі – тазалану дегенді білдіреді. Пайғамбарларымыздың кезінде 40 күндік ораза болған. Онда да тек сумен ішкен. Кейіннен ораза уақыты 10 күнге қысқарып, 30 күн болды. Ораза кезінде адам барлық күш-қуатын қалпына келтіреді. Адамның тәні ғана тазаланбай, оның жаны да тазарады, – дейді Ш.Әбсаматова.
Тобықтай түйін. Бір таңғаларлығы, өткен ғасырлардағы ашаршылық, қиын-қыстау кезеңдерде өмір сүрген ата-бабаларымыздың өмір жасы ұзақ әрі дені сау болған. Мәселен, Ленинградта блокадада 100 күн қамауда болғандардың қай-қайсысы да ұзақ өмір сүрген. Ал АЛЖИР түрмесіндегі Алаш зиялыларының жұбайлары ше?! Олар да аштық пен қорлықта өмір сүрді. Алайда ұзақ та мағыналы ғұмыр кешті. «Адам ашықса, аштан өледі» дейтін қасаң түсінік көп пенденің көкейінен кетпейтіні шындық. Әсілі, олай емес. Ашыққан кезде, ағза тазаланып, иммунитетін көтереді. Бірақ, ашығумен емделуге тыйым салынған науқастар да бар. Қатерлі ісік және қант диабетінің І-сатысындағы науқастарға ашығуға болмайды. Осыны естен шығармаған абзал.
Джеки Чан мен Димаш – Астана сахнасында
Пятница, 09 Июнь 2017 04:57Әлемдік актер, каскадёр, кинорежиссёр, кино-продюсер, сценарист, әнші, миллиондаған көрерменнің сүйіктісіне айналған аңыз адам – Джеки Чан алғаш рет Астанаға аяқ басты.
«ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өтетін қытай кино апталығының ашылу салтанатына келген әлемдік кино өнерінің теңдессіз жұлдызын Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев әуежайдан өзі күтіп алды. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстандағы Қытай киносы фестивалінің күндері ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 7-18 маусым аралығында өтеді.
Журналистермен баспасөз мәслихатында Джеки Чан өзінің Қазақстан жайлы арманымен бөлісті. Актердің баспасөз мәслихатына өз елінің ұлттық киімімен келіп, тек қана қытайша сөйлеуі жұртшылықты тәнті етті.– Шынын айтқанда, осыған дейін Қазақстанға келіп, кинематографиямен айналысуды армандаған едім. Алайда уақыттың тапшылығынан, бүгінге дейін бұл арманымды жүзеге асыра алмадым. Болашақта Қазақстанға міндетті түрде келіп, осы саладағы еңбегімді іске асырмақ ойдамын. Одан кейін Қазақстанда да кунг-фу мектебі ашылып қалар деп ойлаймын, - деді Джеки Чан.
Сонымен қатар, ол журналистер сауалына жауап беру кезінде 63 жастағы атақты актер жетістікке біртіндеп, сатылап жеткенін айтты.
Салтанатты шарада қонақкәде ретінде қытай тілінде «Отан» әнін шырқады. Актер бұл ән отаншылдыққа баулитынын, сондай-ақ, барлық адам өз отанын сүю керек екендігін жеткізді.
Айта кетейік, Джеки Чанның ән шашуынан кейін қазақстандық әнші Димаш Құдайберген сахнаға шығып, «Singer» байқауында шырқаған қытайша «Күзгі мұң» әнін айтып берді.
Құда мың жылдық...
Среда, 07 Июнь 2017 06:07Бірлікті биік қойған берекелі әулет
Елімізде халқымызбен, біздің салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызбен біте қайнасып кеткен өзге ұлт өкілдері баршылық. Ұлты өзге болса да, жан-тәнімен, бар болмыс-бітімімен қазақ болып кеткен Теміровтер әулетін ұйғыр дегеннен гөрі қазақ деуге көбірек келетіндей. Бұлай дейтініміз, олардың ұрпақтары, балалары мен немере-шөберелері ұйғыр тілін білмейді, есесіне қазақша сөйлейді, қазақ мектебіне барады.
Тағы бір таңданарлығы, бұл әулет қазаққа қыз беріп, қыз алған.
Табалдырықтан аттағаннан-ақосы әулеттің келіні Динара бізге иіліп сәлем салды. Келген қонаққа иіліп сәлем салатын салт ұйғырларда да бар. «Журналистер келеді» деген соң әулеттің үлкені мен кішісі, құдалары Зәйтүнә әжейдің шаңырағына жиналыпты. Бәрі қаз-қатар тұрып, хал-жағдай сұрасып жатыр. Қонақжай шаңырақтың ыстық пейілі олардың әрбір іс-әрекетінен, сөзі мен лебізінен білініп-ақ тұр.
Қонақ бөлмесінде басталған әңгімеміз әулеттің үлкендерімен сұхбаттасудан басталды. Келер жылы сексеннің сеңгіріне шыққалы отырған Зәйтүнә әжей бүгінде осы әулеттің ақ самайлы қариясы, ақылшысы.
– Көп ұлтты қазақ жерінде ел қатарлы біздер, ұйғырлар да тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Қазақ халқы ешқашан бізді кеудемізден итерген емес. Тілімізді, салт-дәстүрімізді сақтауға кедергі жоқ. Ол үшін Қазақстанда барлық жағдай жасалып, қамқорлық көрсетіліп келеді, – деді Зәйтүнә Темірова қазақ тілінде ағынан жарылып. Оның қасында отырған құдағиы Тұрниса Тұрдиеваны да бір қарағанда қазақ екен деп қаласыз. Ауылдағы өзіміздің жаулығы қарқарадай әжелеріміз сияқты екі құдағи әңгіме тиегін ағытты. Қос құлынын үйлендіріп, той жасағандағы қызықтарын еске алды. Бір байқағанымыз, қазақ пен ұйғырдың салты өте ұқсас. Келін түсіру, беташар жасау, құрсақ көтеру тойы, шілдехана, бесік той, азан шақырып ат қою, тұсаукесер, баланы ашамайға мінгізу, сүндет той, қыз ұзату, құда той, кит беру, т.б. салт-дәстүр түрлері оларда да бар. Содан да болар, ұйғырлардың достық пен ынтымақ дәнекері болып, қазаққа қыз беріп, қыз алғаны.
– Өзімнің інілерім де, әпке-сіңлілерім де, ұл-қыздарым да қазақтармен бас қосты. Ешкім де қарсылық танытпады. Қазақтан алған келіндеріміз түскен күнінен-ақ біздің ортамызға үйренісіп кетті. Мәселен, інім Нижадтың үйіндегі Динара келіннің түскеніне 9 жыл болды. Қазір 4 баланың анасы, мақтаулы келіндердің қатарынан. Қыздарымыздың да барған жері риза. Құда-құдағиларымыздың көңілі толмай, алаңдағанын көрген емеспін, – деді Тұрниса Әбілахатқызы.
Теміровтер әулетінің келіні Гөзәл – Шымкенттегі ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы жұмысын негізгі адвокаттық жұмысына қосымша алып жүр. Өзінің төрт қызын, яғни, Зәйтүнә әжейдің 4 немересін түгел бесікке салып өсіріпті. Гөзәл әңгіме арасында ұйғыр тілін енді-енді үйреніп жүргенін айтып қалды. Ал қыздары тек қазақ және орыс тілдерінде сөйлейді екен.
Қонақжай шаңыраққа бізбен қатар қалалық Ұйғыр этномәдени бірлестігінің жанындағы Әйелдер кеңесінің төрайымы Нұрғиса Ниязова да қонақ болып келген екен. Шымкентке отбасымен қоныстанғанына 50 жылдан асқан апамыз бірлестіктің жұмысына да тоқталып өтті. Өткен жылы «Ет асу» фестивалінде бірінші орынды иеленген аталған бірлестіктің басқа да түрлі жетістіктері жетерлік.
Нұрғиса қажының айтуынша, Шымкент қаласының өзінде қазіргі таңда 2500-дей ұйғыр татулықта, бірлік пен жасампаздықтаөмір сүруде. Ұйғырлардың жергілікті халықпен араласып, біте қайнасып кетуінің көрінісі, қазақпен құда болғандығында болса керек.
– Өзімнің отбасымда менен басқасының барлығы қазақ ұлтымен отбасын құрған. Туған әпкем мен екі сіңлім қазаққа күйеуге шыққан. Інім де қазақтың қызына үйленді. Қазір бәрі де немере көріп отыр, - дейді Нұрғиса Ниязова.
Қызды-қызды әңгімемен отырғанда, Гөзәл барлығымызды дастархан басына шақырды. Біздің келе жатқанымызды ести салысымен, қазан көтеріп, ет асыпты. Теміровтердің мол дастарханынан ет жеп, сорпа іштік. Қазақтың кең көңілі мен дархан пейілінің лебі ескендей болды. Елдің амандығын тілеп, ынтымақ-бірліктің ұйытқысы болып отырған Теміровтер әулеті үлгілі, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуді басты мақсат тұтады.