Қарағайға қарап тал өсер...
Среда, 26 Апрель 2017 09:56Шымкентте «Отбасы – бақыт мекені» атты облыстық форум өтті. Форумның әдістемелік көрмесінде қаладағы бірнеше мектеп оқушыларының Күн энергиясының тиімділігін арттыруға байланысты ғылыми жұмыстары қойылды. Атап айтар болсақ, «Энергетикалық кешен», «Робот көлік», «Жел электр станциясының моделі», «Шатыр арқылы жылу алатын үй», «Кедергілерді сезетін робот машина», «Қашықтықтан суғаратын құрал», «Күн батареясы арқылы жүретін тасбақа, «Ультрадыбысты сенсорлы робот», «Қашықтықтан басқарылатын машина», «Массаж жасаушы» іспетті жобалар оқушылардың өз қолымен жасалған.
Өңірімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жиынға 700-ге жуық адам қатысты. Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Ергашева бала тәрбиесінде отбасының алатын орнына тоқталды.
– Өмірлік тәжірибе дәлелдеп отырғанындай, баланың тұлға болып қалыптасуына тікелей ықпал ететін фактор – ата-ана. Отбасы балаға рухани ұлттық дәстүрлерді үйрететін бір мектеп. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, бала әке-шешесінен көргенін айнытпай қайталап, бойына сіңіреді. Жаһандық даму үдерісіне негізделген ұлттық құндылықтардан алыстап, әлемдік мәдени үрдіске ұмтылған тұста, өкінішке қарай, бала тәрбиесін біршама босаңсытып алдық. Біз ұлттық өрлеуді өмірінің өзегі еткен халықпыз. Сондықтан бүгінгі басты мақсатымыз ұрпақ тәрбесі болуға тиіс, – деді Раушан Естілеусқызы.
Жиында сөз алған «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалының ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің меңгерушісі Есімхан Бертаев та отбасы тәрбиесіне қатысты ойын ортаға салды.
– Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің басты бөлігі. «Қарағайға қарап тал өсер, отбасыға қарап бала өсер». Ата-ананың бір-біріне деген қарым-қатынасына қарап өсетіндігі, келген қонақты қалай сыйлайтыны, тіпті, қалай тамақтанатыны туралы ұсақ-түйекке дейін бала тәрбиесіне әсер етеді. Баланы ұрып-соғып, қателескен жерінде қатаң жазалап тәрбиелеудің қажеті жоқ. Ақылмен мысал келтіре отырып түсіндіру керек. Баланы адамгершілікке, ұқыптылыққа, әдептілікке, жауапкершілікке сөзбен жеткізе отырып тәрбиелеу қажет. Қай заманда болмасын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән беріп келген. Тәрбиенің мақсаты – пәнді керемет оқитын оқушыны емес, адамды тәрбиелеу, – деді Есімхан Қалмаханұлы.
Бұдан кейін сөз алған ОҚО прокуратурасы ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің меңгерушісі Бекжан Балқыбеков күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселеге байланысты жасөспірім тәрбиесіне кері әсер ететін бірнеше фактор келтірді.
– Балаға дұрыс тәрбие беру үшін бірнеше кері әсер ететін жәйттар бар: отбасындағы жанжал мен орынсыз дау-дамайлар бала психикасына кері әсер етеді. Отбасындағы түсініспеушілік баланың бойында эмоциялық жайсыздықтар тудырады. Алғашқыда баланың адаптациялық қабілеттері төмендейді. Үлгерімі нашарлайды, қызығушылық деңгейі бәсеңдейді, көңіл-күйі орнықсыз, ашуланшақ болады. Күйзелістен өзін қоғамның толыққанды мүшесі сезінбейді. Өйткені, әлі есейіп үлгерген жоқ. Жасөспірімдер көп жағдайда мәселені терең түсіне алмай, күйзелісте болады. Олардың бойында құндылықтар жүйесі әлсірейді. Қолайсыз отбасы, ауыр психологиялық климат, ата-аналар арасындағы ұрыс-керістер, алкоголизмге ұрыну, ата-аналарынан айрылу, жасөспірімнің өз бетімен кетуі, үлкендер тарапынан қамқорлыққа ие болмау, қоршаған ортаның күлкісіне қалу, үлкендер тарапынан оның кез келген әрекетін сынға алу, нәтижелерімен қанағатсыздану, достарының жоқ болуы, топтан алшақтану, оқуда үлгерімі төмендеу, үлкендермен қарым-қатынасының нашарлауы, осының барлығы отбасындағы тәрбиеге байланысты орын алады, – деді.
Облыстық ата-аналар кеңесінің төрағасы Әнуарбек Бейсе де бұл тақырыпқа байланысты біршама тың деректер келтірді. Мәселені арыдан қозғады.
– Мектеп жасындағы қыздардың жүктілік фактілерінен де адам шошиды. Республика бойынша 800-ге жуық жасөспірім қыз ерте жүкті болса, соның 18-і – біздің Шымкентте. Ана сүті аузынан кетпей жатып, өз-өзіне қол жұмсау фактілері де жыл сайын артуда. Нақты деректерге сүйенетін болсақ, 2015 жылы – 90, 2016 жылы – 89 жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсаған. Осыдан 20 жыл бұрын мұндай жағдайды естісек, таңғалар едік. Қазір қалыпты жағдай ретінде қарайтын болдық, – деп Әнуарбек Қабылбекұлы барлық келеңсіздіктер ата-ана тәрбиесінің аздығынан орын алып жатқанына тоқталды. – Мектепте оқушы жарты-ақ күн болады. Сосын мектеп жиналысына ата-аналардың 60 пайыздайы қатыспайды. Бала тәрбиесіне немқарайлы қарайтын ата-аналарды әкімшілік жауапкершілікке тартса, сосын мектептерде ата-аналар комитеті отыратын бір кабинет берілсе, – деді ол.
Жиынның қорытынды бөлігінде мынадай ұсыныстар айтылды: аудандық, қалалық білім бөлімдері тарапынан ата-аналар форумын өткізу, ата-аналар кеңесінің жұмысын жетілдіру, бала тәрбиесіндегі ата-аналардың жауапкершілігін, сауаттылығын арттыру мақсатында әрбір мектептің базасында қоғамдық негізде жұмыс атқаратын «Отбасы орталығын» ашу, білім беру ұйымдарында оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуді ұйымдастыру, үйірме жұмыстарын жетілдіру.
Форумнан түйген ойымыз, «Мәңгілік елдің» ұланын тәрбиелеуге сіз бен біз, жалпы қоғам ыждаһаттылықпен, аса бір нәзіктікпен іс-әрекетке көшуіміздің қажеттілігі туындап тұр. Ол іс-әрекет әрбір ата-ананың баласының өміріне жауапкершілігі мен уақыт бөле білуінен бастау алады.
Елдің күші – бірлікте
Среда, 26 Апрель 2017 09:34Таяуда көктемгі су тасқынынан Қазақстанның 7 өңірінде: Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында, 52 елдімекенге зиян келген болатын. Салдарынан 1949 үй су астында қалып, 120 тас жолын су шайып кеткен.
Осыған орай, Оңтүстік жастары бей-жай қарамастан, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету акциясын бастады. Ол үшін үндеу жарияланып, арнайы штаб ашылып, аз уақыт ішінде қол ұшын берген азаматтардан қажетті заттар мен қаражаттар қабылданды.
Қазіргі уақытқа дейін 100-ге жуық азаматтардан қаржылай және заттай гуманитарлық көмек қабылданған.
Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жанынан құрылған «Бізбен бірге» еріктілер мектебінен құрылған арнайы штабқа бүгінгі таңда 22 сөмке киім-кешек пен азық-түлік, сондай-ақ қаржылай көмек жиналған. Бұл іске Ордабасы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі де өз үлестерін қосты.
Сондай-ақ, Кентау қаласы мен Түркістан қаласы, Шардара ауданы мен Сарыағаш ауданы қаржылай көмек көрсетуде. Ал Мақтарал ауданы ман Қазығұрт ауданы тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікпен қамтамасыз етуге әзір.
ҚазҰУ ғалымдары Шымкентке келді
Пятница, 21 Апрель 2017 09:10Шымкент қаласының әкімдігі мен Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғылыми-инновациялық департаменті бірігіп, Көркемсурет галереясының қабырғасында көрме өткізді.
ҚазҰУ-дан келген ғалым-зерттеушілер Шымкент жұртшылығына ғылыми айналымда бар, алайда өндіріске енгізілмеген жобаларын таныстырды. Оңтүстікте өндіріс ошақтары көптігінің есебінен ғалымдар аталған жобаларды біздің өңірге таныстыруға мүдделі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылым жөніндегі технопаркі басшысының орынбасары Әлия Ақтымбаеваның айтуынша, көрмеге ҚазҰУ-дың 7 ғылыми институты, яғни 14 техникалық және технологиялық факультетінің ғалымдары қатысты. Бұған дейін зерттеушілер тобы Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар облыстарында болып қайтқан.
ҚазҰУ-дың криотехника және криотехнология лабораториясының меңгерушісі Әбдірахман Алдияров бастаған ғалымдар тобы сұйық азотты медицинада, биологияда, физикада, техникада, тіпті, ауыл шаруашылығында да қолдануға болатынын дәлелдеп шыққан.
– «Пепси Кола», «Кока кола» компаниялары бізге үнемі сұйық азотқа тапсырыс береді. Әр түрлі биологиялық активті заттарды ұзақ сақтау үшін алуан консерванттар қолданамыз. Бұл конcерванттар адам ағзасына өте зиян. Ал экологиялық таза азотпен қанықтыратын болсақ, азот нейтралды болған себебінен биологиялық байланысқа түспейді. Сөйтеді де, оның сақтау мерзімін ұлғайтады. Ауыл шаруашылық өнімдерін уақытша сақтайтын орындарда азотты қолданса, кеміргіштер мен құрт-құмырсқалар жойылады. Өнім өзінің бастапқы қалпын сақтап қалады. Әр түрлі паразитті өсімдіктерді, мәселен, сары шырмауықты сұйық азотпен өлтіруге болады. Тамақ түрлерінің сақтау мерзімін созу үшін де төменгі температуралы құрылғыларды жасағанбыз, - дейді зерттеуші.
Сонымен қатар көрмеге отандық дәрі-дәрмек өнімдері де қойылды. ҚазҰУ-дың химия ғылымдарының докторы Сергей Калугин өздері өндірген бірнеше дәріні таныстырып өтті.
– Гмелин кермегінен «Лимонидин» жақпамайы әсіресе әйелдер мен жас нәрестелерге өте пайдалы әрі арзан. Ұшықта, сүт безі ұштарының жазылуында, шатаралық тігістердің ашулында, ауыз қуысы шырышындағы жараларда, түрлі парадонт ауруларында таптырмас ем. Ал «Алхидин» биологиялық активті кешені тері ауруларын керемет емдейді, - деді С. Калугин.
Бұл дәрі-дәрмектерге лицензия алынғанымен, әлі өндіріске енгізіле қоймаған. Ғалымдар соны кәсіпкерлер мен фармацевтерге таныстырып, өндірісте қолдануға ұсыныс жасауға келген.
Экологиялық мәселелер жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының басшысының орынбасары Әлия Ерназарова көрмеге бірнеше жоба алып келген.
– Мал шаруашылығында жемге қоспа ретінде пробиотиктер дайындау жобасын ұсынудамыз. Бұл малдың түсімділігін, еттілігін арттыруға көмектеседі. Көп жобалар лабораториялық жағдайда дәлелденген, – дейді ол.
Экомобиль, экокиіз үй және ақылды жылыжай
Среда, 19 Апрель 2017 11:11Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептебінің оқушылары ойлап шығарған ғылыми жобалар кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. «Креативті самғау» шығармашылық идеялар фестивалінде қандай жұмыстар таныстырылмады десеңізші?! Байқаудың ашылуында мектеп оқушылары әр түрлі үлгідегі зымырандарды ұшырды. Оны балалар қолдан жасап, ұшыру әдісін жетік меңгерген. Арасында бөтелкеден жасалған зымырандарды да көзіміз шалды.
8 «F» сыныбы оқушыларының қолынан шыққан «Экомобиль» көлігінің өзі не тұрады?!. Үндістанның қоғамдық орындарда жүретін күймелеріне ұқсайтын аталған көлік түрін оқушы жасап шығарды дегенге алғашында сене қоймайсыз. «Пердесі жаздыгүні масадан қорғайды әрі ішіндегі безендірілген заттары эстетикалық әдемі түр береді», – дейді жоба жетекшісі Бақыт Амалбекова.
7 «А» сыныбының «техникалық кілем-ұшағы», тіпті, кісі қызығарлықтай. Сынып оқушылары оны бар-жоғы екі-ақ сағаттың ішінде жасап шығарған. Ал 7 «F» сынып оқушысы Марғұлан Беркінбаев «Жеңіс» атты экомобиль көлігін ойлап тапқан. Дөңгелек орнына скитбордты, орындық орнына қорапты пайдаланған. Марғұланның айтуынша, бұл экомобиль аса жылдам жүрмесе де, көлік ретінде пайдалануға тұрарлық. 11 «С» сынып оқушысы Әнуар Ардақ болса, «Сары найзағай» атты көлігіне 2 ай уақыт жұмсағандарын айтады. Сынып болып атсалысқан аталған жоба жылдамдығы жөнінен мектеп бойынша алдыңғы орында тұр. Бұл экомобильдердің барлығы да дәстүрлі түрде өтетін «Экомобильдердің креативті айналымы» байқауында бақ сынап отыр. Көліктердің жылдамдығы мен техникалық мінездемесіне қойылатып талап жоғары, қуаты екі немесе одан да көп адамның мінуіне лайықталған, экоотынмен жүретін болуы қажет.
Экомобильдерден бөлек, «Креативті самғау» фестивалінде 150-ге жуық ғылыми жобалар таныстырылды. Мәселен, 10 «В» сынып оқушысы Назым Зиябек ваннаға арналған сабынды көпіршік жасапты. Дәл осындай көпіршік жасайтын «Bubble mashine» құрылғысы – 7 «Д» сынып оқушысы Жәнібек Омаровтың жобасы.
Айдана Тұрлыбекова (11 «F» сынып оқушысы) қатты тұрмыстық қалдықтарды қайда өңдеуге арналған биогаз алу жолдарын ойлап тапқан. Биогаз алу үшін өзен суы мен карбонат кальцийі, тыңайытқыш үшеуін қосса, энергия күшейеді екен. Биогаз әлем бойынша пайдаланылғанымен, біздің елімізде әлі де қолданысқа енгізілмеген.
Ал таза суды үнемдеу үшін бау-бақшаға қажет кезінде жаңбыр суын қолданған қандай жақсы!.. 7 «С» сынып оқушылары Медина Бектөре мен Арайлым Айтжан сондай жаңбыр суын тиімді пайдалану мақсатында «Сужинағыш құрал» ойлап тауыпты. Бұл құралды тамның төбесіне қойып, су өткізгіштер арқылы бақшаны суаруға болады. Жібек Нұржігіт пен Мөлдір Сапарқұл – улы емес акварель бояуының авторлары. Акварель улы болмас үшін қыздар жүгері крахмалы, сода, сірке суы және тағам бояғыштарын пайдаланған. «Бұл бейнелеу өнеріне қызығатын балалар үшін өте пайдалы, арзан әрі тиімді, табиғи түс береді», – дейді авторлар.
Байқауда ерекше жобалардың бірі 7 «Е» сынып оқушылары Дана Батырбекова мен Әсел Ахаттың күйзеліске қарсы топтамасы болды. Шоколад, пісте, банан, апельсин, таңқурай мен жержаңғақ күйзелістен тез арылуға көмектеседі екен. «Бұл азық-түліктер тек антистресс емес, адам ағзасына өте пайдалы. Әсіресе, шоколадтың құрамында бақыт гормондары бар. Ғалымдар Британияда тегін шоколадтар таратып, оның ағзаға әсерін зерттеген. Осыдан кейін ол жақтағы қылмыс деңгейі 60 пайызға төмендегенін байқаған», – дейді Дана мен Әсел.
Ғалымдар әйелдер гардеробында синтетикалық киімдерге қарағанда жүннен тігілген киімдердің көп болғанын құп көреді. Өйткені, ол денсаулыққа пайдалы. Жүн жылу ұстағыш қасиетке ие. Тек демікпемен ауыратын адамдарға ғана ұсынылмайды. Ал артрит, артроз ауруларына таптырмас емнің бір түрі. Балаға ойыншық жасап беруге де болады. 7 «А» сынып оқушысы Дариға Түгелбайдың «Жүннен жасалған бұйымдар» жобасынан жүннің осындай тиімді тұстарын білдік.
«Экокиіз үй». Нұрсұлтан Байжановтың (11 «А» сынып оқушысы) аталған жобасы тек бөтелкеден жасалған. Экокиіз үйді жасау үшін ол 700 бөтелке жұмсапты.
– Қазір Қазақстанда статистика бойынша қоқыстың 40 пайызын бөтелкелер құрап отыр. Сол бөтелкелерге екінші өмір беріп, игі мақсатта жұмсау – жобаның мақсаты, – дейді жас ғалым.
– Өз жұмысын өзі атқаратын «Ақылды жылыжай» көріп па едіңіз?! Іштегі температураны да, ылғалдылықты да, су деңгейін де өзі реттеп отырады. «Бұл жобаның маңыздылығы сонда, қазір Шымкентте адам саны көбеюде, яғни, 1 миллионға жуықтайды. Бұл дегеніміз – халыққа сапалы өнім мен су үнемдеуді қажет етеді. «Ақылды жылыжай» арқылы суды да үнемдейміз әрі сапалы өнім аламыз, – дейді Сымбат Қанай мен Дана Нуралиевалар.
Мектеп директоры Қарагөз Әбдірахманованың пайымдауынша, «Креативті самғау» шығармашылық идеялар фестивалі діттеген мақсатына жетіп келеді. Мектептің ішкі байқауы осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп, тақырыбы «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналды. Балалар ізденіп, ғылыми жұмыс жасап, тәжірибеге енгізуді үйренді. Тек техникалық пәндерден емес, қазақ тілі мен әдебиетінен де ерекше жұмыстар таныстырылды.
Қаржының көбі – коммуналдық салаға
Среда, 19 Апрель 2017 10:57Кеше Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс 11-ші сессиясы өтті. Онда ОҚО мәслихатының 2017 жылғы 30 наурыздағы шешіміне сәйкес, Шымкент қаласының 2017-2019 жылдарға арналған бюджеті нақтыланды. Сессияға қала әкімі Ғ. Әбдірахымов пен 28 депутат қатысты.
Мәжілісті қалалық мәслихат сессиясының төрағасы Ғ. Ташқараев жүргізді. Бұған дейін Шымкент қаласының 2017-2019 жылдарға арналған бюджеті тұрақты комиссияда егжей-тегжейлі қаралған. Сол кезде қалалық бюджетке қандай өзгерістер енгізілгені туралы қала әкімінің орынбасары Г. Құрманбекова мәлімдеді. Түзетулердің нәтижесінде 2017-2019 жылдарға арналған нақтыланған бюджет былайша бөлінген:
– Республикалық бюджеттен және ҚР Ұлттық қорынан жалпы 599, 7 млн теңге көлемінде қосымша қаражаттар бөлінді;
– Облыстық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттердің жалпы 599,7 млн теңгесі қысқарды;
– Жергілікті бюджет бойынша, қала бюджетінің кіріс бөлігін 2517, 9 млн теңгеге ұлғайтылып отыр, сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу конкурстарының нәтижесі бойынша үнемделген қаражаттар келесідей мақсаттарға пайдаланылуда, оның ішінде:
– Білім, денешынықтыру және спорт, әлеуметтік қолдау және мәдениет салаларына 475, 1 млн теңге, құрылыс саласына 304,5 млн теңге, жолдарды жөндеу мен құрылысына 905, 7 млн теңге, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына 1314,6 млн теңге, тұрғын үй қатынастары 218,8 млн теңге және де өзге мақсаттарға қаржы бағытталуда.
Қалалық мәслихат хатшысы Н. Бекназаров тұрақты комиссиялар және фракциялар отырысында бюджет мәселесіне қатысты депутаттардың тарапынан біраз сауалдардың туындағанын айтты.
– Тоғыс елдімекенін ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі туралы, жарық, кәсіпкерлік және спорт мәселелеріне байланысты сауалдарға депутаттар өз жауабын алды деп ойлаймын, - деді Н. Құдиярұлы.
Жиында сөз алған қала әкімі Ғ. Әбдірахымов депутаттардың шешіміне алғыс білдірді. Көктемде атқарып үлгеруге тиіс шаруаның шаш етектен екенін айтып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Өткен сессияда мәслихат құрамына қосылған депутаттар Т. Сұлтанова мен М. Нұрмановты құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Шымкенттің аяқ киімдері: бағасы мен сапасы қандай?
Понедельник, 17 Апрель 2017 04:45Естеріңізде болса, Елбасы биылғы Жолдауында Үкімет пен әкімдерге биылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеу міндетін жүктеген еді. «Дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу керек. Бұл жұмысты, әсіресе, өңірлік деңгейде атқару маңызды», – деген болатын Президент. Осыған орай біздің өңірімізде де шағын және орта бизнестің үлесі артып келеді. Шымкентте аяқ киім шығаратын екі бірдей фабрика бар. «Заря» және «Софи» деген отандық өндірушілердің өнімі бүгінде дүкен сөрелеріне жетпей-ақ таусылып қалады. Себебі, қарапайым халық Қытайдан келетін арзан аяқ киімнен гөрі сол бағадағы өзіміздің өнімдер әлдеқайда сапалы әрі тиімді екенін ұғынды.
«Софи»-дің тауары – табиғи таза былғарыдан
Қытайдың жасанды дермантинінен жасалған аяқ киімінің бір маусымды аяқтар-аяқтамас «шаруасы бітсе», «Софи»-дің аяқ киімдерін бірнеше маусым алаңсыз киесіз.
– Біздің аяқ киімдер табиғи таза былғарыдан, тері, күдері былғары (замшевая кожа) мен лакталған былғарыдан, шүберектен де жасалады. Ерлер мен әйелдер, жасөспірімдерге арналған аяқ киімдердің бағасы да қолжетімді, жаздық аяқ киімдер – 7-8 мың теңгеден, ал қыстық аяқ киімдер – 10-15 мың теңгеден сатылуда, – дейді «Софи» аяқ киім фабрикасының басшысы Артық Марайымов.
Кейіпкеріміз аяқ киім шығару өнерін әкесі Сәйдікәрімнен үйреніпті. 1950-60 жылдары Сейдікәрім қария Шымкенттегі танымал етікшінің бірі болған деседі. Әкенің қанымен берілген қолөнерлік қасиет Артықты да осы салаға жетелеген. 1976 жылы қалалық оқу-өндірістік комбинатты оқып тәмамдаған соң, кәсіби маман атанады. Шебер өзінің «Тассай» атты жеке кооперативін ашып, шаруасын 90-жылдардың орта тұсына дейін дөңгелетеді. 1994 жылы нарықтың аумалы-төкпелі кезеңінде бұл кооператив жабылғаннан кейін Марайымовтар отбасы басын шалмаған кәсіп қалмаған шығар. Азық-түлік дүкені, асхана, қала берді көлік жөндеу орталығын да ашып, бизнестің әрқилы түрлерінде бағын сынап көрген. Алайда, әу бастағы қанмен берілген қолөнершілік – ата кәсіптен артығы жоқ екенін түсінген Артық Сәйдікәрімұлы қайтадан аяқ киім шығару саласына бет бұрады. Осыдан екі жыл бұрын, яғни, 2015 жылы немере қызының есімін еншілеген «Софи» деген атпен кәсібін қайта бастайды. Етікші өзінің Момышұлы, 23 мекенжайында жеке учаскесінен шағын дүкен мен цех ашқан. Бұл фабриканың Шымкент қаласындағы «Спорт» шағынауданында тағы бір дүкен-бөлімшесі бар.
Атадан балаға мұра болып келе жатқан кәсіпті әулет болып жалғастырып келеді. Артықтың бауырлары мен балалары да осы шаруаға ден қойған. Ал жары Сахабат Марайымова – фабриканың тігіншісі. Отбасы мүшелерінен өзге кәсіпорын 10 шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа айлық жалақысы – 50-60 мың теңге көлемінде.
Шебер былғары мен теріні, тігуге қажетті жіп іспетті шикізаттың барлығын негізінен көрші Өзбекстаннан және Жамбыл облысынан, сондай-ақ Шымкенттің өзінен алынатынын айтады. Ал аяқ киім табанының дайын үлгісі Қытайдың фабрикалары мен Өзбекстан, Түркиядан әкелінеді.
Өнімдерін ЭКСПО көрмесіне апарады
Артық Марайымовтың айтуынша, күніне 10-15 аяқ киім саудаланады. Фабриканың айлық тауар айналымы шамамен 1 400 000 мың теңгені құрайды. Әзірге Қазақстанның Астана, Алматы, Түркістан, Жетісай секілді қалаларына жөнелтілуде. Кәсіпорын алдағы жазда ЭКСПО көрмесіне қатысуға дайындық үстінде. Ал жергілікті базарларда «Софидің» аяқ киімдері сатылмайды. Неге десеңіз, базар сатушылары Қытайдың жасанды дермантинінен жасалған аяқ киімдерді арзан бағада сатып алып, үстеме ақысын көп қойғанды жөн санайды. Бірақ, бағасы қолжетімді әрі сапалы аяқ киім іздегендер Момышұлы көшесіндегі «Софи» дүкенін адаспай-ақ тауып алады.
«Софи»-дің аяқ киімдері қалай тігіледі?» деген оймен біз де кәсіпорын цехындағы жұмыс үдерісін бақылап көрдік. Алдымен аяқ киімнің үлгісі пішіледі. Одан кейін қолмен былғары мен астары біріктіріліп, мәшіңкеде, қалған кейбір жерлері қолмен тігіледі. Мысалы, бір аяқ киім түске дейін пішіліп, тігілсе, түстен кейін жапсырылып, қыздырылып, кептірілуге жіберіледі. Сонда бір жұп аяқ киім бір күнде дайын болады. Шеберханада 10 шақты шебердің барын ескерсек, күніне 10 аяқ киім сатуға шығарылады.
Фабрика тігіншісі Сахабат Суярқызы сәуір айында әйелдер аяқ киімінің түрі көбейетінін жеткізді. Егер «Даму» қорынан қолдау алса, кәсіпорынды кеңейтпек ниетте. Ол үшін әйелдер аяқ киімінің сан түрлі үлгісі мен былғары, терілері дайын тұр. Бұған дейін негізінен ерлер аяқ киімін шығарып келдік. Ал сәуірден бастап әйелдердікін де саудаламақпыз.
Кәсіпке адалдық керек!
Ешкімнің қолдауынсыз, таза өз еңбегімен қазіргі нарықтық жағдайда бүтін бір фабриканы ұстап тұрған кәсіпкердің жанкештілігін айтпай кетуге болмас. Кәсібіне деген, еңбекке деген сүйіспеншілік оны бүгінгі дәрежесіне жеткізді. Осындай отандық өндірушінің қолынан шыққан табиғи таза былғарыдан жасалған туфли мен сандалдар, етік түрлері және спорттық аяқ киімдерін іздесеңіз, «Софиден» табасыз. Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, еліңе пайдаң тисін десең, қазақстандық өнімді сатып ал! Өйткені, отандық өндірушілер мемлекет қазынасына салық төлеп қана қоймай, азаматтарға жұмыс орнын ашып береді.
«Заряға» бас сұғатындар көп
Шымкенттегі аяқ киім шығаратын атақты «Заряны» білмейтіндер некен-саяқ. Кеңес кезінде дәурені дүркіреген фабрикадан бүгінде Қырғы базардың маңайындағы ұядай үш бөлмеде шығарылатын аяқ киімдер қалған. Бір бөлмесі – цех, екінші бөлмесі – дүкен, үшіншісі – қойма. Осында «Заря» сауда белгісімен, арнайы фирмалық қораптағы аяқ киімдер өңіріміз бен көрші облыс тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді бағада қамтамасыз етіп отыр. Бұдан бөлек, тағы бір бөлімшесі жұмыс істеуде.
Бұрынғы «Заря» 1992 жылы заманның қиын-қыстау кезеңінде қаржылық дағдарыстан жабылып еді. 2011 жылы кәсіпорын жетекшісі Әлімжан Ибрайымовтың көзсіз тәуекел етуімен «Заря» нарыққа қайта келді.
«Барлық істе дерлік ең қиыны – басталуы» деген екен бір ғұлама. Әлімжанға да бір кезде құрдымға кеткен кәсіпорынды қайта ашып, маркетингін жолға қойып, еңсесін тіктеу оңайға түскен жоқ. Осыған дейін тек өзінің қаржысымен әупірімдеп келген кәсіпкер жуырда Кәсіпкерлер палатасымен келіссөздер жүргізіпті. «Даму» қоры «Заря»-ның өнімдерін көрмелерге тұрақты түрде қатыстырып, клиент санының күрт артуына септігін тигізген. Ал қуантарлығы, палата таяу уақытта шеберханаға алып ғимарат бермек.
Біз барғанда «Заряның» аяқ киім дүкеніне кіріп-шығушылар көп екен. Олар құр қол емес, бір-бір қорапты қолтығына қысып шығуда. Тіпті, клиенттердің көптігінен кәсіпорын жетекшісі Әлімжан Ахметжанұлы бізбен сұхбаттасудың сәтін әрең тапты.
– Біз сұранысқа сәйкес аяқ-киімдердің түрі мен үлгісін өзгертудеміз. Енді Үкіметтен қаржылай қолдау болса, брендке айналатын күн алыс емес. Өйткені, біздің аяқ киімді алған адам міндетті түрде қайта келеді, – дейді Әлімжан Ибрайымов.
Денсаулыққа пайдалы
Мұндағы аяқ киімдердің бағасына келсек, қымбат деуге де, арзан деуге де келмейді. Қолжетімді бағадағы балалар аяқ киімін – 5-7 мың, әйелдердікін – 4-9 мың, ерлердікін – 5-12 мың теңге аралығында алуға болады.
«Заряның» аяқ киімдері Алматы, Тараз қалалары мен Оңтүстіктің барлық аудандарына шығарылады. Дәл қазіргі уақытта Петропавл және Семей облыстарынан аталған фабриканың өнімдеріне сұраныс түсіп жатқанға ұқсайды.
Цех бригадирі Шуһрат Асанов шеберханада бір күнде 70-80 жұп аяқ киім дайындалса, оның 40-50-і сатылып кететінін айтады.
– Біздің аяқ киімдер таза былғарыдан жасалады. Үсті – қара малдың, астары – қойдың терісінен істелінеді. Резіңкелі, арзан, жасанды теріден жасалған аяқ киімдерге қарағанда денсаулыққа да пайдалы. Аяқты терлетпейді, – дейді Шуһрат.
Мұнда ерлер аяқ киімінің 100, әйелдер аяқ киімінің 40 түрі бар. Шикізаттың барлығы шетелдерден және көрші облыстардан алынады. Мәселен табаны мен бауы, былғарысы – Ресей, Түркия, Семей, Тараздан, аяқ киімдерге арналған крем – Қытайдан әкелінеді.
«Заря» аяқ киім шеберханасы да – отбасылық кәсіп. Жетекшісі Әлімжанның өз ұлы мен інілері, туыстары және цех бригадирі Шуһраттың баласы да осы жерде еңбегімен несібесін тереді. Кәсіпорын жалпы саны 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа айлық жалақысы 70-80 мың теңге.
Тобықтай түйін.
Екі фабрикада болып, басшыларымен сұхбаттасып, жұмыс барысынан байқағанымыз қазір кәсіби аяқ киім шеберлері жоқтың қасы. Кеңес кезінде қаламызда аяқ киім тігушілерді дайындайтын оқу-өндірістік комбинат болған. Бірақ ол кейіннен жабылып қалған. Сол оқу ошағының соңғы түлектері бүгінде өңір тұрғындарын аяқ киіммен қамтамасыз етіп отыр. «Заряның» да, «Софидің» де басшылары – сол қалалық оқу-өндірістік комбинаттың түлектері. Шымкенттің аяқ киімі брендке айналуы үшін алдымен кәсіби маман даярлайтын оқу ордасын, тым болмағанда, факультет ашылуы керек.
Үшем келді дүниеге
Пятница, 14 Апрель 2017 11:45Бегім, Сырым және Сезім
№2 қалалық перзентханада наурыздың 30-ы күні жас ана сәбилерін аман-есен босанып, аяқ-қолын бауырына алған.
26 жастағы Жансұлу Есенәлиеваның үшемге дейін үш баласы болған. Жас келіншектің қуанышында шек жоқ. Сәбилерге Бегім, Сырым және Сезім деп ат қойған әкесі мен әулетінің туыстары да бөркін аспанға атып қуануда. Үшемнің әкесі Әбдісамат Исахметов әр қазақтың үйіне осындай той болсын деп тілегін жеткізді.
Нәрестелердің 2-еуі – ұл (2 кг), 1-еуі – қыз (1,8 кг).
– Қазақ бір бала туса, қуанады. Ал үш бала туғанда үш есе қуанады. Шымкент жұртшылығы да шат-шадыман, мәз-мейрам көңіл күйде, – дейді №2 Шымкент қалалық перзентхананың бас дәрігері Эльмира Қожахметова.
Айта кетейік, №2 Шымкент қалалық перзентханасында өткен үш айдың ішінде 2200 сәби дүние есігін ашқан. Есенәлиевтердің үшемдері биылғы өмірге келген алғашқы үшем.
Жастар «Серпінмен» оқып жүр
Среда, 12 Апрель 2017 06:22Әдетте шетелден жұмыс іздеп келгендерді мигрант дейміз ғой. Бүгінде өз елімізде жастар миграциясына түрткі болу үшін «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы бойынша «Серпін-2050» бағдарламасы қабылданғанын білеміз.
Елбасы өзінің Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясының негізінде: «Елімізде жұмыс орындарын құрудамыз, жаңа өндірістер салудамыз. Сондықтан, жұмыс бар жерге бару керек» – деп көрсеткен болатын.
Қазіргі таңда Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында бала туу деңгейі жоғары, өзге өңірлерден көшіп келушілер саны да көп. Мұның салдарынан жұмыссыздық мәселесі туындайды. Әлеуметтік мекемелер, тұрғын үй, мектеп, балабақша жетіспеуінің өзі өте өзекті мәселе. Оқу бітіріп жұмыссыз қалғандардың саны өсуде. Мектеп бітіргендер колледждерге оқуға түсе алмайды, себебі үміткерлер саны көп, орын жетіспейді. Еңбек күшінің артып тұруына байланысты кадрлық сұраныстың азаюы – нарық экономикасының заңдылығы. Керісінше, Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс облыстарында еңбек ресурсының тапшылығы қатты сезілуде. Ең басты себеп туу денгейінің төмендігі және сыртқа көшіп кету (эмиграция). Сол өңірлердегі өндіріс орындары еңбек күші жетіспеушілігінен өз әлеуетін толық іске асыра алмай отыр.
Жұмыссыздық пен әлеуметтік теңсіздікті шешу үшін қабылданған бағдарлама 2014 жылдан бері іске асып келеді. Оңтүстіктің жастары солтүстік, орталық, шығыс пен батысқа барып, тегін білім алып, жоғары шәкіртақыға ие болып, жақсы мамандық алып шықпақ. Жобаның алғашқы қарлығаштары келер жылы, яғни, 2018 жылы оқуын тәмамдап, индустрияландыру шарасына қатысады. Солардың бір парасымен таныс болсақ.
Білім алуға барлық жағдай жасалған
Шығыс Қазақстан облысында 1000-нан астам орта және ірі ауыр, түрлі-түсті металлургия өнеркәсіп мекемелері мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлесін қосып отыр. Бұл өңір тарихи қалыптасқан табиғат жағдайымен, флорасы мен фаунасының байлығы, ландшафт ерекшеліктерімен таңғалдыратын өлке.
Осы табиғи бай өлкеде көптеген оқу орындары тарихи қалыптасып, еліміз үшін мамандар даярлайтын сенімді де сапалы білім оқу ордаларына айналған. Шығыс аймағында 11 орта кәсіптік білім беру колледждерімен қатар 5 жоғары оқу орындары бұл мемлекеттік шараға тікелей қатысуда.
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университеті мемлекетіміздің 24 жоғары оқу орындарының қатарында ұзақ мерзімді стратегияны іске асырып келеді. «Мәңгілік ел жастары – индустрияға! – «Серпін – 2050» атты әлеуметтік жобасы аясындағы бағдарлама шеңберінде 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Маңғыстау облысынан келген талапкерлерді оқыту үрдісіне араласып, тегін оқытуды қолға алған.
Бес өңірден келген студенттердің бәрі де жатақханамен, жол, шәкірт ақысымен, медициналық қызмет көрсетумен қамтылған. Бағдарламаның түбегейлі міндеті – студенттерге білім берумен қатар, қызмет орнымен кепілді түрде қамсыздандыру, өңірде қалып қызмет атқаруға ниет білдіргендерге қолдау көрсету.
– ШҚМУ 2014-2015 оқу жылы – 138, 2015-2016 жылы – 175, 2016-2017 оқу жылында 155 талапкерді студенттер қатарына мемлекеттік грант негізінде оқуға қабылдады. ШҚМУ-де жалпы «Серпін» бағдарламасы бойынша 462 студент білім алумен қатар, студенттік ғылыми, қоғамдық жұмыстармен шұғылдануда. «Серпін» бағдарламасының аясында оқитын 462 студенттің 444-і жатақханамен (студенттер үйі) қамтамасыз етіліп, барлықa тұрмыстық жағдай жасалған. ШҚМУ қабырғасында серпіндік студенттер 21 мамандық бойынша білім алуда, – дейді аталған университеттің стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Анар Мырзағалиева.
Шетелге тәжірибе алмасуға жібереді Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде биылғы 2016-2017 оқу жылында 18 серпіндік студент оқып жатыр. Дәл қазіргі уақытта оның он шақтысы академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Польша мемлекетінің Белосток қаласындағы Қаржы және басқару жоғары мектебінде І семестрге жіберілген. Сарыағаштық Арайлым Омар – аталған университеттің «Ақпараттық технологиялар және экономика» факультетінің 1 курс студенті.
– Біз үшін аудиториядағы сабақтардан тыс, қала бойынша қызықты экскурсиялар, бизнес-жобаның аясындағы түрлі компаниялар мен кәсіпорындарға бару жоспарланған, – дейді Арайлым. «Семейдегі ҚИГЗУ жастарға тегін әрі сапалы жоғары білім беріп қана қоймай, студенттерін шетелдерге тәжірибе алмасуға жібереді. Алдағы күзде академиялық ұтқырлық бойынша студенттердің екінші легін шетелге жіберу жоспарда», – дейді ректор Шырын Құрманбаева.
Ешқайсысы жұмыссыз қалмайды
Ал Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университетінде биыл 210 студент «Серпін» бойынша білім алуда. Оқу ордасының әкімшілік департаментінің директоры Мәншүк Бейзелдинова «Серпін – 2050» жобасы жастарға үлкен мүмкіндіктер туғызып, өмірден өз орнын тауып кетуіне даңғыл жол ашатынын айтады.
– «Серпін – 2050» жобасы бойынша биыл екінші жыл студенттерді қабылдап жатырмыз. 2014-2015 оқу жылы пилоттық жоба болғандықтан қатыса алмадық. 2015-2016 жылы 13 мамандық бойынша 440 студент алдық. 2016-2017 оқу жылында 214 жасты қабылдадық, қазір 210 шәкірт оқып жатыр. Екі жылда 602 студент аталмыш бағдарлама бойынша білім алуда, – дейді Мәншүк Зекенқызы.
Әкімшілік департаменті директорының айтуынша, техникалық университет болған соң, оқу-әдістемелік құралдары, техникалық жабдықтаулар талапқа сай. Университетте үш жатақхана бар. Серпіндіктердің барлығы 100 пайыз жатақханамен қамтылған. Жатақханадағы жайлы жағдай ондағы әр бөлмедегі интернет пен теледидар, тоңазытқыш жастардың алаңсыз білім алуына, ізденуіне мол мүмкіндік.
Бұл университетте металлургия, жер туралы ғылым, құрылыс, халықаралық мектеп, бизнес және ақпараттық технологиялар сияқты 5 факультет бар болса, соның бесеуінде де серпіндіктер оқиды. ОҚО, Қазығұрт ауданынан барған Аяжан Аюбай – геодезия және картография мамандығының 2-курс студенті.
– Ай сайын 20 000 мың теңге шәкіртақы аламыз. Оқуды бітіргесін, осында жұмысқа қалсам деймін. Себебі, мұнда өнеркәсіп орындары көп. Университет жұмысқа бағыт-бағдар береді, – дейді ол.
Оңтүстік Қазақстан облысында жыл сайын осы бағдарлама бойынша оқуға түскен түлектер саны артып келеді. Былтыр 19 жоғары оқу орнына бөлінген 5000 гранттың 2580-ін, ал 34 кәсіптік-техникалық колледжге бөлінген 1200 гранттың 359-ын жеңіп алған болатын.
– Биыл да құжаттарын көптеп тапсырады деген үміт басым. Шымкентте «Серпін» бағдарламасына өтініш қабылдау шілде айының ортасына таман М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде жүргізілмек, – дейді облыстық жастар саясаты басқармасының басшысының міндетін атқарушы Мұхтар Сейітжапбаров.
ЖОО-лар мен колледждердегі мамандықтар туралы толығырақ танысу үшін www.serpin-2050.kz сайтына кіріп, оқуға болады.
Тобықтай түйін. Талапкер! Егер сіз ҰБТ-дан аз балл жинап қалсаңыз, көңіліңізді түсірмеңіз! «Серпін-2050» жобасы бойынша ұсынылып жатқан мамандықтар еңбек нарығында тапшы, еш қиналмастан жұмыс табуға болатын мамандықтар. Ендеше, «Серпінмен» тегін оқып, 100% жұмысқа орналасуға ұмтыл, жас түлек!