Қазақстанда баламасы жоқ өнім шымкентте өндіріледі Избранное

Пятница, 18 Сентябрь 2020 04:52 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 337 раз

 DSC0347

Үшінші мегаполистің «Оңтүстік» индустриялды аймағында еліміздің аумағында, тіпті, Орта Азия бойынша ең ірі «ЕвроКристалл» ЖШС, «KazAlPack»  ЖШС және «Sin Yuan Steel» ЖШС зауыттарының жұмысы қарқын ала бастаған. Карантин кезінде де өндірісін тоқтатпаған кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен қала әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев арнайы барып, танысып қайтты.

Өз жұмысын 2011 жылы бастаған «ЕвроКристалл» ЖШС-і көлемі 150 мл-ден 2 литрге дейінгі әртүрлі формадағы шыны ыдыстарын жасайды. Оны тамақ өнеркәсібі мен фармацевтикада пайдаланады. Тапсырыс берушілер көп. Әсіресе, шарап зауыттары, газдалған сусын өндіруші, жеміс шырындарын шығаратын зауыттардан тапсырыс жиі түседі. Көкөніс консервілеуші зауыттар да осы өндірістің шыны ыдысына зәру.
–Кәсіпорын жылына 200 млн дана бөтелке, банка шығара алады. Зауыт өнімі экологиялық жағынан таза, берік. Зауытымыздың өз зертханасы бар. Онда шыны өнімдерін химиялық, физикалық сараптаудан ұдайы өткізіп отырамыз. Зертхана заманауи құралдармен жабдықталған. Компания өнімдеріне Қазақстанның көптеген қалаларынан, сондай-ақ Қырғызстан мен Ресейден де тапсырыстар түсуде. Қазір кәсіпорында 300-ге жуық адам жұмыс істейді, - дейді зауыттың басшысы Рустам Сухов.

 

 DSC0400 DSC0675

 

Р.Суховтың басқаруындағы тағы бір серіктестік – «KazAlPack» ЖШС-да өндірістік және қойма үй-жайларын салу бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл – Орталық Азия аумағында бірегей жобаны жүзеге асыратын компания. Мұнда алюминий банкалар қақпағымен шығарылады.
–Қазіргі уақытта өндіріске қажетті жабдықтар әкелінуде. Зауыттың жалпы ауданы – 20 000 шаршы метрді құрайды. Жабдықтың өндірістік максималды қуаты жылына 500 миллион банканы құрайды. Зауыт АҚШ-та өндірілген жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген, - дейді компания басшысы.
Жоба аясында сыраны, шырындарды, газдалған және газдалмаған әлсіз алкогольді және алкогольсіз сусындарды құюға арналған түрлі көлемдегі, қақпақтары оңай ашылатын алюминий банкілерін шығару жоспарлануда. Кәсіпорын Қазақстан нарығының 80% - на дейін қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр.
Маңызды фактор – экологиялық аспект. Алюминий банкі – әлемдегі ең экологиялық таза және қайта өңделетін қаптама. Алюминий банкалардың жартысынан көбі қайта өңдеуге жіберіледі.
Компания бюджетті қомақты қаржымен толықтыратын, өңірдегі ірі салық төлеуші болмақ. Қазір мұнда 157 адам жұмыспен қамтылған.
«KazAlPack» ЖШС жобасы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қорының қолдауымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында қаржыландырылып отыр.
Келесі нысан «Sin Yuan Steel» ЖШС-і де «Оңтүстік» индустриялды аймағының аумағында орналасқан. Кәсіпорын жаңа 250 жұмыс орнын құрған. Бұл жалпы сомасы 18 млрд теңгеге металл прокатын өндіретін жаңа зауыт.
Бұл жоба Шымкент қаласындағы ең ірі металл зауыты болмақ. Кәсіпорын құрылысы 2017 жылы басталып, бүгінгі күні зауыттың 90 пайызы салынып, іске қосу, жөндеу жұмыстары жүруде.
Жоба шетел өкілдерінің қатысумен жүзеге асырылуда. Жарғылық капиталда жеке тұлғалар (ҚХР) – 70%, Қазақстан – 30 пайызды құрайды.
Сондай-ақ, «Sin Yuan Steel» ЖШС-і өз аумағында 90 МВТ қуаттылығымен қосалқы станция салған.
Жаңа зауыт пайдалануға берілгеннен кейін кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 500 мың тоннадан астам дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Шығарылатын өнімнің ассортименті: арматура (10 – 32 мм, созба сым (6 – 10 мм), бұрыш (30 – 80 мм), прут (10 – 20 мм), швеллер (6 – 16 мм), және таспалы болат.
Өнімдерді негізінен Орта Азия мен ішкі нарыққа экспорттау жоспарланып отыр.
Қала әкімінің орынбасары Айбек Берікұлы «ҚР Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында 2014-2019 жылдар аралығында жалпы инвестиция сомасы 182 млрд теңгені құрайтын 105 жоба іске қосылғанын айтады. Соның нәтижесінде 7500 жұмыс орны ашылған.
–Алдымыздағы үшінші бесжылдықта 2020-2025 жылдар аралығында 328 млрд теңгеге 35 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның 21-і биыл жыл соңына дейін іске қосылады деп күтілуде. Бұл жобалардың бәрі жергілікті Кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. «Бизнеске арналған үкімет» кеңсесінде кәсіпкерлерді қолдау, көмектесу жұмыстары ұдайы жүргізіліп тұрады, – дейді А.Сәттібаев.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.