БАР ЖАҚСЫМЫЗ – БАЛАЛАРҒА Избранное

Среда, 31 Июль 2024 04:58 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 2089 раз

Бүгінгі күні «Бар жақсылығымыз балаларға!» деген қамқор сөзді жиі айтамыз. Бала – қоғам болашағы. Бар қызметін баласына көрсеткен шаңырақ, бар жақсылығын балаға жасаған қоғамның болашағы жарқын деуге болады. Мемлекет басшысы, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өткен екі жылды қатарынан «Балалар кітабының жылы» деп жариялауынан біз осы бағытта жүргізіліп жатқан ізгі істерді көреміз, терең түсінеміз.

Bala

 

Балаға жасалатын жағдайдың бастау бұлағы – жас ұрпаққа жақсы әдебиет жасап беру. Кеше де, бүгін де біздің қоғам міне, осыған толыққанды қол жеткізе алмай келеді. Көрнекті әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбектің биылғы жылы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отырған «Адамның бір қызығы бала деген...» аталатын әдеби сын кітабы қазақ балалар әдебиетінің жай-күйін таразылауға, талдауға арналған тұтастай дерлік әдеби сын кітабы. Қолымыздағы профессор Құлбек Ергөбектің түп-түгелімен қазақ балалар әдебиеті жай-күйіне бағышталған кітабының баға жетпес құндылығы да осында. Кітап – уақыт ділгірлігінен туындаған сан алуан сұраққа жауап беретін сүбелі еңбек. Кітаптың өзіндік ерекшеліктері өте мол. Сол ерекшеліктерідің біршамасы жайында хал-қадіріміз жеткенше баяндап бергенді жөн санадық.
Ең алдымен қадап айтар жайт – Құлбек Ергөбек қазақ балалар әдебиетіне арнайы маманданған тәжірибесі мол танымал сыншы. Ол – жетпісінші жылдардан бастап балалар әдебиетінің бір ұйымдастырушысы, сексенінші жылдары «Жас қаламгерлер кітапханасы» сериясымен жарық көрген «Сөзстан» (Әдеби портрет, мақала) кітабының құрастырушысы, Қазақстан Жазушылар Одағының Әдеби жыл қорытындысында балалар әдебиеті жайында да жиі-жиі баяндама жасап отырған белгілі сыншы. Сол жылдардан бері қаншама уақыт өтсе де жанына жақын тақырыптан алыс кетпей, керісінше осы сала бойынша ізденістерін тоқтатпай, балалар әдебиетінің білгір маман сыншысына айналғанына қолымызға тиген «Адамның бір қызығы бала деген...» кітабын оқығанда көзіміз жетіп отыр. Қолымыздағы кітап соның айқын айғағы, жарқын дәлелі!
Көлемді еңбек бірнеше бөлімнен тұрады. «Балалар әдебиетінің бағбандары» – қазақ балалар қаламгерлерінің шығармашылық портреттері. «Балалар әдебиетінің бақшасында»– қазақ балалар әдебиеті проблемаларына арналған мақалалар топтамасы жинақталған.
Балалар әдебиеті – елеусіз қалып келген әдебиет. Оның қаламгерлері де көп елене бермейді. Балаларға жазуға бейім ақын, жазушылардың өзі кейін өзге салаға ойысып кете беретін себебі де содан деп ойлаймыз. Әйтпесе, Ө.Тұрманжановтан тартып Б.Соқпақбаев, М.Әлімбаев, Ә.Дүйсембиев, Ж.Смақов, М.Жаманбалинов, Ж.Кәрібозин, Қ.Баянбаев, С.Қалиев секілді әр буын қаламгерлер ешкімнен де талант құдіреті кенде емес жазушылар. Ең өкініштісі бар «айыбы»- балаларға жазған, жүрек отын балаларға бергендердің өздері насихатталмай, таза күйінде тасада қала берді. Бір қуанарлығы, сыншы Қ.Ергөбек назардан тыс қалып келе жатқан қазақ балалалар қаламгерлерінің шығармашылық портреттерін жан-жақты жасапты, қалың оқырманға ұсыныпты. Ендігі ретте осы жазбаларға аз-кем зер салсақ. «Заманы аямаған, тағдыры аялаған» - ӨтебайТұрманжанов жайында арнайы жазылған көлемді сын мақала. Жиырма жылдай Сібірде түрмеде жастық шағын өткізіп, елге оралған соң жабығып жүріп балғын бөбек сүйіп оқитын өлең, ертегі, әңгіме, повесть жазуы, қазақтың мақал-мәтелін жинап, жариялауы – сыншы тарапынан әсерлі әңгімеленеді. Көлемді тарауда автор әрі документалист жазушы, әрі білгір сыншы ретінде толқынды дәлелді сөйлейді, толымды, жан-жақты жазады. Заманынан қорқып қалған ақын өзін тасада ұстай жүріп те шығарма жаратып, қазақ балалар әдебиетінің классигіне айнала біліпті. Құлбек Ергөбек – архивінен тың деректер ала отырып, шығармашылық қаламгер шеберханасын өте сәтті аша біліпті. «Ештен де кеш жақсы» дегендей Ө.Тұрманжанов өмірден өтіп кеткен соң еңбегін, еңбегін ғана емес, тұтас тағдырын кейінгі ұрпаққа тебіреністі жеткізіпті. «Өлгенді тірілтіп, өшкенді жандырған» – сыншы мұраты бір игілікті іс болыпты.
Биылғы жылы 100 жылдығын әлемдік деңгейде ЮНЕСКО бойынша тойланып жатқан Бердібек Соқпақбаев та көзі тірісінде өз бағасын толықтай ала алмаған, яғни бағаланбаған жазушы. Бар жазығы – бар шығармасын балаларға жазғаны. Айыбы – балаларға өтірік жазуға болмайтынын жете түсінген шаншыл жазушының қазақ бастан кешкен қасіретті ашық жазып, ашына жазып, айтып қойғаны. Ақиқатты айтқан адам, шындықты шырқыратып жазған жазушының маңдайынан кім сипай қойсын ол кезде?! Қасіретке толы кеңес қоғамында өмір сүрген шыншыл жазушы Бердібек Соқпақбаевтың бастан кешпеген түртпегі, көрмеген құқайы аз емес екен. Бұл жайында сыншының Б.Соқпақбаев жайында жазған «Тұздықты тағдыр» деп аталатын тағы бір көлемді жазбасынан оқып, біліп, қабырғамыз қайысады. «Менің атым - Қожа» қазақ балалар әдебиетінде әлі күнге дара. Неге? Сыншы «неге?»-дей отырып, «Менің атым - Қожа» повесінің көркемдік қабаттарын терең ашады. Оны әлемдік балалар әдебиетіндегі даму тенденциялары, шеберлік сабақтарымен сәтті салыстырады. Шығармашылық психологиясына дейін еніп барады. Сүйсінесің, риза боласың.
Келесі бір зерттеуді «Қажы атаның хатшысындай...» деп атап Қалмақан Әбдіқадыровты тұлғалайды. «Қажымұқан» хикаясын мінездегені. «Бар жанрда жетекші» –деп М.Әлімбаевтың мойнына үлкен жауапкершілік артқан екен сыншы. Өзі есепсіз жақсылық көрген Ә.Дүйсембиев жүрегіне «Балғын бөбек деп соққан жүрек...» тақырыбымен енеді, «Бөбек деп, өбектеп өткен талант еді»-деп Ж.Смақовты сағынып еске алады, әдеби ортадан сыртта еңбектенген М.Жаманбалиновты «Балалар әдебиетінің бәйтерегі»-деп біледі, «Бала жанын терең барлаған» Қ.Баянбаевты да ұмытпайды, әдеби ортадан «шуылдақтарымды сағындым» -деп мектепке мұғалім болып кететін Ж.Кәрібозинді «Бала күлкісін бақытына балаған» ақын, С.Әлімқұловты «Адал да, абзал ақын» атандырып, Н.Әлімқұловтың бөбек жырларын «Қадірлі қарапайымдылық» деп таниды, «Асыл мұраты – адамгершілік» - Т.Дәуренбековтің, «Тегеурін танытар сәт» М.Қаназовтың шығармашылық портреті жасалған. Міне осылай, көп жағдайда елеусіз қала беретін, елеусіз өмірден өтіп кеткен қазақ балалар ақын-жазушыларын сын тұрғысынан тұлғалапты білімдар сыншы. Қаламгерлер ешқашан да бірін-бірі қайталамайды. Сыншы да оларды бір-біріне ұқсатпай, өзіндік ерекшелігін саралай тұлғалайды. Балаға шығарма жазуды бақытына балаған әрбір ақын, жазушының әдебиеттегі орнын анықтайды. Сырттай қарағанда шығармаларын сүйсіне оқып, өзіміз жақсы білетін-ақ секілді ақындарымыз білімпаз, шығармашылық лабороторияға тереңдеп баратын сын Құлбек Ергөбектің зерттеулері арқылы басқа-басқа қырынан жарқырап көрінеді. Сыншы бағамдауына сенсек Жақан Смақов – балалар әдебиетінің классигі. Әнуарбек, Жәнібек, Мүбарак та осы биікке жақын тұлғалар. Тосын. Демек, сыншы қазақ әдебиетіндегі қалыптасқан пікірден өзгеше өз пікірін сабақтап отыр.
Астын сызып айтатын бір жайт – шығармашылық портреті жасалған қаламгерлердің дені – бойындағы бар талант қуатын балаларға беріп, бақилыққа аттанып кеткендер. Ол өлгендерді іздеу – тірілерге міндет, парыз дегенімізбен бұл қағидаттың өмірде орындала бермейтіні де жасырын емес. Осы тұрғыдан келгенде сыншы Құлбектің әрекеті міндет, парыз бен қарыз жетегіндегі адалдық, сыншы ретінде тазалық, өнер әлемінде дәстүр тұтар, өмірде тұтынар өнеге!
«Балалар әдебиетінің бақшасында» – балалар әдебиетінің өзекті мәселелеріне құрылған бөлім. Әдебиетте мәселе көп, соның ішінде қазақ балалар әдебиетінде де мәселе дегеніңіз аз емес. Оның бәрін қамту, шешу тағы мүмкін емес. Дегенде, қазақ балалар әдебиетінің жанрлық талдау мақалаларда балалар прозасы, ертегілер, поэма, әңгіме, повестері, балалар поэзиясы, жұмбақ мәселелері жан-жақты сөз болыпты. «Ұрпақ алдындағы ұлы парыз»-деп толғанады сыншы. «Келешектің әдебиетін қайтпек керек?»-деп ойланады сыншы. «Келешек пен берешек» – балалар әдебиетінің қоғамдағы маңызы мен ролін айқындап, келешегі үшін күресу, үндеу мақалалары. «Жас өркен және жауапкершілік», «Жаңалық басы – дәстүрге адалдық» – балалар әдебиетіне жаңа келген жастар туындыларын жанрлық, көркемдік талап тұрғысынан талдау. «Даланың алыбы мен ғалымы туралы туындылар» – «Қазақ балалар әдебиеті кітапханасының» кезекті томына (С.Бегалиннің «Шоқан», Қ.Әбдіқадыровтың «Қажымұхан» енген), «Сылдырап аққан бұлақтай...» «Шынашақ» – балалар поэзиясы антологиясына жазылған алғысөз.
Араласып атсалыспаған адам біле бермейді. Әйтпесе, балалар әдебиеті мәселелері өте көп. Ең бастысы – олар маман көз болмаса, көріне бермейді. Көзге көрінгенінің өзі майда секілденеді. Ал, ол мәселелердің астарында – үлкен әлеуметтік мән жатарын ешкім ойланып жатпайды. «Бізде балалар әдебиеті жоқ»- дей саламыз. Бұл – дұрыс емес. Балалар әдебиеті – елдіктің ертеңі. Біз бұл пікірді балалар әдебиетінің маман сыншысы Құлбек Ергөбектің «Адамның бір қызығы бала деген...» әдеби сын кітабын оқу барысында көз жеткіздік.
Кітапқа екі жүйе фотоқұжаттар беріліпті. Бірі – балалар жазушылары фотобейнелері. Балалар кімнің кітабын оқып жүргенін білуі керек. Екіншісі – балалар өмірінен түрлі ыңғайда түсірілген, өзінің философиясы бар бірөңкей сәбилер суреті, балалар өмірінен фотоэтюдтер. Екеуін де кітапқа дайындаған суреткерлік «көзі» бар, көрнекті фотосуреткер Берсінбек Сәрсенов!
«Адамның бір қызығы бала деген...» қазақ балалар әдебиетінің туып, қалыптасу жолы, жанрлық өскін - өркені, жанрлық жетістік – кемшілігі, тұлғалы таланттары жайында толымды ойларға толы еңбек. Балалар әдебиеті жайында тұтас кітап жасау дәстүрде бола бермейтін. Ал, қолымыздағы еңбек осындай игі дәстүр жетегінде туған, айтары мол әдеби сын кітабы дерлік үлкен . Үлкен еңбек. Қымбат дүние!
Біздің қоғамда «Бар жақсымыз балаларға» ұстанымы бар салада бар ма? Басқасын қойып, ең болмаса әдебиетте болса, онда, - балалар жазушыларына да, балалар әдебиетіне қызығатын қалың оқырман үшін қымбат әдеби мұра «Адамның бір қызығы бала деген...» бұл еңбек еңбек Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алуға лайықты.
Қорыта келгенде: «Адам үшін өмірдегі ең қымбат бала болғандықтан, әдебиеттегі ең құрметті – балалар әдебиеті»,-деп белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев атап көрсеткендей, ең қымбат, құрметті балалар әдебиеті жайында жазылған зерттеу еңбек еліміздегі ең үлкен сыйлыққа әбден лайықты.

Нариман НҰРПЕЙІСОВ,
филология ғылымдарының кандидаты, Ө.Жәнібеков
атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті қазақ тілі мен әдебиеті
кафедрасының аға оқытушысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.