Есірткісіз қоғам құру өз қолымызда

Понедельник, 15 Июль 2024 10:37 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 2190 раз

esirtkisiz-kogam

26 маусым – Халықаралық есірткіге қарсы күрес күні. Осыған орай Шымкенттегі «Арбат» демалыс аймағында ауқымды іс-шара өтті. Қаладағы жоғары оқу орындарының ерікті жастарынан жасақталған командалар «Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз» деген ұранмен спорттық ойындар ұйымдастырды.

Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спортқа баулу, есірткісіз қоғам құру мақсатында өткен жолдастық жарыс қызықты әрі тартысты өтті. «Жақсы әдеттер марафоны!» ұлттық бағдарламасы аясында «Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз» ұранымен өткізілген эстафеталық жарысқа 7 адамнан тұратын 3 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, тұрғындардың күш, жылдамдық, ептілік қасиеттерін дамытуға арналған іс-шарада қатысушылар өздерінің ерекше дайындықтарын көрсетті.

Есірткі – қоғам дерті. Нашақорлық пен есірткінің зияны орасан. Бұл – тұтас ұлттың тамырына балта шабатын, халықты қарусыз жоятын кеселдің бірі. Сондықтан да есірткімен күрес бүгінде кез келген елді алаңдататын, ең өзекті, әлеуметтік мәселенің біріне айналып отыр. Ал, шымкенттік ерікті жастардың есірткіге әуес болмай, спортпен шұғылданып, жарыста белсенділік танытуы көңіл қуантады.  

Спорт алаңында олар замандастарына «Жасөспірім, салауатты өмір салтын ұстан, спортпен шұғылдан, сымбатты бол!», «Өз мемлекетіңді нашақарлықтан сақта, өз ұлтының санын өсір. Дүниеге дені сау ұрпақ әкел! Арамызда дені сау, ұшқыр ойлы саналы да, сапалы жастарымыздың саны көбейтіп, ғасыр дертімен бірге күресейік!» деп ұран тастады.

Іс-шара эстрада жұлдыздарының коцертіне ұласты. Олар сахнада сөз сөйлеп, жастарды есірткі қылмысына қарсы күресте бірігуге шақырды.

Айта кетейік, осы бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында биыл 26 мамыр мен 26 маусым аралығында 1 ай бойы өткізілді. Айлық барысында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, шымкенттік полицейлермен бірқатар профилактикалық іс-шаралар, соның ішінде спорттық-мәдени, қайырымдылық іс-шаралар, семинарлар, кездесулер мен дәрістер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, психологтардың, әлеуметтік қызметкерлердің, салалық мамандардың кеңес беруімен Ашық есік күндері өтті.

Айлық қорытындысымен салауатты өмір салтын қалыптастыру, жас ұрпаққа саналы тәрбиеде еселі еңбек етіп, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге белсенді қатысқан, профилактикалық іс-шаралардың өтуіне үлес қосқан бірқатар мамандар Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е.Саденовтің және Шымкент қалалық Полиция департаменті басшылығының алғыс хаттарымен марапатталды.

 

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.