Қанатбек ДОСАЛИЕВ: «Жаңа мәртебе – жаңа сапа»

Среда, 01 Июнь 2016 10:52 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 5906 раз

Қанатбек ДОСАЛИЕВ, жоғарғы жаңа технологиялар колледжiнiң директоры:

Шымкент қаласындағы жоғарғы жаңа технологиялар колледжіндегі ақжолтай жаңалықпен бөліскелі отырмыз. Жуырда ғана бұл оқу орны «жоғарғы колледж» мәртебесін алып, биылғы жаңа оқу жылынан бастап студенттерді жаңа бағдарлама бойынша оқытпақ. Колледждегі осы және өзге де жаңалықтар жайлы оқу орнының директоры Қанатбек Досалиевпен сұхбаттасқан едік.

qanatbek

– Қанатбек Балтабайұлы, жоғарғы колледж мәртебесін алуларыңызбен құттықтаймыз. Бұл жаңалық алдағы уақытта оқу процесіне айтарлықтай өзгеріс енгізетіні сөзсіз. Осы жайлы толығырақ айтып өтсеңіз.

– Бұрын еліміздің «Білім туралы» Заңында жоғарғы техникалық мектеп деген ұғым болатын. Қазір ол жоғарғы колледж болып өзгерді. Қазақстанда жоғарғы колледж болып құрылған 8 колледж бар. Ал біз облыста алғаш болып осы мәртебеге қол жеткізіп отырмыз. Осыдан екі апта бұрын облыс әкімі Б.Атамқұловтың бұйрығы шықты. Оқу орнының ұжымы үшін бұл көптен күткен жаңалық болды. Біз жоғарғы колледж атану үшін екі жыл дайындалдық. Белгілі бір кедергілерге байланысты, енді қолымыз жетіп отыр. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап студенттерді қабылдап, жоғарғы колледж бағдарламасы бойынша оқытамыз. Жоғарғы колледж дегеніміз не? Ол – интеграциялық білім беру, яғни, үш деңгейлі білім беру деген сөз. Бірінші деңгейі – екі жыл жұмысшы мамандығын дайындаймыз. Екінші деңгейі – колледж бағдарламасы бойынша мамандарды 1 жыл оқытамыз. Ал үшінші деңгейі – жоғарғы оқу орнының бағдарламасымен 1 жыл 10 ай даярлаймыз. Бізден түлеп ұшқан студенттер бакалавр дәрежесін алады. Яғни, жоғарғы оқу орындарындағы мамандықтарды біз де оқытатын боламыз. Бұл жерде не тиімді? Әлбетте, шәкірт сапалы білім алады. Яғни, біз құрылыс саласын іргетасынан бастап, шатырына дейін салатын мамандарды дайындаймыз. Олар – жұмысшы мамандықтары, орта және жоғарғы буын мамандары. Яғни, мамандықтың сапасы артады.

– Жоғарғы колледжге талапкерлер нешінші сыныптан бастап қабылданады?

– 9 сыныпты бітірген түлектерді қабылдаймыз. Студент 4 жыл 10 ай ішінде білім алып, қолына дипломы тиеді. Олар ерте бастан студент болып қалыптасып, 1 жыл уақытын үнемдейді. Оқу бағдарламасы дайын, министрлік тарапынан бекітілген. Қазір біз құрылысшы мамандығын дайындаудамыз. Соның ішінде азаматтық құрылыс, мұнай және газ өндірісіндегі құрылыс, жол және айырымдар құрылысы, гидромелиорация саласындағы құрылысшы мамандықтарын дайындаймыз. Екіншіден, IT- бағдарламашы, электрик және осылайша біртіндеп мамандықтар саны арта береді. Биылғы жаңа оқу жылын осы мамандықтарды оқытудан бастағалы отырмыз. Қазір халық арасында үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстары басталды. Айта кетейін, 11 сыныптан соң да талапкерлерді қабылдаймыз. Олар 3 жыл 6 ай білім алады. Сыртқы бөлімде де студенттер білім нәрімен сусындауда. Тағы бір жаңалығымыз – егер талапкерлер болса, кешкі бөлімде де оқытуды жоспарлап отырмыз. Биылғы оқу жылында 2334 студент білім алса, оның 700-дейі биыл бітіреді.

– Жоғарғы колледждің оқыту технологиясы қандай болмақ?

– Студенттерді модульдік технология әдісі бойынша оқытамыз. Модульдік процестер мен модульдік технология әдісі өте тиімді және заман талабына сай. Сапалы білім беруде аталған әдістеменің орны бөлек. Жоғарғы колледждің студенттеріне білім дуальдік оқыту жүйесі негізінде беріледі. Яғни, олар дәрістің 65 пайызын әлеуметтік серіктестердің базасында алады. Қазір біздің сенімді серіктесіміз – «ОтауСтрой» компаниясы. Ол тек біздің облысымызда ғана емес, сонымен қатар республикада да танымал компания. Базасы жақсы. Студенттер үшін теория мен тәжірибені ұштастыруға таптырмас алаң деп айтар едім. Студенттер өндіріс процесіне тікелей қатысқандықтан, олар үшін қызық әрі тез үйренуіне жағдай жасалады. Базасы жақсы дамыған әлеуметтік серіктестердің арқасында студенттеріміз жан-жақты білім алып, сапалы маман болып шығады. Мәселен, «ОтауСтрой» компаниясы құрылыс саласында әбден төселген, сондай-ақ, өздері бетон, газоблок, плиталар, құбырлар шығарумен де айналысады. Олардың құрылыс нысандары көп. Осылайша, студенттерімізді жан-жаққа шашыратпай, бір жерде жинап, тәжірибе алуына жағдай жасаймыз. Компания қызметкерлері студенттерімізді тәжірибеден өткізгені үшін колледж тарапынан жалақы алады. Тағы бір айта кетерлігі – көзге түсіп, өзін көрсете білген студенттер оқуды аяқтаған сәтте сол компанияға жұмысқа қабылданады.

– Сіздің ойыңызша, қазіргі кезде қай мамандыққа сұраныс көп?

– Қазір құрылысшы және сантехник мамандықтарына сұраныс көп болғанымен, өкінішке қарай, оны таңдайтындардың қатары аз. Жұмысшы мамандығын меңгерген адам дағдарыс заманында да жұмыссыз қалмайды. Жалақылары да жаман емес. Олар үшін жұмыссыз қалу қаупі жоқ дер едім. Көп ата-ана баласының портфель ұстап, экономист, заңгер немесе саясаткер болғанын қалайды. Ал жұмысшы мамандықтарын көп таңдамайды. Нарық заманының өз талаптары бар екенін түсінетін кез келді. Осы ретте талапкерлерге мамандық таңдауда да өз үлесімізді қосамыз. Мәселен, біздің түлектердің 75 пайызы бітірген соң жұмысқа орналасады. Арасында білімін жоғарғы оқу орындарында жалғастыратындары да бар. Ал жоғарғы колледжді бітірген соң, институт немесе университетке түсудің қажеті жоқ. Алдағы уақытта компаниялар мен фирмалар тарапынан қандай да бір мамандыққа сұраныс түссе, қажетті мамандарды дайындаймыз деп жоспарлаудамыз. Сонда шетелдегідей біз дайындаған маманның далада қалмай, жұмысқа орналасатынын анық біліп отырамыз.

– Жоғарғы колледж мәртебесін алған соң, оқытушыларға деген талаптың да күшейетіні белгілі. Қазіргі уақытта колледж студенттеріне білім беруде талмай еңбек етіп жүрген ұстаздар құрамы туралы айтсаңыз...

– Колледжде 200-ге жуық оқытушы жұмыс істейді. Олардың 5 пайызының ғылыми дәрежесі бар. Ұстаздардың 45 пайызы жоғары санатты. Яғни, студентке жан-жақты білім беретін ұстаздар жетерлік. Айта кетейін, ағылшын тілінде білім беру жүйесі бойынша, Кембридж аймақтық колледжімен бірге жұмыс істедік. Өкінішке қарай, бастаған жұмысымыз тоқтап қалды. Өйткені, бұл жобамыз қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиді. Бірақ бұл бастамамызды әрі қарай жалғастырмақпыз. Алдағы уақытта техникалық мамандықтарды үш тілде оқытамыз. Заман талабы болғандықтан, біз соған сай жұмыс істеуіміз қажет. Қазір жоғарғы колледж қатарына енген оқытушылар ағылшын тілін меңгеріп жатыр. Тіпті, өзім де дүниежүзі үшін ортақ болған тілді үйреніп жүрмін.

– Колледждің материалдық-техникалық базасы жақсы екенін білеміз. Оқуға түскен жастарға сапалы білім берумен қатар, түрлі үйірмелерге қатысуына және басқа да іс-шараларға атсалысуына зор мүмкіндіктер қарастырылған. Тіпті, газет, журнал шығарып, телеарнада да машықтанатын көрінеді.

– Бастысы – колледжімізде тәртіпке көңіл бөлеміз. Мейлі, ол студент немесе оқытушы және басқа да қызметкер болсын, олардың жұмысқа уақтылы келуі, өзін-өзі ортада жақсы ұстауы сияқты талаптар қоямыз. Колледж ғаламтор жүйесіне қосылған, кітапхана қоры жақсы, спорт залымыз бар, жалпы, студенттің білім алуы үшін бар жағдайды жасап отырмыз. Мәселен, біз спортқа көп көңіл бөлеміз. Өзіміздің екі футбол алаңымыз, сондай-ақ, республикаға танымал «Мейрам груп» би тобымыз бар. «Жас өркен» газеті мен «Жас серпін» дуальдік оқытуды дәріптеуге арналған журнал шығарамыз. Өзіміздің телеарнамыз да жұмыс істейді. Яғни, студенттеріміз өздерін жан-жақты дамыта алады. Бірнеше жылдан бері колледжде әр жылды белгілі бір тақырыпқа арнап жүрміз. Бұған дейін салт-дәстүр, мәдениет жылы болса, биылғы жылды кітапқа арнадық. Жастарды кітап оқуға баулу үшін жазушы М.Байғұт бастаған зиялы қауым өкілдері келіп, кездесу өткізді. Қазақ және шетел классиктерінің туындыларын оқып, білім дәрежелерін арттырып жатыр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.