ОҚМПИ – өрлеу мен өркендеудiң ұстаханасы

Пятница, 03 Июнь 2016 06:08 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 6423 раз

Жас ұлан мектеп қабырғасынан қанаты қатайып, түлеп ұшты. Шәкірт алдында арман толы, қиял қанаты көкке, тым биікке шақырып тұр. Бұл сәт ата-ана үшін де оңай емес, көзінің ағы мен қарасы болып жүрген сәбиінің ұядан ұшып, өз жолын, яғни мамандығын таңдауы қатты алаңдатады.

oqmpi-2

Тәуелсіз еліміздің білім беру саласы күн өткен сайын өркениетке ұмтылып, ілгерілеушілікті бастан кешіруде. Қазіргі кезеңде шәкірт үшін таңдау мүмкіндігі мол екені айдан анық. Баспасөз, теледидардағы жарнама да жеткілікті, тіпті таңдаудан бас айналарлықтай. «Алуан-алуан жүйріктің» әліне қарап та, әліне қарамай да шабатын кезі келіп тұр. Оңтүстік Қазақстан өлкесі республикамыздың әрбір үшінші тұрғыны мекендеген, дәлірек айтқанда 3 миллионға жуық тұрғыны бар аса ірі, халық тығыз қоныстанған аймақ. Биылғы жылы ғана 31 мыңнан астам мектеп бітіруші түлек түлеп ұшты. Мыңдаған түлектің жүрек қалауы мен таңдауы дөп келіп, болашақ кемесіне мінген саяхаты жағалауда қалмасы үшін қапысыз таңдау жасайтын сәт туғаны анық. Осы кезеңдегі жас өскіннің, шәкірт арманның биік белеске ұмтылған сәтінде дұрыс бағыт-бағдар беру мақсатында облысымыздағы бірден-бір мемлекеттік бірегей оқу орны Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты және ол институт ішіндегі әр алуан мамандыққа дайындайтын кафедралар мен факультеттер жайында қысқаша болса да мектеп бітіруші түлектермен сыр бөліскеннің артықтығы болмас.

Ең алдымен ОҚМПИ-дың мамандық беру мен ғылыми потенциалы жайында ғана қысқаша шолу жасасақ. Мамандықтар бойынша құрылған 7 факультеттің 18 кафедрасында бакалавриат бойынша 23 мамандық, бойынша білім беру қызметі жүзеге асырылып келеді. Ол мамандықтар гуманитарлық, әлеуметтік ғылым және өнер, жаратылыстану ғылымы болып бөлінеді, аталған салалардың өзі де іштей жіктеліп, сан-салалы бағыттарды қамтитыны анық. Аталған мамандықтарға білім беруді аймақтағы жетекші ұстаздар қауымы, яғни 20-дан астам ғылым докторлары мен профессорлар, ҚР ҰҒА-ның академиктері, 130-ға жуық ғылым кандидаттары мен доценттер және өз мамандығын жетік білетін аға оқытушылар, оқытушы-магистранттар жүргізеді. Университет ұстаздары қатарында мемлекеттік грант иелері, ЖОО үздік оқытушылары, ҚР мемлекеттік стипендия иегерлері, сонымен қатар дәріс оқуға шақырылатын мастер-класс, тренинг, кеңес беру үшін алыс-жақын шетелден келетін білікті мамандар да лекция оқып, дәріс жүргізеді.
Институтымыздың оқу базасы да өзіне лайықты, бұл жөнінде біздің оқу орнымен бәсекелес педагогикалық оқу орны жоқ десе де болады. Оқу базасы 3 ғимаратқа орналасқан, оның ішінде 2 спорт кешені, 3 жатақхана, соның ішінде 12 қабатты 500 студентке арналған заманауи студенттердің қонақ үйі сапалы білім беруге қалтқысыз қызмет етіп келеді.

oqmpi

Біздің оқу орнымыздың тағы бір жетістігі ақпараттық жүйенің озық үлгідегі жолға қойылуы. «ОҚМПИ» ақпараттық білім порталынан студенттер, оқытушы-профессорлар құрамы, университет әкімшілігі оқу процесі жайында кез-келген уақытта толық мағлұмат ала алады. Осы ретте қашықтықтан (бұрынғы сырттай оқу) білім беру жүйесі де толықтай жаңа технология, заманалық талаптармен білім алуға көшкенін, яғни күндізгі бөлім студенттерімен бірдей компьтерлік оқу бағдарламаларын, мультимедиялық технологиялар, видеолекциялар, виртуальды зертханаларды тиімді пайдаланады. Институттың басты байлығының бірі кітапхана қоры. Ақпараттық білім беру орталығы әлемдік ақпараттық кеңістік қорына қол жеткізіп келеді. Оқытушы-профессорлар мен студент-магистранттарға бірнеше мамандандырылған оқу залы, электронды-ресурстар орталығы, абонемент бөлімі жан-жақты қызмет көрсетеді.
Институт өмірінің бір белесі ғылыми жетістік. Елбасы өз Жолдауларының бірінде «ХХІ ғасырда білімі мен ғылымын дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық» деп атап көрсеткені анық, демек біздің оқытушы-профессорлар құрамы кәсіби деңгейінің биік өлшемі де ғылымға сіңірген еңбегімен өлшенеді. Оқу орнындағы бірнеше ғылыми бағыт-бағдарлама қамтитын ізденістердің әрқайсысы да маңызды.

 DSC7512

ОҚМПИ білім мен ғылымның ғана емес, тәлім тәрбиенің де үлкен мектебі. Ең алдымен университетте студенттік өзін-өзі басқару жүйесі енгізілген. Білім ордасына келіп оқып жатқан сан түрлі ұлт өкілдерінің жастары өзара түсіністік пен ынтымақ туын биікке көтеріп, студенттік ректорат төңірегіне топтасқан. Жастар қанаты елімізде жүзеге асып келе жатқан жастар саясатының деніне белсене араласып отырады. Жас таланттардың шығармашылық талантын, дарын қуатын танытуы, жүзеге асыру үшін жан-жақты жағдай жасалынған, осы бағыттағы қоғамдық кәсіптер факультетінің де еңбегі айырықша дерліктей. «Жасыл ел» жастар қозғалысы белсенді әрекет иелері. Сонымен қатар студент жастардың жан-жүниесіне терең үңіліп қарайтын «Сырласу» қыздар клубы, сондай-ақ «Бейнелеу өнері», «Ұлттық аспаптар», «Сәндік өнер», «Айтыс», «Бастау» атты бірлестіктердің орны бөлек. Ал енді институттың талантты, өнерпаз жастарының басын қосқан «Сыр сандық» өнер бірлестігінің (жетекшісі ақын А.Маликова) орны тіпті бөлек, 2012 жылдары құрылған бірлестіктің «Қош бол, махаббат», «Абай», «Әпке», т.б. сахналық қойылымдары қаншама өнерлі жастың талантын ашып, рухани қазына байлығы ретінде қалың көпшілікке жол тартты. Университетіміздің өнерпаз жастары туған еліміздің түкпір-түкпірінде болып жатқан өнер, ән-жыр, КВН, басқа да сайыстарда университетіміздің абыройын асқақтатып, жүлделі орындардан көрініп жатады, атап айтқанда Республикалық Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің сайысында, «Бір ел, бір кітап» акциясы аясында, өзіміздің аймақта өтетін сан алуан сайыстарда өнерлі жастарымыз Д.Ақсақалов, Х.Фахридинова, С.Орынтай, Ғ.Жамаділ, Ә.Тәжі, Ж.Мұсырза, Н.Жақабай, т.б. бас жүлдені ешкімге бермейді. Университеттің талантты студенттері білім биігін, тәрбие тағылымын ғана меңгеріп қоймай, спорт саңлақтары да болып табылады. Университет түлектері арасында ҚР спорт шееберлері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері аз емес. Б. Жақыпов, Е.Король, Л.Сайдиева, Қ.Оңғарбаев, Қ.Шамиев, т.б. спорт жұлдыздары ел мақтаныштары.

Университеттің ұстаздары мен студент ізденушілерінің халықаралық байланыстары мен әлем өркениетіне ұмтылған сәтті қадамдары аз емес. Біз ең алдымен өз тілімізді, «Ана тілің, арың бұл, Ұятың боп тұр бетте» (Қ.Мырзалиев) деген қасиетті қағиданы қатты ұстанамыз. Сонымен қатар құлашты кеңге сермеп, биікке, биікке ұмтылатын жағдай да жеткілікті. Сөз өнерінің биік шыңы ұлы Абайдан қалған бір өсиетті тілек бар, «...барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет!». ХХІ ғасырға қадам басқан бүгінгі ұрпақ Абай аманатына адал және тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың кемел саясатын жүзеге асыру мақсатында халықаралық ағылшын тілінде оқытуды да ойдағыдай жүзеге асырып келеді. Бір сөзбен айтқанда Президент Жолдауында атап көрсетілген «Үш тұғырлы тіл» саясатын біздің институт толыққанды жүзеге асырып келеді десек асыра айтқандық болмас. Мемлекеттік стандарт талабына сай қазақ, орыс, ағылшын тілдерімен қатар француз, неміс, тілдерінде де білім беру жүзеге асырылып келеді. Институттың жетекші ғалымдары халықаралық орыс, ағылшын тілдерінде ғылыми жобалар, баяндамалар жасап, Ресей, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия сияқты елдердің ғалымдарымен бәсекеге түсіп жатса, сонымен қатар алыс Америкада, Испанияда, т.б. Батыс елдерінде ағылшын тілінде тәжірибе алмасып қайтуға жан-жақты жағдай жасалған. Көптеген студенттер ағылшын тілін жетік меңгеру мақсатында тәжірибелік сапарға барып келуде.

Туған еліміз кең байтақ Қазақстанның келешегін кемел етемін десең, ұлт мұраты мен ұрпақ болашағын терең етіп қана қоймай өз болашағыңды да сол дәстүрмен жалғастырғың келсе, өрлеу мен өркендеудің ұстаханасы ОҚМПИ-ды таңда, жас дос!

Нариман НҰРПЕЙІСОВ,
филология ғылымдарының кандидаты, филология
факультетінің деканы

Последнее изменение Понедельник, 06 Июнь 2016 05:15
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.