×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

25 жылда... Шымкентте мектептер саны екi есеге артқан Избранное

Пятница, 29 Июль 2016 06:13 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 9619 раз

Биыл еліміздің орта мектептерінде Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы қадамдары жасалмақ. Ол бірінші кезекте орыс мектептеріндегі қазақ тілінің сағаттарын көбейтуден және оның сапасын арттырудан басталады. Ал жалпы орта мектептердегі қазақ тілін оқыту бағдарламасы бұрынғы қолданыста қала бермек. Сонымен қатар, үш тілде білім беру жүйесі қолға алынады. Бұл қатарда, жаратылыстану (химия, физика, биология, информатика) пәндерін үш тілде, оның ішінде қазақ тілін де жаңа әдістемемен оқыту көзделіп отыр.

shkolaОҚУЛЫҚ ТАПШЫЛЫҒЫ ҚАЛАЙ ШЕШIЛЕДI?

Шымкенттегі орта білім беретін 127 мектептің жаңа оқу жылына даярлығы өз деңгейінде жүргізілуде. Қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, жаңа жүйе бойынша білім алатын 1-сынып оқушылары үшін әдістемелік материалдардың толық ресурсы: оқу бағдарламалары, оқулықтар, күнделікті сабақ жоспарлары, мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаулықтар, бағалау жөніндегі ұсынымдардың бәрі де дайын. Сондай-ақ, жаңа оқу жылына 1 жəне 8 сынып оқушыларын толығымен оқулықпен қамтамасыз ету үшін 13 баспамен келісім-шарт жасалыпты. Атап айтар болсақ, 4-сыныптың «Ағылшын тілі», 9-сыныптарға арналған «Зайырлы этика және дінтану негіздері» оқулықтары жаңа оқу маусымында беріледі. 1-сынып оқушылары үшін сыйлық ретінде «Менің Отаным - Қазақстан» оқулығы алынуда. Бұл қажеттіліктер үшін 837 миллион 192 мың теңге қаржы қаралыпты. Тапсырыс берілген оқулықтарды баспалардан «Smart jet», «Бекзат-2001» ЖШС-лері тасымалдауда.

ЖАҢА 6 МЕКТЕП АШЫЛАДЫ

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Шымкент қаласындағы орта білім беретін мектептердің саны екі есеге артқан. Бұл қатарда, «Сайрам» шағынауданында іргетасы 1991 жылы қаланған Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы ел Тәуелсіздігімен бірге биыл 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Сол кезеңде жаңа тұрпатты мектеп аталған мекеме 1993 жылы көркем-эстетикалық кешенді лицей-мектебі,1996 жылы гуманитарлық-эстетикалық гимназия-мектебі дәрежесін иеленіпті. 2009 жылдан бері аталмыш білім ұясы мектеп-гимназия деңгейінде аталады.
Міне, содан бергі уақытта Шымкент қаласында 60-қа таяу мектеп ғимараты пайдалануға беріліпті. Биыл тағы жаңа оқу жылы қарсаңында 6 білім нысаны елдің игілігіне берілгелі отыр. Атап айтқанда, қала аумағына жаңа қосылған Тассай, Сайрам, Қаратөбе елдімекендерінде бой көтерген жалпы орта мектеп ғимараттары жаңадан қосылған маусымда оқушыларды қабылдауға толығымен дайын. Бұдан бөлек, 8 білім нысанында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш мектеп ғимараттарының тапсыру мерзімі 2017 жылға белгіленген.
Шымкент қалалық білім бөлімінің мамандары жаңа оқу жылында 3 мектеп ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынғанын жеткізді. Соның бірі Забадамдағы №13 мектепті жаңалауға бюджеттен 106 миллион теңге қаржы бөлініпті. Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары түзілген кестеге сай жүргізілуде.

1443816073flnju

Айта кетейік, Забадам елдімекеніндегі №13 орта мектептің негізгі ғимараты 1964 жылы қаланған. Бүгінде тозығы жеткен оқу корпусының бірқатар бөлігі жаңаланып, сәулет-кескіні арта түсуде. Есік, терезе, еден, инженерлік коммуникация жүйесінің барлығы белгіленген мерзімде толығымен ауыстырылуы тиіс. Дегенмен, мұнда құрылыстың негізгі бөлігі аяқталған, қазір әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты «Шалқар құрылыс іnternational» мердігер мекемесі белгіленген кестеге сай атқарып келеді.

Мектеп формасы Шымкентте дайындалады

Биылғы жаңа оқу жылында бірыңғай мектеп формасын кию – ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан талап етілуде. Бұл ретте, әрбір білім мекемесі ата-аналар комитетімен келісіп, белгілі бір мектеп формасын таңдау мүмкіндігіне ие. Бастысы, форма министрліктің талаптарына сай болуы тиіс. Қазіргі таңда қаладағы «Алтын» және «Гаухар» тігін цехтары мектеп формасын дайындаумен айналысуда.
Айта кетейік, орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасының үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады. Яғни, түрлі түстердің санын үшеуден асырмай араластыруға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады.

Бiлiм беру мазмұнын жаңарту – заман талабы

Жаңа жүйеге сәйкес, 1-сынып оқушылары жаңа оқу жылынан бастап, бес күндік оқу аптасына көшпек. Балалар үшін ата-анасының, отбасының тәрбиесі аса маңызды. Бес күндік оқу жүйесі балалардың сенбі, жексенбі күнгі демалыс уақытында ата-анасымен бірге болуына көп мүмкіндік береді. Сондай-ақ, балалардың шығармашылық қабілетін арттыруға, қосымша білім алуына, әсіресе, спортпен, өнермен айналысуына көбірек уақыт беріледі.
Білім беру бағдарламасының жаңартылуына байланысты 1 қыркүйектен бастап, 1-сынып оқушылары 1 маусымға дейін оқиды. Оқу мерзімінің ұзақтығы — 33 оқу аптасы. 1-сынып оқушылары сенбі күн есебінен 34 күн қосымша демалыс алады. Айта кетейік, Шымкент қаласында биыл 21 046 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ.
Биылғы жаңа оқу жылынан бастап 1-сынып оқушылары жаңа жүйе бойынша білім алады. Осылайша, 2020 жылға қарай кезең-кезеңімен барлық сыныптар бес күндік оқу аптасына көшетін болады. Сондай-ақ, 12 жылдық оқу бағдарламасы енгізіледі. Сарапшылардың айтуынша, бұл жүйе – әлемдік тәжірибенің озық үлгісі ретінде қарастырылуда.
Бүгінде Шымкент қаласында жалпы саны 127 орта білім беретін мектеп (оның 3-уі кешкі мектеп) болса, мектепке дейінгі тәрбие беретін 362 мекеме бар. Қала халқы санының едәуір өсімімен байланысты, биыл 42 балабақшы пайдалануға беріліпті. Нәтижесінде, мектепке дейінгі мекемелерде 50 мыңнан астам бүлдіршін қамтылып, жалпы көрсеткіш 82,4 пайызды құрап отыр.