Мұғалім беделін қалай көтереміз?

Пятница, 30 Сентябрь 2016 08:28 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3881 раз

Ұстаз беделі туралы қоғамда, БАҚ беттерінде аз айтылып та, аз жазылып та жүрген жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Тәуелсіз Қазақстанда өркениетке барар жолдың бастауы – мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Ұстаздың мәртебесін көтеру – күн тәртібіндегі бірінші мәселе. Біз мұғалім мамандығының беделі мен абыройын қайтаруға міндеттіміз» деген еді. Мұғалімнің беделін қайтсек көтереміз?

1Жуырда мәжіліс депутаты Ирина Смирнова білім беру саласында тер төгіп жүрген ұстаздардың жалақысы тым аз екенін, оны 1000 долларға дейін көтеруін сұрап, Үкіметке хат жолдады. Халықаралық «mel.fm» сайты арнайы зерттеу жүргізген екен. Сонда Мексика ұстаздарының жалақысы 5 695 долларды құрапты. Германия мұғалімдері 5110, АҚШ-тың ұстаздары 3558 доллар алады екен. Испания, Австралия, Нидерланды мұғалімдері де 3000 доллардан жоғары жалақы алатын көрінеді. 

Үй-жайын ұмытып, өзгенің баласын өзінікіндей көретін, білім мен тәрбие беру жолында ізденетін мұғалімдердің еңбекақысын жоғарылатып жатса несі айып?!

Десе де, мұғалімнің мәртебесі тек жалақыны жоғарылатумен шешіле салмасы анық. Оның беделі өзін жан-жақты қырын танытуымен, білімімен, сыйластығымен, жеке-дара ерекшеліктерінің бағалануымен көтеріледі.

Сондай-ақ, мұғалімдік қызметті атқаратындардың 81,3 пайызы әйелдер екенін ескеріп, бұл салаға ер азаматтарды тартудың да қажеттілігін жете ұғынған жөн. Оларды оқушылардан ақша жинауға, концерттерге билет сатуға, ең ақыры қоғамдық жұмыстарды атқаруға мәжбүрлемей, қағазбастылықтан арылтып, тек баланың санасына білім құюға ғана мүмкіндік берсек, сонда ғана біздің білім жүйесінде оң өзгерістің болары анық.

Ал Шымкентте бүгінде 16 мыңнан астам педагог бар екен. Оның 4290-ы жоғары санатты, 3886-сы – І санатты, ал 4555-і ІІ санатты мұғалімдер. Осы жылы 2164 мұғалім Шымкент, Алматы қаласында пәндер бойынша бес жылда бір рет өтетін екі апталық міндетті біліктілік курстарынан өтсе, «Робототехника» курсында 104 мұғалім білімін жетілдірген. Ал 2 мыңнан астам ұстаз Педагогикалық шеберлік орталығы және «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы ұйымдастырған үш айлық деңгейлік курсында білім алған.

Бұдан бөлек, шымкенттік ұстаздарға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың «2017 жылдан бастап, біздің мұғалімдер мен мектеп директорлары Финляндияда білімін жетілдіреді» деген жаңалығы да тосын сый болғаны рас. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан әрбір түлек қолына қалам ұстатып, әріп танытқан, жазу-сызуды үйреткен, үлкен өмірге жолдама беріп қанаттандырған ұстазын ұмытпаса керек-ті.

Ұстаздық атты ауыр жолды таңдаған барша жанды төл мерекемен құттықтаймыз!

Последнее изменение Пятница, 30 Сентябрь 2016 08:33
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.