«T-hunter.kz», «i-mektep.kz»: Шымкенттен шыққан тың жобалар Избранное

Среда, 06 Сентябрь 2017 04:47 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 8208 раз

Шымкентте дәстүрлі қалалық Тамыз кеңесі өтті. Маңызды шараға қала әкімі Ғ.Әбдірахымов, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ө.Мелдеханов, қалалық мәслихат хатшысы Н.Бекназаров және облыстық білім басқармасының басшысы И.Сағындықов, қалалық білім бөлімінің басшысы Ж.Тәжиева, сондай-ақ қала мектептерінің мұғалімдері қатысты.

4

Көрмеге үздік жұмыстар қойылды

Жиын басталмас бұрын қала әкімі бастаған топ қала мектептері оқушыларының көрмесіне қойылған үздік жұмыстармен танысты. Балалар көркемсурет мектебі оқушыларының қолөнер және бейнелеу өнерінің туындылары алыстан көз тартады. Ал №34 «Балбұлақ» балабақшасы ұжымының көрмеге қойған заттары, тіпті ерекше. Аталған балабақшаның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Құралай Курбенова өз қолымен мультфильм кейіпкерлерінің қуыршақ-мүсіндерін жасап шығарған. Ол кішкентай бөбектерге тек ағылшын тілін үйретіп қана қоймай, қолөнер бұйымдарын, қуыршақтар жасауды үйретумен келеді. Өнерлі мұғалім бұл қуыршақтарды қалай жасағанына тоқталды. «Қазақ мультипликация кейіпкерлерін баклашкадан, сентифоннан және түрлі маталардан жасаймын. Сабақтан тыс уақытта ермек етемін. Бір қуыршақты жасауға бір аптадай уақыт кетеді», – дейді қолөнер шебері. Бұдандан бөлек, кеңес жанындағы көрмеге №14, №17, №20, №30, №89 мектеп оқушыларының «Робототехника» үйірмесінде жасаған роботтары қойылған. 

DSC 6882

– Былтыр қалалық білім бөлімі тарапынан «Робототехника» үйірмесі ашылған бірнеше мектепке бес-бестен робот бөлшектерін берген болатынбыз. Енді оқушылар сабақтың барысында, яғни 45 минуттың ішінде бір робот жасай алады, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева.

 

«Мектеп директоры бас психолог болуы керек!»

Тамыз кеңесі ашық деп жарияланғаннан кейін білім бөлімінің басшысы Ж.Тәжиева сөз алды. 

– Бала тәрбиесі сіз бен бізді қатты ойландыруы керек. Мектепте психолог пен социологтың жұмысына мықтап көңіл бөлетін кез жетті. Олардың тәжірибесі мен біліктілігіне қарап жұмысқа алатын заман келген сияқты. Әр мектептің директоры шарасыздық танытып отырмай, өзі де бас психолог болуы керек, – деп атап өтті. 

11

Жанат Арысбекқызы «бала тәрбиесі – баршамызға ортақ» екенін айта отырып, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бала тәрбиесінде ата-аналарды да белсенді болуға шақырды. «Қаладағы №65, №9, №47, №23 мектептердің ата-аналарына ерекше алғысымды білдіргім келеді», – деді ол өз сөзінде. 

Бүгінгі күні, өкінішке қарай, арамызда ұстаз абыройына кір келтіріп, сын садағына іліккен жағдайлар да орын алуда. Оған дәлел осы жылдың басынан мектеп директорлары мен мұғалімдерінің үстінен 46 арыз-шағым тіркелген. Мекеме басшыларының кадр қабылдауда заңсыздыққа жол беруі, кейбір мектептердегі мұғалімдердің білім сапасының, педагогикалық этикасының төмендігі, түрлі сылтаумен қаржы жинау фактілерінің орын алуы, ал ең сорақысы, оқушыларды алалау сияқты іс-әрекеттер әшкере болуда. 

Тамыз кеңесінде белгілі болған жағымды жаңалықтың бірі, қыркүйектің соңында қаладағы 5 мектеп директоры мен 3 мұғалім Финляндияға 2 айға іс-тәжірибе алмасуға жіберілмек.

DSC 7150

Электронды жүйенің Шымкенттен шыққанына таңғалады

Жарыссөзге қала мектептерінің мұғалімдерімен қатар Астанадан арнайы келген маман Евгений Щербатов та шықты. Білім саласындағы ашықтықты, айқындылықты, жариялылықты қамтамасыз ете отырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында «Балаларды 1-сыныпқа электронды түрде қабылдау», «Балабақшаларға электронды жолдама беру», «T-hunter.kz» мұғалімдерді жұмысқа қабылдау», «I-mektep.kz» мектепішілік электронды бақылау» автоматтандырылған бағдарламаларының авторы аталған жобалардың тиімділігіне тоқталды. 

– Мен осы жобаларды басқа өңірлерге таныстыруға барғанда, бәрі бұл идеяның Шымкенттен шыққанына таңғалады. Осы орайда қала әкімі мен білім бөлімінің басшысына алғыс айтамын, – деді Е.Щербатов. Айта кету керек, аталған жүйе қала әкімінің тапсырмасына сәйкес республикада алғашқы болып біздің өңірімізде енгізілді. 

Жиында сөз алған қала әкімі Ғ.Әбдірахымов бірнеше ұсыныс айтты.

DSC 7434

– Барлық ұстаздарды толықтай тестілеуден өткізіп тұру керек. Себебі дәл қазіргідей жаһандану заманында мұғалім деңгейі оқушыдан бір саты да төмен болмауы керек. Одан кейін ҰБТ-дан ең төменгі көрсеткіш көрсеткен мектептерде тексеру-зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет, – деп білім бөлімінің басшысына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

 

Математика деңгейі неге төмен?

Ал облыстық білім басқармасының басшысы И. Сағындықов мектеп директорлары мен мұғалімдерді алдағы оқу жылында білім сапасын жоғарылату жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Саладағы бірқатар кемшіліктерге де тоқталды.

DSC 7410

– Мені өткен оқу жылында ҰБТ-да математика пәнінен облыс мектептерінің оқушылары төмен көрсеткіш көрсеткені қынжылтты. Олай дейтінім, елімізде «Робототехниканың» негізін қалаған ғалым Өмірбек Жолдасбеков осы оңтүстіктен шыққан. Басқа да небір математиканың жілігін шағып, майын ішкендер өзіміздің өңірдің түлектері. Атап өтсек, олар – Лесбек Тәшім, Рысбек Қабден, Есентай Рахимовтар. Осындай ғалымдар шыққан өлкеде неге математиканың деңгейі төмен?! – деді Исатай Өмірзақұлы.

Сала басшысы ұстаздардың біліктілігін көтеру мақсатында мұғалімдердің де арасында пәндік олимпиадалар ұйымдастыру керектігін алға тартты. Білім басқармасының басшысы жаңа оқу жылының қарсаңында мектеп басшылары мен мұғалімдерді сыбайлас жемқорлықтан сақ болуға шақырды. 

DSC 7462

Шара соңында облыстың бас ұстазы И.Сағындықов мұғалімдерге Білім және ғылым министрлігінен берілген бірқатар марапаттарды тапсырды. Оның ішінде Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісімен Қ.Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицейінің директоры О.Алшынбекова, №31 жалпы орта мектебінің директоры Н.Ширтаева, №25 мектеп-гимназиясының орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі М.Асанбекқызы марапатталды. 

Сонымен қатар, еңбегі еленген ұстаздардың дені ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Өнер саласындағы еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Құрмет» грамотасымен, министрліктің және қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.