«Білімсіз ұстазды мектепке жіберу – қылмыс» Избранное

Вторник, 29 Август 2017 04:21 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4611 раз

Биылғы оқу жылында өзгерістер аз емес. Әсіресе кадр тапшылығын шешу, қыркүйек айынан бастап T-hunter жүйесі бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін арнайы тест алу жоспарлануда. Себебі «Білімсіз ұстазды мектепке жіберу – қылмыс!». Жаңа оқу жылының қарсаңында Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева БАҚ өкілдерімен өткен брифингте осылай мәлімдеді.

 

Білім бөлімі басшысының айтуынша, Шымкент қаласында өткен жылы 129 мектеп болса, биыл 3 мектеппен толықтырылып, 132 жаңа мектеп пен 88 балабақша (оның 278-і – жеке меншік балабақша) жаңа оқу жылын бастағалы отыр. Жалпы алғанда биылғы құрылыс жұмыстары талапқа сай жүргізілді. 

Биылдыққа білім саласына 44 млрд 3 млн теңге қаржы бөлінген. Бүгінгі таңда қалада 168 мыңға жуық оқушы болса, оның 30 мыңға жуығы жағдайы төмен, көпбалалы отбасының балалары. Қала сыртындағы жазғы сауықтырумен жалпы – 12083 бала қамтылған, ол 7,5 %-ды құрайды. 

Бөлімге қарасты білім беру ұйымдарындағы педагог қызметкерлердің саны – 17 070. Оның ішінде жоғары және І санатты педагогтардың үлесі 51,3 %-ды құрайды. Осы орайда Жанат Тәжиева ұстаздардың біліктілік деңгейіне қатысты пікірін жеткізді.

Қатаң қарайтын мәселе – ұстаздардың біліктілігі

– T-hunter жүйесімен жұмысқа қабылдағанда, оқу орнын бітіріп келген жас мамандардың ішінде 25 сұрақтың 5-не ғана жауап бергендері бар. Барлық сұраққа толықтай дұрыс жауап беретін республика көлемінде үлгі болатын мықты педагогтарымыз да жоқ емес. Біз сапаны қалай көтереміз? Бүгінгі күні қатаң қарайтын мәселе – ұстаздардың мәселесі болуы керек деп есептеймін. Тесттен жиі өткізіп, олардың білім сапасын көтеруді жоспарлап отырмыз. Себебі «білімсіз ұстазды мектепке жіберу – қылмыс», – деді білім бөлімінің басшысы. Бүгінгі күнге дейін конкурстық жүйе бойынша 324 комиссия отырысы өткізіліп, 176 педагог қызметкер жұмысқа қабылданған. 

Оқулықтармен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес, 2017 жылы 2, 5, 7 сыныптардың оқушылары оқулықтармен және 1-сыныптар үшін қосымша дәптермен 100 % қамтылған.

 

Электронды жүйе қағазбастылықтан құтқарды

Білім бөліміне енгізілген жаңалықтардың бастысы – балаларды балабақшаға, мұғалімдерді жұмысқа электронды түрде қабылдау жүйесі.

– Өз кезегінде бұл өзгерістер – бізді қағазбастылықтан құтқарды. Ең бастысы адами фактор араласпайтын болды, – деді Жанат Тәжиева. 

Ал бүгінгі күнге дейін 19 930 ата-ана баласын балабақшаға электронды түрде тіркеген. 

– Бүгінгі таңда «i-mektep.kz» мектепішілік электронды бақылау жүйесі 29 мектепке орнатылып, талдау жұмыстарының қорытындысына сәйкес, 2016-2017 оқу жылының IV-тоқсанында I тоқсанмен салыстырғанда сабақтан себепсіз қалу деңгейі 75 %-ға төмендеген. Құқықбұзушылық бойынша өткен жылы 6 қылмыс тіркелсе, биылғы жылы мүлдем орын алмаған. Оқушылардың үлгерімі 15 %-ға жоғарылап отыр, – дейді Жанат Арысбекқызы. 

Сала басшысының айтуынша, биыл мектеп формасы ата-аналармен кеңесе отырып шешіледі. Өңірлік мектеп формасын жасақтау мәселесі алдағы уақытта талқыланбақ.
Жиын соңында журналистердің қойған сауалдарына жауап берген білім бөлімінің басшысы биыл ҰБТ-дан кейінгі нәтижеге наразылық танытқан 23 шымкенттік оқушының 9-ы мемлекеттік грант иеленгенін мәлімдеді.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.