Шымкент білімді мамандар даярлайтын оқу орындарымен ерекшеленсе Избранное

Среда, 27 Июнь 2018 04:46 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3612 раз

Мегаполис саны миллионнан асқан тұрғындарымен ғана өлшенбеуі тиіс. Барлық саланың темірқазығы білім десек, республикада үшінші қала статусын алған Шымкент қаласын дамытуда бірінші кезекте мықты мамандар даярлауды қолға алуымыз қажет». Бұл – М.Өтебаев атындағы жоғарғы жаңа технологиялар колледжінің директоры Қанатбек Досалиевтың пікірі. Кәсіптік-техникалық білім беруде тың жобалармен алда жүретін жаңаша көзқарастағы басшымен «Мегаполис қай бағытта дамуы қажет» деген сауал төңірегінде әңгімелескен едік.

манап өтебаев

– Қанатбек Балтабайұлы, Шымкент республикада үшінші қала атанды. Алып шаһардың өсіп-өркендеуіне, әсіресе, білім саласының дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан азаматсыз. Мегаполист дәрежесін алған қаладан қандай жаңалықтар күтесіз?
– «Жасыл», «шымды» деп аталып келген қаламыз, расында, Қазақстандағы көне қалалардың бірі. Өзінің терең тарихы бар шаһар талай мемлекеттерді Ұлы жібек жолы бойында тоғыстырған ерекше қала болды. Ғасырлар бойы тарихтың талай тезіне түсіп, соқтықпалы-соқпақты жолдармен өткенімен Шымқала бет-бейнесін, тұрғындары қазақылығын жоғалтпай, салты мен дәстүрін сақтап қалғанымен ерекшеленеді.
Шымкент тұрғындарының саны биыл миллионға жетіп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаламызға республикада үшінші қала атауын беруі оңды қабылданған тарихи шешім деп қараймыз. Енді қаланы алдағы уақытта жарқын келешек күтіп тұр деп айта аламыз.

126666

Менің ойымша шаһар жан-жақты дамуы тиіс. Біріншіден, инвесторлардың қызығушылығы артып, құйылатын инвестиция көлемі артады. Екіншіден, ғылыми-мәдени, бизнес орталығы болады. Өйткені, халықтың өзі өзгерістерді дұрыс жағынан қабылдауға бейімділігі және олардың жол тапқыштығы мен еңбекқорлығы қаланың өркендеуіне жылдам ықпал ететініне сенімдімін. Шымкент географиялық ерекшелігіне орай мәдени орталық болуға да лайықты қала. Ташкент түбімізде болса, Бішкек қаласы да алыс емес. Сол себепті көрші халықтардың мәдениетін бір ортаға шоғырландырып, әлемнің назарын аудара алады. Осы орайда Шымкенттің 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы болып аталуының өзі үлкен істің бастамасы.
– Жалпы, әлемде, елімізде болсын әр шаһардың даму жолында өз бағыты болады. Бізде бетұрысты бірінші қай салаға бағыттаған дұрыс?
– Барлық саласының темірқазығы – білім. «Ел мен елді, адам мен адамды теңестіретін – білім» деп текке айтылмаған. Мемлекет білімді азаматтарымен, ғылымымен, солардың жетістігімен, ойлап тауып жатқан технологиясымен озықтар қатарынан көріне алады. Сондықтан қандай елдің болмасын халықтың тұрмыс жағдайын дұрыстайтын, экономикасын көтеретін – мықты мамандар. Өңірімізде 90-нан астам колледж, бұдан бөлек жоғары оқу орындары бар, ал олардың көбісі қала аумағында орналасқан. Солардың ішінде кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарында білім сапасын жасқартуда талапты күшейтіп, нарыққа қажетті мамандар дайындау мәселесі назарға алынғаны дұрыс деп ойлаймын. Дәл қазіргі уақытта мегаполиске білікті кадрлардың қажеттігі артатынын ескерсек, нарыққа бейім мамандықтарға терең талдау жасап, сараптап, түбегейлі шешім қабылдамаса болмайды. Бұл үшін арнайы мониторинг жасау орталығы құрылып, жан-жақты зерделеу жасаудың уақыты келген сияқты.
Білім саласында талай жылдар еңбек етіп, тәжірибе жинақтап, оқу ордамыз шет мемлекеттердің білім жүйесімен танысып, озық үлгілерімен бірлесе жұмыс жасағандықтан білекті емес, білімді мыңды жығатынына көз жеткіздік. Осы орайда Шымкент сапалы білім беріп, ең білімді мамандар даярлайтын оқу орындарымен ерекше қала болса құба-құп болар еді.
– Жарты ғасырлық тарихы бар колледж қаланың дамуына қаншалықты үлес қосты? Нарыққа бейім мамандар даярлай алдыңыздар ма?
– Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі заманға лайықты мамандар даярлаудың көш басында келеді. Кәсібін терең меңгерген, білімі мен іскерлігін жан-жақты тиімді пайдалана алатын мамандар дәріс беретін колледжді бітірген түлектер жұмыс берушілер тарапынан жоғары сұранысқа ие. Коледжді бітірген түлектердің 90 пайызы Шымкент қаласында әр түрлі салада жұмысқа орналасады. Ол – қаржы, заң, бизнес, қызмет көрсету орталықтарында, мұнай, құрылыста және энергетика және өзге де салаларда жұмысқа оңай қол жеткізеді.
– Қаламыздың бет-бейнесі қалыптастыруда қандай мәселелер ескерілу керек деп ойлайсыз?
– Қаланың аумағы кеңейіп, жаңадан шағынаудандар мен елдімекендер қосылды. Оларда коммуналдық тұрғыда шешілмеген мәселелері көп. Мегаполис қала болғандықтан, аумағында орналасқан елдімекендердің инфрақұрылымы, жолы, көшелері стандартқа сай салынған, үйлерінің сәулеті жарасқан, абаттандыруы өзгеше болғаны дұрыс. Жоғарыда атап өткенімдей, шаһарымыз шымды, жасыл қала атауына лайықталып, көркеюінде осы жағы ескерілсе, әрине, жақсы.
Қай елде болмасын мегаполисті дамытуда жолдарға және көше бойындағы үйлердің сәулетіне, абаттандыруына, тазалығына да аса мән береді. Қазір Шымкентте көлік жүретін жолдар өте тар, соған шет мемлекеттердегідей 2-3 деңгейдегі көшелер салуды бастауы керек. Көшелердің тоғысқан жерлеріндегі айрықтар жасау мәселесі назарда болса, болашақта үлкен көлік кептелістердің алдын алар еді.
Осы тұста айтып өткім келетіні, ертеректе Шымқалада көше бойындағы арықтарда су ағып жататын. Ол қаланың ажарын ашып, жасал ағаштардың жайқалып өсуіне септігін тигізіп, ауаның тазаруына, экологияның жақсаруына да көмегі тиді. Қаланың даму жоспарында биліктегілер осы жағдайды назарға алса деген ұсынысым бар.
Сөз соңында айтарым, Шымкент қаласына әкім болып қайта тағайындалған Ғабидолла Әбдірахымов қаланың жағдайын жетік білетін азамат, бұған дейін де көптеген жақсы істердің ұйытқысы болды. Ендігі жерде еліміздегі үшінші қаланың тізгінін ұстаған басшының игі бастамаларына сәттілік тілеймін!
– Қанатбек Балтабайұлы, өзіңізбен Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында сұхбаттасудың сәті түсіп отыр. Осы орайда журналистер қауымына айтар мерекелік лебізіңіз?..
– Қоғамның дамуы мен қоғамдық сананың қалыптасуында журналистер қауымының қозғаушы күш ретінде атқаратын ролі мен қызметі орасан. Сондықтан олардың барлық мәселеде принципті, әділ, обьективті болғаны маңызды. Шымкент үшінші мегаполис болғандықтан енді қаланың бас газеті саналатын «Шымкент келбеті»-«Панорама Шымкента» газеттерінің де мазмұндық, сапалық деңгейі арта түседі деп сенемін. Оқырман ретінде журналистерге шығармашылық биіктік тілеймін.
–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасхан
Айгүл КЕРІМҚұлова

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.