Есепке жүйрік балақайлар:Ментальды арифметиканың пайдасы қандай? Избранное

Пятница, 10 Август 2018 04:47 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4240 раз

Жуырда Шымкентке еліміздің әр аймағынан есепке жүйрік 200 балақай жиналды. Олар ментальды арифметикадан «Бізбен бірге жеңімпаз атан!» атты республикалық жазғы турнирде бақ сынасқан болатын. Жазғы турнир Шымқалада алғаш рет «Юсимас-Қазақстан» халықаралық даму академиясының өңірлік филиалы – «Алиар-Юсимас» оқыту орталығының бастамасымен, Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Үш күнге созылған турнир Астананың 20 жылдық мерейтойы мен Шымкент қаласының республикалық маңызы бар шаһар мәртебесін алуына орай ұйымдастырылды.

DSC 2229

Сайыстың алғашқы күнінде еліміздің әр өңірінен келген UCMAS оқушылары бір мезетте есеп шығарудан бақ сынасып, жүзден жүйрік шыққандарға лайықты құрмет көрсетілді. 3 дәрежеге бөлінген жас дарындар жарыс соңында алғыс хаттар және кубоктармен марапатталды. Атап айтқанда 22 бала 1-дәрежелі, 35 бала 2-дәрежелі, қалғаны 3-дәрежелі дипломдарға ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау қатысушылары – Испания, Индонезия, Малайзия, Иордания, Біріккен Араб Әмірлігі және басқа да көптеген елдерден жүлделі орын алып жүрген балақайлар.
Бұл шараға шақырылған арнайы қонақ – көпке «калькулятор-бала» ретінде танылған Ильяс Тохтарханов болды. Ресейдің Гиннес рекордтар кітабына енген, «Ұлт алтыны», «Ғажайып адамдар» бағдарламасының жүлдегері бұл күні ең жылдам есеп шығарғаны үшін арнайы сертификатқа ие болды. Ол – еліміздегі «КИнЭС -2018» кітабына енгенін растайтын құжат.
Дарынды балақайлар бірінші күні есеп шығарудан емтихан тапсырса, екінші күні танымдық іс-шаралар аясында Шымкент қаласы мен облыстағы тарихи орындарға зиярат жасап қайтты. Ал үшінші күні демалыс орындарында тынығып, үйлеріне тарқасты.
Шара барысында ұйымдастырушыларды сөзге тартып, ата-аналар және балақайлармен тілдестік. Ментальды арифметика олардың өміріне қандай өзгеріс әкелгенін сұрап-білдік.

Ментальды арифметика Шымкентке қайдан келді?

Бұл әдістеменің біздің шаһарға қалай тап болғанын айтпас бұрын, қысқаша тарихына тоқталып өтейік. Ментальды арифметика – 4 пен 14 жас аралығындағы балалардың зияткерлік қабілетін дамытуға арналған, ойша есеп жүйесіне негізделген бағдарлама. Оның тарихы ежелгі Қытайдағы «абакус» есептеу құрылғысының пайда болуымен тығыз байланысты. Себебі ментальды арифметика бағдарламасының негізі осы абакусты қолданумен сипатталады. Дәл осы құрылғының адам миын шынықтыратын қасиетін байқаған малайзиялық профессор Дино Вонг 1993 жылы UCMAS ментальды арифметика бағдарламасын ойлап тапқан.
Бүгінгі таңда бұл бағдарлама әлемнің 78 елінде сұранысқа ие болып, UCMAS кеңселері ашылған. Қазақстанға мұндай орталықтар 2011 жылы келді. Ал 2015-2016 жылдары Шымкентте ментальды арифметика курстары ашыла бастады. Сала мамандарының айтуынша, абакуспен жұмыс істеу балалардың ұсақ моторикасын дамытып, миының екі жақ жарты шарының үйлесімді дамуына әсер етеді. Сонымен қатар баланың зейіні мен фотографиялық есте сақтау қабілеті артып, шығармашылық ойлау, байқампаздық, өз-өзіне сенімділік, нақтылық, жылдамдық пайда болады.
– Бұл – бүгінде баланың интеллектуалды дағдыларын дамытатын жалғыз әдістеме, – дейді «Алиар-Юсимас» оқыту орталығының басшысы Гүлнара Үсенова.
– Біз халықаралық стандартқа сай жұмыс жасап жатқан орталықпыз. Шымкентте 2013 жылдан бастап балаларды ментальды арифметикаға үйретіп келеміз. Орталықта 2 мұғалім 40-қа жуық балақайға аптасына 2 рет дәріс өтеді. Ғалымдар дәлелдеген бір мысалды келтірейін. Қазір өсіп келе жатқан балаларымыздың үштен бірі алғыр болып келеді. Олардың осы қабілетін ары қарай дамытуымыз керек. Ата-аналардың басым көпшілігі бірнеше айда баламыздың барлық қабілетін ашып беріңіздер деген өтінішін арқалап келеді. Бірақ ондай әдіс ешбір елде жоқ. Оған бірнеше жылдар керек қой. Даму – тынымсыз еңбек пен ізденістің жемісі. Біздің балаларды оқытуға арналған арнайы бағдарламамыз бар. Сол 10 деңгейлі оқу жоспарымен 4-14 жастағы балғындарды жылдам есептеуге машықтаймыз. Бұл, әрине, ақылы. Бірақ ата-аналар мынаны ескерсе екен деймін. Бүгін барлық сала автоматтандырылған жүйеге көшірілуде. Техника билейтін заман орнайды. Ал біздің балалар ертеңгі сол сұранысқа сай маман болып қалыптасу үшін қазірден күш салуымыз керек. Біз өз шәкірттерімізбен мақтанамыз. Олардың арасынан әлі ел билейтін басшылар, ғалымдар мен бизнесмендер шығатынына сенімім мол.
«Юсимас-Қазақстан» халықаралық даму академиясының еліміздің әр аймағында 30-дан астам орталықтары бар. Ал жалпы 78 елде 5000-ға жуық кеңсе жұмыс істейді. Статистикалық деректерге сүйенсек, 1,5 миллиондай оқушы аталған орталықта дәріс алған. Солардың бірі – Сабина Бердібай. 
– Ментальды арифметиканы меңгеріп жүргеніме 3 жылдан асты. Тез есеп шығаруды үйрендім. Бұл орталықтан алған білімімді мектепте де пайдаға жаратып жүрген жайым бар. Сабақ үлгерімім өте жақсы. Бүгінгі байқауға жақсы дайындықпен келдім. Жүлделі орындардан көрігеніме қуаныштымын. Ата-анам мен ұстаздарыма алғыс айтамын, – дейді Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының оқушысы.
Ал Сабинаның анасы қызының тек есеп шығаруды меңгергеніне емес, орталықтан жақын достар тауып, ментальды арифметикадан Қазақстанның әр аймағында ұйымдастырылған байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүргеніне риза екенін айтады.
– Қызымның тек есеп шығаруда жылдамдығы артып қана қойған жоқ. Ол барлық жағынан алда жүруді үйренуде. Көшбасшылық қабілетін дамытып жүр. Маған бір ұнайтыны, осы ментальды арифметикадан байқауға барамыз деп біраз қалаларды көріп, танымдық сауатын арттырып жүр. Достары көп, –дейді Айгүл Жақыпалиева.
Бес сағатқа созылған есеп жүйріктерінің байқауында баласы мен немересін жетектеген ата-аналардың қарасы көп болды. Бәрінің айтатыны – баланы жастайынан тәрбиелеу, оқыту. Олардың қаперінде «білімді мыңды жығады» деген ұран тұрды.

Дәрігерлер не дейді?

DSC 2189

Баланың денсаулығы әрбір ата-ана үшін маңызды. Бұлай дейтініміз, баланың жастайынан ауыр есептерді шешіп, күрделі формулаларды меңгеруі қиын тимей ме? Осы орайда балалалар невропатолог-дәрігерінің пікірін білдік. Облыстық балалар ауруханасының невропатолог-дәрігері Ильмира Балтабаева балалардың зияткерлік қарым-қабілетін туылғанан бастап дамыту керек екенін алға тартты.
– Балалардың дамуы олар дүниеге келгеннен басталады. Бұл процесс әр балақайда әртүрлі. Балақайларға жеке күтім керек. Оның миына зақым келетіндей жағдай туғызбау да аса маңызды. Дамытуға арналған курстар немесе орталықтарға бермес бұрын дәрігерлер кеңесіне жүгінген орынды. Олар балалармен сөйлесу арқылы зияткерлік дағдыларын қаншалықты жетілдіруге мүмкін екенін айта алады. Ал ауырытпалықты сезінген жағдайда дереу ауруханаға апару қажет.
Ильмира Махмуджанқызы психологтардың кеңесіне де құлақ түргеннің сөкеттігі жоқ дейді. Бұл ретте психологтардың да айтары бар.
– 4-14 жас аралығындағы балақайлар дұрыс әрі уақтылы тамақтануы тиіс. Олар тәуліктің 8 сағатын ұйқыға бөлуі керек. Мектеп табалдырығын аттаған балалар медициналық тексеруден өтеді. Дәрігерлердің бақылауында болады. Дені сау, ешқандай жүйке ауытқулары байқалмаған балалар бұл кезеңде өзін-өзі дамытуға арналған қосымша сабақтар алуына болады. Олардың қабылдауына қарай ыңғайластыруы керек. Артық салмақ салудың қажеті жоқ. Себебі мектеп оқушылары сынып-үй тапсырмаларын орындауға уақыт арнайды. Аптасына баланың жасы мен қабылдауына байланысты зияткерлік қабілеттерін шыңдауға бірнеше сағат жеткілікті. Қалауына қарай әрекет еткен жөн. Айта кетерлігі, 10 жастан асқан балаларға күш немесе миға ауыртпалық салмаған абзал. Бұл жастан бастап балаларда суицидке бейім болады. Барлығын қалыпты нормадан асырмаса, спорттық және интеллектуалды қабілеттерін шыңдауына рұқсат етіледі, - дейді облыстық балалар ауруханасының психологы Толғанай Сырғабайқызы.
Ал педагогтар бала жастайынан көп нәрсені бойына сіңіріп өседі, мұндай кезеңде мейілінше миының жылдам шешім қабылдайтындай жаттықтыру керек екенін айтуда.
– 4 жасар балаға санауды үйретсеңіз ол егер жақсы меңгеріп алса, ойша елестету арқылы бірнеше секундта жауабын бере алады. Ал 14-тен асқан соң мидың жұмысы баяулай түседі. Мысалы, қазір менің шәкірттерім есептің жауабын менен тез айтады. Баланың денсаулығы немесе басқалай жүйке жүйесі, психикасына әсер ететіндей ауыртпалық салмаймыз. Аптасына екі рет 2 сағат уақыт оқытамыз. Қалған күндері кемі 20-30 минут есеп шығарып жүрсе, бала ешқандай қиындықты сезінбейді. Бұл ғылым емес, адамның қабілетін жетілдіру. Шапшаң ойлап, қимылдап, есепті де солай шешімін тауып жатса кімге болса да жақсы емес пе?! Бізді бір қуантатыны – оқушыларымыздың қабілеті артуынан болар, арасынан вундеркиндтер шығуда, – дейді Айдана Қалмұратова.
Өркениетке бет бұрған еліміздің жастары – ертеңгі мемлекет тірегі. Қоғамға да ең басты керегі – елдің ертеңіне деген сенім мен үміт. Сол үмітті сөндірмейтін бәсекеге қабілетті ұрпақ болмақ. Тірек нық та берік, сенімді болуы үшін балақайлардың біліміне көп мән берген абзал.

Фото: Серік ҚОСАЙ