Теңге ілуден 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын қазақстандық спортшылар анықталды

Понедельник, 12 Август 2024 10:39 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1258 раз

tenge-ilu-1

Олимпиадалық даярлау орталығында 8 тамыз күні 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасынан ел намысын қорғайтын спортшылар есімі белгілі болды.

Еліміздің ең үздік 6 теңге ілушісі Көшпенділер ойындарына тікелей жолдама беретін 3 орынды сарапқа салып, іріктеу ойындарына қатысты. Спортшыларымыз «қос құлаш», «бес белес», «жеті құт» стилдері бойынша бақ сынады. Қорытындылай келе, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын «бес белес» стилінен Бекнұр Серіков, «жеті құт» стилі бойынша Бақыт Төлтай, ал «қос құлаш» стилінен Рахат Қамбаров қорғайды.

Теңге ілуден 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасы келесідей:

1. Рахат Қамбаров - 2001 жылы Түркістан облысында туған. 2022 жылы Теңге ілу федерациясының бас жүлдесін, 2023 жылы өткен VI ҚР Ұлттық спорт фестивалінің бас жүлдесін, 2024 жылы Азия кубогын иеленіп, 2024 жылы өткен Азия чемпионатының алтын жүлдегері атанды.

2. Бақыт Төлтай - 1998 жылдың 12 тамызында Шымкент қаласы, Арыс ауданы, Монтайтас ауылында дүниеге келген. 2021 жылы ересектер арасындағы ҚР чемпионатының қола жүлдегері, 2023 жылы ересектер арасындағы ҚР чемпионатында алтын және күміс медалінің иегері, 2024 жылы Азия чемпионатының алтын медалінің иегері.

3. Бекнұр Серіков – Батыс Қазақстан облысының тумасы. 2018 жылы жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында 1-орын, 2020 жылы жастар арасындағы ҚР чемпионатында 1-орын, 2023 жылы І Азия кубогінің 1-орын иегері.

Еске сала кетейік, теңге ілуден 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиыны 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астанада болады. Ал Ойындарда теңге ілу бойынша жарыстар 11-13 қыркүйек аралығында Этноауыл аумағында өтеді.

Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі – ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі – Halyk Bank.

Барлық жарысқа билеттерді ресми билет операторының www.zakazbiletov.kz сайтынан сатып алуға болады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.