Елтанудың қазығы – Елбасытану Избранное

Пятница, 03 Июль 2015 07:13 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4404 раз

Тұңғыш Президенттің өмірін жете зерттеп, еңбек жолына терең үңілу елдік пен бірлікті байыпты бағалауға, болашақты бай­сал­ды болжауға, өткенге әділ көзқа­рас қалыптастыруға жетелейді. Елба­сының еңбек жолы – жастарға өмір мек­тебі. Оны жеткіншектерге толық жеткі­зу бізге сын.

logo astana 1

Елтанудың қазы­ғы – Елбасытану. Елбасытану – Қазақстанның жаңа дәуірінің жаршысы, елтанымдылықтың сыңары, тағдыр шешетін жауапты кезеңнің бас ғылымы. Бұл жайт – тәуел­сіз­дігіміздің бөлінбес бөлшегі. Азат қазақтың басшысы тура­лы сөз – өзіміз, еліміз, елдігіміз, тағдырымыз, тарихымыз туралы сөз. Басшысына тақ тұратын ел – басына бақ тұратын ел» екенін әуел бастан түсінген ынтымақшыл халқымыз ымырасынан айныған емес. Сансыз сауал сарсаңға салған аласапыран шақта да сабырсыздық танытпады. «Сабыр еткендерге істеген істерінен де жақсы сый береміз», деген Құран аятына иланды. Бүгінде сабырлының сыннан сүрінбейтінін, сабыр – ақыл серігі екенін уақыт дәлелдеп, тарих таразылап отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы – әлемге елі арқылы өзін, өзі арқылы елін танытқан дүниежүзілік саяси аренадағы сыйлы тұлға. Таза ұлттық топырақтан нәр алып, тереңнен тамыр тартқан алып бәйтерек. Туған халқының салт-дәстүріне сусындап өскен оның байсалды да кісі баурағыш міне­зі дипло­матиялық қарым-қатынаста оң нәтижеге қол жеткізуде үлкен рөл атқарып келеді. Іскерлігімен және ізде­нім­паздығымен өзінің барлық саналы өмі­рін, күш-жігерін өз Отанының өсіп-өркен­деуіне, көркеюіне жұмсады. Әлі де жұм­сап келеді. Жұмсай да бермек. Дана­лығын батылдықпен шебер үйлес­тіре білетін кемеңгер басшы талай тари­хи бастамалардың авторы. Біз­дің мақса­тымыз атқарылған істі тізбелеу емес, «Ел­басы­тану­дың» тағылымдылығын сарап­тау, құндылығын дәріптеу.
Иә, Елбасы еліне, елі Елбасыға сенді. Сеніп те келеді. Елбасы мен халық арасындағы терең түсіністік пен мүдделі үндестік тәуелсіздік тұғырын нықтай түсті. Тоталитарлық жүйе – қызыл импе­рия­ның «халықтар достығының лабо­раториясы» жасаған Қазақстанды «өзің өлме, өзгені де өлтірме» деген ұстаныммен қырғынға ұшыратпай, бүгінгідей шуақты күнге жеткізген Елбасы еңбегі ерен. Тәуелсіз Мемле­кет­тер Достастығын құруды ұсынған сәт­тен бастап, оның егемендік пен елдік­ке кесірі тимейтін келелі бастамалары мен озық ойлы идеялары мемлекет игілі­гіне жемісті қызмет етіп келеді. Алғашында еліміз үшін нарық жолы ауыр жол болды. Расында да, нарық заң­дылығы – қатал заңдылық. Оны бастан кешірдік те. Адамдарға ақыл, парасат өз өмірін жақсарту үшін берілгенін дәлелдейтін сын сағаттары туған кез еді ол. Бұдан да қиын заманды бастан кешкен қазаққа есесіне Алла тағала пейіліне сай жер мен кен берген. Сол ұлан-байтақ жер мен қазына-байлық кенге иелік ете­тін ел де берген. Сол елдің еңсесін түсір­мейтін ер де берген. Нұрсұлтан Әбішұлы Абылай хан секілді елдің бірлігін ойлаған бабалар арман-қиялының шынайы көрінісі, күткен үміті, табиғи жалғасы. Әрине, ел басқаруға енгізілген жаңа жүйе, саяси өзгерістер бірден оң нәтиже бере қойған жоқ. Сенім артқан үзеңгілес серіктестер сенім­ді ақта­маған қиын шақтар да оның сағын сындырмады. Жекешелендіруді кейбі­реу­­лер жеке басының қамына ғана жұм­­са­ған жанкешті кезеңде де ол елін есеңгі­реткен жоқ. Қиыннан жол тауып, тығырық­тан шыға білді. Тәуелсіздіктің алғашқы бір жарым жылында 120-дан астам мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып үлгерген елдің мемлекеттік және ұлттық идеологиясының басты мұраты тыныштық еді. Ол тыныштықтың сақта­луын сол кезеңнің өзінде Елбасы: «Бірлік пен ынтымақ, ең бірінші, өзімізге – қазақтарға керек. Бұл – ұлт болашағын айқын­дар ең негізгі, өзекті, тамырлы мәсе­ле. Егер де қазақ халқы өзінің ауыз­­бірлігі мықты болып, республикада тұра­тын басқа ұлттар мен ұлыстарға қам­қор бола алмаса, үлгі көрсете алмаса, онда мемлекетті қиын жағдайға ұрын­дыруымыз хақ. Қазақ халқының өз ынты­мақ, бірлігі мықты болмайынша, мем­лекетіміздің тұтастық келбетін сақ­тау мүмкін емес. Бұл – тек қазақтар ғана орындай алар ұлттың тарихи зор мис­сиясы», деп қадап айтты. Бұл сөз бүгін де маңызын жойған жоқ.
Мемлекет үшін басты капитал адам болса, ел байлығы – білім, жаңа техно­ло­гия, заманауи инфрақұрылым, берік те тұрақты отаншылдық сезім еке­нін дер кезінде түсіндік. Сондықтан Ел­басы ең қайтарымды, ең ізгі капитал – жастардың заман талабына сай бі­лім алуына жұмсалған қаражат деп та­нып, білімді жастарды «Болашақ» бағдар­ламасымен дамыған шетелдердің жетек­ші жоғары оқу орындарына оқуға жіберді. Кезінде осы қадамдар аяусыз сыналды. Әлі де сынаушылар жеткілікті. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайтынын» білетін Елбасы сынаған елінің алаң көңілін де дұрыс түсініп, оң қабылдай алатын жан. Уақыт Елбасы бастаған реформаны қолдады. Оған біз куә. «Киіз үйдің көсеуінен бастап, болат балқытушының күрегіне дейін талай жұмысты ауырсынбай атқарған» Президент үшін ауылдың амандығы – елдің амандығы. Ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығына қатысты реформалардың басы-қасында жүріп, тікелей қамқор болуының арқасында ауылдар өсіп-өркендеп, дамыды. Тәуелсіздіктің алғашқы 5-6 жылында ел жағдайы аумалы-төкпелі, қиын болды. Басқа мемлекеттерге 2 миллионнан аса адам көшіп кетті. Оның ішінде өз ісінің білгір мамандары мен кәсіби шеберлері де болды. 1997 жылы Қазақстанда 3,2 млн. адам жұмыс істейтін болса, 3 млн. адам зейнеткер болатын. Зейнетақыны уақытында төлеу үшін бұл қатынас 1:5 немесе 1:3 болу керек еді. Айлық пен зейнетақының дер кезінде төленбей, қиналған кезеңдер әлі есте… 1997 жылды еліміз үшін қиын жылдың соңы деген еді Елбасы. Солай болды да. Тәуелсіздігіміздің жетінші жылынан бастап елімізге бақ дарып, құт қонды. Өткенге көз жіберіп, кеткен кемші­ліктер мен жеткен жетістіктерді саралап отырмай, болашаққа батыл қадам жасау қиын. Кезінде Қазақстан экономикасын тікелей Мәскеудің өзіне бағынатын етіп жасағандықтан, тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдары еліміздің экономика­сы үшін өте қиын кезең болды. Сол уақыт­тың өзінде-ақ өткен жылдың соңын­да халыққа жариялаған «Нұрлы Жол – бола­шаққа бастар жол» атты Жолдау­ының іргетасы қаланғандай.
Мемлекет экономикасының көте­рі­л­уіне шағын және орта бизнестің әсе­рі зор екенін болжаған Елбасы тәуел­сіздік­тің алғашқы жылдарында-ақ жас­тарды білімді, білікті, сауатты, шы­найы бизнеспен айналысуға шақыр­ды. «Коммерсант» деген дипломсыз маман иелерінің елді қалай алдап, арбағаны халық есінде. Табысты өндіріске, шаруашылыққа бағыттау қажеттігін, бізге ұлттық буржуазия керектігін айт­қанда кейбіреулер мұны түсінбеді. Ұлттың қалталы адамдары қалып­тас­пайын­ша көп істің қиюы келмейтінін, ұлттық буржуазия пайда болса, ұлттың мүддесін ойлайтын адамдар көбейетінін саясат тұрғысынан пайымдады. Және бұл орындалды да. Астана қаласын салу барысында Астананы көркейтуде ұлттық буржуазия көмекке келді. ­ Жарты миллиард долларға жуық жұмсал­ған қаржы отандық және шетелдік ком­па­ниялардың есебінен алынды. Астана – Қазақстан экономикасының локомотивіне айналды. Елбасы астананы көшіруде көп ойланды. Тіпті, баспасөз арқылы зия­лы қауымның атынан Алашқа ой тас­татты. Сосын еліміздің астанасы атамыздың қанымен бірге мұра болып қалған кең-байтақ даланың ортасы – Дешті Қыпшақтың даласының ортасы болу керек деген шешімге келді.Нәтижесінде ару Есілдің жағасынан әсем қала бой көтерді. Бұрынғы шағын облыс орталығы адам танымастай өзгеріп, халықаралық форумдар өткізер орталыққа айналды. Қалаға қазақы реңк бітті, оның демографиялық кескін-келбеті толықтай өзгерді. Қазағы аз солтүстіктегі қандастарымыздың отан­шылдық рухы күшейді, өз ұлтына деген мақтаныш сезімі артты. Астана ар­қылы Арқаға инвестиция, ғылым, білім мен мәдениеттің үлкен көші кел­ді. Солтүстік аймақтағы өзге ұлт өкіл­дері тұрғылықты халықпен, яғни жер иесі – қазақтармен санасатын болды. Міне, астананы ауыстырғанда жеткен жетіс­тіктеріміздің бірсыпырасы осылар еді.
 Елбасының жанкешті еңбегі біздің көзқарасымызды түбегейлі өзгертуі, санамызды сілкінтіп, қажырлы еңбекке бастауы керек. Біз өз іс-әрекетімізге басты кейіпкер етіп Отан мүддесін қоюымыз шарт. Ол үшін жанқиярлық таза еңбек керек. Өзіңе адалдық, Отанға беріктік, тәуелсіздікке тұрақтылық. Міне, осы үш тұғырдан таймасақ, елдігіміз баянды болмақ. Жақында Елбасы АҚШ жағының бас­тамашылдығымен Барак Обамамен теле­фон арқылы тілдесті. Екі ел басшы­лары Қазақстан-Америка қарым-қаты­насының ахуалы, сондай-ақ, халық­аралық күн тәртібіндегі өзекті мәсе­ле­лер мен Украинаның оңтүстік-шығы­сындағы жағдайды талқылады. Біздің Мемлекет басшымыз америкалық әріп­тесінен Украина мәселесі бойынша ортақ мәміле жолын іздестіру ісіне мейлінше белсенді қатысуын өтінуі оның әркез бейбітшілікті жақтайтынын және әлемдік саяси ұстанымы мықты мәмілегер екенін айқын танытты. Б.Обаманың Қазақстанның халық­аралық қауіпсіздікті нығайту ісіне жұм­саған күш-жігерін жоғары бағалауы елге ғана емес, Елбасына көрсеткен ерек­ше құрметі. Бұл бізді марқайтты. Көңілімізге сенім ұялатты. Жүрегімізді шалқытты. Біз Елбасының кісілік келбетін ашып, саяси тұлғалық қасиеттерін көрсе­тер ірілі-ұсақты қызметтерін, жаса­ған еңбектерін ғана атап өттік. Себе­бі, «әлемнің әміршісі – еңбек». Ал «еңбек – бәрін де жеңбек».

Оңалбай АЯШЕВ,
Оңтүстік Қазақстан
мемлекеттік
педагогикалық
институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы.

(«Егемен Қазақстан»
газетінен ықшамдалып алынды)

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.