Шымкентте жерасты этномузейі бар Избранное

Пятница, 22 Апрель 2016 06:58 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 7403 раз

Шымкенттегі «Тұрлан экспедициясы» шағынауданында ерекше этномузей бар. Ерекше дейтініміз, бұл музейдің әр кірпішін Кендебай Қарабдаловтың өзі қалаған. Сыртқы көрінісі қазақтың қоржын тамы секілді салынып, жауын-шашыннан мүжілгендей әсер қалдырады. Ескі заманның естеліктерінен сыр шертіп тұрғандай. Біз барғанда Кендебай аға інісінің ұлы Жанболатпен саз балшықтан түрлі құмыралар мен бұйымдар жасап жатыр екен.


RN8A9884

– Мен 1976 жылдары Шымкент педагогикалық институының көркемсурет кафедрасында білім алдым. Еуропаның, бүкіл әлемнің мәдениетін оқытты. Өкініштісі сол, қазақ мәдениеті туралы айтылмайтын, жабық тақырып болатын. Бізді мәдениеті жоқ, көшпенді, жабайы халық деп санайтындары намысыма тиетін, – деп бастады әңгімесін Кендебай аға. – Сосын мен осы мәселені көтеріп, өнертанушы оқытушыларға жиі сұрақ қоятынмын. Ал олар болса, «КСРО-ның білім бағдарламасында жоқ, сондықтан біз айта алмаймыз» деген жауаптарынан танбайтын. «Отырарда туып, оның тарихын жеткізе алмасам, мен кіммін? Тамыры үзілген ағашпын» дедім де, Отырардың көркем графика, құмыра жасау өнерінің технологиясын анықтау үшін ізденіп, ғылыми жұмыс жазамын деп шештім. Ескі қаланың орнын қазып жатқан археологтармен сөйлестім. Кемел Ақышев, Карл Байпақовпен ақылдасып, біраз еңбектер жаздым, суретін салдым
Кендебай Қарабдалов оқу бітіріп, қолына диплом алған соң өзгелер секілді Шымкентте қалмай, көне Отырарды зерттеуге кіріседі. Құмыра жасаушыларды іздестіреді. 1982 жылы археологтар Отырардың оңтүстік-шығыс жақ бетінен құмырашылардың ауылын табады. Жапониядан ғалымдар келеді. Кендебай аға да араларында жүріп, жартысы қираған ұстахананың орны мен аспаптарын ақ қағаз бетіне түсіреді. Үйіне келіп табылған аспаптарға қарап, саз балшықтан, ағаштан, сүйектен қолдан аспап жасайды. Құмыра күйдіретін ошақ салады. Ол ошаққа сегіз сағат от жағып, қыс бойы жағатын отынды бір күнде тауысып тастаған күндері де болыпты. Сонымен он жыл дегенде қателіктерінен сабақ ала жүріп, құмыра жасауды шебер меңгереді. Ұл-қызын осы өнерге баулиды.
1996 жылы Шымкентке көшіп келіп, жеті жыл өткеннен соң, ашық аспан астында қазақ құмырашысының музейі бой көтереді. 2004 жылдан бастап, музейге келген қонақтарға саздан құмыра жасауды үйретіп, қазақ өнерін насихаттап жүр. Бұл этномузей туралы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Республика мәртебесi» атты деректi фильм түсiрiлген. Ол хабар бүкiл әлемге үш тiлде таратылған. Сол себепті болар, ғаламтор арқылы этномузей жайлы деректерге қанығып, АҚШ, Франция, Жапония, Болгария т.б. әлемнің әр елінен іздеп келетіндер бар.

Аманатқа қиянат жасамаған

RN8A9846

Мұражайдың ішін асықпай аралап, көп сырға қанық болған соң, жерасты музейінің ішін көруге құмарттық. Ауланың ортасында орын тепкен күмбездің есігінен еніп, баспалдақтармен жер астына аяңдадық. Жерасты музейінің тереңдігі 7 метр, ал ені 4,5 метр екен.
– 2006 жылы жер астында орналасқан ғимараттарды түсімде көрдім. Одан кейін қолыма күрек алып, қазуға кірістім. Тоғыз айда қазып біттім. Алладан «бір құмырсқаның илеуін бұздыра көрмеші» деп тілегем. Таңғаларлығы сол, бөтен нәрсе шықпады. Ата-бабамыздың саздан бұйымдар, музыкалық аспаптар жасау дәстүрін жалғастыруды өзіме аманат ретінде қабылдасам, оны адамдарды өздерінің ар алдындағы тазалығын сақтауға, кісілік қасиеттерінен айырылмауға тәрбие беру орны деп санадым. Жерасты музейін бір көріп шығу арқылы Жаратушы мен Жер-ананың киелілігіне бас иеріңіз сөзсіз, – дейді Кендебай аға.
Музейдің іші төрт бөлмеден тұрады екен. Алғашқы бас сұққанымыз «қыш кітаптар» бөлмесі. Бұл бөлмеде салынған пештің қабырғасы 2000-3000 градуста еріген. Яғни, жер астында салынған осындай пештер домна пешінің қызметін атқара алады. Пештен шыққан жалын мұржа арқылы келесі бөлменің еденін жылытады. Бөлме ішіндегі ауа температурасы +35 градустан аспайтынға ұқсайды. Ал от жағылмаса да қыстың аязды күндері қалыпты 2 градус жылылықты ұстап тұрады екен. Мұнда бұл бөлмеден бөлек, «Рухани тазару немесе махаббат жазығы», яки Алланың адамдарға шексіз сүйіспеншілігін сезіну бөлмесі, ағартушылық бөлме деген бөліктері бар.

Әлемге танылған он ойықты сазсырнай

RN8A9967

Кендебай ағаны 1986 жылы он ойықты етіп жасаған сазсырнайы бүкіл әлемге танытты. Қалай дейсіз ғой? Этнограф Асантай Әлiмовтың Отырартөбеден тауып алған, үрмелi музыкалық аспапқа жататын екi тесiктi сазсырнайын көріп, Кендебай ағай Х ғасырға жататын музыкалық аспапты жетiлдiрудi ойлайды. Халықтық музыка аспаптарын зерттеушi Болат Сарыбаевтың жасаған алты ойықты сазсырнайымен таныс болып, оны он ойықты етіп жасауға бел буады. Оған «Отырар уiлдегi» деген ат береді. Қазақтың біртуар перзенттерi Өзбекәлi Жәнiбеков пен Нұрғиса Тiлендиев тұсауын кескен сазсырнай 1988 жылы Мәскеуде өткен бiрiншi дүниежүзiлiк халықаралық фольклор фестивалінде бас жүлденi жеңiп алды. Бұл фестивальге 155 елден 255 ұлт пен ұлыс қатысқан болатын. Сондай-ақ, сол жылы әлемдiк көрмеде «Отырар уілдегі» ЮНЕСКО-ның бас жүлдесiне ие болады.
– Сол фестиваль мен көрмеде көрермендерге сазсырнайда қазақ әуендерiн орындап бердiм. Өзге ұлттың саздарын салдым. Мәскеуге арнайы құралдарымды ала барған болатынмын. Көне музыкалық аспаптың қалай жасалатынын көзбе-көз жасап көрсеттiм. Үніне елтіп, осы аспапты тартуға құмартқандар көп болды. Кейін он ойықты сазсырнайдың үлкейтiлген үлгiсi Шымкенттiң орталық көшелерiнде орнатылды, – дейді өткен күнді сағынышпен еске алған Кендебай аға.
Бұдан бөлек арнайы музыкалық білім алмаса да, қобыз, домбыра, шаңқобыз, баян сынды он бес түрлі аспапта еркін ойнап, ол аспаптарды ағаштан жонып, өзі жасай береді.

«Әке көрген оқ жонар»

RN8A9867Кендебай аға «қолөнерге ептiлiгiм нағашы атам Халық Сержановтан дарыған» деп топшылайды. Ол темiрден, ағаштан, мал мүйiзiнен түйiн түйген танымал ұста болған екен.
Бұл күнде Кендебай ағаның өнерін ұл-қызы жалғастыруда. Үлкен ұлы Ерболат Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында осы өнерді дәріптесе, ал Шынболат Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде қазақтың дәстүрлі өнерінен дәріс береді. Қызы Гүлназ басқа мамандықты игеріп шықса да, құмыра жасаудың шебері. Атадан мирас болып қалған төл өнерімізді келер ұрпаққа жеткізу басты парызымыз деп біледі олар.
– Мәскеудiң, Санкт-Петербург пен Алматының iрi кiтапханаларында, музейлерінде көз майымды тауысып, талай құжат ақтардым. Бірақ саздан бұйым жасау өнерi қазақтың төл кәсiбi деген деректi кездестірмедім. Бұл әдейi қолдан ұйымдастырған қиянат деп білдім де, көне Отырар, Сауран қалаларының қирандысынан табылған үлгiлер бойынша қазақтың ата кәсібі болғанын дәлелдеп шықтым. 2005 жылы әдiлет органына тiркетiп, авторлық куәлiк алдым қолыма, – дейді құмыра жасау шебері.
Өз қаражатына этномузей ашып, ұлттық өнерді жандандыруға үлес қосып жүрген Кендебай аға бұл күнде «Экспо-2017» көрмесіне қызу дайындыққа кіріскен. Өзгелер секілді айқайлап, дабыраламай-ақ талай істі атқарып жүрген сан қырлы шеберге амандық, сәттілік тілейміз.

Последнее изменение Пятница, 22 Апрель 2016 10:51