Көркіңнен сенің айналдым еркем...

Среда, 16 Март 2016 05:27 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 7464 раз

Шымкентте «Көктем аруы» байқауы өтті

Шымкент қаласы ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен облыстық опера және балет театрында «Көктем аруы-2016» байқауы өтті. Онда жоғары және арнаулы оқу орындарының бұрымдылары бақ сынасты. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл байқауға 32 ару ниет білдіргенмен, шешуші сынға тек 13-і ғана қатысуға жолдама алған.


miss-2016Сайыс шарты бойынша үміткерлер «Мен қазақ қызымын», «ХХІ ғасырдағы қазақ қызының бейнесі», «Өнерлі өрге жүзер», «Білгенге маржан», «Қыздарға әсемдік жарасады» сынды бес кезең бойынша сынға түсті.
Арулар қиялынан тудырған ХХІ ғасырдағы қазақ қызының бейнесін ақ параққа түсіріп, ұлттық киім үлгісін көрсетті. Әннен шашу шашып, түрлі аспапта ойнады. Салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға жауап беріп, білімі мен ойлау қабілетін, ептіліктерін танытты.
Сонымен байқау қорытындысында Аймақтық әлеуметтік инновациялық университетінің студенті Сымбат Қыдыр бас жүлдеге лайық деп танылды. Аталған университеттің тағы бір студенті Нұрилә Сауырбай І орынның иегері атанды. Ал ІІ орын Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясының студенті Балжан Ерманға бұйырса, ІІІ орынды «Болашақ» колледжінің студенті Гүлдар Кәдірбек жеңіп алды.
– Бұл байқауға бір ай дайындалдым. Әр кезеңнің өзіндік қиындықтары болды. Басқа үміткерлер де «Көктем аруы» атануға әбден лайық жандар. Десе де өзімнің жеңімпаз атанғанымды білгенімде қатты толқыдым. Ата-анамның, университеттегі ұстаздарымның, қолдау танытқан достарымның сенімін ақтай алғаныма қуаныштымын, – дейді 4-курс студенті Сымбат Аманжолқызы.
Бұдан бөлек «Көрермендер көзайымы», «Ақылына көркі сай ару», «Ерке ару», «Өнерлі ару», «Көрікті ару», «Бұрымды ару», «Білімді ару», «Ай дидарлы ару», «Дарынды ару» атты номинациялар да өз иелерін тапты.
– Шымкент жастары жыл сайын «Көктем аруы» байқауын асыға күтеді. Дәстүрге айналған бұл байқауда қазақ қызының әдемілігі ғана емес, ибалылығы, салт-дәстүрімізді жетік білетіндігі сарапқа салынады. Әділқазылар алқасы құрамына да өз саласының майталмандарын жинадық. Өнерімен, білім-парасатымен, киім үлгісімен көрерменді тәнті еткен ару көктем көріктісі болып танылды. Жастарды ынталандыратын, биікке талпындыратын осындай байқаулар мен сайыстарды жиі ұйымдастырамыз, – дейді Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Абзалбек Убелтаев.

 

miss-2016-2  miss-2016-1 
Последнее изменение Среда, 16 Март 2016 05:43