×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Татулық пен бiрлiктiң ордасы

Пятница, 29 Апрель 2016 08:22 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4938 раз

Тәуелсіздік жылдарында этникалық, мәдени және діни әралуандыққа қарамастан, бейбітшілік пен саяси тұрақтылықтың, тыныштықтың сақталуы елдегі ең басты жетістіктің бірі болды. Еліміз егемендігін жариялаған тұста көпұлтты, түрлі мәдениет өкілдері тұратын Қазақстанның болашағын жоққа шығарғандар, елде тұрақтылықтың екіталай екенін болжағандар болып еді. Дегенмен, қазақ жері біртұтас бірлікті сақтау жолында ортақ мүддеге ұйысқан 130 этнос пен 17 конфессияның өкілдері үшін қастерлі қарашаңыраққа айналды. Әлбетте, тыныштық пен тұрақтылық болмаған жерде ешқандай да өрлеу мен өркендеудің болмайтыны белгілі. Бұл тұрғыда, Қазақ Елі этносаралық, дінаралық татулықты қалыптастыруда өзгелерге үлгі көрсетті. Елдегі этникалық үйлесімділікті бүгінде әлемнің жетекші мемлекеттері жоғары бағалап әрі тәжірибе алар алаңға айналдырып отыр.

106 этнос өкiлiн бiрiктiредi

DSC 0421

ОҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бүгінде өңірдегі 106 этнос өкілін бейбітшілік пен татулықты ұстануға үндеп жүр. Бұл бағытта, мекемеге қарасты 20 этномәдени бірлестік қызмет атқарса, өңірдің аудан, қалаларында олардың 51 филиалы жұмыс істейді. Мекеме басшысы Ербол Байқонақовтың айтуынша, осы ұйымдар арқылы әрбір этнос өкілдеріне ана тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап, тарихын танып-білуге жағдай жасалып отыр.
– Өңірдегі қоғамдық келісімді сақтау мен этносаралық татулықты нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда, – дейді Ербол Сүлейменұлы. – Мекеме тарапынан этномәдени бірлестіктердің қызметін үйлестіруге бағытталған іс-шаралар жоспары бекітілді. Атап айтсақ, «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінде өткен «Бұл – біздің таулар!», «Менің Қазақстаным!» және «Шекарасыз ән» фестиваліне, патриоттық әндер конкурсына, спорттық спартакиадаға, «Этномәдени бірлестіктер және салт-дәстүр сабақтастығы» фестиваліне, «Қазақстан халқы тілдері» күніне байланысты өткізілген «Ана тілім – қасиетім, ардағым!» фестиваліне облыстық этномәдени бірлестіктердің белсенді қатысуы қамтамасыз етілді. Бұл бағыттағы жұмыстар тек мәдени-көпшілік шаралармен ғана шектелмейді. Қоғамдағы келісім мен этносаралық татулыққа байланысты мәселелер бойынша ғылыми-тәжірибелік конференциялар, жиындар және «дөңгелек үстелдер» ұйымдастыру басты назарға алынған.
Мекеме басшысының берген мәліметінше, жылдағы дәстүрге айналған «Қазақстан халқының достық фестивалі», «Рождество», «Қазақ романсиадасы», «Играй, гармонь!», «Сабантуй», «Офарин», «Масленица» сынды іс-шаралар халықтың ынтымақ-бірлігін нығайтып отыр. Күнтізбедегі мемлекеттік және жалпыхалықтық мерекелерді тойлауға, өзге де маңызды іс-шараларды өткізуге өңірде тұратын барлық этнос өкілдері бір кісідей атсалысады. Бұл өз кезегінде, олардың өзара сыйластығы мен Отан алдындағы құрмет сезімін арттыра түсуде. Қазақстан халқы Ассамблеясының тарапынан бекітілген «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» шеңберіндегі акциялар мен іс-шаралар да этностар арасында татулық пен бірлікті нығайтуда айтарлықтай рөл атқарып отыр.

Шымкентте «Достық үйi» бар

Ресми статистикалық мәліметтерге жүгінсек, бүгінгі таңда облыста барлығы 2 миллион 790 мыңға таяу тұрғын мекен етсе, оның 66 пайыз үлесін жергілікті қазақ ұлты құрайды. Сондай-ақ, 470 мыңға таяу өзбек, 132 мыңға таяу орыс, 33 мыңнан асатын әзірбайжан, 35 мыңға жуықтайтын тәжік ұлтының үлесі өзгелерге қарағанда айтарлықтай басымдыққа ие. Бұл тұрғыда, өңірдегі этнос өкілдерінің ұлттық тілі мен мәдениетін дамытып, салт-дәстүрін қастерлей білуіне лайықты жағдай қарастырылған.
Бүгінде түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен ана тілін дәріптеп, жан-жақты білім беру мақсатында этномәдени бірлестіктер жанынан жексенбілік мектептер жұмыс істеуде. Айта кететіні, бұл жерде белгілі бір этнос өкілдерінің ана тілі оқытылып қана қоймай, мемлекеттік тілді үйретуге де үлкен мән беріледі. Өңірдегі 11 жексенбілік мектепте білім алуға талпынған талапкерлердің қатары да жыл өткен сайын арта түскені байқалады. Бұл тұрғыда, Шымкент қаласы әкімдігінің «Тілдерді үйрету орталығы» КММ тарапынан өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрету курстары жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады.
Облыстық өзбек, орыс драма театрлары да көрермендерін қуантып жүр. Ана тілін, мәдениетін дәріптеген жан үшін Достық үйі, Достық мұражайы қашан да қызмет көрсетуге әзір. Сонымен қатар, арнайы іс-шаралар жоспары аясында 17 жастар қанаты ұйымы жұмыс істейді. Этномәдени бірлестіктер жанынан құрылған ақсақалдар кеңесі де көпшілікті қоғамдық шараларға ұйыстырып, өзара татулық пен тұрақтылықты сақтауда ұлағатты қызметімен танылып жүр.
Мемлекеттік тілде жарық көретін мерзімді басылымдарды айтпағанда, өңірде 19 газет орыс, 11-і өзбек тілінде шығады. Орта білім беретін 59 өзбек, 9 орыс, 3 тәжік мектебі саналы ұрпақты тәрбиелеп шығарса, 214-і аралас мектеп аталады.

Ассамблея жылына – лайықты тарту

Ел аумағында лайықты түрде аталып өткен «Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы» тұрақтылықты қалыптастыру бағытында ауқымды бастамаларды ұсынған өңір тұрғындары үшін нәтижелі бағдарымен ерекшеленді. «Қазақстан халқы Ассамблеясы жылында – 20 игі іс» республикалық акциясы аясында облыс тұрғындары барлығы 1500-ден астам іс-шараға белсенді түрде қатысты. Қайырымдылық шаралары аясында 1200-ге таяу азаматқа материалдық көмек көрсетілді.
Осы бағытта, «Оңтүстік – достық мекені» жобасы аясында этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен зиялы қауым өкілдерінің, мемлекеттік қызметкерлер мен облыстық ассамблея хатшылығы мамандарының қатысуымен аудан, қала тұрғындарымен кездесулер керуені ұйымдастырылды. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орайластырылған этномәдени бірлестіктер арасындағы «Достық сыйы» акциясына қызығушылық танытқан жандардың қатары айтарлықтай артқаны байқалды. Өңір тұрғындары белсенді түрде ұйымшылдық танытып, түрлі этнос өкілдерінің салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен танысу мақсатында Әдет-ғұрып, Салт-дәстүр мұражайы мен Оқушылар сарайындағы этноорталыққа саяхаттады. Салауатты өмір салтын насихаттаған этномәдени бірлестік өкілдері «Олимпиада көктемі» іс-шарасы аясында спорт кешендерінде байрақты бәсекеде бақ сынады.
Мәңгілік Ел болу қазақ елінің ең асыл мұраты. Оған елді бастайтын бірден-бір жол – бірлік. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Мені небір қиын күндері демеп жүретін – халықтың қолдауы, Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың достығы. Біз қоғамда қалыптасқан саяси тұрақтылықты, ұлттар арасындағы ауызбіршілікті, ағайын арасындағы сыйластықты, адамдардың бір-біріне деген мейірімділігін көздің қарашығындай сақтауды балаларымыздың балаларына аманат етіп қалдыруға тиіспіз!», – деп атап көрсеткен болатын. Осы бағытта, өңірдің қоғамдық өмірінде белсенділік танытып, бастамашыл істердің ұйытқысы болып жүретін түрлі этнос өкілдері үшін облыс әкімінің «Бауырмал» сыйлығы мен облыс әкімінің Грантын табыс ету дәстүрге айналып келеді. Мұның барлығы, өз кезегінде, бірлік пен татулықты дәріптеген түрлі этнос өкілдерінің келешек жарқын өмірге деген сенімділігін нықтай түсері анық.

Нурсбек Капар-Пур иранНурсбек КАПАР-ПУР,
ОҚО иран этномәдени бірлестігінің төрағасы:

– Біздің облысымызда ирандардың жалпы саны 5 мыңға жуықтайды. Олардың 90 пайызы қазақ тілінде жетік сөйлейді. 1997 жылы Иран этномәдени орталығы құрылып, түрлі мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастырып келеміз. Бізде парсы тілін үйрететін жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Әкем Құрбан темір ұстасы болған. Соғыс аяқталғаннан кейін Бәйдібек ауданының Шалдар ауылына келіп қоныстанады. 1952 жылы анам Зылихаға үйленіп, тоғыз перзент сүйеді. Арып-ашып келген ата-аналарымызды құшағын ашып, қарсы алып, өзінің жүдеу тіршілігіне қарамай, қамқорлық танытқан қазақ халқына мың алғыс! Халықтар достығы мен бірлігінің арқасында еліміз өркендеп, алға қадам басып келеді. Ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық. Ел іргесі берік болып, татулығымызға сызат түспесін деп тілеймін.

Бациев Хасан шешен- ингушХасан БАЦИЕВ,
«Қоғамдық келісім» МКК-нің сарапшы медиаторы:

– Қазақ қашаннан бауырмал, қонақжай халық қой. Пана іздеп келген өзге ұлт өкілдерінің бәрін бауырына басып, төрінен орын берді. Қиын кезеңде бір үзім нанды бөліп жеді. Бүгінде олар ел бірлігін ту етіп, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идеясын жарияласа, 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Осылайша Елбасының сол жылдары жасаған қадамы өз жемісін беріп, Ассамблея татулық пен тыныштықтың тірегіне айналды. Бүгінде біздің облысымызда 2400-ге жуық шешен-ингуш бар. Бейбіт елде өмір сүріп, еңбек етіп жатқанымыз үшін Жаратушыға шүкіршілік айтамын.