Әлихан Бөкейхан және тәуелсiздiк тағылымы

Пятница, 22 Апрель 2016 07:33 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3617 раз

Биыл көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында өткелі отыр. 2015 жылы халықаралық ұйымның 38 сессиясында қабылданған қаулы үлкен қолдауға ие болды. Елімізде саяси реформатордың мерейтойына арналған іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.

eea1015a83592cc2002c3989086baa2bӘлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866-1937) қазақ халқының азаттық жолындағы күресте алдаспаны болған аяулы тұлға. Бұрынғы Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысы, Қарқаралы уезінде дүниеге келген арда азамат 71 жасында кеңес қоғамының ең бір қасіретті «халық жауы» деген жалған жаласымен Мәскеу қаласында мерт болды.
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ә.Бөкейхан XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық автономиясы Халық кеңесінің төрағасы болды. «Алаш» қозғалысы жетекшісінің іс-қимылы мен рөліне замандасы Қошмұхаммед Кемеңгерұлы 1920 жылы жазған «Қазақ тарихынан» деп аталатын тарихи очеркінде: «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан», – деп жазды.
Әлихан өмір сүрген кезеңде патша билігі ұдайы жүргізіп отырған отаршылдық саясаты салдарынан қазақ халқы ғасырлар бойғы қалыптасқан көшпенділердің дәстүрлі рулық-қауымдық қатынастарынан, жерінен де, тіпті оны пайдалану құқынан да айырылды. Патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты күшейіп, хандық биліктің байырғы құрылымдары жойылып, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетіне және оның өз жерінде дербес халық ретінде өмір сүруіне қатер төнді. Отарлаушы елдің озбыр саясатын жастайынан көріп, түйсініп өскен Әлиханның бойында отаршыл билікке ғана емес, жан алып, жан беріспей-ақ отарлық қамытты киюге мәжбүр еткен өз халқының бейғамдығы, салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы туралы сыншыл көзқарасы да ерте қалыптасты.
Көп қырлы талант иесі Әлихан Бөкейханның жазба мұралары аз емес, алайда солардың ішінде, біздің назарымызды ерекше аударған бір шоғыры қанатты сөздері деп айтуға болады. Бар өмірі халық қамын ойлаумен өткен қайраткердің қанатты сөздеріндегі тәуелсіздік тағылымы біздің назарымызды ерекше аудартты. Өткен ғасырдың бас кезінде халқымыздың сан алуан проблемалары болған шығар, алайда ең бастысы бостандық жолындағы күрес еді. Ұлттың қамын ойлап, басын бәйгеге тігіп күрескен азаматтың әр кездері, әр жылдары айтқан қанатты қағидаттарының да бүгінгі жас ұрпақ үшін, тәуелсіз қазақ елі үшін берер ғибраты мол деп ойлаймыз. Білім кеніші мол, көрген-білгені, оқыған-тоқығаны көп Әлихан Бөкейханның кейінгі ұрпаққа қалдырған қанатты сөздерінің тақырыбы әр алуан. Бүгінгі мақсатымыз қайраткер тұлғаның ел, жер, тіл тағдыры жайындағы толғаныстары, азаттық, бостандық, теңдік, тәуелсіздік жайындағы тебіреністері төңірегінде ой сабақтағанды жөн деп таптық.
Әлихан Бөкейханның: «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана», – деген пікіріне терең үңіліп көрелік. ХХ ғасырдың басында қай жолмен жүрерін білмей аңырап тұрған қазақ халқын бостандыққа апаратын бір жол ынтымақ еді, ал енді өз тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығын тойлап жатқан бүгінгі азат заманда да ынтымақ керек. Екі жарым ғасырға жуық бодандық қамытын киген халқының бостандық жолындағы Ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаевтың «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген даналық сөздерінің рухани үндестігі ынтымақтың қандай рөл атқаратынын айғақтап тұр.
«Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды». Өз халқының өмір тепкісі мен өксігін көп көрген жағдаятын жан дүниесімен түсінген Бөкейхан осылай дейді. Қазақ халқы азаттық үшін сан рет арпалысты, өмір бәйгесінде сан рет есе жіберді. «Көп қорқытады, терең батырады» деген ақиқат жай айтылмаған, ертерек от қаруға қол жеткізген, аз халықтардың әлсіздігін пайдаланып ойына келгенін істеген империялық пиғылдағы көршілеріміз ештеңеден тартынбады. Тіпті саған «теңдік» әпердім деп тепсінген кезі де болды, «теңдік» тым қымбатқа түсті, миллиондаған қазақ аштық, тәркілеу, куғын-сүргін құрбаны болды. Бұл қасіреттің дені Ә. Бөкейхан сынды қайраткер тұлғаның көз алдында өтті, өзі де сол жолда құрбан болды. Тәуелсіздікке қол жеткізген халқымыздың енді өкініп қалмағаны абзал, бодандық қамытын сілкіп тастап тарих аренасына шыққан қазақ халқы күш қуаты мен ақыл парасатына нық сеніп, өмір бәйгесінің алғы сапында тұруға хақысы бар. Елбасы жүргізіп келе жатқан «Мәңгілік ел» болу идеясы, дамыған отыз елдің сапында болуды мұрат тұтқан ғажайып идеяларын жүзеге асыратын кезеңде тұрмыз, бостандық жолында сан рет есесі кеткен халықтың еңсесін тіктейтін кезі келді.
«Жер тағдыры – ел тағдыры», – сан рет айтылған ақиқат. Ә. Бөкейхан қай биікте жүрсе де жер тағдыры үшін тынымсыз күрес жүргізді, Ресей сияқты алып империяның ең жоғары заң шығарушы органы мемлекеттік думада отырып та қазақ қамын, жер қамын ойлады, өз жерінде отырып жер ананы пайдаланушы халге түсіп қалған халқына жаны ашыды, тынбай күресті. Ә. Бөкейханның «Жер десе дірілдемей болмайды: жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің зоры», – деп айтқаны бүгінгі күні де жаңғырып тұр десек артық айтқандық болмас. Патша билігі де, кеңес билігі де қазақ жерінің талаушысы деген рөл атқарды, халқымыздың қаншама ғасырлар бойы басты байлығы болып келген жерлеріміз орыс отаршылдарының меншігіне айналды, Еділ, Жайықтан Ертіске дейін есесі кеткен халқымыздың Сарыарқасы мен Жетісуы, Алатауы мен Қаратауы, қайсы бірін айтып тауысасың, бәрі түгел дерліктей отарлап келушілердің қолына өтті, сулы, нулы жерден көз жазып қалған халық шөл дала, сусыз жерлерге ығыстырылды. Қазақ халқы бұл күндері де жерді көздің қарашығындай сақтауға тиісті, бабамның бабасынан қалған аманатты кейінгі ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу парыз бен қарыздың биігі.
Елінің егемендігі үшін күресте ғұмыр бойы жапа шегіп өткен асыл аға: «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады», – деп күңіренеді. Бөліп алып билік жүргізген патша билігі де, «бостандыққа қол жеткіздің» деп арқадан қаққан кеңес заманында бостандық, теңдік, саясат ісінде біз үшін бәрін орталықта шешіп отырды, Мәскеу билігі ешкімге ырық бермеді. «Тарих жолында тезек теретін» жағдайға итермеледі. Бұл күндері «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы әлем халықтарымен терезесі тең, бостандығын баянды ету жолында биікке ұмтылған, Тұңғыш Президенті
Н. Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде мұхиттың арғы жағына дейін даңқымыз кеткен, алыс-жақын санасатын салиқалы елміз.
Білімі жоғары, өз халқының әділ заң аясында өмір сүргенін аңсаған, сол жолдағы күресін өмірінің соңына дейін жалғастырған зиялы Әлекең: «Би түзу, билік әділ болсын», «заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой» деген жақсы ойлар айтты. Сондай-ақ әр кездері айтқан «мансапқұмар ел – кемелдікке жетпеген ел», немесе «ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден», – деп келетін өткір ойлары, халқының санасына сілкініс туғызуды мақсат еткен, халқын қайрап айтқан: «тіршілік – бәйге: жүйрік алар, шабан қалар», – деген ойлардың қай-қайсысы болмасын ұлт санасына саңлау түсіретін аманаттар.
Ардақты Әлихан туралы ой қорытар тұста тағы бір даналық қағидаттың терең сырына үңіліп көрелікші. Ол: «жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса – қазақ халқы соңынан ерер еді», – деп ақеділ пікір айтты. Дауыл мен дүрбелеңге толы ХХ ғасырдың бас кезінде халық қамын ойлап, ұлт жанашыры болған арда азаматтар аз болмады, соның бірі де бірегейі Әлихан Бөкейханның өзі еді. Өкініштісі сол халық соңына еретін азаматтардың дені бірі ерте, бірі кеш мерт болып жатты. Қазақ халқының тағдырын келімсектер шешетін жылдар көп жылдар бойы салтанат құрды.
Ұлы бабалар аманатына ғасырлар бойы жүргізген күрестің нәтижесінде қазақ халқы 1990 жылдары ғана қол жеткізді, таза жолмен тура жолға бастайтын Тұңғыш Президенті
Н.Ә.Назарбаевпен бірге азаттық айдынына шықты. Көш түзелді, ел егемендігі баянды болып келеді, ғұмыр бойы күресті күндерді басынан өткізген
Ә. Бөкейханның туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Рух майданының шын мәніндегі күрескері болып өмірден өткен аяулы жанның туған халқының қамын ойлап айтқан қадау-қадау қағидаттары жайында ғана ой бөлістік. Танымы мол, тағылымы терең ойлардың берер ғибраты кеше мен бүгіннің, ертеңгі болашақтың жемісі болып тәуелсіз ұрпақтың санасында мәңгі жаңғырады, сақталады. Кәміл шындық осы.

Нариман НҰРПЕЙІСОВ,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты филология
факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты

Әлихан Бөкейханның қанатты сөздері:

Жұрт әділ болмай, жұрт ісі оңға баспайды.

Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден.

Көзі соқырдан, көңілі соқыр жаман.

Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды.

Тіршілік – бәйге: жүйрік алар, шабан қалар.

Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды.

Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой.

Байлық түбі ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай, адам баласы қазынаға жарымайды. Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды.

Последнее изменение Пятница, 22 Апрель 2016 07:39
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.