Жүрегi жомарт, пейiлi кең

Пятница, 02 Сентябрь 2016 09:25 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6118 раз

БАЙДУЛЛА ҚОНЫСБЕКТІҢ «ДАРАБОЗДАР» КІТАБЫ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

Оңтүстіктің руханиятына зор үлес қосқан, 50 жылдан бері қолынан қаламы түспеген белгілі журналист Байдулла Қонысбек биыл – 75 жаста. Осы айтулы мерекеге орай облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында әдемі кездесу кеші өтіп, «Дарабоздар» кітабының тұсауы кесілді. Қарымды қаламгер бұл кітабында ел дамуына, өсіп-өркендеуіне үлес қосқан атпал азаматтар жайлы ой қозғайды, олардың жан-жақты қырын ашып көрсетеді.

 MG 1048

Байдулла аға қолына қалам мен микрофон ұстаған талай жасқа қанат бітірді, тәрбиеледі, жол нұсқады, қазақ журналистикасының дамуына үлес қосты. Еткен еңбек еш кеткен жоқ. Бүгінде тәлім алған тілшілер «ағалап» тұрады, ұстаз тұтады. Қазақстанның Құрметті журналисі, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» тағы басқа төсбелгілердің иегері. Осындай парасат-пайымы мол ел ағасымен өткізілген кездесу кешіне ақын-жазушылар, Оңтүстіктің зиялылары түгелдей дерлік жиналды. Бірінен кейін бірі сөз алып, Байдулла ағаның азаматтық, журналистік қырына тоқталды.
– Байдулла – алақанда өсірген, ізімізден ерткен ініміздің бірі. Табиғатында, жаратылысында сондай сыпайы, қарапайым, өзінің әр қадамын ойланып басады. Достарға, айналасындағы адамдарға бауырмал, қамқор. Басшылық қызметті атқарғанда да ол өзгерген жоқ. Әлі күнге дейін осы мінез, осы қасиет бойынан табылады, – дейді жазушы Еркінбек Тұрысов. Ал «Шымкент келбеті» газетінің директор-бас редакторы, Қазақстан Журналистер Одағы ОҚО филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова телеарнадағы жетістіктерін сөз етті.
– Ел Тәуелсіздікке қол жеткізіп, елең-алаң тұста, кім, қайда бағыт аларын білмей, тосырқап жүргенде «Қазақстан-Шымкент» телеарнасын қайта құрып, журналистерді жасақтады. Біздерге өзінің талапшылдығымен, ізденімпаздығымен үлгі болды. «Бетпе-бет» авторлық хабарын ашып, сол тұста халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін атқарды. Тікелей эфир барысында талай әлеуметтік мәселенің шешілуіне күш салды, – деді А. Қапбарова.
«Жаны жайсаң, жүрегі кең азамат» тақырыбындағы кездесу кеште бұдан бөлек Нармахан Бегалыұлы, Мархабат Байғұт, Үрзада Айтөреева, Талғат Орман, Көпен Әмірбек, тағы басқа, елге сыйлы ақын-жазушылар, журналистер мен оқырмандар жылы лебіздерін білдірді.

Последнее изменение Пятница, 02 Сентябрь 2016 10:00