83-ші маусымы межесіне жеткен Театр!

Пятница, 30 Июнь 2017 08:50 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3435 раз

Театр – шындық пен өмір, театр – тәрбие мектебі.
Театр – тәлім, рухани азық алар орда» деген қанатты сөзді қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері  Жұмат Шанин біздерге аманат етіп қалдырған.

teatr-51 2

«Театр» өнерінің қасиетті дәні қазақ топырағына тасталғанына 90 жыл болса да, өз көрерменін қалыптастыра алмай келе жатқаны жасырын емес. «Таяқтың екі ұшы бар...» дерсіз... Десе де, шығармашылық ұжымның көрермен алдында аянып қалмасы аян. Күнделікті күйбің тіршілікте мән берместен сырғып кете беретін сәттеріміздің – ғасыр қасыретіне айналып бара жатқан қауіпті іс екенін ойлаймыз ба?! Әлде, мән беруіміз үшін, міндетті түрде атом бомбасы жарылуы керек пе?! Міне, сіз бен біз көбіне елемей өткізетін «тарыдай» тауқыметтің – қоғам қасыретіне айналып бара жатқанын жанайқаймен жеткізетін киелі орын – Сахна.
Иә... Шындық пен өмірдің сахна төрінде арпалысқа түсетін сәттері қаншалық мол десеңші?! Көрермен, көз алдында, сахнада болып жатқан қақтығыстарда өзіне тәлім ала білсе – Театрдың өлмегені.
Биыл Түрксой деңгейінде өткізілген Халықаралық театр фестивалі, театрымыз есімін иеленіп отырған қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, драматург Жұмат Шанинның 125 жылдығымен орайластырып, атап өтілді. Фестиваль иесі шаниндықтар болғандықтан, сахна салмағы арқамызға батқанын; «Есімін иеленуге шығармашылық ұжым қаншалық лайық?!» деген заңды сұраққа қарымды ойынмен жауап қайтаруымыз керектігін қабылдағанымыздың нәтижесінде, Д.Рамазанның «Абылай ханның арманы» тарихи драмасын ойнап, ІІІ-ші мәртебелі орынды иелендік.
83 жылдық тарихында театрдың жеңісті желбіреткен кездерімен, сәтсіздікке ұшырап, күйзеліске түскен сәттері қабаттаса өріліп отырды. Ол – театр әлеміндегі заңдылық. Өрлеу мен құлдыраудан шығармашылық жанкештілікпен жарып шығу үшін де, ұжымның қарымды еңбегі қажет екені бесенеден белгілі. Басты мақсаты – ойланбай келген көрерменге ой тастарлық жанайқайға толы адамгершілік пен опасыздықтың, парасаттылық пен сатқындықтың таразыға түсетін қойылымдар арқылы; «Отан – от басынан басталатынын» сахнада сөйлетіп, өз көрерменіне «жақсыны үйренуге, жаманнан жиренуге» шақыра білген ұжым, өзінің кезекті 83-ші маусым шымылдығын – О.Богаевтың «Ылдиға жол» пәлсапалық әпсанасымен жапты.
Кезекті маусымның жабылу мәртебесіне арналған қойылым, көкшетаулық жас режиссер Болат Абдрахмановқа сеніп тапсырылды. Әр режиссер сахнаға өзіндік өзгеріс енгізгісі келіп, жаңаша көзқарастағы өз қолтаңбасын ұсынады. Режиссерлардың қойылымдары «кіл сары алтын» бола бермесі қалыпты жайт. Ал көрерменге жаңаша ой қосары болса, демек, қойылымның өлмегені.

teatr-51 3

Сахна шымылдығы ашылғанда алдыңыздан тіршіліктің даңғыл жолы сізді қарсы алады. Түп-төркіні ықылым заманнан басталатын жолмен кімдер жүрмеген?! Патша мен жалшы, батыр мен жарлы, данагөй мен ақындар легі даңқы мен күйреуін болашақ ұрпаққа аманат етіп, өз ғасыр парақшаларында көміліп қала берді. Уақыт жаңарғанмен – «Адам» парасаты өзгерді ме?! Ағыны қатты өмірдің «тіршілік жолымен» қаншама адамдар сәт сайын өтіп, қадам басқан сайын кездесетін «тағдыр сынағына» ұшырайды десеңізші?! Сахнадағы «ылдилатқан қара жол», бірден қызықтырып; «Мына жолда не болар екен?!» деген ойға жетелейтіні хақ. Екі сағаттық ойынды қарапайым, һәм түйінді шешімін жасай білген театрдың бас суретшісі, ҚР мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұловтың еңбегін атамай кету мүмкін емес. «Жол...» ұғымын кім – қалай өтеді?! Анадан шыр етіп, жарық дүниенің есігін ашқан сәтте неліктен шыр етеді екенбіз?! Әлде, сол сәттен бастап өмір жолы басталатынын... Ащысы мен тұщысы қабаттасып жататын ғұмыр-дариядан «қайсысын көбірек тататынын уайымдағаннан» шырыл қағады ма екенбіз, кім білсін?!
Қойылымның жанры бір қарағанда санаға сыймастай көрінетін «пәлсапалық әпсәна» болғандықтан, «Кейіпкерлер» мен «Періштенің» арасындағы қақтығысты қабылдау, не, қабылдамау – патша көрерменнің көкейіне байланысты. Иә, қалыпты қойылымдардан өзгешелеу... Иә, «көз үйренген» қақтығыстармен салыстыруға келмейді... Не себепті?!.
«Адам» сөзін таразының басына салғанда, өз тасын басуға, не, тепе-теңдікте ұстауға шамасы жете ме?! Ой жүгірте қарасаңыз, таңның алғашқы сәулесімен тіршілік шіркін өз күресін бастап-ақ кетеді емес пе?! Сізге «түкке тұрмайтындай» көрінгеннің, өзге үшін «өмірдің қыл көпірі болып тұрғанын» байқаймыз ба?! Көмек тілей созылған қолға – қайырымды қолды созамыз ба?! Қарапайым пәлсапа... Сондықтан да, пьеса соңында; «Адам дегенің бос әурешілік. Мен баяғыда олардың көзін құртайық дедім. Адам дегенің мұншалық пәтуана болар ма?.. Алды-артына қарамай бір жаққа асығады келіп. Сіз әлі де осы пенделердің ішінде «Адам» атына лайығы бар дегенге сенімдісіз бе?..» деген Ібілістің сөзі Тәңірдің қынжылысын тудырады. Бірақ, Адамдардың көзін жоюға жол бермейді. Адамнан – «адамгершілік сезім туындайды» деген үмітін тоқтатпайды. Біз... Адамдар соған лайықпыз ба? Қойылым, осындай пәлсәпалық ойды көрермен талқысына тастайды.


Сая Қасымбек
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі 

Суретті түсірген – Д.Елтаев

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.