Боралдайдың бозторғайына – 150 жыл Избранное

Среда, 16 Май 2018 05:06 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 312 раз

Оңтүстікте Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астананың 20 жылдығы, Бәйдібек аудафнының 90 жылдығы және ақын Орынбай Тайманұлының 150 жылдығына орай республикалық аламан айтыс ұйымдастырылды.

Боралдай айтыс фото 1

Алдымен ақынның кесенесінде Құран бағышталып, Боралдай ауылдық округіндегі Қаратау мәдениет үйінде аламан айтыс басталды. Сахнадағы сайыста республикамыздың белді айтыскер ақындармен бірге Бәйдібек ауданының ақындары да сөз бен жыр додасына түсті. «Боралдайдың бозторғайы - Орынбай» деп аталған айтыста ақындар О.Тайманұлының өмір жолы мен өнерін, ұрпаққа қалдырған өнегелі істері жайлы жыр толғады.
Жамбылдың өзі «Тауқұдірет» деп атаған Орынбай ақын қазіргі Бәйдібек ауданының Боралдай ауылында 1867 жылы туып, 1946 жылы жасы сексенге қараған шағында өмірден өткен. Сөз өнерін серік етіп, халықтың талап-тілегін жырға қосып, ел құрметіне бөленген Орынбай Тайманов 12 жасынан «Ақын бала», «Боралдайдың бозторғайы» атанған. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ақынды ерекше дәріптегенін әдебиетшілер жазған. Бұған дейін О.Таймановтың «Жәнібек батыр», «Мырзашөл», «Заманхан» атты дастандары жарық көрген болатын. Енді ақынның 150 жылдығына орай өлеңдері, жыр-дастандары мен айтыстарынан құралған шығармалар жинағы жарық көріп, тұсауы кесілді.
Мерекелі жиында сөз алған белгілі қоғам қайраткері Оразкүл Асанқызы, жазушы Мархабат Байғұт ақынның өмірі жайлы өздері білген тың деректерімен бөлісіп, алдағы уақытта О.Таймановтың өмірі мен өнерін зерттеу жұмыстары жалғасын табатынын да тілге тиек етті. Ал Бәйдібек ауданы әкімі бір топ зиялы қауымға және осы шараға демеушілік жасаған кәсіпкерлерді «Орынбай Таймановтың 150 жылдығы» орденімен марапаттады.
Ал сөз сайысында Оразкүл Асанқызы төрағалық еткен қазылар алқасының қорытындысы бойынша ІІІ орын Рүстем Қайыртайға, ІІ орын Қажымұқан Абзаловқа бұйырды. І орынға Ринат Зайытов лайық деп табылса, айтыстың бас бәйгесіне тігілген «Лада» автокөлігін Бәйдібек ауданының тумасы Біржан Байтуов иемденді. Айтысқа қатысқан басқа ақындарға аудан әкімдігі тарапынан сертификат пен қаржылай сыйлық табыстады.