Сен едің бір қазына, Шәмші аға Избранное

Среда, 04 Март 2020 03:39 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 177 раз

«Өмірге, адамдарға құрметі жоқ кісіден өнерпаз шықпаса керек. Мен де адамдарға ғашықпын. Сендер менің әл-Фарабимен жерлес екенімді ұмытпаңдар. Ол да, мен де Отырардың перзенттеріміз» деп өзінің киелі мекенін, әйгілі ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабимен бір топырақта туғанын мақтаныш етіп өткен ән падишаһы Шәмші Қалдаяқов 90 жылдық тойы ұлы философтың 1150 жылдығымен тұстас келетінін әрине ойламаған да болар.

2313185

Қазақ музыка әлемінде Шолпан жұлдыздай жарқыраған Отырардың Шәмшідей оғланының ән мерекесі жыл басынан бері өз салтанатын бастап та кетті. Вальс короліне арналған түрлі шаралардың шашуы шашылып жатыр. Күні кеше Шымкенттегі Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Сен едің бір қазына, Шәмші аға» атты еске алу кеші мен «Шәмші әлемі» бұрышының ашылу салтанатын өткізді.

Сазгерге арналған бұрыштың лентасын Шәмші Қалдаяқовтың туған інісі Қадыр мен қарындасы Райхан, жазушы Мархабат Байғұт пен мәдениет саласының ардагері Бастарбек Пірімбетов қиып, кеш шымылдығын ашып берді.

Ұлы сазгердің есімі халқының жүрегінде ән болып өріліп, оның бейнесі алыстаған сайын биіктей түсуде. Мұны кеш қонақтарының әрбірінің айтқан естелік әңгімесінен аңғардық. Кезінде Созақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Досыбай Шерімқұлов Қалдаяқовтың «Теріскей» әнінің жазылуына тікелей ықпал еткен екен. Сол әннің қалай дүниеге келгені жайлы естелігі тым қызықты болды. Ал Шәмшімен достық қарым-қатынаста болған ақын Сатыбалды Дулати әйгілі сазгердің адами қасиеттеріне тоқталды. Ақын Кендебай Ахат Қалдаяқовпен ағалы-інідей араласқан қымбат күндердің қимас сәттерін әсерлі әңгімеледі. Жазушы Мархабат Байғұт вальс королінің әндері халқымыздың мәңгілік мұрасы екенін айта келе, кітапханаға «Шәмші Қалдаяқов» атты кітап тарту етті.

Әйгілі композитордың бауырлары Қадыр аға мен Райхан апа және жиен қарындастары Гаухар мен Эльмира да естеліктерімен бөлісіп, осындай мазмұнды шара ұйымдастырған кітапхана директоры Ш.Дінәсілова мен қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.

Кешті әнші-сазгер Н. Төлегенов, сазгер А.Бердалиев пен «Шашу» әжелер тобы, Ш. Қалдаяқов атындағы филормония әншісі Ж. Аралбаева Шәмші әндерімен әрледі.

Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.