IT parkте оқып жүр, дарынды елдің баласы! Избранное

Пятница, 25 Май 2018 05:20 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 81 раз

1. Ақпараттық технология – бүгінгі сұраныс
2. Өңірдегі алғашқы «IT park»
3. Жастарға жаңа технологияны меңгерудің тиімділігі

Жуырда облыстық жастар орталығында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жас бағдарламашылар мектебі ашылды. «IT park» деп аталатын бұл үйірмеде бүгінде 800-ге жуық жас бекітілген кестеге сәйкес 5 топқа бөлініп, аптасына 2 рет білімін жетілдіруде. Бұл ортада олар нені білмекке ұмтылып жүр? Жалынды жастардың жаңа технологияны меңгеруге құлшынысы қандай? Осы сауалдарға жауап іздеп, үйірме жастарының сабағына қатысып қайттық...

IMG-1

Жастар орталығына айына кемі 2-3 рет бас сұғып тұрамын. Тек іс-шараларда ғана емес, қаланың жас тұрғыны ретінде жиі ұйымдастырылып тұратын пайдалы үйірмелер мен қызықты семинар-тренингтерді мейілінше жібермеймін. Жастар жиі шоғырланатын ғимаратта бұған дейін «Робототехника» үйірмесі болған. Қазір сол орында жаңадан жас программистер мектебі ашылып, шәкірттер тегін білімін шыңдауда. Үйірмеге келушілермен ілесіп, жұма күнгі дәріске барған едім...

VR көзілдіріктің арғы жағындағы «IT park» немесе виртуалды шындық

Бөлме мұнтаздай таза. Жинақы. Артық зат жоқ. 15-20 адамға лайықтап орындықтар орналасқан. Ұл-қызы аралас топтың ортасына сіңісіп кетуге барымды салып, Нұрсұлтан мен Руслан есімді екі жігіттің ортасына жайғастым. Әр қатысушының алдында бір-бірден қойылған ноутбуктердің өзіме тиесілін ашып, жанымдағы отырған қатысушыларды әңгімеге тарттым. Руслан мобильді қосымша жасап жатса, Нұрсұлтан 3D Blender деген бағдарламада бөлменің ішкі бейнесін салып отырды. Екі жігіттің де мамандығы басқа. Бірі инженер болса, бірі - химия саласының маманы.
- Бүгінде әлемнің бірқатар елінде VR технология кеңге қанат жайып келеді. Ал бізде әлі мобильді қосымша жасаудың һас шебері атанған мамандар санаулы. Барымды салып, қолымнан келгенше үйреніп жүрмін. Бұл арнайы көзілдірік арқылы виртуалды кеңістікке енуге мүмкіндік беретін бағдарлама,-дейді жоба қатысушысы. - Түрлі дыбыстар мен бейнелердің көмегі арқылы жасанды әлемеге тап бола аласыз. Тек ойын есебінде емес, сынақ жүргізіп, біраз дүниелер жасауға болады. Қазір адамдар жаңа дүниелерге әуес. Дәл осы технологияның көмегімен туризм дамыған елдерде бір мезгіл демалуға арналған VR орталықтарын ашып үлгерген. Тіпті, алысқа ұзамай-ақ, бүгінде қаламыздағы дүкен сөрелерінен vr көзілдіріктерін таба аласыз. Бұл адамдарды сандық технологиялармен жұмыс істеуге әзір екенін көрсетеді,- дейді Нұрсұлтан.
Ал смартфонның камерасы арқылы қағаз бетінен бейне шығаруға машықтанып жүрген Руслан бұл бағдарламаның құрылыс саласындағы мамандардың жұмысын жеңілдететінін айтады.
- Қазір ұялы телефоны жоқ адамдар сирек кездеседі. Барлығы байланыстың тиімді құралын пайдалануда. Ал сол смартфондардың көмегі арқылы біраз шаруаны жүзеге асыруға болады,-дейді Руслан. – Бір ғана қарапайым мысал, күнделікті достарымызбен хат алмасып игілімізге жаратып отырған WhatsApp мессенджеріне тоқталсақ, ол – әлемнің 121 елінде қолданушылары бар ең ауқымды қосымшалардың бірі. Иесі ашық деректер көзіне сүйене айтсам, 22 миллиард АҚШ доллар пайда тапқан. Біздің де осындай қосымшалар құрастыруға мүмкіндігіміз бар. Ол үшін көп еңбектенуіміз керек. Адамдар бұл жәй ғана қосымша деп қарауы мүмкін, алайда, бір ғана бағдарлама арқылы көптеген мүмкіндіктерге қол жеткізуге болады.

10 шәкірт екі қолға бір күрек ұстапты

Бұл мектептің негізгі мақсаты - жастарды жаңа технология әлеміне дайындау. Ал ол идея «UX group» IT агенттігінің жетекшісі Азиз Есжанов пен облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Береке Дүйсебековке тиесілі. Жоба қаңтар айынан басталды.
- Осы мектептің ашылып жатқанын әлеуметтік желі арқылы хабарладық. 800-ге жуық өтініш келіп түсті. Біз 4 кезең бойынша қатысуға ниетті азаматтарды теңдей етіп топқа бөліп, білгенімізбен бөлісіп келеміз. Қазіргі күні 125 адам толық курсты бітірген болса, 10 шәкіртке жұмыс ұсындық. Бүгінде сол алған білімдері кәдеге жарап, қаржы тауып жатыр,-дейді жоба жетекшісі Азиз Есжанов. – Олар бұл мектепте сайт ашу, мобильді қосымшалар құрастыру, түрлі бағдарламаларда монтаждау жұмыстарын меңгеруде. Қыркүйек-қазан айларына дейін барлық оқушылар толық курсты оқып шығады. Біздің алға қойған мақсатымыздың бірі - 10 жоба әзірлеу. Яғни, Оңтүстік халқына арналған мобильді қосымша, сайт сынды дүниелер жасап шығамыз. Осы мектепте білімін жетілдіріп, алдағы уақыттта коммерциялық жобалар жасайтын жастар табылып жатса, оларға қаржылай да қолдау көрсетуге әзірміз.

IT PARK - келешектің мектебі

Жастарды ақпараттық технологияларға баулып жүрген елімізге белгілі IT-маман, «Timur academy» оқыту орталығының негізін қалаушы, IT-сарапшы, медиа-тренер, блогер Тимур Бектұр өңірге келгенде осы орталықта «Цифрлық Қазақстан цифрлық ойлаудан басталады» тақырыбында шеберлік сағатын өткізген еді. Сонда Тимур жастар мен сандық технология туралы айтып өтті.
- Жас буын әу бастан ізденісте жүреді. Жаңа технологияға да бейімдігі содан болар, бүгінде жастарды IT саласы ерекше қызықтыруда. Оған деген жас өрендердің құлшысыны да жоғары, - дейді IT-маман. – Ал ақпараттық технологиялар саласында жұмыс бастау үшін операциялық шығын немесе шикізат өндірісінің қажеті көп жағдайда шамалы. Алайда уақыт шығыны материалдық қажеттіліктерге қарағанда басымдыққа ие. Яғни, бизнес бастау тек ойдың ғана жемісінен туындайды. Тағы бір айта кететіні, бұл салада масштабтану жеңіл. Егер сіз офлайн-кәсіп ашсаңыз, онда сіздің тұтынушыларыңыз белгілі бір аумақты ғана қамтиды. Ал IT саласында бұл мәселе оңай шешіледі. Сіз жасаған жобаны жандандыру республикалық, әлемдік деңгейде қиынға соқпайды. Бар болғаны бағдарламаны Android пен IOS қолданушыларына қол-жетімді сатылым алаңына жүктейсіз. Немесе ғаламтор желісіне сайт ретінде саласыз. Егер аталған жобаңыз әлемдік тілдерге аударсаңыз, сіздің технологияңыз әп-сәтте әлем халқына жол тартпақ.
Жалпы қазіргі таңда IT парктердің технологиядағы үлесі жоғары. Соңғы кездері Белорусияның Минск қаласындағы «ПВТ» орталығы ауызға көп ілініп жүр. Биыл сол елдің басшысы криптовалютаға рұқсат берді. Және ақпараттық технологиялар саласында жұмыс жасауға салықта біршама жеңілдіктер ұсынылды. Керек десеңіз шетелден сарапшылар тартуға мүмкіндік беріп отыр. Мұның барлығы осы саланы нарыққа енуге зор ықпалын тигізеді. Біздің елімізге де осындай орталықтың қажет екені анық, дейді Тимұр Бектұр.
Ендеше, облыстық жастар ресурстық орталығындағы жас программистер мектебінің ашылуы Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жастарға жасалып отырған үлкен мүмкіндік деп атауға болады. Мүмкіндікті ары қарай алып кету – жастардың өз қолында.