ШЫМКЕНТТІКТЕРДІҢ жалақысы көбейеді Избранное

Пятница, 02 Ноябрь 2018 04:46 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 1436 раз

Шымкентте бюджет қызметкерлері мен бірқатар кәсіпорын жұмысшыларының жалақысы өседі. Бұл туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың шаһар кәсіпкерлерімен кездесуінде айтылды. Жиында жалақының өсіуімен қоса азық-түлік бағасы да талқыланды.

30

 

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қазан айындағы Жолдауында Үкіметке қазақстандықтардың ең төменгі жалақысын бір жарым есеге – 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырған болатын. Бұл бастамаға Шымкенттегі барлық ірі компаниялар қолдау көрсетіп отыр. Бұл – маңызды бағыт.
– Елбасы Жолдауда нақты тапсырмаларды айқындап берді. Шаһардағы ірі өндіріс орындары экономикалық жағдайына қарап, ең төменгі жалақыны ғана емес, бүкіл ұжымның айлығын көтеріп жатыр. Бұл, шын мәнінде, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыруға өз септігін тигізеді. Жалпы, шаһарда тұрғындардың 30 пайыздан астамы жұмыс істейді. Олардың ішінде 56 мыңы ең төменгі жалақы алады. Оның 11 мыңға жуығы бюджет қызметкерлері, – деді қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы.
Қала әкімінің айтуынша, осы бюджет саласы қызметкерлерінің де жалақысы өседі. Шаһар басшысы осылайша халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту маңызды екенін айта келе, бұл бағытта әкімдік барлық қолдау шараларын жасайтынын мәлімдеді. 

Жалпы, жалақыны өсіру кезең-кезеңімен, қараша, желтоқсан айларында жүзеге асады. Кездесуге қатысқан 70-тен астам кәсіпкер осылайша өз қызметкерлерінің еңбекақысын өсіруге дайын екендерін жеткізді. Атап айтқанда «3-Энергоорталық» АҚ, «Петро Қазақстан Ойл Продакс», «Шымкент темір», «Отаустрой», «Алтын дән» ЖШС өкілдері қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын көтеру бойынша атқарып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
«Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС вице-президенті Рахымжан Жанғабылов кәсіпорында 1700-ге жуық қызметкер бар екенін айтады. Ондағы ең төменгі жалақы – 125 мың теңге. 1 қаңтардан бастап жалақы тағы көтерілмек. «Отау строй» ЖШС-де 713 қызметкер еңбек етеді. Ең төменгі жалақы – 59 мың теңге. 1 қаңтардан бастап жалақы 15 пайызға жоғарылайды. Ал «Алтын дән» ЖШС жалақыны 1 қарашадан бастап 25 пайызға, «3-Энергоорталық» АҚ 1 қаңтардан бастап 20 пайызға, «Отау строй» ЖШС 1 қаңтардан бастап 15 пайызға көбейтпек.
Жиында, сондай-ақ, азық-түлік пен бірінші кезекте қажет тауарлар бағасының өсу мәселесі де талқыланды. Ірі сауда орындарының басшылары сауда орындарын жалға беру мен азық-бүлік бағасын бақылауда ұстап тұруға уәде берді.
Айта кетейік, Шымкент қаласының әкімдігі жанынан базарлар мен кәсіпорындардың және ірі сауда орталықтарының басшыларымен бірге бағаның өсуіне жол бермеу мәселесі бойынша жұмыс істейтін арнайы штаб құрылған.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.