Гримердің сиқырлы әлемі

Вторник, 26 Январь 2016 04:52 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 11903 раз

 MG 9237Кез келген актердің белгілі бір кейіпкерді сәтті сомдап шығуы үшін гримнің көмегі орасан зор. Грим сөзі француз тілінен аударғанда «күлкілі» және «қызықты» деген мағынаны береді екен. Алғашында клоундар ермек үшін шөптің сығындысын бетіне жағып, дүйім жұртшылықты күлдіру үшін қолданса, бүгінгі таңда өнерге айналған. Иә, расында да грим маманы актердің бетін әрлеп, тиісті образды жасайды. Ол – күлкілі, қызықты және сенімді шығатынын театр әртістерінің әр қойылымнан байқап жүрміз. Ал осындай машақаты мен жауапкершілігі мол жұмыстың артында он саусағынан өнері тамған гримдеуші маман тұр. Облыстық Ж.Шанин атындағы қазақ драмалық театрында тапжылмай 37 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан гример-суретші Әлжанова Бейсенкүл Тоқпембетқызынан сұхбат алған едік.

– Бейсенкүл Тоқпембетқызы, сіздің заманыңызда ауыл балалары «мұғалім немесе дәрігер боламын» деп өскен. Өйткені, бұл мамандықтардың беделі зор болатын. Ал ешкім біле бермейтін гример мамандығын қалай таңдадыңыз?

– Мен сурет салуға бейім едім. Көрген бейнені сол қалпында ақ қағаздың бетіне түсіретінмін. Мектепті бітірген кезде ағам мен жеңгем менің қалауымсыз есепшінің оқуына апарды. Бәрібір соны оқымай, ауылға оралып, кітапханада жұмыс істедім. Сол кезде газет-журналдарды сүйіп оқитынмын. Бір күні газеттегі хабарландыруды көзім шалды. Онда Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесіне абитуриенттерді қабылдау жүріп жатыр екен. Ата-анам бөтен қалаға жалғыз жібергісі келмеді. Ештеңеге мойын бұрмастан, шұғыл түрде жиналып, Қызылордадан Шымкентке қарай жол тарттым. Емтихан тапсырып, гример мамандығына оқуға түстім. Алғашында гримердің кім екенін де білмеймін ғой. Училищедегі мұғалімдер қыз балаға лайықты мамандық деп жіті түсіндірген соң көңілім жайланды. Оқыған сайын қызығушылығым мен құштарлығым оянды. Майлы бояумен адамның бетін әрлеудің қыр-сырын меңгере бастадым. Тобымызда 24 студент едік, гример мамандығымен жұмыс істеп жүрген мен ғана екен.

– Көркемсурет училищесінде сізді грим өнеріне кімдер баулыды?

– Бізге үлгі болған, өнерімен бөліскен ұстаздар көп еді. Мәселен, Амангелді Тұрсынов, Аман Жексенбаев, Борис Мұратұлы, Неля Осиповна ауылдан келген мен сияқты қызға үлкен мектеп болды. Студент кезімде Виктор Алексеевич Щербаковтан үш жыл дәріс алып, гримнің құпиясын меңгердім, тәжірибе жинақтадым. Қайда барса да мені қасынан қалдырмайтын. Студент кезден-ақ, театр әртістерін гримдейтінмін. Мақтанғаным емес, сол кезде ұстазым Щербаков «сен қазақ қыздарынан шыққан бірінші грим суретшісісің!» деген сөзі әлі күнге дейін мені қанаттандырады, рух береді.

 MG 9178– Алғашқы еңбек жолыңызды қай театрдан бастадыңыз? Осы орайда бірінші рет кімнің бейнесін гриммен суреттедіңіз?

– Оқуды бітірген соң, жолдасым екеуімізді Жетісайға жолдамамен жіберді. Ол жақтағылар мені құшақ жая қарсы алып, жақын тарта білді. Маған дейін театр актерлері өздері боянады екен. Мені «жас, қолынан келе ме, жоқ па?» демеді. Бар жұмысты сеніп тапсырды. Сөйтіп, «Амангелді» спектаклі қойылатын болды. Маған Лениннің бейнесін жасау тапсырылды. Қатты қобалжыдым. Сөйтіп, Лениннің бейнесін жасауды 1,5 сағатта аяқтадым. Негізінде, портреттік грим қиын болып келеді. Ол ұқсастықты қалайды. Бойын, бет-әлпетін зерттеп, паригін, сақал-мұртын жасаймыз. Репетиция кезінде де бір байқаймыз.

– Қазақта «Ағаш бір жерде көгереді» деген мақал бар. Осыған орай, сіздің 37 жыл бойы бір орында тапжылмай жұмыс істеуіңіздің құпиясы неде?

– Жалпы, театр саласында 1976 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Ал Ж.Шанин атындағы қазақ-драма театрына 37 жыл еңбегім сіңді. Мен жұмысымнан жалыққан емеспін. Осында келгенде Рая Кабирова деген апай гример болатын. Көмекшісі болып орналастым. Сол уақыттан бері қаншама қиын да күрделі қойылымдар болды. Гримнің қай түрі болмасын ұқыптылықты қажет етеді. Кәріні жасқа, жасты кәріге айналдырып, актерді мәпелеп шығарып саламыз. Өйткені, мамандығымды жақсы көремін. Грим сәтті шыққан сайын әрлей түскің келеді. Кейде актерлер маған «біздің бетіміз сіз үшін палитра емес қой» деп әзілдейтіндері бар. Гримнің қиындығы – өте сабырлы, ұқыпты болу керек. Бөтен адамның бетін ұстап, оны әрлеудің өзі оңай емес. Олармен сөйлесіп, өзіңе жақын тарта білудің нәтижесінде талап етілген бейнені жасауға болады. Кейде олардың еркеліктерін көтеруге де тура келеді.

– Алғашқы гримді бір жарым сағатта жасапсыз, қазір одан да шапшаң қимылдайтын шығарсыз?

– Әрине, бұл тәжірибемен келетін нәрсе ғой. Спектакльге жарты сағат қалғанда актерлерді гримдеп үлгеремін. Олардың бет-құрылысын әбден жаттап алғанмын. Кейбір актерлер беттерін өздері бояғысы келеді. Мәселен, Сапар, Мәжит және Ошат ағаларымыз гримді өздері салады. Олар грим цехына екі сағат бұрын келіп, дайындала бастайды. Негізінде актерлер бетке грим жаға білу керек. Оларға мұны жоғарғы оқу орнында үйретеді. Қазір Лаура Үсенова деген шәкіртіме грим өнерін үйретіп жүрмін. Үш жылдан бері оның да қолы жаттығып қалды. Гримнің кез келген түрін жасай береді. Басқа да шәкірттерім бар. Олар – Түркістан, Жетісай және өзбек театрларында жұмыс істеп жүр.

– Театр үшін бір гример жеткілікті ме?

– Әр театрға 2-3 гример керек деп санаймын. Өкінішке қарай, қазір тек бір гримермен ғана шектеледі. Облысымызда қазір сегіз театр бар болса, әрқайсысында бір-бірден ғана гример жұмыс істейді.

– Бейсенкүл Тоқпембетқызы, өткенге көз жүгіртсеңіз. Театрда сізге дейін неше гример жұмыс істеген?

– Театрдың 80 жылдық тарихында бірнеше гример-суретшілер жұмыс істеген.
Е.Сидорович, кәсіби грим суретшісі С.Гуськов, Т.Раптанова,
Р.Кабирова сынды мамандар еңбек сіңірген.

– Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрының директоры Қалтөре Жұмағұлов ағамыз екеуіңіз отбасында да, жұмыста да жұптарыңыз жазылмай келеді. Отбасын құрған жастарға өнегесіздер. Сіздің отбасыңыздағы береке мен ауызбіршіліктің сыры неде?

– Көп адамдардың бізге таң қалатыны рас. «Үйде де, жұмыста да біргесіздер. Бір-біріңізден жалықпайсыздар ма?» дейтіндер жоқ емес. Біз училищеде бірге оқыдық, содан бері жұбымыз жазылған емес. Екеуіміз ұрысып-керісіп, қарсы келген емеспіз. Керісінше, демеу бола білдік. Жұмысқа бірге барамыз, бірге қайтамыз. Тіпті түскі асты да бірге ішеміз. Қалекең күніне екі рет менің кабинетіме келіп кетеді. Бір-бірімізді сәл көрмей қалсақ іздейміз. Үй шаруасында да ердің немесе әйелдің тірлігі деп бөлмедік. Қолғабыс ете білдік. Содан болар, бір қыз, екі ұлды тәрбиелеп, өсіруде қиналған жоқпыз. Қызымыз өнер жолын таңдады. Ұлдарымның бірі – әскери қызметкер, екіншісі – бағдарламашы. Бес немеренің қызығын көріп отырған жайым бар. Өнерде де, отбасында да бақытты әйелмін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Последнее изменение Вторник, 26 Январь 2016 06:01
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.