Әр тұтынушы өз құқығын білуі тиіс

Пятница, 25 Март 2016 05:25 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 17340 раз

Нарықта жүз мыңдаған тауар түрі бар. Оларды таңдау кезінде сапасы мен сақталу мерзіміне назар аудару қалыпты нәрсе. Алайда, кейде осындай жағдайларға мән бермей, тауарды сатып алған соң ғана сан соғып, өкінетініміз жасырын емес. Мұндайда сіздің құқығыңыз қорғалған ба? Өзіңіз сатып алған тауардың ақшасын қалай кері қайтаруға болады? Осыған орай, ОҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің тұтынушылар құқығын қорғау бөлімінің бас маманы Төлебаев Марат Тұрсынбайұлымен сұхбаттасқан едік.

IMG-20160321-WA0003– Марат Тұрсынбайұлы, тауардың сапасыздығы белгілі болса, оны ауыстыруға немесе ақшасын қайтарып алуға болатынын білеміз. Бірақ кей жағдайларда соған бас қатырып, өзгені де өзімізді де әуреге салғымыз келмейді. Тұтынушының құқықтары туралы кеңірек айтып берсеңіз.

– Тауардың сапасына көңіліңіз толмаса ақшаңызды қайтарып алуыңызға мүмкіндік бар. Яки сол тауардың құнына өзгесін ауыстырып аласыз. Елімізде тұтынушының құқығы заңмен қорғалғандығын ұмытпағанымыз жөн. Өзіңіз айтқандай, бұған бас қатырғысы келмейді немесе өз құқын білмейді. Мәселен, көйлек сатып алдыңыз. Үйге келген соң, оның сапасыз тігілгенін анықтадыңыз делік. Не істейсіз? Әрине, оны сатып алған дүкеніңізге немесе базарға барып ауыстыруды ойлайсыз. Дұрыс. Ал дәл сол жерден сатып алғаныңызды дәлелдеу үшін қолыңызда құжаттар (фискалды чек немесе тауар чегі, түбіртек) болуы тиіс. Сол кезде ғана тауардың ақшасын қайтарасыз немесе басқасына ауыстырып алуыңызға мүмкіндік бар. Егер тауар (азық-түлік емес) пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, пломбасы, заттаңбасы және тауарды сатып алғаныңызды растайтын құжаты, яғни чегіңіз болса, затты алған күннен бастап 14 күннің ішінде сатушы сіз алған тауарды айырбастауға немесе ақшаңызды қайтаруға міндетті. Бұл туралы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 14 бабы 1 тармағында және 30 бабының 1 тармағында жазылған.

– Ал базардан сатып алған жағдайда қалай дәлелдейді? Онда тауарды сатып алғанын растайтын құжат берілмейді ғой.

– Ондай жағдайда сол затты алғаныңызды көрген, сатып алғаныңызды растайтын адам болу керек. Немесе ұнамаған жағдайда қайтаратыныңызды айтып, сатушымен алдын ала келісіп алғаныңыз абзал. Ал дүкеннен алған затыңызды қайтармаса немесе ауыстырмаса тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне арыз жазасыз да, екінші көшірмесін дүкен иесіне апарып бересіз. Ол 10 күн ішінде сізге жауап қайтаруы тиіс. Өйтпеген жағдайда сотқа шағымдануға құқыңыз бар.

– Кейбір дүкендерде, тіпті базардың өзінде «Тауар қайтарылмайды және ауыстырылмайды» деген жазуы бар тақтайша ілінген. Бұл қаншалықты заңды?

– Бұл мүлдем заңсыз. Кәсіпкерлердің олай етуге құқығы жоқ. Осындай жазуды көрген соң, әрине тұтынушының алған затты қайтаруға дәті бармайды. Ал кейбірі қолын бір сілтеп, басын қатырғысы келмейді. Мұндай әрекеттер заңға қайшы. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңында «тауардың қайтарылмайтыны немесе ауыстырылмайтыны туралы ескерту жазылсын» деген бап жоқ.

– Дегенмен, сатып алынған тауардың барлығын дерлік қайтарып алуға болмайды ғой?

– Иә, кейбір тауарларға шектеу қойылған. Яғни, ауыстыруға немесе қайтарып алуға болмайтын тауарлардың тізімі бар. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 30 бабы, 1 тармағына сәйкес, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың, іш киімдердің, шұлықтың, жануарлар мен өсімдіктердің және метрлеп сатылатын тауарлар қайтарылмайды.

– ОҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне қалай шағымдануға болады? Мамандардан көмек сұрап келгендердің басым бөлігін қандай мәселе мазалайды?

– Өткен жылы біздің мекемеміздің «қауырт желісі» қызметіне 864 азамат көмек сұрап хабарласқан. Оның 53-і біздің тарапымыздан шешілмейтіндіктен, өзге органдарға жолдадық. Ал кеңес беру орталығына 441 адам жазбаша түрде арызданды. Бізге интернет ресурстары арқылы да шағымдана алады. Өкініштісі сол, шағымданушылар өз арыздарында аты-жөндерін, мекен-жайын толық көрсетпейді. Олардың басым бөлігі коммуналдық қызмет түрлері (арыз-шағымдардың 26,9 пайызы) мен бөлшек сауда (шағымдардың 20 пайызы) салаларына қатысты. Медициналық қызметтің сапасына да тұтынушылардың көңілі толмайды (шағымдардың 7,1 пайызы). Мәселен, емханаларда дәрігерге көріну үшін ұзын сонар кезек күту, медицина қызметкерлерінің біліксіздігі де тұтынушыларды жиі мазалайды, шағымданушылардың жартысына жуығы коммуналдық мәселелер бойынша арызданады. Биыл қаңтар және ақпан айларында 31 адам жазбаша түрде шағымданды.

– Тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті тарапынан өткен жылы қанша тексеру жүргізілді. Нәтижелері қандай?

– 2015 жылы ОҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен оның аумақтық басқармалары тарапынан 1929 тексеру жүргізілген. Әкімшілік жауапкершілікке 1906 адам тартылып, 50969240 теңге айыппұл салынды. Соттың шешімі бойынша 17 нысанның жұмысы тоқтатылды. Сонымен қатар, сотқа 20 әкімшілік іс өткізіліп, 293 жайт бойынша кемшілікті жою туралы ұйғарым шықты.

– Тұтынушылардың құқығын қорғауда қоғамдық бірлестіктердің көмегі тие ме?

– Әрине. Олардың бізге тигізетін пайдасы көп. Мәселен, департаменттің «тісі батпаған» яғни, заңмен шектелген тұстарында қоғамдық бірлестіктердің өкілдері шағымданушының арызы бойынша кез келген кәсіпорынды тексере алады. Егер олардың бұл әрекетінен нәтиже шықпаса, сотқа арызданады. Байқауымызша, жазылған шағымның басым бөлігі сотқа дейін шешімін тауып жатыр. Айта кетейін, облысымызда 30 қоғамдық бірлестік тіркелген болса, оның 15-і ғана жұмыс істеп тұр. Ал соның ішіндегі тоғызымен тұтынушылар құқығын қорғау департаменті тарапынан меморандум жасалған.

– Егер тұтынушылар тауардың сапасына күмән келтірсе немесе басқа да қызметтер өз дәрежесінде көрсетілмесе, қандай телефон нөмірлері арқылы хабарласуға болады?

– ОҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен оның аумақтық басқармаларына баруға және 40-71-65 (Абай аудандық ТҚҚ басқармасы), 35-93-64 (Әл Фараби аудандық ТҚҚ басқармасы), 53-27-84 (Еңбекші аудандық ТҚҚ басқармасы), 39-26-13 (Қаратау аудандық ТҚҚ басқармасы), 21-02-97 (ОҚО ТҚҚ департаменті) нөмірлі «қауырт желіге» хабарласа аласыз. Сонымен қатар, Шымкент қаласында тұтынушылардың құқықтарын қорғаумен айналысатын 6 қоғамдық бірлестік өкілдерінен де көмек сұрауға мүмкіндік бар. Олар – «Өткір Нұр», «ОҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау бірлестігі», «DEMEU», «Қоғам», «Адала» және «Оңтүстік» тұтынушылардың құқықтарын қорғау бірлестіктері.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Құқығыңыз бұзылған жағдайда 21-02-97 «қауырт желіге» хабарласуға болады. Сондай-ақ, 40-71-65 (Абай аудандық ТҚҚ басқармасы), 35-93-64 (Әл Фараби аудандық ТҚҚ басқармасы), 53-27-84 (Еңбекші аудандық ТҚҚ басқармасы), 39-26-13 (Қаратау аудандық ТҚҚ басқармасы) телефон нөмірлері бойынша шағымдана аласыз.

Последнее изменение Пятница, 25 Март 2016 06:16
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.