Бахадыр НАРЫМБЕТОВ, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы: САЯСИ РЕФОРМАЛАРСЫЗ ОРНЫҚТЫ ДАМУ МҮМКІН ЕМЕС Избранное

Среда, 30 Март 2022 04:14 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3159 раз

– Бахадыр Мәдәліұлы, Президенттің биылғы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауының бұрынғылардан ерекшелігі неде?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауын атына заты сай деп айтуға болады. Себебі, онда елімізде болатын түбегейлі өзгерістердің негізгі бағыт-бағдары көрсетілген.

71

 

Бұл Жолдаудың басты ерекшелігі – саяси реформа және трансформация мәселелеріне басымдық берілуінде. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, түбегейлі саяси реформаларды жүзеге асырмай, алдағы уақытта ұзақ мерзімді, әрі орнықты дамуға қол жеткізу мүмкін еместігін көріп отырмыз.
«Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» деген сөз бар ғой.
Президент осы қағидаға сүйене отырып, саяси реформаларды өзінің өкілеттілігін шектеуден бастады. Атап айтқанда, мұнан былай Президент ешқандай саяси партияға төраға немесе мүше бола алмайды. Осы норма конституциялық негізде бекітілетін болды. Бұл қадам биліктің бір адамның қолына шоғырлануын шектеумен қатар саяси партиялар арасында әділ бәсекелестіктің орнауына да мүмкіндік береді.
Парламент сенатындағы Президент тағайындайтын депутаттардың саны 15-тен 10-ға дейін қысқартылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы аудан және аудандық маңызы бар қалалардың әкімдеріне дейін тағайындау немесе жұмыстан алу секілді көптеген өкілеттіліктерден бас тартты. Осының бәрі биліктің бөлінуі мен билік тармақтарының бір-бірінен дербес әрі ықпалды болуы үшін қабылданған шешім.
Еліміздің дамуы және әділетті қоғам орнауы үшін саяси жүйедегі таразының екі басы тең болуы шарт. Яғни, атқарушы билік пен заң шығарушы биліктің құзіреті мен мүмкіндіктері тең болуы керек. Сондықтан Қазақстандағы саяси реформаның ең маңызды бағыттарының бірі Парламент Мәжілісінің өкілеттілігін кеңейтіп, ықпалын арттыруға бағытталып отыр. Жолдауда айтылған өзгерістерге сәйкес, алдағы уақытта Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын Сенат бұрынғыдай кері қайтарып жібере алмайды. Жоғары палата тек Мәжіліс депутаттары қабылдаған заңдарды қолдайтын-қолдамайтыны жөнінде пікір білдіруге ғана құқылы. Ал заң қабылдау құзіреті Мәжілістің еншісінде болмақ.
Мұндай шешім неліктен қабылданды десеңіз, сенаторлар мәслихаттар арқылы жанама түрде сайланады. Бір бөлігі Президент квотасы арқылы тағайындалады. Ал Мәжіліс депутаттары партия арқылы, мұнан былай мажоритарлы жүйе бойынша тікелей сайланады. Соның есебінен Мәжіліс депутаттарын сайлаушыларға жақынырақ деп айтуға да негіз бар. Басқаша айтар болсақ, Мәжіліс – қоғамдағы әртүрлі топтардың атынан өкілдік ете алатын, олардың пікірі мен көзқарасын жеткізіп, мүддесін қорғайтын палата. Олай болса, заң қабылдау процесінде Мәжілістің соңғы сөзді айтып, шешуші рөл атқаруы орынды.
Төменгі палатаның құзіреті артқанының тағы бір көрінісі ретінде Есеп комитетінің орнына бюджеттің орындалуын қадағалайтын жоғары аудиторлық палата құрылып, ол жылына кемінде екі рет Мәжілістің алдында есеп береді. Мәжіліс депутаттары халықтың салығынан құралған қазына қаржысының тиімді әрі заңға сәйкес жұмсалуын бақылайды. Бұл депутаттардың іс жүзінде Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың қызметін де бақылайтынын көрсетеді.
Саяси реформалардың маңызды бағыттарының бірі – жаңа партияларды тіркеуге қойылатын талаптардың жеңілдетілуі. Партия ашу үшін қажет мүшелерінің саны 4 есеге – 20 мыңнан 5 мыңға дейін, ал бастамашы топтың саны 1 мыңнан 700-ге дейін қысқартылды. Әр өңірде болуы тиіс мүшелерінің саны да 600-ден 200-ге дейін қысқартылмақ. Яғни, талаптар едәуір жеңілдеді.
Осыған орай қоғамда «Жаңа партиялар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп кетпей ме, оның бәрі бізге керек пе» деген алаңдаушылықтар болуы мүмкін. Бірақ, талаптар жеңілдегенімен, жаңа партия құру соншалықты оп-оңай болады деп ойламаймын. Ол үшін үлкен ұйымдастыру жұмысы жүргізілуі керек. Оған біраз еңбек және қаржылық ресурстар қажет. Сондықтан, жұрт айтқандай, 50-60 партия ашылып, олардың атынан шатасатын күн болуымыз екіталай. Партиялардың саны әрі кетсе 10-15-ке жетуі мүмкін.
Партиялардың көбейгенінен қорқудың қажеті жоқ. Бұл біздің қоғамда саяси әралуандықтың қалыптасуы мен жетілуіне, плюрализмге мүмкіндік береді. Шын мәнінде біздегі партиялардың бәрі оңцентристік бағытта ғой. Олардың экономикалық дамуға, әлеуметтік-экономикалық саясатты жүргізуге қатысты көзқарастары мен ұстанымдары бір-біріне ұқсас келеді. Ал онымен келіспейтін азаматтар мүше боларлық балама саяси ұйымдар әзірге жоқ. Ал ондай партиялар құрылып жатса, мүмкін олар сайлауда жеңіске жетпейтін де шығар, бірақ, белгілі бір балама пікірлерді немесе проблемаларды жарыққа шығарып, жетекші партиялардың назарын сол мәселелерге аудара алады. Айталық, табиғатты қорғау, экология мәселелеріне басымдық беретін «жасылдар» партиясы құрылуы мүмкін.

– Иә, Жолдауда айтылған бастамалар Қазақстанды демо-кратияланудың жаңа сапалық деңгейіне көтерері анық. Дегенмен, толыққанды демократияға қол жеткізіп, әлеуметтік әділеттілік орнату үшін осы өзгерістер жеткілікті ме? Мәселен, Мәжілістегі көпшілік фракцияға Үкіметтің негізгі құрамын жасақтау құзіретін беру керек дейтін ұсыныстар айтылып жатыр. Бұған не дейсіз?

– Қазақстанда осы күнге дейін «Әуелі экономика, саясат содан кейін» деген шапанның ішінде өмір сүріп келдік, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында экономиканы қалпына келтіріп, мемлекетті аяғынан тік тұрғызып алғанша бұл шапан бізге шақ болған да шығар. Бірақ, біздің мемлекет пен қоғам өсіп кетті де әлгі шапанның етегі қысқа, жеңі келте, жағасы тар болып қалғанын байқамаппыз. Ендігі жерде мемлекет әлеуметтік-экономикалық және саяси модернизацияны қатар алып жүруі тиіс. Мұның біреуін ұмыт қалдырсақ, екіншісі нәтижелі болуы мүмкін емес.
Президент Жолдауда саяси реформалардың негізгі бағыт-бағдарын айқындап берді. Енді іске асыру үшін Конституцияға өзгерістер енгізіп, көптеген конституциялық заңдарды, заңдарды және жүздеген құқықтық-нормативтік актілерді өзгертуіміз немесе жаңадан қабылдауымыз керек. Яғни, алда ауқымды жұмыс күтіп тұр деген сөз. Бұл жұмыс сарапшылар қауымдастығының, саясаттанушылардың, жалпы қоғамның пікірі мен ұсыныстары ескеріле отырып жүргізіледі. Конституцияны күнде өзгерте бермейміз. Сондықтан «А» деген соң «Б» деуіміз керек деп ойлаймын. Яғни, Сіз айтып отырған мәселелер заңдарды қабылдау барысында ескеріледі. Жаңа саяси партияларды тіркеу жеңілдетілсе, олардың Парламентке өту шегі 5 пайыздан да төмендей түсуі мүмкін. Осылайша нағыз көп партиялы Парламент жасақталса, оған Үкіметтің құрамын жасақтау құзіреті берілуі де мүмкін. Айталық, 10 пайызға дауысқа ие болған партия бір министрді тағайындау құқығын иелене алады деген нормалар қабылдануы ықтимал.

– Мәслихаттың өкілеттілігі артып жатыр дейміз. Ендігі жерде Президент қала әкімдігіне кемінде екі кандидат ұсынатын болды. Бірақ, бұған дейін де әкім болатын азаматты
Президент ұсынып, мәслихат мақұлдайтын еді ғой. Бір кандидаттың орнына екі немесе үш кандидат ұсынылғанда бір нәрсе өзгере қоя ма екен?

– Біздің елде орталық билікті қолдап үйренген менталитет бар ғой. Сол менталитеттің негізінде Мемлекет басшысы ұсынған азаматты бірауыздан мақұлдап жіберетін. Бұған дейін Президент ұсынған кандидатты мәслихаттың қабылдамай, кері қайтаруы практикада кездеспеген. Неге десеңіз, Президентті бүкіл халық сайлайды ғой. Сондықтан оған құрметпен қарау, оған сенім арту – заңдылық. «Осы кадрдың облыс немесе қаланы басқаруға лайық екенін бізге қарағанда көбірек зерттеп, білген шығар» деген ойлар болатын.
Ал енді екі немесе үш-төрт кандидат ұсынылса, солардың қайсысы біздің қаланы басқаруға лайық екенін мәслихат депутаттары таңдайды. Бұған дейін біз әкімге
Президенттің осындағы өкілі ретінде қарап келдік. Ендігі жерде әкім тек Президенттің ғана өкілі емес, мәслихат депутаттары таңдаған саяси қызметкер. Әкім қалай да өзін дауыс беру арқылы таңдаған мәслихат депутаттарымен санасатын, есептесетін болады. Бұл мәслихаттың дербестігін арттырып, мәртебесін көтеретіні сөзсіз.

– Ал мәслихат хатшысы деген лауазымның төраға болып өзгертілуінің себебі неде?

– Өткен жылы заңға өзгеріс енгізгенге дейін мәслихаттың сессияларына кезекпен сайланатын депутаттар, яғни, сессия төрағалары басшылық ететін. Мәслихат қабылдаған шешімдерге сессия
төрағасы қол қоятын. Ал хатшының міндеті көбіне ұйымдастырушылықтан аспайтын еді. Бірақ, қай органның болмасын жұмысы нәтижелі болуы үшін жауапкершілікті мойнына алатын беделді әрі ықпалды басшының болғаны жөн. Өткен жылғы заңнамалық өзгерістерден кейін барлық сессияларға хатшы жетекшілік етеді. Осы өзгерістің логикалық жалғасы ретінде хатшы лауазымы төраға болып өзгертілмек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.