Қыркүйек айының соңында Будапешт қаласында кәсіптік және техникалық білім алатын шәкірттер арасында «EuroSkills -2018» чемпионаты өтті. Чемпионатқа қатысқан делегация құрамында Шымкенттегі индустриалды-техникалық колледжі де бар.

DSC 5382

Жұмысшы мамандығының беделін арттыру мен шеберлік дағдыларын дамытуды мақсат еткен дәстүрлі додаға әлемнің 92 мемлекеті қатысқан. Мұнда шәкірттер өздерінің алған білімін, инновациялық жаңалықтарын көрсетеді. Осы чемпионатта Шымкенттегі индустриалды-техникалық колледжінде электр-газбен дәнекерлеуші мамандығын меңгеріп жүрген Руслан Ешметов үздік техникалық жұмысы үшін арнайы номинацияға ие болды.
– Бұл - біздің чемпионатқа алғаш рет қатысуымыз. Мұның өзі шәкірттерімізді ынталандырып, кәсібіне деген қызығушылығын арттырды, - дейді оқу орнының директоры Тілек Исахметов. – Чемпионатта білім сайысынан бөлек ұстаздарға тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалады екен. Ең маңыздысы, құрылыс, өндіріс саласына қажетті технологияларды шығаратын компаниялар қатысты. Мұны бөле-жара айтуымның себебі бар. Мәселен, бүгінде колледждерде дуальды оқыту жүйесі енгізіліп, практикаға басымдылық беріп келеміз. Шәкірттер алған теориясын тәжірибемен ұштастыру үшін шеберханаларымыз жұмыс істейді. Ал біздегі кейбір ағаш станоктар 1956 жылы қойылған. Енді шеберханалардағы технологияларды заман талабына сай жаңартудың тетігін тапқандаймыз. Тікелей компаниялармен келісім жүргізіп, құрылғыларды арадағы алыпсатушыларсыз жеткізу әлдеқайда арзанға түсетініне көз жеткіздік. Сапардан түйген ойларымызды қаланың бас ұстазымен бөлісіп, ұсынысымызды айттық,- деді колледж басшысы.
Басшы Будапештте жұмысшы кәсіптің беделі жоғары және мамандарды даярлау ісіне ерекше маңыздылық берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, Будапеште халықаралық «ЭКСПО» көрмесі өткен ғимаратты толықтай кәсіптік және техникалық мамандар даярлайтын оқу орталығына айналдырған. Орталықта суденттер оқиды, соңғы шыққан заманауи технологиялармен машықтанады және онда жұмыс берушілер кәсіби маманды өздеріне жұмысқа қабылдайды.

DSC 5424

– Елбасы Н.Назарбаев өз Жолдауында кәсіптік және техникалық білім беру бағдарламасын жаңартуға тапсырма берді. Қазіргі таңда елімізде мамандарды даярлау, оны оқытудың технологиясын әлемдік стандарттарға сәйкес жетілдіру, жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыру мәселесіне жете көңіл бөлінуде. Оның бір дәлелі - жастардың тегін оқуына мүмкіндік беріп, шәкіртақы тағайындап, жұмыспен қамтып, болашақта кәсіби маман болуына жағдай жасалуда, - деген колледж басшысы оқу ордасының жетістіктеріне тоқталды. – Біз білім берудің модулдік түріне көштік. Бұрынғыдай үш ай теориялық сабақ өтіп, екі ай өндірістік тәжірибеге жіберетін заманнан өттік. Қазіргі жаңа білім бағдарламасында сабақ онлайн түрде өтіп, жабдықтар шеберханадан тікелей таныстырылады. Не болмаса сабақ шеберханада өтеді. Сондықтан жұмысшы кәсіп қоғамдағы сұранысқа ие мамандықтардың қатарынан табылатын күн алыс емес.
Айта кетейік, Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты индустриалды-техникалық колледжде бүгінде 1500-ден астам студент білім алуда. Биылғы жаңа оқу жылында 600-ге жуық шәкірт қабылданған. Оқу орнында, әсіресе, автокөлікке техникалық қызмет көрсету, жөндеу, электр-газбен дәнекерлеуші, автокөлікті жөндеу слесарі, кранның машинисі және жиһаз жинақтаушы мамандықтарын игеруге талпынғандар саны көбейген.

Шымкентте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Азия елдері бойынша үйлестірушісі Гольбограма Цогта жергілікті фтизиатрлармен екі күндік семинар өткізді.

Туберкулезге қарсы диспансердің базасында өткен семинарда дәрігерлер шетелдік маманнан дертке диагноз қою, жаңаша емдеу, науқасқа психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету тұрғысындағы жаңалықтарымен тәжірибе алмасты.
– Өңірде биылдан бастап туберкулезбен ауырған науқастарды жаңа препарттармен емдеу қолға алынды. Бұрын дертпен бірінші ауырған науқасты емдеуге 20 ай уақыт кететін болса, енді жаңа дәрі-дәрмектің көмегімен 9-11 айда дерттен айығуға мүмкіндік бар. Елімізде туберкулезбен аурушаңдық және одан болатын өлім-жітім деңгейі соңғы он жылда 10%-ға төмендеді. Бұл диагностикалаудың заманауи түрлеріне жүгінудің нәтижесі деп те айтуға болады, – дейді Қазақстандағы туберкулезбен күрес ғаламдық қорының координаторы Г.Мұсабекова.
Қазіргі таңда тубекулезді айқындау үшін 2 сағат ішінде диагноз қоюға мүмкіндік беретін G-expert аппараты үш медициналық мекемеде: облыстық туберкулезге қарсы диспансер, Мақтаарал аудандық орталық ауруханасы және Шымкент қалалық №3 емханада жұмыс істеп тұр. Мамандар бұл қондырғы болашақта басқа емханаларға да қойылатынын атап өтті.
Ал жыл басынан бері өңірде ұзақ уақыттан бері туберкулезден жазылмай жүрген науқастарды жаңа препараттармен емдеу жұмыстары жақсы нәтиже берген. Жаңа тәсілмен ем алып жатқан 40-тан астам сырқаттанушы үш айда оңалып, үй жағдайында емделуге қол жеткізді.

Физика + ағылшын тілі

Понедельник, 08 Октябрь 2018 04:13

Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болудың бір көрсеткіші – білім деңгейі. Сондықтан әлемдік білім кеңістігіне еніп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті ұстаздарымыздың қолында десек, оларға жүктелеген міндет оңай болмай тұр. Осы орайда Шымкенттегі №66 жалпы орта мектепте физика пәнін ағылшын тілінде өтіп жүрген Роза Жарасбаевамен ұстаздардың төл мерекесі қарсаңында әңгімелесудің сәті түсті.

IMG-20181004-WA0025

Шымкентте өткен жылы жаратылыстану бағытындағы пән мұғалімдерін ағылшын тіліне базалық деңгейде үйрету жұмыстары басталған болатын. №66 мектепте еңбек ететін Роза Жарасбаева – білім берудің жаңаша тәсілдерін меңгерген алғашқы ұстаздардың бірі.
– Болашақта Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына ену жоспары айқындалды. Білім берудің маңыздылығын ескерсек, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев
Қазақстан халқына Жолдауында білім сапасын дамытудың жолдарын көрсетіп берген болатын.
Елбасы өз Жолдауында «2019 жылдан бастап 10-11 сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталады. Болашақта біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады. Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады» деп атап өтті. Осы мақсатта біліктілік арттыратын ұстаздардың тізіміне еніп, 10 айлық тілдік курстан өттік және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» педагогикалық шеберлік орталығында тағы да екі апталық курста білімімізді шыңдадық. Қазір сабақты ағылшын тілінде жеңілдетілген түрде өтуді бастадық, – дейді ұстаз.
Дегенмен, мұғалімдерге шет тілін бірден меңгеріп кету оңайға соқпаған.
– Тіл үйренгенде қатаң талаптар қойылды. Еліміздегі кәсіби мамандардан және шетелден келген ұстаздардан дәріс алдық, – деді әңгіме арасында ұстаз.
Расында физика күрделі сала. Ғылым мен техника, интернет жүйесі тағы басқа жаңа технологиялар заманында физика ғылымы олардың негізі болып табылады. Оның үстіне жоғары оқу орындарында сұранысқа қажетті мамандықтың таңдау пәндеріне физика жататын болғандықтан, пән мұғалімдеріне жаңашылдық керек-ақ.
– «Қанша елдің тілін білсең, сонша түрлі ілім ілесің» дейді. 20 жылдан астам еңбек өтілім болса да тіл үйренуге құштарлығым жоғары болды. Соның нәтижесі болар, ағылшын тілін толыққанды меңгермесем де өзіме қажеттісін оқып-тоқыдым. Енді ары қарай өзімізді дамытып отырумыз қажет. Өйткені, физика қиын пәндердің қатарына жатады. Екіншіден, ізденістегі, өз-өзін дамытып, жаңаша білім берудің ағымына ілескен ұстаз ғана, бәсекеге қабілетті және білімді шәкірт даярлайды, – деді Р.Жарасбаева.

IMG-20181004-WA0011

Роза Орынбасарқызы оқытқан оқушылар бүгінде халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз атанып жүр. Қазір шәкірті Алуа Медетбекованың ғылыми жұмыстарына жетекшілік жасап, халықаралық додаларға қатысуға дайындау үстінде. Шәкіртіңе сапалы білім беріп, мамандық таңдауда дұрыс жол сілтесең, олардың мемлекетіміздің дамуына үлес қосып жүргенін көрсең, еңбегіңнің еш кетпегені. Бұл – ұстаздың пікірі.
Роза Жарасбаеваның ұстаз жолын таңдауы кездейсоқтық емес. Әкесі Орынбасар Жарасбаев физика пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп, Отырар ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте ұзақ жылдар басшылық жасаған. Отбасында 4 қызы әке жолын қуып, бүгінде барлығы білім саласының дамуына үлесін қосып келеді.
– Физика күрделі сабақ, ал оқушылардың оны ағылшын тілінде оқуға деген ықыласы қандай? – деген сауалымызға маман: – Бүгінгі ұрпақ білімді, ізденімпаз және ағылшын тілін балабақша қабырғасында үйреніп жатқандықтан, алдағы уақытта тілге келгенде қиындықтар болмайды», – деп жауап берді.
Қазанның алғашқы демалысында ұстаздардың кәсіби мерекесі аталып өтеді. Ендеше, ұлағатты ұстаздардың еңбегі жемісті болсын дейміз!

Елімізде кепілдендірілген медициналық көмек көрсетудің тізімі он жылға жуық уақыт өзгермеген. Денсаулық сақтау саласына түсіп жатқан қаржының 41%-ы халықтың қалтасынан шыққан. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» қоғамының өңірдегі филиалы мамандары жаңа жүйенінің тиімділігін халыққа түсіндіру жұмыстары барысында жеткізді. Медициналық сақтандыру жүйесінің қарапайым халық үшін пайдасы қандай? Ескі жүйеден арылуға не себеп болды? Жаңа реформаның жай-күйі мен болашағын тарқатып көрсек.

сактандыру фото

Ескі тізім шығынға батырды

Елімізде халықтың денсаулығын жақсартуға жылдар бойы қомақты қаражат бөлініп келгенімен медицина саласында проблемалар азаймауда. Дәрі-дәрмек қымбаттады, ем-дом алу халықтың қалтасына салмақ салды, созылмалы аурумен ауыратын науқастардың өлім-жітімі көбейді. Саладағы өзекті мәселелердің шешімін табудың жолы қандай?
Елбасы Н. Назарбаев соңғы Жолдауында «Қазіргі заманғы денсаулық сақтау жүйесі көп шығынды қажет ететін стационарлық емнен профилактикаға көшіп, аурудың алдын алуға ден қоюы тиіс. Мемлекет міндеттемелерін шеті мен шегін нақтылай отырып, тегін медициналық көмектің жаңа үлгісін жасап шығу қажет» деп тапсырма да берген болатын. Салаға жауаптылар тығырықтан шығуда талдау-зерттеу жүргізіп, сараптап, дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді қолға алды.
– Елімізде тегін кепілдендірілген медициналық көмек көрсетудің тізімі 2009 жылы бекітілген. Тоғыз жыл ішінде елімізде әлеуметтік жағдай өзгерді, адамдардың өмір сүру жасы ұзарды, халық саны артты. Бұдан бөлек қатерлі ісік, қант диабеті, тыныс жолдарының кеселі, жүрек-қан тамыр ауруларымен ауыратын науқастар (өлім-жітімнің 74%-құрайды) көбейді. Сонымен бірге халық тегін ем-дом алады дегенімен, денсаулық сақтау саласына түсіп жатқан қаржының 41%-ын тұрғындар өз қалтасынан шығарған. Салаға мемлекеттік бюджеттен өткен жылы 940 млрд теңге бөлінсе, ал халық қалтасынан медициналық көмек алуға 646 млрд теңге жұмсаған. Ал бұл өз кезегінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген деңгейден екі есе көп (20%). Осындай жағдайлардың барлығын саралай келе, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу және оның ішінде тегін медициналық көмек алудың тізімін жаңарту қажеттілігі туындады, – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ОҚО филиалы директорының орынбасары Найля Дабысқызы.
Басшының мәліметіне жүгінсек, халықтың қалтасынан шыққан қаражаттың 58, 4 млрд теңгесі – стационарлық, 146,7 млрд теңге – емханалық амбулаториялық көмекке, оңалту қызметіне – 11,3 млрд, стоматологиялық қызметке – 19,6 млрд теңге, дәрі-дәрмекке – 299,2 млрд теңге жұмсаған. «Мұндай көрсеткіштермен кете берсе, ұлттың денсаулығын жақсарту мүмкін емес» дегенді алға тартты жауапты маман.

Жаңа пакет... Не өзгереді?

Тізімдегі тегін консултативтік-диагностикалық көмек тізіміне 2000-ға жуық (1949) қызмет кіреді екен. Онда маманның қабылдауы, кеңес беру, зертханалық қызмет, диагностикалық зерттеулер, процедуралар т.б. бар. Найля Дабысқызы «осы тізімдегі көптеген қызметтер ескіріп, тиімсіз және нәтижесінде мемлекетті шығынға батыруда», – дейді. Оған маман мынадай деректерді келтірді:
– Аталған тізімде керексіз қызметтер өте көп. Бір ғана мысал, денсаулық сақтау саласы 250-ден аса ауру түріне динамикалық бақылау жасауды міндетіне алған. Бүгінде мұндай бақылауға 5 млн 800 мың науқас алынған. Бірақ олардың арасында остеохондроз, ревматикалық емес артрит секілді аурулар бақылауға жатпайды. Сол секілді диагностика жасаудың ешкім қолданбайтын ескірген әдістері көп және емханаларда кейбір мамандардың қызметіне адамдар мүлдем жүгінбейді. Бұлардың барлығы өз кезегінде қаржыны желге ұшыруда. Керісінше дәрігерлік бақылауды қажет ететін артериялдық гипертония, буын ауыстыру, инфаркт, инсультке шалдыққан науқастарды медициналық оңтайландыруға қаржы жетпеген. Өткен жылдың өзінде 180 мың науқас оңтайландыру көмегінсіз қалды.
Сонымен, Н. Дабысқызы 2020 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толығымен қолға алынып, тізім жаңарса, мынадай өзгерістер болатынын жеткізді. Атап айтқанда, диагностикадағы ескірген, тиімсіз 959 қызмет тізімнен алынып тасталады. Емханалардағы трансплантолог, анестезолог, иммунолог, диетолог, клиникалық фармаколог (маманның айтуынша бұл дәрігерлердің қызметіне ешкім жүгінбейді) болмайды. Ауруханаларда тек тәулік бойы бақылауды қажет ететін науқастар ғана емделеді.

Қандай нәтиже күтеміз?

Қазір халықта «медициналық сақтандыруға жарна салмасақ, дәрігерге көріну мұңға айналады. Медициналық қызметтің барлық түрін ақылы аламыз. Ертеңіміз не болады деген» күдік бары рас. Жаңа жүйені енгізудің 2020 жылға қалуының бір ұшы осында жатыр. Қазір елімізде «сақтандырылмаған» 1,7 миллион адамның әлеуметтік статустары анықталуда. Ал жауаптылар екі жылдан кейін толықтай іске қосылатын жүйенің төрт тарапқа пайдалы тұсын былай жеткізді:
Мемлекетке тиімділігі – өлім-жітім көрсеткіші азайып, мемлекет міндеттемелерінің шеті мен шегі анықталады;
Азаматтарға тиімділігі – медициналық қызметке аз қаржы жұмсап, дәрігерлік көмек алуда қолжетімділік артады;
Медицина қызметкерлеріне тиімділігі – дәрігерлерлік жүктеме азайып, оларға төленетін еңбекақы көлемі артады.
Медициналық ұйымдарға тиімділігі – медициналық қызметтер нарығының ашықтығын қамтамасыз етеді, бәсекелестік орнайды және ақылға сыйымды тарифтер қалыптасады.
Халықтың денсаулығы – мемлекеттің байлығы. Дені сау ұлт қай елдің болмасын жақсы көрсеткіші деуге болады. Ендеше саладағы өзгерістер тұрғындардың саулығын жақсарту бағытындағы жылдар бойғы «сеңді» қозғалта ала ма? Оны уақыт еншісіне қалдырайық...

Ол 80 -ге толар еді...

Пятница, 28 Сентябрь 2018 04:36

Жазушы-журналист Жұмамұрат Тұяқбаевтың туғанына 80 жыл. Осыған орай «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында «Тұғыры биік Тұяқбаев» атты еске алу кеші өтті. Қаламгердің жары Мәдет Сайгана, қызы Сәуле Жұмамұратқызы, зиялы қауым өкілдері, журналистикадғы шәкірттері мен студент-жастар қатысқан кешті қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов жүргізді.

 DSC6862

– Басшылықта жүріп, батыл сөз айту кез келген азаматтың қолынан келе бермейтін іс. Батылдығының арқасында журналистерді ғана емес, оқырманды да қоғамды да тәрбиеледі. «Қайдасыңдар зиялы қауым», «Зиялы қауым қоғамға зиянды ма?» деген тақырыптарда жазған мақалалар осыны айғақтайды, – деді Тұяқбаев жайлы ой толғаған Шалатай Мырзахметов өз сөзінде.
Аталған кітапханада Тұяқбаевтың мұражайы ашылған болатын. Хаттар, жазбалар, тарихтан сыр шертетін суреттер. Қаламгердің жары алдымен кітапхана ұжымының осы жұмыстарына алғысын жеткізе отырып, қаламгермен ғұмыр кешкен өмір-тарихтарынан біраз сырды ақтарды. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакторы, шәкірті Абай Балажан жақсы адамнан көрген шарапатына тоқталып, ерекше қасиеттерін еске түсірді.
– Өңірдің журналистерін Көкшаудағы «Арқа ажары» газетінің 100 жылдық мерейтойына шақырыпты. «Жұмамұраттың елінен келіпті деп» қаламгерді білетін көзтаныстардың барлығы жақсылығын айтып, ықыласын білдіріп, ол газеттің тойы емес, Жұмамұрат Тұяқбаевтың бенефисіне айналып кеткенін» барған журналистер айтып келгені бар. Бұл болса, азаматтың тектілігін білдіреді, – деді А. Балажан.
«Отырар» кітапханасының директоры Күлия Айдарбекова Тұяқбаевтың журналистика саласындағы тәжірибелерін, кітаптарын жастар арасында насихаттауды дәстүрге айналдыратын атап өтті. Кеш барысында студенттер қаламгерге арнаған өлеңдерін оқып, арнау-жырларын ұсынды.

25-28 қыркүйек аралығында Будапешт қаласында кәсіптік және техникалық білім алатын шәкірттер арасында «EuroSkills -2018» чемпионаты өтеді.

vlcsnap-2018-09-25-14h31m54s238

Байқауда Астана қаласында өткен «WorldSkills Kazakhstan» чемпионатының биылғы жеңімпазы, Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің студенті, шымкенттік Юлдуз Мырзахметова білімін сынайды. Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайханқызы чемпионатқа қатысушалармен арнайы кездесу ұйымдастырды.
Басқосуға Шымкент қалалық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б. Нарымбетов, Астана қаласынан келген тәуелсіз сарапшы А. Нысанов және қаладағы мемлекеттік, жекеменшік колледждердің басшылары келді. Кездесуде алдымен жұмысшы мамандарды даярлау мазмұны, олардың мәртебесін көтеру және шеберлік дағдыларын дамыту мақсатында құрылған«WorldSkill» чемпионатының жай-күйі талқыланды. Қаланың бас ұстазы:
– Жұмысшы кәсіптің беделін арттыру мақсатында ұйымдастырылатын чемпионатқа әлемнің 92 елі қатысады. №5 колледждің студенті Юлдуз Мырзахметова еліміздегі сайыста дараланды. Алдағы сынақта шәкіртіміз Шымқаланың ғана емес Қазақстанның абыройын асқақтатады деген сеніміміз бар,– деп жылы лебізін білдіріп, Шымкенттен баратын делегацияға сәт-сапар тіледі. Өз кезегінде сөз алған Бахадыр Нарымбетов кәсіптік мамандықты игеріп те жетістікке жетуге болатынын білімді жастар дәлелдеп отырғанын тілге тиек етті.
Айта кетейік, байқауға шаһардағы кәсіптік және техникалық білім беретін 5 колледждің директоры сараптамалық кеңес өкілі ретінде қатысып қайтпақ.

Шымкент қаласының білім басқармасы жаңа бөліммен толықты. Бұл жаңалықты басқарманың жаңа басшысы Ақерке Абылайханқызы журналистермен өткізген алғашқы басқосуында жеткізді.

fasad 1

– Басқармада техникалық және кәсіптік білім беру, стартегиялық талдау және цифрлық технологиялар бөлімі ашылды. Аталған сала бұған дейін облыстық білім басқармасына қараған болатын. Қазіргі күні қала аумағындағы 12 мемлекеттік колледждің 10-ы қала меншігіне өтті. Кәсіптік және техникалық білім берудің еліміздің экономикасы үшін алатын орны зор. Жұмысшы мамандар даярлау, оқыту технологиясын әлемдік стандарттарға сай жетілдіруіміз қажет, – деді қаланың бас ұстазы. Басшы алдағы уақытта дуалды оқыту жүйесін дамыту үшін бизнесте, өнеркәсіпте жүрген азаматтарды тартуды жоспарлап отырғанын атап өтті.
Айта кетейік, енді Шымқалада 10 мемлекеттік, 24 жекеменшік техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орны жаңа бөліммен тығыз байланыста жұмыс істейтін болады.

Шымкентте жыл соңында Бөбектер үйінде «Үйдегідей» пилоттық жобасы іске қосылады. Бұл тұрғыда Санк-Петербург қаласынының білікті мамандарымен тәжірибе алмасып қайтқан мекеме қызметкерлері дайындық жұмыстарын бастап кетті.

уйдегидей

– Жобаның мақсаты - балалардың өмір сүру жағдайын үйдегідей қалыптастыру. Мүмкіндігі шектеулі немесе дерті ауыр науқас балалар деп бөлінбейді. Оларды топқа біріктіріп, әрқайсысына жеке тәрбиешіні бекітеміз. Ең бастысы тәрбиеленушілерге еркіндік беріледі. Ойыншықтар қолжетімді жерде қойылады, демалғысы немесе тамақ ішкісі келсе де шектеулер қойылмайды. Бұл әдіс балалардың аурушаңдығын азайтып, психо-эмоцианалдық дамуына оңды өзгеріс әкелетінін ресейлік мамандар дәлелдеп отыр, – дейді Шымкент қалалық мамандандырылған бөбектер үйінің басшысы Салтанат Сақыбаева.
Пилоттық жоба балғындардың денсаулығын оңалтуға негізделген. Мамандар осы арқылы асырап алатын балалар санының өсетініне сенімді.

Страница 18 из 32