Жүйелі жұмыс жалғасады

Пятница, 22 Январь 2016 07:20 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3580 раз

Қаратау ауданының әкімі Ғалым Исмаилов жылдық есебін «Ақжайық» шағынауданындағы №88 жалпы орта мектепте жалғастырды. Талап-тілегін, өтінішін арқалап келген тұрғындардың қарасы мұнда да көп.

111Бұл ауданның басқа аудандардан ерекшелігі сол, қалаға қосылған жаңа елді мекендерден құралған. Соған орай түйіні тарқатылмай кезек күтіп тұрған мәселелер бар. Ауызсу, жол, табиғи газ, жарық, мектеп, балабақша, қоғамдық көлік секілді қажеттіліктер әрбір тұрғынды мазалайды.

– Үш ауысымда білім беретін мектептер санын жою мақсатында Мирас тұрғын алабында 900 орынды, «Бозарық» шағынауданында 1200 орынды мектеп салынуда, ал Тассай тұрғын алабындағы №91 мектепте және Сайрам тұрғын алабында №111 мектепте 300 орынды қосымша құрылыс жүргізілуде. Бұл мектептердің барлығы биыл пайдалануға беріледі, – деді Ғалым Исмаилов.

Бұдан бөлек «Бозарық» пен «Нұртас» шағынауданында 320 орынды балабақшаның құрылысы жүргізілуде екен. Бұл жаңалық балабақша кезегінде тұрған тұрғындарды бір қуантты.


Сондай-ақ, әкім елді мекендердің ішкі орамдық көшелерін асфальттау мақсатында 63 көшенің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, бюджетке ұсынылғанын, ал 42 көшенің жобалық сметалық құжаттары әзірленіп жатқанын жеткізді. Әкімнің баяндамасынан кейін тұрғындар сұрақты қарша жаудырды. Басқосуда сөз алған «Ақжайықтың» орам басқарушысы
Б. Балтабеков:

3333– Бұрын әкімдерді шақырып келтіре алмайтынбыз, ал Қаратау ауданына қосылғалы шағынауданымыздың шырайы кіріп қалды. Ғалым
Ыбырайұлы да жиі келіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдайды. Неше жылдан бері сусыз отырған бізге ауызсу келді. Табиғи газ да келіп тұр. Енді әрбір тұрғын құбырмен тартса болды. Тағы бір тілегіміз – жолдарымыз асфальтталып, емдеу мекемесі салынса екен, – деп өтінішін білдірді.
Тұрғындардың тілегі, өтініші, мәселесі ортақ. Көпті толғандырған сан сауалға аудан әкімі Ғалым Исмаилов пен сала басшылары жауап берді.

– Біз сіздермен жыл бойы өтініштеріңіздің жай-күйіне қарай, жауапты сала басшыларын шақырып, мәселені бірге талқыладық, бірге шештік. Ары қарай да жұмысты дәл осылай жалғастыратын боламыз, – деді
Ғалым Исмаилов.

Басқосуды қорытындылаған қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров бұл мәселелердің бәрі бір күнде шешіле салмайтынын, кезең-кезеңімен орындалғанша түсіністік танытуларын сұрады. Сондай-ақ, әр ауылдың төбе билерімен апта сайын өтетін кездесуге өзі де қатысып, түрлі мәселе төңірегінде кеңесетін болып тарқасты.