Баласын майданға іздеп барған ана Избранное

Среда, 15 Май 2024 06:36 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 214 раз

Өткен ғасырдың сексенінші жылдардың ортасы болуы керек. «Отец солдата» деген керемет фильм шықты. Майдандағы ұлын сағынған, ұзақ хабар алмаған соң іздеп келген мосқал грузин шал туралы.

SoguSApa

 

«Ұлымды көрдің бе?» Таудай жерді қопарып тастап жатқан снаряд, селдей жауған оқ. Советтік идеология етімізге емес, сүйекке дейін сіңген кезең еді ғой, қатты әсер алдық. Баласы үшін аспаннан жауған оққа қарамай соғыс өртінде жүрген шал шынында ата-ана махабатының перзентіне деген символындай еді.
Құй сеніңіз, құй сенбеңіз. Біз барқырап «ұлымды көрдің бе?» деп жүрген грузин ақсақалын әулие көріп жүрсек, ондай жанқиярлық ерлік қазақта да бар екен ғой.
Ұлын майданға іздеп барған қазақ әйелі. Отырар ауданында биыл қатарынан 12 рет соғыс ардагері Төлеген Омаровты еске алуға арналған бокс турнирі, ақындар айтысы өтіп келеді.
1941 жылы майданға алынған бозбала Төлеген Омаров бір әулеттің көзінің ағы мен қарасы екен. Жалғыз. Ұл да өзі, қыз да өзі. Қияпат соғыс. Не Белорусь майданынан не Украина майданынан хат жазады. Соғысқа кіргелі тұрмыз деп. Содан шешесі Әлбибі «ұлыма барам» деп жолға жинала бастайды. «Әй, ол жақта соғыс жүріп жатыр. Не орысша бір ауыз сөз білмейсің. Бір жерде оқ тиіп, ит-құсқа жем боласың ғой».
Ағайындары айтады, тыңдамайды. Күйеуі қарсы болады, тыңдамайды. Абысын-ажыны сықсыңдап жылап, «бармаңыз» дейді, тыңдамайды.
«Ұлымның жолында өлсем өліп-ақ кетейін. Маңдайынан бір иіскесем болды. Төлегеннен жаным артық емес».

Қайсар, қайтпас, батыр мінезді кісі екен. Айтты, бітті. Кесті, үзілді. Екі дорбаға құрт, май, ірімшік, кепкен ет салып алады да, майдандағы ұлын іздеп кетеді ғой қайран ана. Поезға мініп күн жүреді, түн жүреді. Қолында ұлының майданнан жазған хаты, адресі. Эшолондарға ауысып мінеді. Талай рет өлім аузынан да қалыпты. Екі эшолонның түйісіп өтетін жолайрығына тұрып қалады. Ысқырып, қалшылдап екі поезд жанай өткенде «құлағым тұнып, өлгенім осы шығар» деп тұрыпты. Әлбибі шешеміз бес уақыт намазын үзбеген кісі екен. Сенері – бір Алла, ата-баба әруағы.
Әлгі грузин ақсақалындай әскер көрсе «ұлымды көрдің бе?» деп қолындағы адресті көрсетер екен. Жолда ұлым жесінші деп дәу қауын сатып алыпты. Осындай бір әйелдің жүргені үлкен офицердің құлағына жетеді. Алдырады. Сөйлесейін десе әйел бір ауыз орысша білмейді. Қазақ тілмаш шақырады. Мән-жайды білген соң әлгі офицер қасына жауынгерлер қосып, ұлының әскери бөліміне жібереді.
Аспаннан түскендей болып анасы келгенде қатардағы жауынгер Төлеген Омаров, әрине, қатты қуанды. Сосын ренжиді. «Шеше-ау, мынауыңыз не. Ешкімнің анасы майданға ұлын іздеп келген жоқ. Ұят болды».
Ұлын тапқан Әлбибі ана ұятты қайтеді. Әбден аймалап мауқын басады. Қос қоржынын ортаға қояды. Дәу қауынды қояды. Құрт, май, ірімшік, кепкен ет бөлімше жауынгерлеріне үш күн азық. Ал, ұлы қауынды зорға жарады. Пышақ өтпейді, жесе дәмі жоқ қап-қатты жеміс. Піспеген, шикі екен дейді. Сүйтсе бір жауынгер қарқылдап күледі дейді. Зілдей қылып зорға жеткізгені асқабақ екен. Ұлымен қауышып, мауқы басылған Әлбибі шешені командир еліне қайтарады.
Күн, түн сатырлаған эшалон. Майдан өтіне тасыған танк, ауыр артиллерия. Қайту да оңайға түспеген. Сүйтіп, орысша бір ауыз сөз білмесе де қазақтың батыр анасы майдан шебінен аман-есен оралды. Аудан, ауыл мәз.
Діні қатты кісі соғыстан қауіп қыла ма, күйеуіне қоймай жүріп тоқал әпереді. Одан да жалқы ұл. 1945 жыл. Күн-түн Құдайдан амандығын тілеген жауынгер Төлеген Омаров аман-сау елге оралады. Ұлының соғыста алған орден-медальдары бар, мақтау қағаздары бар, құжаттары бар. Бәрін жинап, «енді соғыс болмасыншы» деп бір жерге көміп тастапты. Кейін құжаттар керек болып, іздегенде тауып бере алмаған. Садаға депті. Төлеген жұмысқа араласады. Үйленеді. Әйелі Жәрдемкүл шешеміз 10 құрсақ көтеріпті. Бес ұл, бес қыз. Құдайдың бергені.
Бізге осы әңгімені айтып берген – Төлеген атамыздың кенжетайы Бақытгүл Төлегенова.
«Әжеміз өте қатал кісі еді. Абысын-ажындары алдынан кесіп өтпейтін. Білетінім, сүйегі – Ұлы жүз. Біз бес-алты жасқа дейін шешеміз сол кісі деп ойлайтынбыз. Өйткені, шын шешеміз қасымызға жақындап, жылы сөз айттып, маңдайымыздан сипай алмайтын. Әжеміздің қаһарынан қорқар еді».
Кейуана намазын үзбейтін екен. Діндар, намаз оқыған кезде өшірулі телевизордың экранын орамалмен жауып қояды. Мұндай кісілер фотоға түсуден қашады ғой.
Батыр анамыздың жарқын бейнесін жарқыратып-ақ көрсетер кез еді, жоқ. Бақытгүлден «осы ерлік дастан жазылды ма?» деп сұрадым. Ауызша аңыз болып айтылып жүріпті. Бірақ, хатқа түспеген. Алла Тағала біздің пешенемізге бұйыртып тұр екен.
Екі -үш күн бұрын аналар күні өтті. Басылым, әлеуметтік желі аналар туралы хабарға толып қалды. Керемет. Аналарымыз жасай берсін.
Қазақ қыздары әлімсақтан жауынгерлігімен, батырлығымен ерекшеленген. Сақ патшасы Тұмар ханымды, жоңғарға шапқан Бопай ханшайымды былай қойғанда, кешегі күркіреп өткен дүниежүзілік соғыста Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова Кеңестер Одағының Батыры атанды.
Бомбылаушы ұшақпен фашистердің жанын алған Хиуаз Доспанова «Халық Қаһарманы» атағын алды.
Ерліктің үлкен-кішісі болмайды. Енді осы тізімге бір Алладан медет тілеп, майдандағы баласына қияметпен жетіп, маңдайынан сүйіп қайтқан Әлбибі сияқты аналарымызды ойланбай қосуға болар еді. Қиын-қыстау кезеңде перзенті үшін бар қауіптен тайсалмайтын Аналар аман болсыншы!