Мақсат – жердi экономикалық айналымға шығару

Среда, 04 Май 2016 07:01 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4812 раз

sozaqbaiСозақбай ӘБДІҚҰЛОВ,
облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Жер Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына ғана аукцион арқылы сатылады. Аукцион жердің бағасын көтеру тәсілі бойынша екі рет ұйымдастырылады. Егер екінші аукционда да сатып алушы табылмаса, онда жер бағасы 50 пайызға дейін арзандатылады. Жер мүлдем сатылмаған жағдайда, ол аукционнан алынып тасталады.
Жер телімдерінің кадастрлық құны базалық мөлшерлеме негізінде анықталады. Сонымен қатар, оған жердің сапасына, тұрған жеріне, қаншалықты сумен қамтамасыз етілгеніне, аудан орталықтарынан қаншалықты шалғай орналасқанына қатысты коэффицент қосылады. Мысалы, жер тұрғылықты мекеннен алыс болса, оның бағасына қосылатын коэффицент те төмендетіледі. Сәйкесінше, әр жердің бағасы да әртүрлі болады. Соңғы бағаны аукцион анықтайды.
Осы ретте айта кетсек, Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы жер қорында тұрған 3 миллион 200 мың гектар жер аукционға түседі. Оның 2 миллион 900 мың гектары – ауыл шаруашылығына бағытталған жер. Аукционға тек Қазақстан Республикасының азаматтары ғана қатыса алады. Шетелдіктер, оралмандар жерді сатып ала алмайды. Оларға жер 25 жылға жалға беріледі.
Жалпы, облыста көлемі 11 миллион 725 мың гектар жер бар. Оның 6 миллион 777 мың гектары – ауыл шаруашылығына бағытталған жер. Ол жердің 3 миллионнан аса гектары шаруа қожалықтары мен заңды тұлғаларға жалға берілген. 34 мың 990 гектар жерді шаруалар сатып алған.
Ауыл шаруашылығына қатысты жер саудасынан түскен қаражат бюджетке емес, Ұлттық қорға салынады. Айта кететін жайт, мемлекет үшін басты мақсат пайда табу емес – жерді экономикалық айналымға шығару.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.