×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Қоғамдық қызмет сапасын арттыру – басты талап Избранное

Пятница, 11 Ноябрь 2016 06:19 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3807 раз

Күн сайын Шымкент қаласы аумағында орта есеппен 440 мың жолаушы қоғамдық көлік қызметін пайдаланады. Жолаушы тасымалдау қызметімен айналысатын 29 компанияның меншігінде 1130 автобус түрлі бағытта жолға шығады. Бұл жөнінде Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен қала әкімдігінің мәжілісінде кеңінен талқыланды. Күн тәртібінде барлығы үш мәселе қаралды.

Алдымен, қоғамдық көлік саласының бүгінгі ахуалы бойынша қалалық жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев баяндама жасады.

Баяндамашы келтірген мәлімет бойынша, 2015-2016 жылдары қала аумағына жолаушы тасымалдаушы 230 жаңа автобус жеткізілген. Дегенмен, қала шекарасының ұлғаюына байланысты шалғай елді мекендердегі тұрғындарды тасымалдау ісінде әлі де болса туындаған күрделі мәселелер баршылық. 

– Мəселені оңды шешу мақсатында қала әкімдігі мен «Шымкент Bus» ЖШС-нің өзара серіктестігі аясында муниципальді автопарк қызметі құрылды. Аталған автобус паркінің көліктері жолаушыларға облыс орталығының ерекше маңызды бағыттары бойынша қызмет көрсететін болады. Сонымен қатар, қаладағы жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл автожолдарда 325 жасанды кедергі, 60 жасөспірімдерге арналған жол жүру түсіндірме тақтайшалары орнатылып, мектеп жанынан 9 жаңа бағдаршам іске қосылды, – деді Қуатжан Әзімбайұлы. 

Күн тәртібіндегі екінші мəселе бойынша қалалық кəсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Əсет Әбдіраханов туризмды дамытудың жолдары мен мүмкіндіктеріне талдау жасады. Баяндамашы ағымдағы жылы қалаға келген туристердің легі айтарлықтай артқанын атап өтті. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда биыл қаламызға келген туристер саны 4000 адамға артқан. Туризмді дамыту мүмкіндіктері ретінде Ə. Әбдіраханов «Шымкент Плаза» сауда орталығының, бес жұлдызды «Holiday Inn Shymkent» қонақүйінің ашылуы, «Shymkent city» жобасының іске асырылуы, «Shymkent mall» сауда орталығының, жаңа əуежай мен темір жол вокзалының құрылысы, сондай-ақ Бадам өзені жағалауы мен Тоғыс су қоймасы оң ықпал еткенін, ендігі бағыт ретінде «Ескі қаланы» туристік аймаққа айналдыру қажеттілігін атап өтті. 

Айта кетейік, бүгінгі таңда Шымкент қаласында 131 мамандандырылған туристік ұйым жұмыс істеуде. Оның ішінде 25 туроператор, 106 туристік агенттік, 2 балалар сауықтыру лагері, 41 туристік нысан мен 69 қонақүй жұмыс істеуде.

Қала әкімі жиында талқыланған жобалардың маңызы жоғары екенін айта келе, алдағы уақытта бұл бағытта жауапты да ауқымды міндеттер аясында тиісті жұмыстардың атқарылатынын жеткізді.