Қала инфрақұрылымын дамыту – маңызды міндет Избранное

Пятница, 22 Сентябрь 2017 08:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 120 раз

 DSC8575

Биыл Шымкент қаласының 284 ішкі орамдық көше жолдарында ағымдағы және орта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, асфальтты-бетонды төсенішпен қамтылған қала жолдарының үлесі 52,2 пайызға артса, шағал тас төсеніштерінің үлесі 41,8 пайызды құрады.


Бұл жөнінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен мәжілісте баяндама жасаған қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев мәлім етті.

Баяндамашының айтуынша, қазіргі таңда қала инфрақұрылымын дамыту бағдарламасының аясында 17 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл қатарда 4 жол айырығы мен 42 ішкі орамдық көше жолдарын ағымдағы жөндеу жұмыстары, 7 магистральді көше жолының және 2 көпірдің құрылысы жүргізілмек.

Күн тәртібінде сондай-ақ, коммуналдық меншікті тиімді пайдалану жайы кеңінен талқыланды. Биыл Шымкент қаласында 42 әлеуметтік нысан ғимараты пайдалануға беріліпті. Сондай-ақ, 3 нысан жеке меншік иелігіне өтіп, нәтижесінде, қала бюджеті 134 миллион теңгеге толықтырылған.

shymkala kz74-2

Қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Кенжебек Жанбосыновтың айтуынша, бүгінде қала аумағында 280 коммуналдық заңды нысан бар. Тек биылдың өзінде 58 коммуналдық нысан мемлекет меншігі ретінде қабылданған.

Жиында қала әкімі бұл саладағы жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізді. Бұл қатарда, сала мамандарына Сайрам, Төлеби, Түлкібас аудандарынан қала аумағына жаңадан қосылған елді мекендеріндегі ауыз су жүйесі мемлекет меншігіне алуды қатаң түрде тапсырды.

– Сайрам ауданынан қосылған елдімекендер аумағында әлі күнге 34 нысан мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Бұл саладағы жұмыстарға бей-жайлық қарекет танытқаны үшін жауапты сала мамандарына арнайы шара көрілуі тиіс, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Сондай-ақ, жиында қала әкімі тұрғындарды коммуналдық қызметпен қамтып отырған монополистердің қамсыз тірлігін сынға алды. 

IMG-20170920-WA0049

– Қандай да бір қажеттілікпен асфальт орнын шұңқырға айналдырған жауапты мекемелер жол қауіпсіздігін сақтау үшін жарқырауық шамдар қызметін пайдаланып, ескерту белгілерін орнатсын және қазылған орынды дер кезінде қайта қалпына келтіретіндей болсын. Егер де аталмыш жұмыстар сапасыз орындалар болса, қатаң шара қолданылады, – деді қала әкімі. 

Жиынды қорытындылаған қала әкімі күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталып, сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді.

Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

2012 жылдың маусым айынан бергі уақытта «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі қызметін атқарып келеді. 2014 жылдың қыркүйек айынан күні бүгінге дейін қала әкімдігінің ресми ВЭБ сайтында қызмет етеді.