Өркендеуге өріс алған қала Избранное

Пятница, 11 Ноябрь 2016 06:24 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3707 раз

ӨҢІР БАСШЫСЫ ШЫМКЕНТТЕГІ ӨНЕРКӘСІП ОРЫНДАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкентте бірқатар жаңа нысандар бой көтермек. «Нұрсәт» шағынауданы аумағындағы 8 мың орындық мешіттің құрылысы басталғанына жарты жылға жуықтады. Тағы бір қолға алынған әлеуметтік нысан – «Қазақ инновациялық университеті» қалашығы. Оның құрылысы келесі жылға жоспарланып отыр. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қалада салынып жатқан жаңа нысандарды аралап, бірқатар өндіріс орындарының тыныс-тіршілігімен танысты.

14925690 1816003028646056 2323087043730101734 n

Аймақ басшысы ең алдымен көкөніс өсіретін «SMG Greenhouse profit» ЖШС-нің жылыжай кешенінде болды. «Достық» елдімекеніндегі төрт гектардан астам аумақтағы өндіріс орны түркиялық және нидерландиялық технология бойынша жұмыс істейді. Мұнда жылына 1 мың тоннадан астам қияр өндірілуде. Бас директор Ділмұхаммед Сейділдаевтың айтуынша, бүгінде аптасына 29-30 тонна көкөніс өнімдері жиналып, Ресей нарығына шығарылуда. Мекемеде 45 адам еңбек етеді. Жұмысшылардың бәрі «Достық» ауылынан.

Шымкентте жалпы 141 гектар жылыжай бар болса, оның 25 гектары – өнеркәсіптік. Биылдың өзінде қалада 12 гектар жылыжай ашылды. Шымкент қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбай жыл басынан бері 13 мың тонна қызанақ, 7 мың тонна қияр өндірілгенін мәлімдеді. Өнім желтоқсанға дейін жиналатындықтан, бұл көрсеткіш әлі де ұлғая түспек. 

Өңір басшысы өнімді ең алдымен ішкі нарыққа, одан кейін ТМД елдеріне экспорттауды, жұмысшылардың жалақысын мүмкіндігінше жоғарылатуды тапсырды. 

14937305 1114779648638373 8795326393261553925 n

«Стандарт Цемент» ЖШС-і еліміздегі өндірістік әлеуеті жоғары кәсіпорынның бірі. Кәсіп-орында экологиялық талаптарды сақтайтын заманауи құрылғылар орнатылған. Өңір басшысы 1100-ден астам адам еңбек ететін компанияның жұмыс барысымен танысып, өндірістің әлеуетіне жоғары баға берді. 

Келешегі қаланың сәулеттік келбетін дамытып әрі руханият орталығына айналдыратын жобаның бірі – ӘІО аумағында салынып жатқан 8 мың орындық мешіт. Нысан аумағында автокөлік қоюға арналған паркинг, күннен қуат алатын құрылғылар орналасады. Қазір 12 гектарды қамтитын аумақта алғашқы құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 

Мұнда мұсылмандық жоралғыларды жасайтын орындар, конгресс-холл, асхана, неке сарайы, медресе, кітапхана мен әкімшілік бөлмелер салынады. Жоспар бойынша мешіт 2018 жылы ел игілігіне беріледі. 

– Мешіттің айналасына баса мән беріңіздер. Мешітке келушілер үшін тартымды әрі ыңғайлы болуы тиіс. Яғни, кең болуы керек, – деді Жансейіт Қансейітұлы. 

14980764 1816002691979423 5567271857461522519 n

Бүгінде инновациялық-технологиялық мамандықтарға деген сұраныс артып отыр. Қаладағы инновациялық – технологиялық колледжде білім алған студенттер жұмыссыз қалмайды. Қазір оқу орнында 970 студент мұнай-газ саласы, құрылыс, темір-бетон өндірісі, қонақүй шаруашылығы, цемент өндірісінің технологиясы, т.б. тоғыз мамандық бойынша білім нәрімен сусындауда. Олардың бәрі де «Стандарт Цемент» ЖШС-да өндірістік тәжірибеден өтіп, басым бөлігі осында жұмысқа орналасуға мүмкіндік алған. 

«Саутс Ойл» ЖШС-нің басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Серікжан Сейітжанов облыс басшысына «Бозарық» шағынауданы аумағынан бой көтеретін «Қазақ инновациялық университетінің» жобасымен таныстырды. Жаңа университет қалашығына бүгінде 150 гектар жер бөлініп, сәулеттік-құрылыс жобасы бекітілген. 10 мыңнан аса шәкірттерді даярлайтын оқу орнында үш бағытта (медицина, химия-технология, жоғарғы бизнес мектебі) білім беріледі. 

Сәулеттік жобалау тобының жетекшісі Смат Саухатовтың айтуынша, қалашық аумағынан тұрғын үй кешені, мейманхана, сауда үйі, спорт залы және жоғары мәртебелі қонақтарға арналған резиденция орналасады.
Қазақстандағы ең үлкен университеттердің біріне айналатын нысанның іргетасы келесі жылы қаланады. Жалпы, 3-4 жылда аяқтау жоспарда.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.