ЭКСПО-2017: павильондарды тапсыру аяқталды Избранное

Пятница, 07 Апрель 2017 04:41 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 11347 раз

Елімізді әлемге танытар «ЭКСПО-2017» көрмесінің басталуына 64 күн қалды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, қазір дайындықтың соңғы шаралары қыза түскен. Бүгінде көрмеге қатысуға ниет білдірген 115 мемлекеттің бәріне өз павильондары тапсырылды. Соның ішінде Қытай елінің даярлығы көпшіліктің қызығушылығын тудырып тұр. Аумағы ең үлкен павильон осы елдікі.

Павильондардың жалпы аумағы – 78 мың шаршы метр

Елбасының биылғы Жолдауындағы негізгі бірінші басымдықта жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізу екендігі айтылған-тын. 

– Үкіметке ЭКСПО-2017 нысандарының бірінің базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін құруды тапсырамын. Ол әлемнің барлық елінен кәсіпкерлер мен инвесторлар тартудың платформасы болуға тиіс. Бұл үшін тиісті инфрақұрылым және салық жеңілдіктерін, оңайлатылған виза мен еңбек режимін қоса алғанда, қолайлы жағдай керек, – деген еді Елбасы өз Жолдауында. 

Таяуда «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Халықаралық қатысушылармен байланыс департаментінің директоры Илья Оразақов атқарылып жатқан жұмыстарды баян еткен-ді. Оның айтуынша, наурыз айының соңында барлық павильондар тапсырылды. 

«Кей мемлекеттер өздерінің павильоны үшін электр қуатын көбейтуді сұрайды. Сондай-ақ, кейбір елдер өз аумағына күрделі конструкцияларды қоюға өтініш айтып жатыр. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында бұл талаптар қанағаттандырылған жоқ», – деді ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. 

Компанияның ресми сайтының жазуынша, бүгінгі таңда, 115 мемлекет пен 20 халықаралық ұйым көрмеге қатысатындығын растады. Бұл – көрме өткізу тарихындағы үздік көрсеткіштердің бірі. 

Көрмеге қатысушы мемлекеттерге тиесілі павильондардың аумағы 78 мың шаршы метрге жуықтайды. Барлық алаңда құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Жалпы көрмеде халықаралық 52 жеке және 6 біріктірілген павильон болмақ. Соңғыларының бірі болып Қытай және Аустрия еліне өз павильондары берілді. Әзірге, ең ірі павильон да Қытай мемлекетіне тиесілі. Яғни, олардың павильонының аумағы 2 қабатты қосқанда 2 мың шаршы метрге жетеді. Қытайлық әріптестер көрмеде «Болашақ энергиясы, Жасыл жібек жолы» тақырыбы аясында энергетика саласындағы инновациялық технологияларды көпшілік назарына ұсынбақ.

Қытай халықаралық сауда палатасының директоры, Ұлттық павильон конструктивті тобынының басшысы Дже Джие «Біз негізінен Қытайдың жасыл энергетикада жеткен жетістіктерін, баламалы энергетика саласындағы инновациялық технологияларды көрсететін боламыз. Бүгінде ең ірі 10 компания осы салада жұмыс істеп жатыр. Ал «ЭКСПО-2017» көрмесіне 25 қаланың кәсіпкерін шақырдық» деді журналистермен жүздесуінде. 

Ал Аустрия мемлекетінің көрмеге ұсынар жобасы «Ақыл, жүрек, денедегі күш» деп аталады. Қазақстандағы Аустрия елшісі Герхард Сайлердің мәлімдеуінше, павильонның құны – 5 млн еуро, аумағы 900 шаршы метр. Жұмыстар көрмеге дейін толық аяқталмақ.

 

Өңірден 100 ерікті іріктелді

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысушы ерікті жастармен кездесті. Өңірімізде арнайы іріктеуден 100 ерікті сәтті өткен. Облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы 

Мұхтар Сейітжаппаровтың айтуынша, олардың білімі әрі қарай шыңдала бермек. Мәселен, арнайы мамандар Қазақстан тарихы, ағылшын тілі, Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік саласы аясында бір ай көлемінде 80 сағат семинар-тренинг өткізеді. Оның нәтижесі бойынша облыстағы 6 аудан, қаладағы тарихи киелі жерлерге саяхат жасалып, ерікті жастарға арнайы логотипі бар бейсболка, футболка, мойынорағыш және сырткиімдер таратылады.

Жансейіт Қансейітұлы ерікті жастардың бұл жұмыстары еліміз үшін өте маңызды екеніне тоқталып, шетелдік қонақтарға тиісті деңгейде қызмет ету қажеттігін айтты.

Қазақстан – туристерді қызықтырар елдің бірі

Қазақ – қонақжай халық. Ендігі ретте осынау меймандостығымыз бен кеңпейілдігіміз, қонақжайлылығымыздың да сыналар сәті жақын. Көрменің басталуына да екі айдан астам уақыт қалды. 10-маусым мен 10-қыркүйек аралығында өтетін «ЭКСПО» халықаралық көрмесі кезінде елімізде тақырыптық және мәдени-сауықтық 4 мың іс-шара ұйымдастырылмақ. Көрмені үш айдың көлемінде 5 млн адам тамашалауға мүмкіндік бар. 

Еліміз үшін мына бір жағдайды айта кетсек. Қазақстан биыл туристерді қызықтырар 52 елдің қатарына еніп отыр. 4 қаңтар күні АҚШ-тың белгілі «The New York Times» басылымы 2017 жылы туристерге баруға ұсынылатын 52 мемлекеттің тізімін ұсынған еді. Онда Қазақ елі 26-шы орынға жайғасқан. 

Әрине, бұл тізімге енуімізге биыл ЭКСПО Халықаралық көрмесінің өтуі ықпал етіп отыр. Беделді басылым елорданың «World Expo 2017» көрмесін өткізетінін атап өткен.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.