Дәрі-дәрмек бағасы бақылауда ма? Избранное

Пятница, 07 Апрель 2017 05:03 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5418 раз

Қазір ауыруға болмайды. Құдай бетін аулақ қылсын, егер ауыра қалсаңыз, ол сырқат сізге қымбатқа түседі. Иә, тым қымбатқа түседі. Президент те отандық фармөндірістің оңалмай тұрғанына қынжылып, биылғы Жолдауында Үкіметке заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізуді тапсырды.

dari 27

Елбасы бұған дейін еліміздегі дәрі сатып алумен айналысатын «СҚ-Фармация» компаниясын «мафия» деп атаған еді. Президент мемлекет бөлетін ақшаға дәрі-дәрмек сатып алып, таратумен айналысатын компанияны майшелпекке айналдырып, отандық фармацияны дамытқысы келмей отырғандарды сөккен. Елбасының айтуынша, шетелдік дәрілерге тапсырыс беріп, пайдаға батып отырғандар фабрика салуды сұраған кәсіпкерлерді маңдарына жуытпай отыр. Мемлекет басшысының сөзінен кейін сең қозғалды. Күн сайын көк жәшіктен кешкі жаңалықтарды жібермей көретін жұртшылық Жолдауға іле-шала Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың дәрі-дәрмекке бағаны көтермеу туралы меморандумды орындамаған меморган басшыларын анықтап, қатаң шаралар қолданғанын естіді. 

Ал біздің Оңтүстік Қазақстан облысында тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде 2017 сатып алынатын отандық өндірушілермен өндірілген дәрілік заттардың үлесі 20 пайыз құраған. Бұл дегеніңіз, өзіміздің Шымкенттегі «Химфарм» фармзауытының өнімінің үлесі деген сөз. Яғни, 80 пайыз – импортпен әкелінетін дәрі-дәрмек. Әлбетте дәрінің басым бөлігі шетелден жеткізілетін болған соң, халықтың қалтасын қағары сөзсіз. Одан кейін «сырқаттың «құны» – қымбат», «дәрі бағасы удай» деп ұлардай шулап жатқанымыз... Шын мәнінде, «Химфарм»-ның өнімдері белгіленген бағада сатыла ма? Шымкентте дәрі-дәрмек қымбат па? 

Жалпы өңіріміздегі дәріханалар саны – 1526. Ал Шымкент қаласында – 862, ауылдық жерлерде – 620 дәріхана бар. 

Мемлекет жыл сайын дәрі-дәрмектерді сатып алуға бөлінетін қаржы көлемін арттыруда. Осы орайда ОҚО бойынша 2017 жылы дәрі-дәрмекке – 21 938 298 мың теңге бөлінген. Былай қарағанда, аз қаржы емес. Мемлекеттің қолдауы жеткілікті. Дәрі-дәрмекті тұрақты бағада ұстау үшін Денсаулық сақтау министрлігі «Дәрілік заттардың бағасын өсірмеу туралы» меморандумға қол қойған. 

anyqtama 2 27– 2016 жылы ОҚО ДСБ қатысуымен халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарына қолдау көрсету мақсатында ОҚО әкімдігі, «ДАМУ» фармацевтикалық және медициналық қызметкерлер қауымдастығы, отандық өндіруші «Химфарм» АҚ және ОҚО-дағы дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды көтерме сауда жасаушы дистрибьютерлер арасында төртжақты Меморандумға қол жеткізілген. Аталған Меморандумға сәйкес, облыс тұрғындарымен жиі қолданылатын 106 атаудағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға шекті бағалар қойылып бекітілген. Ал таяуда 2017 жылға тағы да Меморандумға қол қойылды. Енді отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіруші компаниялар мен шетелдік тауарлардың ресми дистрибьюторлары 150 дәрілік заттың бағасын жыл соңына дейін көтермейтін болады, – дейді Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің ОҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Қ.Меңдібаев. 

Бұл жолғы келісім облыстағы фармацевтік мекемелер мен дәріханаларда сатылатын дәрілік заттарды тұрақты бағада ұстауға, сонымен қатар бағаның негізсіз көтерілуінен тұтынушылар құқығын қорғау және әлеуметтік алаңдаушылықты болдырмауға арналғанымен, әлі де құзырлы органдар тарапынан қатаң қадағалау болмаса, баға тұрақталмайтыны белгілі. 

Сөзіміз негізсіз болмас үшін, қаладағы дәріханалардың бірнешеуіне кіріп, бағасын сұрастырған болатынбыз. Әр дәрінің атын атап, оқырманды шатастырмас үшін бір-екеуін ғана мысалға алайық. Жергілікті «Химфарм»-ның дәрі-дәрмегі шекті бағада сатылуда. 36+ дәріханаларында мия тамырының шырыны 375 теңгеден, парацетамол (0,5 №10) – 35 теңгеден саудалануда. Дәл осы «Химфарм»-ның парацетамолы «Зерде» дәріханаларында – 29 теңге, «Еурофарма» дәріханалар желісінде – 33 теңгеден. Бір ғана парацематолдың өзі әр дәріханада әр түрлі бағада. 

Мәселен, сол меморандумда аты аталған «Оксолин» жақпамайының көтерме бағадағы құны 78 теңге болса, дәріханада 400 теңгеге дейін көтерілген. Сол тізімдегі «Хилак-форте» бұрын 1200 теңге болса, қазір 2400 теңгеден саудаланып жатыр. Халыққа ең керекті дәрілер – суықтағанға қарсы қолданылатын препараттар. Мәселен, парацетамоллдың бағасы меморандумда 13-28 теңге аралығында сатылсын делінсе, қазір 60 теңгеге дейін көтерілді. Аспирин құны – 25 теңге деп көрсетілгенімен, қазір оны 60 теңгеден әрең табасыз. Антигриппиннің бағасы бұрын 50-70 теңге болса, қазір 120-150 теңгеден толып тұр. Гормондар 2 мыңнан 7 мыңға дейін жетті. Көптеген дәріханалар меморандумды әрі қарай ұзартуға қарсы болған. Себебі оларға пайдасы жоқ. Демек, бағаға ешкім әсер ете алмайды. Тіпті, мемлекет те. Бәрі дәріханалардың өз еркінде.

Тассай елдімекенінің тұрғыны Гүлбаршын әжейден «Дәрі-дәрмек бағасына көңіліңіз тола ма?» деп сұрап едік. 

– Өзім екінші топтағы мүгедекпін. Қант диабетімен ауырамын, осыдан 10 жыл бұрын инсульт алғанмын. Қан қысымым да жиі көтеріледі. Қысқасын айтқанда, бір күнім дәрісіз өтпейді. Ішім – «аптекаға» айналған. Ал сол дәрі-дәрмекті алу үшін зейнетақымды тұстастай жұмсауыма тура келеді. Себебі әр дәріханада баға әртүрлі. Әрқайсысы бағаны қалай қойса да, халықтың дәріні еріксіз тұтынатынын біледі. Соңғы кездері дәрі-дәрмек қатты қымбаттап кетті. Бұрын 100 теңгеге алатын мукалтинді қазір 160 теңгеге әзер аламын. Басқа да дәрілердің бағасы шарықтап тұр, – деді.

«Europharma» дәріханалар желісінің басшысы Жүсіп Алмас: «Дәрі бағасы барлық дәріханада бірдей бағада сатылуы мүмкін емес», - дейді. Себебі, әр дәріхананың тиісті дәріханалық тәжірибесі және онда қызмет көрсететін фармацевтердің де білім-білігі бірдей емес. Мәселен «Europharma»-ның Қазақстан бойынша 16 қалада 150-ден астам, ал ОҚО бойынша 49 дәріханасы бар. Отандық фармацевтика нарығында 10 жылдан бері қызмет көрсетіп келетін «Europharma»-да 430-ға жуық қызметкер жұмыс істейді. ОҚО бойынша 49 дәріханасының 48-інің ғимараты жалға алынады. Жүсіп Алмастың айтуынша, жалдау төлемі, коммуналдық қызметақысы мен осыншама қызметкердің айлық жалақысын шығару да оңай емес. 

Аталған дәріханалар желісі 12 дәріханасына елімізде бірінші болып JPP (тиісті дәріханалық тәжірибе) сертификатын алыпты. Енді тағы 10 дәріханасына осы сертификатты алуға күш салуда. JPP сертификаты 3 жылға дейін жарамды. Негізінен Қазақстандағы барлық дәріханалар бұл сертификатты 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін толықтай алып бітуге тиіс. «Europharma» 3 жылда бір рет мемлекеттік аттестациядан өтіп тұрады. Дегенмен «бұл дәріханалар желісінде дәрі-дәрмек басқаларына қарағанда қымбаттау» деген пікірді де жиі естиміз. Ол туралы Жүсіп Алмас егжей-тегжей тоқталды: 

– Дәріхана саны көбейген сайын баға төмендей береді. Өйткені дәл қазіргі нарықтық жағдайда дәріні қымбат бағада сатып, дәріхананы ұстап тұру мүмкін емес. Біздің дәріханаларда дәрі-дәрмек басқаларына қарағанда қымбаттау деген пікірлерге орай арнайы зерттеу жүргізіп көрдім. Біздегі дәрілердің жарамдылық мерзімі 4 айдан кем болмайды. Сосын біз фармацевтерімізді жыл сайын біліктілік курсына оқытамыз. Содан да болар, біздің мамандар тұрғындарға сапалы қызмет көрсетеді. Басқа жақта қымбат дәрі бізде арзан немесе керісінше болуы мүмкін, – дейді. 

«Europharma» «Ақниет» компаниясы арқылы отандық және шетелдік 270 тауар өндірушімен тікелей келісімшартқа отырады. Дәріханалар желісінде зейнеткерлерге, ҰОС ардагерлеріне 5 пайыз қарапайым тұрғындарға 3 пайыздық жеңілдік картасы да қарастырылған. Сонымен қатар, мүгедектерге арналған пандустар салынған. Аталған дәріханаларда дәрігер-кеңесші тегін қызмет көрсетеді. 

Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады. Сырқатыңнан жазылам дегенше, дәрі-дәрмек бағасы да титықтатып жіберетінін кез келгеніміз мойындаймыз. 

Қазір не көп, дәріхана мен дәрінің түрі көп. Қол қойылып, мөр басылатын қаптаған құжат та аз емес. Алайда сол құжаттарда көрсетілген шекті баға шын мәнінде шеңберінен шықпаса, қанеки?! Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің ОҚО бойынша департаменті жуырда ғана 2017 жылға бекітілген 150 дәрілік заттың ғана бағасын бақылай алады. Алайда басқа да дәрілік заттардың бағасы ше? Сол 150-нің жыл соңына дейін көтеріліп немесе тұрақты қалыпта болатынын уақыт көрсетеді. Сөзбен емес, іспен көрсететін сәт жетті.

Последнее изменение Пятница, 07 Апрель 2017 05:29
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.