«Бір белдеу, бір жол» – ынтымақтастықтың жаңа бағыты Избранное

Среда, 17 Май 2017 05:07 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 379 раз

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екі күндік жұмыс сапарымен Қытай Халық Республикасында болды. Елбасы Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық ынтымақтастық форумының жұмысына қатысып, бірқатар мемлекет басшыларымен кездесті. Жалпы, форум жұмысына 100-ден астам елдің өкілдері қатысты.

Қазақстан Президенті форум аясында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, тараптар өңірлік қауіпсіздік пен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелерді талқылады. Тауар айналымын ұлғайту және өнеркәсіп, инновация, көлік, энергетика салаларындағы ынтымақтастық тақырыптарына ерекше назар аударылды. 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

– Форум бүкіл дүниежүзі бойынша жылдың ең басты оқиғасының біріне айналды деп ойлаймын. «Бір белдеу, бір жол» – жаңа парадигма, жаңа деңгейдегі ынтымақтастық жүйесі. Бұл белдеу жер шары тұрғындарының 45%-ын құрайтын 60-тан астам елді қамтып отыр. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастық үлгі аларлықтай болды.

Өз кезегінде Қытай көшбасшысы өзінің Қазақстанға ресми сапармен келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына қатысуға дайын екенін айтты. 

Қазақстан Президенті дөңгелек үстел жиынына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде бастаманы іске асыру жөнінде бірқатар нақты ұсыныстарын білдірді. Мемлекет басшысы жаңа Жібек жолы бойында орналасқан елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, инновациялық және ғылыми-техникалық даму саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді ұсынды. 

«Жібек жолы экономикалық белдеуінің транзиттік әлеуетін тиімді игеру үшін қызмет көрсету деңгейін жақсартып, әкімшілік кедергілерді жою арқылы тауар ағынын өткізуді бірте­-бірте жеңілдету қажет. Қазақстан бұл мәселе бойынша нақты шаралар қабылдауда. Ол сараптама мен тиісті қаржыландыруды талап етеді. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі осындай бағдарламаларды белсенді түрде қаржыландыруы керек деп есептеймін. Бұл – болашаққа арналған инвестиция», – деді ҚР Президенті. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Еуразияда ежелгі Жібек жолын жаңа, заманауи форматта қайта жандандыру идеясы əлемде белең алып келе жатқан саяси, экономикалық жəне гуманитарлық дағдарыстарға берілген уақтылы жауап екенін айтты. 

80c009d3255977ddf82b3d31b80971f4

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев форум барысында бірқатар мемлекеттердің көшбасшыларымен кездесу өткізді. Ресей Президенті В.Путинмен, Түрік Республикасының Президенті Р.Ердоғанмен, Беларусь Президенті А.Лукашенкомен, Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиеевпен, Пәкістанның және Малайзияның Премьер-Министрлері Н.Шарифпен және Н.Разакпен жүздесті. 

Алдағы үш жылда Қытай «Белдеу және жол» бастамасына қатысатын халықаралық ұйымдарға және дамушы елдерге 60 млрд юань (8,8 млрд доллар) көмек көрсетуді жоспарлап отырғанын айта кеткен жөн. Жібек жолы бойындағы елдерге 2 млрд юань (шамамен 294 млн доллар) азық-түлік көмегін, «Оңтүстік-Оңтүстік» желісі бойынша ынтымақтастық үшін көмек қорына 1 млрд доллар қосымша қаржы бөлмек.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.