Ресейліктер Шымкентке қонақ болуға ықыласты Избранное

Пятница, 24 Август 2018 04:51 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 79 раз

Ресейдің Ивановская облысы мен Қазақстанның оңтүстігі 20 жылдан бері бауырлас облыс болды. Қазір біздің өңірде бірқатар өзгерістер орын алып, бұрынғы облыс атауы Түркістан болып өзгерсе, оның орталығы болған Шымкент шаһары ірі мегаполистер қатарына енді. Дегенмен, көрші елмен байланыс бұдан әрі де жалғаса береді.

WhatsApp Image 2018-08-22 at 11.41.46

Қазақстан мен Ресей елдерінің арасындағы байланысты арттырып, сауда-саттық, туризм саласынан жандандыру және ұлтаралық татулық пен әріптестік қарым-қатынасты жақсарту мақсатында Қазақ делегациясы жуырда Иваново облысына сапарлап қайтты. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Леоинд Прокопенко бастаған отандық делегация құрамында 9 адам сапарға шықса, екеуі Шымкент қаласынан барды. Бірі – Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов болса, екіншісі – Қазақстан өзбектерінің «Дустлик» қоғамдық бірлестіктері қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов.
– Ресей Федерациясының Иваново облысында өткен халықаралық форумға сол елдің Костромская, Ярославская, Владимирская, Смоленская, Калужская, Рязанская, Московская, Курска облысынан өкілдер келіп қатысты. Маңызды жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Леоинд Прокопенко аймақаралық форумда еліміздегі ұлтаралық саясаттың басым бағыттары мен Ассамблея жұмысын жан-жақты таныстырды. Еліміздің жалпыұлттық бірлік пен келісім саласындағы сындарлы саясаты таныстырылды. Қазақ делегациясы төрағасының баяндамасы көрші елдегі әріптестерімізді таң қалдырды. «Қазақстан бұл салада мақсатты түрде жұмыс істейді екен!» деп, Ассамблея жұмыстарына өте жақсы баға берді. Шынында бізде әр этностың өз қауымдастығы, мәдени бірлестігі, оның төрағасы бар. Дәстүрлі шаралардың бәріне бір кісідей атсалысатынымыз тағы белгілі. Әр этнос ұлттық киімі мен әдет-ғұрпын, ұлттық тағамдарын сақтаумен қатар қазақтың да салт-дәстүр құндылықтарын жылдан-жылға жақсы меңгеріп келеді. Біз бұның ауыз толтырып, мақтана айтуға болатын шаруалар екенін көршілес елдегі атқарылған жұмыстармен салыстырғанда түсіндік, – дейді М.Қалмұратов.
Қазақ делегациясының құрамында болған «Kazakh Tourism» АҚ ҰК туристік дестинация департаментінің бас менеджері Салтанат Искаринова еліміздің саяхаттап, демалыс өткізуге қолайлы аймақтарын таныстырғанда форумға қатысушылар Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы «Шұбайқызыл шоқысына» ерекше қызығушылық танытқан. Тіпті, келер жылы қызыл кітапқа енген қызғалдақты көру үшін қазақ жеріне ат басын бұруға ықылас білдірген.
– Форумға қатысушылар Шұбайқызыл шоқысын көруге келсе, тұрақтауға болатын қандай орын бар деп сұрағанда біз Шымкенттегі «RIXOS Khadisha Shymkent» қонақ үйін таныстырдық. Оларға ұнады, – дейді Мұратәлі Оразалыұлы.
Ал ең қызығы – алманың да, қызғалдақтың да отаны Қазақстан екенін таныстыру делегация мәртебесін одан әрі тасытты. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚР Президент әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенко Ресейдегі қазақ диаспорасымен арадағы байланысты арттыру жайын талқылаудан кейін екі елдің ынтымақтастығын арттыруға ықпал етеді деген оймен алып барған қазақша кітаптар мен оқулықтарды тапсырып, Ивановская облысының губернаторына ұлттық оюмен өрнектелген шапан жапты.
– Бір қызығы, осы форумда көршілес елдер қазақтың қонақжай халық екеніне тағы көз жеткізді. Ивановская облысында Ресейдегі әр этнос өкілдері өздерінің ұлттық тағамдарын таныстыратын дәстүрлі фестиваль өтеді екен. Іс-сапардың екінші күні сонда бардық. Қазақ қауымдастығының төрайымы Айжан Түзелбекованы қолдап, елден қымыз-қымыран, құрт, қарағандының еті бар, үлкен дастархан жаюға мұрындық болдық. Онда өзге этнос өкілдері өздерінің ұлттық тағамдарын сатады екен. Ал Қазақ қауымдастығы ет асты, бауырсақ пісіріп, палауды да көпшілікке тегін таратып жатты. Сол жерде шамамен 200-дей адам әңгімеге тартса, соның бәрінен «мен де бір кездері
Шымкентте, Оңтүстікте тұрғанмын» дегенді естідім, – дейді шымкенттік делегат.
Жалпы, былтыр бір ғана Ивановская облысының Қазақстанмен арадағы тауар айналымы 28 миллион долларды құрапты. Қазақ делегациясы бұл сапар алдағы уақытта екі ел арасындағы байланысты жандандыра түседі деп сенеді. Әрине, салт-сана, өнеркәсіп, экономикалық тәжірибеден бөлек газет-журналы көп Шымқала үшін баспа өнімдерінің отанымен тығыз байланыс орнату біздің өңір үшін қашан да тиімді.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.