ҚАЗАҚСТАН – ЧЕХИЯНЫҢ АЗИЯДАҒЫ БАС СЕРІКТЕСІ Избранное

Среда, 23 Октябрь 2019 04:37 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 269 раз

Чех Республикасы Парламенті депутаттары Палатасының Төрағасы Радек Вондрачек бастаған делегацияның Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алған іс-сапары Шымкент қаласында «Қазақстан – Чех бизнес-форумы» аясында жалғасын тапты. Құрамында 17 компанияның өкілі бар чехиялық делегация Шымкент қаласынан кәсіпкерлік байланысты арттыру мақсатында келген.

570

 

Шымкент қонақтарын қала әкімі Ерлан Айтаханов қазақы қонақжайлылықпен қарсы алды. «Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үйінде чехиялық делегацияны бастап келген Радек Вондрачекпен үшінші мегаполистің ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп салалары жайын әңгімеледі. Бұдан кейін чехиялық 20, жергілікті 50 кәсіпкерлік компания өкілдері қатысқан «Қазақстан – Чех бизнес-форумы» өтті.
– Чехия – Қазақстанның стратегиялық әріптесі. Екі ел арасындағы достық байланыс өте бекем. Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала атанды, Сондықтан, инвестиция тарту барысындағы жұмыстарды жаңа леппен қарқынды түрде жалғастыруымыз керек. Біздің қаланың климаты жұмсақ, кез келген шетелдік компаниямен жұмыс істеуге қолайлы. Бүгінде Шымкенттегі сауда-логистикалық орталығы жүйелі қызмет етіп келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Ал, «Оңтүстік» экономикалық аймақта өнімі шетел асып жатқан «Бал Текстиль», оның ізін басып келе жатқан «Назар текстиль» кілем тоқыма фабрикалары бар. Ауыл шаруашылығы, техника саласында да чехиялық компаниялармен әріптестік байланыс жасауға толық мүмкіндігіміз жетеді. Чех Республикасымен екіжақты ұсыныстарды тиімді пайдалану әріптестік байланысты арттыра түседі деп сенемін, – деді Ерлан Қуанышұлы.
Шымкент қаласының кәсіпкерлерімен іскерлік байланыс жасау туралы ойын Радек Вондрачек «Қазақстан – Чех бизнес-форумында» сөйлеген сөзінде айтты.
– Чехия – Орталық және Шығыс Еуропадағы машина жасау, көлік өнеркәсібі, қара металлургия, электротехника мен электроника, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, шыны және тоқыма өндірісі жақсы жолға қойылған ел. Біз қазақстандық әріптестерімізге мал шаруашылығында сапалы генетикалық материал әзірлеуде бірнеше тиімді жобалар ұсына аламыз. Қазақстан – біздің Орталық Азиядағы сенімді серіктесіміз. Біз кез келген салада бірігіп жұмыс істейтін болсақ, үлкен нәтижелерге жететінімізге кәміл сенемін, – деді Р.Вондрачек.
Бизнес-форумнан кейін чехиялық делегацияның төрағасы Радек Вондрачек пен ҚР Парламенті Мəжілісінің вице-спикері Владимир Божко және Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов бастаған іскер топ қаланың бірқатар көрікті жерлерін аралады. Бəйдібек би ескерткішінің маңынан басталған экскурсия Тарихи өлкетану музейінде, одан кейін Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта жалғасты. Дендросаябақта шаһар тынысын əңгімелеген әріптестер Қазақстан – Чехия елдері арасындағы іскерлік байланыстың нығайып, екі елдің халқы соның игілігін көрсін деген ниетпен ағаш отырғызды.
– 40 жылдық тарихы бар дендрологиялық бақта танымал азаматтардың отырғызған ағашы өсіп тұр екен. Бұл жерге мен де өз қолыммен ағаш еккеніме қуаныштымын. Бұдан былай осы ағаштың қалай өскенін көру үшін жəне арнайы өзім су құю үшін Шымкент қаласына жиі келіп тұрамын, – деді Р.Вондрачек.
Чехиялық делегация Шымкенттің Арбатын да аралап шықты. Ал түстен кейін қала қонақтары «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына барып, «Бал Текстиль» кілем-тоқыма фабрикасының, «Алем-БТ» отандық шұлық өндірісінің қарқынын көріп, аяқ киім өндіретін «Lux Shoes» және «Хлопкопром Целлюлоза» зауыттарын аралады.
Владимир Божко Шымкенттегі өнеркәсіптің өркендеуіне, жергілікті жастардың осы саланы меңгеріп, жаңа технологиялық мүмкіндіктерді игеріп жүргеніне таңданысын жасыра алмады.
–Күнделікті тұрмыста қолданып жүрген заттардың қалай пайда болатынын өз көзіммен көріп тәнті болдым. Мені қуантқаны – осынау техникалардың тілін шымкенттік жастар жақсы меңгеріп, өздері жүзеге асыруда. Бұл ауыз толтырып айтатын дүние, – деді В.Божко.
«Қазақстан – Чех бизнес-форумы» аясында айтылған ұтымды ұсыныстар көп. Оның бірі поезд, трамвай, метро сынды рельс техникаларының жылжымалы құрамдарын жобалайтын Zimatechnik компаниясы Шымкентте серіктес ұйымын ашуға ұсыныс жасады. Сондай-ақ, екі ел арасындағы сауда-саттық және курорттық емдеу, туризм саласында да түрлі ұсыныстар қаралды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасы арасындағы 2018 жылғы ішкі сауда айналымы 942 741 мың АҚШ долларын құраған.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.