Достық. Бауырластық. Ынтымақтастық. Бұл ұғымдар әлімсақтан қазақ үшін өте қадірлі. «Дос болғанға құшақ жаяр туыспыз» деп санайтын халқымыз тарих белесінде әлемнің қай елімен болмасын әрдайым ынтымақтастық орнатып, достыққа адалдық танытып отырған. Бүгінде осы ізгі дәстүрдің жібі үзілмей келе жатыр. Сөзіміздің дәлеліндей, апта басында Түрік елінің Эскишехир қаласының губернаторы Гюнгер Азим Туна бастаған бір топ делегация Шымкент қаласына іссапармен келді.
Түбі бір туысқан Түрік Республикасы еліміз үшін маңызды стратегиялық әріптес болып саналады. Себебі, Қазақстан өз тәуелсіздігін төрткүл әлемге паш еткен тұста қуанышымызды бөлісіп, ресми түрде еліміздің егемендігін мойындаған алғашқы бауырлас ел осы Түрік Республикасы болатын. Түрік бауырлар әрқашан қазақ халқын атажұрттағы ағайынымыз деп біледі. Сондықтан да Қазақстан халқына түркі елдерінің, түркі дүниесінің бірлігі мен ынтымағы қашанда маңызды.
Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара туысқандық, іскерлік қарым-қатынасты дамыту мақсатында келген меймандарды Шымкент қаласы әкімдігінің кіші мәжіліс залында шаһар басшысы Дархан Сатыбалды арнайы қабылдады. Екіжақты кездесу барысында қала басшысы шаһардың бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде мәлімет беріп, қаланың алдағы даму жоспарымен таныстырды.
– Қазақстан мен Түркия қашанда стратегиялық әріптес. Бүгін міне, Шымкент пен Эскишехир қалалары сенімді әріптестікті нығайта түсуде, – деді Дархан Сатыбалды. – Біз бір-бірімізбен тарихи тамырлас елміз. Дініміз бір, болмысымыз үндес. Ортақ мәдени және рухани құндылықтарымыз ұқсас, түбі бір түркі елміз. Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды аспектісі - сауда-экономикалық өзара іс-қимыл болып табылады. Бүгінде Шымкент қаласында 30-дан астам түрік компаниялары жұмыс істеуде. Сонымен бірге, осы жылдың өзінде Шымкент қаласы мен Түркия елінің кәсіпкерлері арасында 10-нан аса бизнес жоба бойынша келісім жасалды.
Өз кезегінде сөз алған Эскишехир қаласының губернаторы Гюнгер Азим Туна жылы лебізбен қарсы алған Шымкент қаласының әкіміне алғысын білдіріп, іссапарларының негізгі мақсаты екі туысқан ел арасындағы байланысты нығайту екендігін атап өтті. Сондай-ақ ол Эскишехир қаласының жетістіктері мен экономикалық дамуы және қаланың жалпы ерекшеліктеріне тоқталды. Губернатордың айтуынша, Эскишехир Түркияның экономикасы дамыған ең ірі 8 қаласының бірі. Мұнда 800 мыңға жуық халық тұрады.
– Қазақстан – біз үшін Атажұртымыз саналады. Біз 4 күндік іссапармен келдік. Басты мақсатымыз – Шымкент пен Эскишехир қалалары арасындағы рухани-мәдени қатынасты күшейту, экономикалық дамуын тереңдету, – деді Гюнгер Азим Туна. – Эскишехир Түркиядағы мәдени-рухани ошақтары мол қала. Біздің қаламызда Түркі әлеміне ортақ ұлы тұлға – Қорқыт бабамыздың ескерткіші, саябағы бар. Шаһарымыз 2013 жылы Түрік әлемінің астанасы болып жарияланған. Алдағы уақытта сіздермен жылына екі-үш рет дидарласып, достығымызды нығайта береміз деп есептеймін.
Кездесудің ең маңызды сәті – Түрік Республикасы Эскишехир провинциясының әкімшілігі және Қазақстан Республикасы Шымкент қаласы әкімдігі арасындағы екі елдің қарым-қатынасын дамыту жолындағы «Бауырлас қала» хаттамасына қол қойылды. Осылайша Шымкент қаласы тағы бір бауырлас қаламен толықты. Бұған дейін Шымкент шаһары сегіз қаламен бауырластық қарым-қатынаста еді.
– Бүгінгі екі қала арасында қол қойылған «бауырлас қала» құжаты өзара ынтымақтастық қарым-қатынасымызды бекемдей түседі деген сенімдемін, – деді қала әкімі Дархан Сатыбалды. – Біз сіздерді қашанда маңызды әріптес ретінде танитын боламыз. Түркияның Ескишехир қаласынан, бауырлас елдердің өзара ынтымағын дәріптей келген сіздерге айтар алғысымыз мол. Қазақтан халқы, оның ішінде шуақты Шымкент қаласы өте қонақжай, доска пейілі кең бауырмал халық. Соның бір дәлелі Шымкент қаласы бүгінде Қытайдың Байинь, Италияның Гросетто, Беларусьтің Могилев, Тайландтың Паттайя, Ұлыбританияның Стивенэйдж, Грекияның Ахарнон, Тәжістанның Худжанд сияқты бірқатар қалалармен және Түркияның Измир, Стамбул қаласының Бағжылар ауданымен бауырластық қарым-қатынаста екенімізді ерекше құрметпен атап өткім келеді. Біз сіздердің достық, бауырластық ниеттеріңізді құрметпен қабыл аламыз!
Қала әкімі қонақтардың достық пейіліне және Шымкент қаласымен бауырлас қала атануға мүдделілік танытып келген Түркия мемлекетінің өкілдеріне ризашылығын білдіріп, сапарларына сәттілік тіледі. Құрметті меймандар шымкенттіктерге арнап ерекше тарту-таралғысын ала келіпті. Олар қазақ поэзиясының алыптары Абай Құнанбаев пен Мұқағали Мақатаевтың түрік тіліне аударылған шығармаларын қала әкіміне тарту етті.
Түрік делегациясы бұдан соң қаланың көрікті жерлерін аралап, индустриалды аймақтағы кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Бетті дайындаған Сәбит ТАСТАНБЕК.