Ұлттың бірігуіне ықпал етеді

Пятница, 10 Октябрь 2014 08:32 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5204 раз

Республикалық конференцияға Астана мен Алматыдан елімізге танымал саясаттанушылар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, сондай-ақ жергілікті жердегі аудандық, қалалық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, жастар орталықтарының төрағалары, ЖОО ұстаздары және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынның кіріспе сөзін ОҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли ашып, Елбасы Жолдауында көрсетілген мақсат-міндеттерге, сонымен бірге ұлтты ұйыстырып, еліміздің бірлігін бекемдеуге бағыт берген жоспарларға тоқталды. Бұдан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов сөз алып, Президент Жолдауы бойынша облысымызда атқарылып жатқан бірқатар мәселелерді атап өтті.
«Абай-ақпарат» қоғамдық қорының вице-президенті Айдос Сарым өз баяндамасында қазіргідей геосаяси күрделі ахуал қалыптасып отырғанда осындай жиынды өткізу өзекті екенін жеткізді. «Біз дәл қазіргі мезетте тарихи жадыны жаңғырту, жаңа әлемдегі Қазақ елінің орнын анықтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселесі өте маңызды. Жасыратыны жоқ, қазір біздің қоғамда орыстілділер мен қазақтілділердің арасында алшақтық бар. Осы мәселеге де бей-жай қарауға болмайды. Қысқасы, отаншыл азаматтардың бір мүддеге жұмылатын кезі келді», – деді ол.
Белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин болса «Ұлттық идея дегеніміз не?» деген сауалға жан-жақты жауап іздеді. Ол өз сөзінде белгілі қоғам қайраткерлері – Болатхан Тайжанның, Ақселеу Сейдімбектің, Герольд Бельгердің, Әбіш Кекілбайдың ұлттық идеяға қатысты айтылған мысалдарын тілге тиек етіп, ұлттың бірігуіне ықпал ететін басты факторларды тарқатып айтып берді. «Мәңгілік ел» идеясын тарихшылар алыстан іздейді. Әрине, ол заңды. Себебі, біз мыңжылдық тамыры бар елміз. Елбасымыз нақтылаған «Мәңгілік ел» идеясының мақсаты – мемлекеттілікті дамыту, оны күшейту», – деді Е. Қарин.

Сәбит ТАСТАНБЕК.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.